Оңтүстіктің орны бөлек Отарбаевы

0
3307

Қазақ тарихында кеңестік биліктің солақай саясатының салдарынан саяси қуғын-сүргін құрбаны болған бірегей тұлғаларымыз көп-ақ.  Солардың ішінде уақыт өте келе ұмытылып, тіпті мұрағат қорларында елеусіз қалып қойған қайраткерлердің де аз еместігін архив деректерінен біліп отырмыз. Өз заманында ағарту саласының заңғар биігіне көтерілген, көзіқарақты жандар болмаса, былайғы жұрт біле бермейтін қайраткердің бірі Тәңірберген Отарбаев болатын.

Сонымен, саналы ғұмырын қараңғы қазақ баласына қара танытуға арнаған Тәңірберген Отарбаев кім еді? Ол – Түркістанның текті тұлғасы. Алаштың ағартушысы. Ұлылардың ұстазы. Адуынды ақын. Жаны жайсаң жазушы. Жомарт журналист…

Тәңіршіл Тәңірбергеннің балалық шағы да бақытқа тұнып тұрған жоқ еді. Өз қолымен жазған өмірбаянына сенсек, ол 1893 жылы Шымкент қаласының Қатынкөпір аймағында туған. Әкесі Отарбай сіңірі шыққан кедей болыпты. Кедейлігі еңсе көтертпесе де, елге сыйлы Отар-бай көзі ашық, ағаштан түйін түйген шебер болған жан екен. Келешектің кілті білімде екендігін ерте бастан білген ол баласын Кенжеқожаның медресесіне «қызмет қылып, шен алсын» деп емес, хат танып, қатарға қосылып, қазағының кәдесіне жарасын деген үмітпен берген сы-ңайлы.

«…Мен ес білгелі батырақ әкемнің қасына еріп, шаруасына қарайласып жүріп, өсіп-жетілдім. Тұрмыстың тапшылығынан ауыл мектебін де ілдәлдалап жүріп әрең бітірдім. 1905-1910 жылдар аралығында Шымкент шаһарындағы медреседе білім алғанмын. Медреседегі машақатты күндер маған рухани азық болып жарытпады. Өйткені, жарлылығым басқаға мойын бұруға жар бермей, көбіне-көп сол алғашқы білім баспалдағының бітпейтін күйкі тірлігінен, қара жұмысынан қолым босамады. Киім де жудым. Тамақ та пісірдім. Самаурын да қайнаттым. Ал, ағартушылық жолға сол 1910 жылдан бастап түскен екенмін. Бұған да биыл 26 жыл толып қалыпты-ау!

Осы кезден 1917 жылға дейін Шымкент төңірегіндегі ауылдарда бала оқытып, ұстаздық еттім де, 1917-1920 жылдар арасында уездік халық атқару орындарында да түрлі қызметтер атқарып, Бөржар мен Бадам бойында, Шымкент маңайындағы ірі елді мекендерде жаңа мектептердің ашылуына атсалыстым.

Ал, 1920 жылы коммунистік партия қатарына кіріп, Сырдария губерниясына қарасты Қазпедтехникумда қазақ тілі пәнінің мұғалімі, 1923-1925 жылдары Шымкентте мектеп меңгерушісі, Қожанов атындағы балалар үйінің директоры бола жүріп, «Ескі мектеп», «Жаңа мектеп» атты еңбектерімді жарыққа шығарып үлгердім. Одан бөлек, 1923-1928 жылдарда Шымкент қаласында ашылған Ахмет атындағы тұңғыш жеті жылдық қазақ мектебінде (қазіргі Қ.Сыпатаев атындағы №7 техникалық лицей-мектебі) қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс оқыдым. 1930 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің (САГУ) педагогика факультетіне қабылданып, екі жылдық курсты тәмамдаған соң, 1932 жылы Алматыға аттандырылдым да Коммунистік жоғары оқу орнында біраз уақыт оқытушы болдым. Алайда, денсаулығыма байланысты өз өтінішіммен 1933 жылы Шымкентке оралып, 1934 жылы Сарыағашқа ауысып, осындағы Қапланбек зоотехникалық мал дәрігерлік техникумында ұстаздық етіп келемін».

