Адам баласы ұзақ жасаған ғұмырымен емес, халқына сіңірген еңбегі, артында қалдырған жарқын іздерімен бағаланатындығын жақсы білеміз. Бүгін өзі жайлы сыр шерткелі отырған Нұрахмет Сандыбаев осындай халқына қалаулы, бейнетімен дараланған абыз ақсақалымыз еді.
ЕҢБЕК АДАМДЫ ШЫҢҒА КӨТЕРЕДІ
Қостанай өңіріндегі кездескен кез келген адам ол туралы тек қана жүрек жарды лебізін білдіреді. Өйткені, ол бүкіл саналы өмірін туған жерін өркендетуге арнады.
Кейбір дерек көздеріне қарағанда, ол 1940 жылы 1 ақпанда Қостанай облысына қарасты бұрынғы Демьянов (қазіргі Ұзынкөл) селосында ынтымағы жарасқан отбасында дүниеге келді.
Қазақ «Кім болсын тағылымды тәрбиені отбасында алады» деседі. Бұл шындық та. Өйткені, Нұрекең атына сай бір шаңырақтағы жандүниесі сұлу, айналасына жылы шуағын төккен азамат болып қалыптасты.
Әдетте, ер бала әкеге қарап еліктеп өседі. Ол да ес білгеннен шаңырақ иесі, Шарғазы атамыздың жанында жүріп, көп жайға қанықты. Оның еңбексүйгіштігінен ерекше тағылым алды.
Әкесі сол аймаққа белгілі жылқышы болатын. Ол ауа райының құбылмалы мінезіне қарамастан алдындағы қоғам малын шашау шығармай бақты. Тіпті, қақаған қыс айының өзінде қарауындағы төрт түліктің төресі болып табылатын жылқының күтімін барынша жақсартып, табандылығының арқасында барша жерлестерінің құрметіне бөленгені айдан анық.
Ел арасындағы абырой-беделі асқақ болған азамат кешегі сұм соғысты да бастан кешті. Өзге жігіттер секілді әскер қатарына шақырылып, қанды майданның бел ортасында жүрді. Жау жүрек тұлға атанып, ол жақта да қазақтың намысын бермеді. Алайда, соғыстың аты соғыс. Ешкім де алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Сондай жан алысып, жан беріскен шайқастың бірінде жарақат алды. Содан кейін туған жеріне оралды.
Жерлестері оны қайсар да батыл ағалары ретінде өздеріне үлгі тұтты. Өйткені, ол кісі қашан да сөзі мен ісі бір жерден шығатын, адамдардың бәрін де бірге туған бауырлардай көретін кісі-тін.
Ол үйдегі апамыз Бипан да кезінде отағасы жылқышы болған соң колхоздың жұмысына белсене араласты. Бие сауып, ұлттық сусынымыз болып табылатын қымызды баптап, үлкенді-кішілі қауымның шынайы алғысына бөленді.
ӘКЕНІҢ ӨШПЕС ҒИБРАТЫ
Міне, осындай ата-анадан кішкентайынан үлгі-өнеге алған Нұрахмет ағамыз қалай туған жер мақтанышы болмасын. «Болар бала бесігінде бұлқынар» демекші, ес білгелі ет тірлігімен көзге түсті.
Одан басқа бұл үйде 6 ұл мен 2 қыз да лайықты тәрбие алған болатын. Бұларға да әке-шешесі жастайынан өз табиғаттарына сай мінез-құлықты сіңіре білді. Осылардың арасында Ақбілек апамыз енді оңы мен солын танып, бойжетіп келе жатқан кезде кенеттен дүниеден өтті. Осы аталған шаңырақтағы Шайрахмет, Нұрахмет, Жанахмет, Күлзира да ата-анасынан үлгі алып, бейнетке өте бейім болды. Кім мәңгілік жүреді дейсіз. Өткен жылдары Жанахмет ағамыз бен Күлзира апамыз да қайтыс болып, бауырларын есеңгіретіп тастады.
Осы тай құлындай тебісіп бірге өскен інілерінің бірі Жанахмет ағамыз Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұғалімі еді. Ол ұзақ жылдар бойы, нақтылап айтсақ, 45 жыл Ұзынкөлдегі №1 орта мектепте ұстаздық етті. Өзі математика пәнінен дәріс беретін. Оның алдынан тәрбие алып, түлеп ұшқан шәкірттерінің бәрі де бұл күндері ел сыйлаған тұлғалар. Олардың аты-жөндерін тек облыс қана емес, барша еліміз жақсы біледі.