Осынау жолдар 1935 жылдың 22 желтоқсанында жалаға ұшырап, жазықсыз партиядан шығарылған Отарбаевтың апелляциялық шағымынан алынып отыр. Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетіне жолданған арызында Тәңірберген Отарбаев одан әрі былай деген екен:

«…1935 жылдың 27 қазанында Келес аудандық комитетінің 2-секретары Народный жолдас менің өткен өміріме жіті үңіліп, партиядан шығару жөнінде жиын ашты. Сондағы таққан айыптары: кезінде мен мұсылмандыққа бет бұрып, одан бөлек, кеңес қоғамына жат элементтермен тығыз байланыста болған екенмін. Осы мәселе бойынша менің ісімді майшаммен қара-ған арызқойлар ілік етер түк таппағасын, партбилетім қайтарылатын шығар деп үміттенгенмін. Алайда, 17 желтоқсандағы пленум шешімі мен ойлағандай болмай шықты. Аудандық НКВД басшысы Дынников жолдастың бос даурықпасына еліккен 12 мүшенің сегізі қолдау көрсетіп, партиядан шеттетілгелі отырмын. Апелляциялық шағымды да амалдың жоқтығынан жазып жатқанымды түсінген боларсыздар. Ия, әкем Отарбай да барша қатынкөпірлік қазақтар секілді төңкеріске дейін дінге бойұсынған, иманға ұйыған жандар еді. Мен де кезінде имамдық қызмет атқардым. Мұны жасырған емеспін. Алайда, менің 25 жылдық еңбек өтілі бар үлгілі ұстаз екенімді неге ұмыт қалдыра бересіздер?!

Тырнақ астынан кір іздеген тергеушісымақтардың маған таққан тағы бір жаласына келер болсақ, алашшыл Болғанбаевпен ешқашан ауыз жаласқан емеспін. Тек өткен 1934 жылы Алматыдағы Ветзооинституттан жолдама арқылы Қапланбекке жұмысшы факультетіне оқытушы болып келген Болғанбаевты қызметке қабылдағанымыз үшін айыпты болып отырмыз. Кезінде оның Алаш партиясының құрамында болып, айдауға түсіп, артынан ақталғаны да баршаға аян емес пе еді?!  Сондықтан мені Алаш партиясымен байланыстырғысы келген тасада тұрып тас атушыларға айтарым: мен коммунистік партиядан басқа партияда болған емеспін. Жұмыс барысында да Болғанбаев өткен өмірін көксеп, көсіле сөйлемеді, тіпті, тіс жармады. Керісінше өз жұмысын адал атқарды. Кеңестік білім саласына қалтқысыз қызмет етті. Сол себепті де Дынников секілді шаш ал десе бас алатын даурықпа басшылардың бізді «партия пәренжісін жамылған жау» деп әшкерелеуіне еш негіз жоқ. Ойдан шығарған сандырақ. Осы сөзін айғақтайтын бірде-бір дәлел көрсете алмады. Айыптауының барлығы да өсек-аяңға құралған. Сондықтан сенімсіз дерек көздеріне сүйеніп шығарылған шешімді қайта қарап, кіршіксіз екенімді дәлелдеуге көмек берулеріңізді сұраймын.

Ал, имамдық жайына келер болсақ, мен ол кезде бар болғаны 17 жаста едім. Оң-солымды әлі танып үлгермегенмін. Медресені енді ғана бітіріп, құдайына құлшылық етіп жүрген көп қазақтың бірімін. Егер өткен өміріне көз жүгіртер болсақ, мұндай сорақы айыптауға қазақ оқығандарының барлығы ұшырайтыны анық. Бұл жердегі басты мәселе менің имам болғандығымда. Мешітке барып, жамағатты жұма намазына жұмылдырғаным болмаса, арнайы имамдық қызметке мені ешкім тағайындаған жоқ. Сондықтан ескілікті көксеп, ел ішіне іріткі салды деушілердің қисынсыз дерегіне сүйенудің де жөні жоқ. Имамдықпен біраз жылымның өткені рас, бірақ кейін келе көзім ашылып, мұсылмандық білім мен құдайға деген көзқарасым өзгеріп кетті. Түрлі ғылыми еңбектерді үзбей оқып, 1915 жылдан бастап, атеистік жолға түскенімді білетіндер де баршылық. Бес парызды өтеуді де сол кезден бастап басыбүтін тоқтаттым. Рухани танымым да артып, төңкерістен кейін мемлекеттік қазақ мектептерінде ұзақ жылдар бойы жұмыс атқарып келемін. Сол уақыттың бәрінде де революцияға сатқындық жасап, жастарды дінге үгіттеген емеспін. Сондықтан мені мұсылмандық ұйымның жасырын мүшесі болды дегендер жаңылып айтады. Тағы да айтарым, ешқашан кәсіби имам болмағанмын. Демек, өткенді қазбалай берудің қажеті жоқ.

«Хайретдин Болғанбаевпен бұрыннан таныс-біліс екен-мыс» деушілердің аузына қақпақ бола алмаймын. Ол 1919 жылы үш айлық педагогикалық курста дәріс бергенде тыңдаушылардың қатарында мен де болғанмын. Бары осы ғана. Ал, Мұса Мылтықбаев туралы айтар болсам, ол кісі  менің туған нағашы ағам. Бала кезден жақсы білемін. Бар ғұмырын мектепке арнаған, ол кісінің жолын біз де қудық. Шымкент уездік-қалалық халыққа білім беру бөлімінде 4 жыл жұмыс істеді. Әлі де сол салада. Мылтықбаев пен Болғанбаев екеуінің қандай байланыста болғандығы маған беймәлім».

Отарбаевтың осылай ағынан жарылғанына қарамастан Келес аудандық комитеті баса билеп, өз дегенімен өктемдік жасап, Тәңірбергенді партиядан аластайды да, «Ұстаздық еткен жылдарында студенттерді Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізуге үндеген, ол аз болғандай, өз туысы молда Мылтықбаевпен әлі күнге байланысып жүр, молдалықтан қол үзсе де, мұсылмандығын тастамаған» деген секілді қосымша айыптарды арқалатып жібереді. Яғни, Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің басшысы Лазарев 1936 жылдың 15 қарашасындағы кеңесте Отарбаевтың шағымын шұғыл қарағанымен, ақыр соңында «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып, жаза өзгертілмейді.

Алайда, 1938 жылы 12 мамырда бұрынғы тағылған айыптар бойынша Тәңірберген Отарбаевтың үстінен қайта іс қозғалып, «халық жауы» атанып,  сот үкiмiмен 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал, Тәңірберген Отарбаевтан қалған перзенттерінің бірі, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан тектінің тұяғы Ұлжан апамыз Алматыда тұрады. Шындығында, төтеннен келген отыз сегізінші жылдың ойраны Тәңірберген отбасының да тоз-тозын шығарды. Сол қаралы жылдардың елесін еміс-еміс болса да есіне сақтап қалған жақсының соңында қалған ізі Жақұт апай да кезінде: «Әкемізді ұстап әкеткенде мен он алты жастағы бойжетіп қалған қыз едім. Інім Қайрат 6 жаста болса, сіңлім Ұлжан бесіктегі сәби еді. Ол кезде Ташкентте тұратынбыз. Әкем сол 1938 жылы Ташкентке шақырылып, Орта Азия ауыл шаруашылығы рабфагында ұстаздық етіп жүрген. Әлі есімде, 12 мамыр күні үйге екі адам келді. Әкемді сұрады. Түстері суық екен. Анам: «Ол кісі үйде жоқ, шығып кетіп еді» деді. Ойымызда дәнеңе жоқ. Анам оларды шаруамен келген адамдар деп ойласа керек. Артынша үйге кірген әкеме өзін әлдекімдердің іздеп келгенін айтты. Әкем де алабөтен нәрсе ойламады-ау, әлгілердің артынан жүгіріп шығып: «Мені іздеп жүрсіңдер ме?» – деп дауыстап тоқтатты. Қайта оралып келген олар: «Отарбаев сіз бе?» деп әкемнің қолына әлдебір қағазды ұстатты. Оған көз жүгіртіп өткен әкем үнсіз тұрып қалды да, үйге кірді.

– Мәке, – деді анама (анамның аты Мәриям еді), – мына кісілер мені алып кетуге келіпті. Бірақ, менің арым таза. Балаларды алып Шымкентке көш. Әйтпесе мұнда сендерге тыныштық бермейді.