Болашақта Жанахмет ағамызға өзі соңғы демі біткенше адал қызмет атқарған Ұзынкөл селосындағы бір көшеге есімі берілсе, нұр үстіне нұр емес пе. Ол мұндай құрметке әбден лайықты. Оның шапағатын көрген азаматтар ұстаздары жайлы тебірене сөйлеп, ілтипат танытуға қашан да дайын. Оны осы аудан орталығына жолымыз түскен сайын жиі естиміз.
«Көп тілегі көл» деген сөз бар. Бәлкім, биліктегі азаматтар түсініп, ағаларының есімін мәңгілік қалдыру мақсатында игі қадам жасар деген үмітіміз де жоқ емес.
Міне, осындай бауырлармен қатар Баяхмет, Исахмет, Мырзахмет секілді ағаларымыз да өмірден өз орнын тапты. Исахмет ағамыздың да бақилық болғанына біраз жылдың жүзі болды. Ал, Мырзекең кезінде жүргізуші болып еңбек етті. Өз ортасында өте сыйлы азамат атанды. Баяхмет бұл күндері Павлодар қаласында тұрады. Оның негізгі таңдаған кәсібі ұстаздық еді. Онымен тілдесудің сәті түсіп, көп жайды көңіліме түйдім. Өте сабырлы, білікті, өзгелердің бәрін де жатсынбайтын, мынау тіршіліктен көргені мен түйгені мол кісі екен.
АРТЫНДА МӘҢГІЛІК ІЗ ҚАЛДЫРҒАН
Негізгі кейіпкеріміз болып табылатын Нұрахмет аға «Әке көрген оқ жонар» деген қағиданы берік ұстанды. Сондықтан да болар, 12 жасынан бастап жылқышы атанды. Әкесі де осы ұлынан көп үміт күтетін. «Ұзынкөл» кеңшарында 30 жыл механизатор болып жұмыс істеді. Содан кейін жүргізушілік жұмысқа ауысты.
Баршаға мәлім, әдетте тракторшылар бес аспап болып келеді. Өйткені, жыл он екі ай бойы оларға тыным жоқ. Көктемде егіске қатысса, қоңыр күзде комбайн штурвалына отырады.
Ғұмырының соңғы жылдары, яғни құрметті демалысқа шығар алдында механик ретінде ауданда еңбек озаттарының қатарында есімі ауызға алынатын. Талай марапаттарға да ие болды. Бірақ, ешқашан да өзін басқалардан жоғары қойған емес. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, кезінде омырауына Еңбек Қызыл Ту орденін тақты. Суреті өз саласының майталманы ретінде ауданның Құрмет тақтасында тұрды.
Міне, осының бәрі де бір азаматқа аз емес. Ол өзінің отбасын қашан да жоғары қойды. Бәйбішесі Сәлима апамыз екеуі қос аққудай жараса жарты ғасыр бақытты ғұмыр кешті. Ал, Сәлима апамызға келсек, аяулы жан Ұзынкөл ауданына қарасты қазағы қалың Обаған деп аталатын киелі мекенде туып өсті. Екеуі 1964 жылы шаңырақ көтерді.
Үйдің берекесін келтірген қымбатты жан сауда саласында еңбек етті. Өзі көп балалы ана ретінде Алтын алқа иегері атанды. Он құрсақ көтерді. Соның 9-ы қазіргі кезде таңдаған мамандықтарын алып, тәуелсіз еліміздің абырой-беделін көтеруге атсалысып келеді. Тек Асхат есімді тұңғыш ұлдары дүниеден ерте өтті. Бұл ата-анасының жүрегіне үлкен салмақ түсірді. Сәлима апамыздың арамыздан кеткеніне де біраз жылдың жүзі болып қалды.
Ерлі-зайыптылар ұл мен қыздарына кішкентайынан жоғары білім алуларына барлық жағдайды жасады. Өздері жетпегенге осы перзенттері көтерілсе екен деп армандады.
Кезінде олар қазақтың батыр ұлдары Талғат Бигелдинов пен Бауыржан Момышұлын ерекше ардақ тұтты. Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде шаңырақ иесі өзі үлкен үміт күткен бір ұлына Талғат деп есім берді. Осы саналы бала әке-шешесін алақанына салып аялады деуге әбден болады. Жастайынан алдына нақты мақсат қойған ол талай жауапты қызметтерді атқарды. Бірнеше мамандықты меңгерді. Сөздің емес, істің адамы. Сүйген жары Бибігүл де қазақтың барлық асыл қасиеттерін бойына сіңірген қарындасымыз. Үйде сүйікті жар болса, қызметте беделді. Бұл күндері облыстық поштада өте абыройлы. Құрметті байланысшы. Ерлі-зайыптылар ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды.