Әп-сәтте азан-қазан болдық та қалдық. Алты жасар Қайрат «кетпеші» деп әкемнің аяғына оратылып шырқырады. Әлгілер әкемізді машинаға  отырғызып, алды-артына қаратпай алып кетті. Мен одан кейін әкем-ді қайтып көргенім жоқ.

Ал, әкем жайлы деректерді сұрастырып жүріп ол кісінің 1942 жылы КОМИ АССР-інде жүрек ауруынан қайтыс болғанын білдік. 1957 жылы әкеміз ақталды. Бірақ, жүректе өшпейтін жара мен сарытап сағыныш қалды», – деп егіле айтқаны бар. 

Тәңірберген Отарбаевтың өлең-жырлары кезінде Ташкенттен шыққан «Сәуле», «Сана», «Терме» журналдарында жарияланып, қазақ оқығандарының басын қосқан осы қалада Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовпен танысып, рухани достығы арта түседі. 

Ташкентте жүріп Қазақстанның 15 жылдығына байланысты сол жақтағы қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан «Социалды шашу» деген кітап құ-растырып, оған өзі редакторлық етіп, «Мырзаби оқиғасы» атты әңгімесін енгізген екен. Тәңірберген Отарбаевтың шоқтығы биік шығармалары қатарына жататын бұл әңгіме «Әдебиет майданы» сын журналының 1934 жылдағы №1, 2 сандарында жарияланыпты. Демек, «Мырзабиді кім өлтірді?» деген сауал төңірегінде әжептәуір талас тудырып жүрген бүгінгі зерттеуші ғалымдарымыздың да бұл шығарманы шетқақпайламай, қайта назарға ала жүргені дұрыс болар деген ойдамыз. Өйткені, тарих туралықты, нақтылықты сүйетін ғылым. Тарихын қастерлеген ұлттың ғана өткеннен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайтыны да бесенеден белгілі. Олай болса, қай тақырыпты қаузамайық, біржақты пайымдау, өз байламын көпке таңу, жұртқа мәлім хикаяларды бұрмалау кім-кімге де абырой әпермесі анық.

Яғни, «Мырзабиді Мәделіқожаға өлтіртіп» жүргендердің де Тәңірберген Отарбаев шығармаларынан аттап кетпегені жөн.

Осы әңгімесінде автор: «…Жетпіс алты жыл бұрын Мырзаби оқиғасы болыпты. Орта Азияны хан билеп тұрған шақ. Солардың тағы бір азғыны, күнде «қырық қыздың» қызығымен қарқындаған, үш жүзден артық қатыны болған, қайдан болса да, күнде дерлік тың сұлулар таптырып, Қоқанды билеген Құдияр ханды да көрген бұл Орта Азия. Сол Қоқан хандығының ең соңғы бегі-биі болып Шымкентті Мырзаби деген билепті», – дей келіп, Ордабасыға туын тіккен Мырзабидің «Қыздан зекет» жарлығының соңы жақсылық алып келмегенін былайша жеткізеді:

«…Мырзабидің лаңы сол науқаншыларға қатты тиеді. Егін пісіп, орақ оратын кезге жуықтаған соң-ақ, науқаншылар егінші Дулат еліне қарай ағыла бастайды. Өйткені, бұлардың тіршілігі науқан. Тіршіліксіз тірлік жоқ. Күн көру керек. Бұлардың көштері Ордабасы алабынан не сәскелік, не түстік жерден өтпеске амал жоқ. Жол реті солай. Күн өтсе де, түн өтсе де, жасауылдар жаза бас-тырмайды, қағып алып тұрғаны. Күн-түн демей, аңдып жүрген жауыздар тап берсе, тапжылтпайды. Құрығы құры кетпейді. Аңын іліктіреді. Біреудің балғыны, біреудің жалғызы аң болып қолға түседі. Жастайынан мәпе-леп, жел жағынан да пана болып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, жегені тамағынан өтпей, аузындағысын жарып беріп, күйіп-жанып, жанынан артық көріп, әлпештеп, мәпелеп асыраған, көзінің ағы мен қарасындай баласын жау олжалағанда, қанды көз қара құс, жауыз күшіген қанды шеңберін салғанда, сорлы ата-ананың не жаны қалады дейсің?! Қалай шыдап тұрады дейсің?! Бастарын тауға да ұрып, тасқа да соғып, жауыздардың сойылына, қанды қылыш-сапысына кө-рініп келген ажалға қарсы барады. Алысады, арпалысады, болмайды».

Әрине, азапқа көнсе де, қорлыққа көнбейтін жұрт дүр сілкінеді. Үдере көшкендер де қайта қайырылып, қыз намысын аяққа таптауды ар санамайтын қоқандықтардан кек алуға пәтуаласады. Әдепкіде Мырзабиді көл жағасына арнайы отау құрғызып, иіліп қарсы алғанымен, адамдықтан шеттеп кеткен ата жауының басын алмадай қаққан батырларымыздың ерлігін «Аттаныс» атты бөлімінде Тәңірберген былайша суреттейді:

«Ызалы жұрттың салдары тиген ашулы қол. Кекті жаңа ылғи сайланып шыққандар. Жол-жөнекей көздерінің шырымын алып, әлдерін жиып, аттарын да шалдырып алысты. Барлық саны отыздан аса қоймас-ты. Бірақ, саны шамалы болса да, ылғи өздеріне сенгендер. Қолбасы – Мұсабек батыр. Жарамды жолдасының бірі – әрі ақын, әрі батыр Мәделіқожа. Тағы бірі – сары құлшығаш Жаманқара батыр.

Қара түнді қақ жарып қол келеді. Мінгендері ылғи таңдаулы, таң асқан, суыған, табындағы жараулы бедеулер. Жер шамасы белгілі, жуықтап қалған тәрізді. Таң алаң-елеңде аттарының іркуін жазып, тізгінін қағып, төгіп-төгіп жібереді. Шаңына жел ілеспейтін, ұшар құс-тың қанатын қақтырмайтын, жарап тұрған жануарлар қойсын ба? Адымы жерді қуырды. Ә дегенше болмады, Ордабасының шаңын аспанға шығарып, Қотырбұлақтағы Мырзабидің ордасын айнала қоршап, бас салды.

Арақ-шарап мастықпен, ойын-сауық шаттықпен, олжа болған арулардың қызығымен кеш жатып, белшесінен ұйқыға батып, қаннен-қаперсіз тас боп қатқан Мырзабилер мұны білмей де қалды.

Келгендер аттарынан жалма-жан түсе-түсе қалып, қаңтара байластырып тастады да, орданы жаяу қоршады. Қылыштарын қынаптарынан суырып алып, киіз үйге салып-салып жіберді де, «Үйді аудар!» деген бүркіттің дауысындай шаңқылдаған Мұсабек батыр-дың жарлығын жаңғырықтыра үйді көтеріп тастады. Сартылдаған сойыл, қаршылдаған қылыш, ұр да соқ! Айқай-шу даланың тыныштығын бұзып, басына көтерді. Тұнық ауаны толқындап, жаңғырықтырып ала жөнелді. Есіктің қарсы маңдай алдынан Мұсабек топқа сүңгіп кірді де, наркескенді (қылышын) бір сілтеп, төбесінен жасыл түскендей, мең-зең, не қыларын білмей  дал болып  қалған Мырзабидің басын ұшырып түсіріп, кеудесіне  сапысын малып-малып жіберді. Қанға малынған көйлекшең кеуде ет-бетінен сұлай түсті. Шапшыған жылы қанға қолын толтырып Мұсабек ұрттап салды да, қызу қарқынмен сермеулі қылышын тоқтатпады. Үсті-үстіне сілтеп жатты. Мәделі, Жаманқаралар да айқайды күшейтіп, қылышты қанға малып жүр. Қызуға қызу қосып, даурықтырып, жарқылдаған сапыны құлаштап, сермеп, салып жүр… Келген қолдан қарап қалған жан болмады. Бәрі де ызалы, кекті ашулылар ғой. Шетінен айқай-сүреңді үдетіп, қылыштарын қанға тойғызды. Мырзабидің отыздан аса жасауыл, жендеттерінен шашау шыққан жан қалмады. Тегіс-ақ сұлады.