Талғаттан кейінгі Сәуле лаборант-технолог. Отағасы Әділқұмар екеуі өнегелі шаңырақтың иелері. Одан кейінгі Қайрат заңгер. Келіншегі Бақытжамал екеуі үлгілі отбасының тіректері. Әулиекөл ауданында ғұмыр кешіп жатыр. Ал, Зәуре – есепші.
Отағасы Самат екеуі бақытты жандар. Болат та өз саласының білгірі. Әйелі Жанат екеуі ағалары мен апаларының қамқоршысы. Қаламқас болса, білімді заңгер. Ол жастай шаңырақ көтерген күйеуі Арман екеуі өте тату-тәтті тұрады. Марат инженер медтехник. Бір өкініштісі, Азамат пен Кенжеахметтің ғұмыры қысқа болды.
Азамат мемлекеттік қызметте өзін жан-жақты көрсетті. Іскерлігімен көпке танылды. Ол арамызда жоқ болғанмен, сүйген жары Майра алтын асықтай қыздарын тәрбиелеп отыр. Өзі білікті ұстаз.
Кенжеахмет те білікті маман-ды. Амал жоқ, маңдайымызға сыймады. Кезінде Рудный шаһарында полицияда, басқа да салаларда жұмыс істеді. Олардың орнын ешкім де толтыра алмайды. Марқұмдарды бауырлары сағынышпен еске алып отырады.
Ғұмыр бойы адал еңбек етіп, қарапайым ғана мамандықтың шыңына көтеріле білген Нұрахмет аға 78 жыл ғана ғұмыр кешсе де, артына ұмытылмас жарқын іздерін қалдырды. Әлгі аталған ұлдары мен қыздарынан 16 немере, 1 шөбере сүйді. Осындай ұрпақтары бар абыз ақсақалды өлді деуге бола ма? Өйткені, оның өмірін жалғап, абыройын асқақтатар перзенттері бар.
Ұзынкөл селосына барған бір сапарымызда Нұрахмет ақсақалды білетіндер мен оның тәлім-тәрбиесін алған ұрпақтарын да көзбен көріп, пікірлерін қойын дәптерімізге жазып алған едік.
Аталмыш аудандағы мұсылман бауырларымызды имандылыққа ұйытып отырған «Балықты» мешітінің бас имамы Есенкелді Әжімахантегі өзінің жүрек жарды лебізін білдіре келіп: «Менің осы ауданда қызмет атқарғаныма көп жылдардың жүзі болды. Өңірдегі барлық өмір көрген ақсақалдар менің ақылшыларым. Әрдайым олардың қолдауы мен пікірлеріне сүйеніп отырамын. Ал, өзіміз тілге тиек етіп отырған Нұрахмет аға мен оның тіршіліктегі демеушісі болған Сәлима апамызды да жақсы білемін. Олармен кезінде дәмдес, сыйлас болдым. Ерлі-зайыптыларды тамырын тереңге жайған асыл жандар, қазақтың мәрт мінезді ақсақалы және ардақты анасы ретінде ерекше құрмет тұттым. Осы кісілердің Талғат есімді ұлымен құрдаспын әрі сырласпын. Мына тіршіліктегі қуаныш та, қайғы да бізге ортақ», – деді.
Әрбір отбасының балаларының арасында оларға асқар таудай арқа тұтар перзенттері болады. Солардың бірі атына заты сай Талғат бауырымыз. Тәкең әкеге қамқорлық жасаудың, інілерімен қарындастарына тірек болудың нағыз жарқын үлгісі. Келіншегі Бибігүл де азаматына сай аяулы қазақ қызы. Қос аққудай жарасқан жанұяда Мейрамкүл және Саят есімді балалары өсіп, білікті маман атанды. Немерелері Әміре өмірлерінің мәні мен сәні. Олар әкелері Нұрахметті сырқаттанған кезде ерекше күтіп, қолдан келген қамқорлықтардың бәрін де жасады. Әулет иесі Нұрекең оларға шынайы алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Осы мақаланы жазу барысында қадірменді ақсақалдың халық арасында ерекше беделді болғандығына көзім айқын жетті. Кез келген замандастарымен тілдесе қалсаңыз, ол туралы бірден жылы лебіздерін айтудан жалықпайды.
Қазақта «Тау алыстаған сайын биіктейді» деген сөз бар. Өз басым уақыт алға жылжыған сайын еліміздің абыройлы ақсақалының жұртшылық арасындағы қадір-қасиеті арта түсетіндігіне ешқандай шүбә келтірмеймін. Өйткені, мұндай кісілер қашан да ел мақтанышы. Өз әулетінің бәйтерегі. Еңбектің нағыз майталманы болғандығы айдан анық. Ғұмырлары бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.
Оразалы ЖАҚСАНОВ
ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