Келгендер осылай істерін бітіріп, Ордабасының әңкі-тәңкісін шығарып, Қотырбұлақтың шаңын аспанға, күлін көкке шығарып, аттарына міне-міне жөнелгенде күн әлі ұясынан шығып та болған жоқ еді».

Ал, Мұсабек батыр, Мырзаби оқиғасы жайында жазылған шығармалар жетерлік. Шындығы сол, ондағы авторлардың дені халық аузындағы аңыз-әпсаналарға, жыр-толғауларға сүйене отырып, Мырзабидің басын Мұсабек батыр алғандығын анық жазады. Мәселен, жазушы Нәмет Сүлейменов «Ұстаз» атты кітабында ағартушы-ұстаз Тәңірберген Отарбаев туралы естеліктерімен қатар, оның бірқатар төл туындыларын да енгізіпті.

Жалпы, «Ақ жол» беттерінде азды-көпті мақалалары жарық көріп, тілші ретінде де тәп-тәуір танылып қалған Отарбаевтың өңірдің оқу-ағарту саласын дамытуға да қосқан үлесі қомақты. Айталық, Ахмет атындағы мектепті сол тұста басқарғандардың қатарында Мұса Мылтықбаев, Сейілбек Үсенов, Мұсай Айекенов, Нувар Махбаров тағы басқалармен бірге Тәңірберген Отарбаев та болды.

Оның шәкірттері арасында бүгінде мақтанышымызға айналған ақын Әбділдә Тәжібаев, батыр Бауыржан Момышұлы, аса талантты журналист, аудармашы Құрманбек Сағындықов, Қажым Жұмалиев, Мекемтас Мырзахметов, Төлеген Тәжібаев сияқты талантты тұлғалар болған еді.

Солардың бірі ұлт батыры Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұяға адал болайық» деген өзі тәлімін алған алғашқы ұстазы жайлы толғанысында: «Есімде қалған үлкен ұстаздарымның біреуі – Тәңірберген Отарбаев. Медресе бітірген. Басына ақ сәлде орап, дамулла молда болу орнына мұғалім болып кеткен. Арабша өз алдына, қазақ әдебиетін жақсы білетін, бізге ол кісі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді.

Ұзын бойлы, келбетті келген, сабырлы, өте ақылды ақын адам еді. Ол кісі сабақ бергенде біз рахаттанып тыңдаушы едік. Қазір жасым жетпіске келгенде байқасам, ол кісі шынында әдебиет зерттеушісі екен. Шынында ақын екен…

Өзі бізге классикалық әдебиетті насихаттаушы еді. Ол кісінің тағы бір әдеті, сабаққа домбырасын әкелетін.  Абайдың, Сұлтанмахмұттың, халық жырауларының өлеңдерінен жатқа білетін… Домбыраны жақсы, асықпай тартушы еді. Ол кісіде әншілік, музыкалық орындаушылық және дұрыс талдап, түсіндірушілік ғажап еді. Ол шынында ғалым еді», – деп ағынан ақтарылғаны бар екен.

Яғни, «Ақ жол» беттерінде бірде Тәңірберген болып тауып сөйлеп, бірде Отарбаев болып ойып айтып, бірде «Мардан» деген бүркеншік атпен бүркемелемей шындықты айтқан ағартушының жазбаларына тереңірек үңілген жөн сияқты. Тікелей газетте қызмет атқармаса да, тұрақты автор ретінде ел сөзін жеткізіп отырған Отарбаев «Бұл қалай?» деген мақаласында Түркістан жұртының жай-күйінен хабар беріп, ел ішінде бұзақылық, парақорлықтың асқынып кеткенін «Ақ жолдықтарға» ашына жеткізіп,  жұрттың жанайқайы қайта-қайта басылғанымен де оның оң нәтижелерін газеттен көре алмай отырғанын атап көрсетіпті.

Шындығында, Отарбаев мақалаларының денін оқу-ағарту мәселелеріне арнаған екен. Мәселен, өзі қызмет атқарған білім ордасы жайлы жазылған «Ахмет мектебі Шымкентте» атты мақаласында:

«Үйездік жердегі қазақ халқы үшін 100 балалық жатақханалы үш мектеп ашуға ұйғарылып еді.

Бірі – Абай мектебі. Мұның үйі түзетіліп жатыр. Екіншісі ашылып, жүріп жатыр. Үшіншісі үйсіз-күйсіз еді. Жақында Борисов дегеннің үйі атқару комитетінен босаттырылып алып, сол мектеп үшін берілді. Тездеп бала қабыл етіліп, оқу ісі жөндеп жүргізілмек.

Қаладағы қазақ жігіттерінен мектеп ісіне беріліп жүргендері бұл мектепті Ахмет Байтұрсынов атына ашуға ұйғарып, атын Ахмет мектебі қойысты», – деп оңтүстік жұртына ақжолтай хабар таратса, келесі бір «Оқу жайымыз» деген материалында осы мектептің басшысы ретінде қолға алынған жоба-жоспарлардың орындалу барысын баяндап беріпті.

Оқытушы Отарбаев сол кездегі білім саласының былығын да бетке айтып, ақиқатты ардың ісі деп білген санаулы да сауатты ұстаздың бірі.

Ал, «Кім айыпты?» деген шағын мақаласында шабан жұмыс атқарған Шымкент үйезіндегі облыстық ағарту бөлімінің шамына тиіп, біраз мәселенің басын ашып көрсетіпті. Яғни, «…Шымкент қаласында 100 балалық, Арыс қаласында 120 балалық интернат ашылмақ бол-ған. Облыстың нұсқауы 6 интернат еді. Үйез ағарту бөлімі қолайлы орын таба алмағандықтан және мұғалімдердің жоқтығын ескеріп, жоғарғы айтылған 2 мектепке түсіріп һәм осы 6 интернат есебінен «Абайға» 100 бала қоспақ болған.

Осы күні сол 2 интернатта 220 балаға, Абайда 140 балаға, барлығы 360 балаға лайықтап мектеп үйлерін ремонт қылып кровать, парта, тақта сықылды керекті бұйымдарын даярлап, ағарту бөлімі құры ой бағып қарап отыр.

Бала алуға болмайды, ішіп-жем үшін қаражат жоқ.

Облысқа жайын айтып, мұңын шағып, талай рет сұранулар, адам жіберулер болды. Пұл түгіл жарытымды жауап жоқ.

Шамасы қыс бойы осы күйде өтеміз, білем.

Бұл қалай, бұл үшін кім айыпты?» – деп бұлтартпас айғақтарды алға тартып, бұл салада бейжайлық танытудың соңы жақсылыққа апармайтынын ерекше ескертеді.

Мұнан бөлек, «Бастауыш мектептер һәм оқытушылар курсы ашылсын» деген мақаласында білікті маман даярлаудың маңыздылығына тоқталып,  мектеп турасында  да  тереңінен  толғапты.  Әсіресе,  ауылдағы  қатынап оқитын мектептердің жағдайына қанық мұғалім орнықты отырықты мектептердің тіршілігі біршама түзелгенін тілге тиек етіп, негізінен жылжымалы көшпелі мектептердің қырдағы қазақ баласына оңтайлы болу жағын нақтылап, түсіндіріп береді. Көшпелі мектептердің жаз жайлауға көшетін шаруа балаларының сауатсыз қалмауына оңды ықпалын тигізетінін тәптіштеп айтып, елдің болашағы болған жастардың сауатты,  саналы  болуын арман ететіні осындай өзекті мақалаларынан анық аңғарылып тұрады.

Анығында, «Ақ жолда» оқытушы Отарбаевтың «Шымкентте 520 мектептің жайы жайсыз-ақ», «Білім комиссиясы туралы мәжіліс», «Ел ішіндегі бастауыш мектептер неше жылдық болсын?» сияқты көптеген мақалалары баспа бетін көрген екен.

Нәубетті жылдардың тарихын түгендеуде мемлекетіміз аса ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Ал, Тәңірбергенді тану барысында біз Шымкент  қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейінде оған байланысты ұзақ жылдар бойы жинақталған құжаттар бетінен көп мәліметтерге қанықтық. Қазіргі жұрт жете біле бермейтін Тәңірберген сынды тасада қалған тұлғалар аз емес. Демек, тарих қатпарына үңіліп, тектілерімізді терең зерделеу де бүгінгі ұрпақ үшін басты парыз болу керек.

Асан Үсіпов,
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығының аға оқытушысы

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ

 

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here