Адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады

0
9343

«Бала – бауыр етің» деген атам қазақтың бүгінгі таңда осы қанатты сөзінің мәні кеткендей әсер қалдырады. Өйткені, қорланған, зорланған, яғни құқығы тапталған балалар туралы ресми статистикаға назар аударсаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Айталық, әлемдегі балалар құқығын қорғаумен айналысатын ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы құзырлы органдармен бірге жүргізген зерттеуі ересектердің 75%-ы балалардың мінез-құлқын бақылау үшін физикалық күш көрсетуді қолдайтынын көрсетті. Яғни, қазақстандық он ата-ананың сегізі баласы бұзық болып, тіл алмаған жағдайда шапалақпен тартып жіберуді құп көреді. Мектептегі жағдай да оңып тұрған жоқ. ЮНИСЕФ ұйымының зерттеуінше, оқушылардың үштен екісі мектепте қатарластарынан әлімжеттік, мұғалімдерінен кемсітушілік көреді. Зорлық-зомбылықтың жоғары деңгейі интернат пен қиын балаларға арналған білім ошақтарында да байқалады. Бұл мәселенің бергі жағы. Оның арғы жағында болашағына балта шабылған балалардың күрделі тағдырына қатысты үлкен мәселе тұрады. Сөзіміз дәйекті болу үшін сандарды сөйлетейік. ҚР Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2020 жылы елімізде балаларға қатысты зорлау және сексуалдық сипаттағы 825 қылмыс тіркелген. Бұл бізге белгілісі ғана, ал ата-ана тарапынан жабулы қазан күйінде қалған қылмыстарды жоққа шығаруға тағы болмайды. Сонда мемлекетке қайтпек керек? Бір қуаныштысы, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қолдау – мемлекеттің әлеуметтік және құқықтық міндеттерінің бірі болып табылады. Демек, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселеге мемлекет қол қусырып қарап отырған жоқ. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қандай шаралар атқарып жатқандығын, заңдардың қалай қатаңдатылғанын саралап көреді.

ҚАЗАҚСТАНДА БІР ЖЫЛДА 800-ДЕН АСТАМ БАЛА ПЕДОФИЛДЕРДЕН ЗАРДАП ШЕКТІ

Сараптаманы жүрек ауыртар статистикадан бастадық. Сол статистикаға қайта оралайық. Өйткені, бұл тақырып қоғамда ашық айтылып, қызу талқылануы керек.

2020 жылы елімізде балалардың қатысуымен болған деректер төмендегідей:

  • балалардың терезеден құлауының 108 дерегі (18 бала қайтыс болды);
  • жол апаты салдарынан балалар өлімінің 183 дерегі;
  • кәмелетке толмағандардың өзіне-өзі қол жұмсауының 449 дерегі;
  • жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы 825 қылмыс.

Сөзсіз, соңғысы есі дұрыс адамның еңсесін түсіріп, есін шығаратын дерек екен. Тарқатып айтайық. Бір жылда балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттерге жататын 825 қылмыс тіркеліпті. Соның 669-ын, яғни 81%-ын отбасындағы адамдар істеген. Зорлық істегендердің 10 пайызы – әкелер мен өгей әкелер. Қалғандары баланың анасымен бірге тұратындар және көршілер, туыстар, таныстар. Министрлік өкілдері бұл істерді сотқа жеткізуде қиын жағдай туындап жататынын, баласы зорлық көрген аналар көбіне өз көңілдестерін жақтап, қарсы дәйек айтудан бас тартатындарын жасырмай айтады.

Айта кетейік, елімізде қылмыстың осы санаты бойынша жаза күшейтілді. Атап айтқанда, педофилдердің шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға құқығы жоқ, сондай-ақ оларға химиялық кастрация жасалады.

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫМЕН ЖАЗА ҚАТАҢДАТЫЛДЫ

Рас, елімізде зорлық-зомбылықты түп тамырымен жоюға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Күн тәртібіндегі өзекті мәселені Президент те көтеріп, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді, мәселені шешудің кешенді шараларын жүзеге асыруды тапсырды. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Жолдауында: «Біз сот төрелігінің шектен тыс және репрессивті шаралары мен қатаң жазалау тәжірибесінен алшақтадық. Алайда, елімізде көптеген ауыр қылмыс әрекеттері бар. Біз заңнаманы ізгілендірумен айналысып, азаматтардың негізгі құқықтары туралы ұмытып барамыз. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тасымалы, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейту қажет», – деп бұл мәселені шешуді Үкіметке жүктеді.

Содан Президент тапсырмасымен балалар құқығын бұзғандарға қатысты жазалар да қатаңдатылды. Мысалы, Мемлекет басшысы 2019 жылы 27 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң қылмыстық кодекстің 120-бабы «зорлау» және 121-бабы «сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша жауапкершілікті күшейтеді. Олар орташа санаттан ауыр санатқа қайта өзгертілді. Енді бұл санаттағы қылмысты жасағандар 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал, кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы немесе баламасы ретінде өмір бойында бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Дәл осындай жаза балаларды өлтіру дерегі тіркелген жағдайда да қолданылады. Сондай-ақ, педофилия деректерін хабарламау, жасыру және бұрмалау дерегі үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, бұрын зорлау орташа ауыр санатта болған кезде орын алған жағдайдың арты татуласумен аяқталып, одан кейін көп іс сотқа жетпей жарты жолда қалып қоятын еді. Қазір мұның бәрі келмеске кетті. Қылмыскер қолымен істегенді мойнымен көтеруге міндеттеледі. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, Президенттің жазаны қатайту туралы тапсырмасынан бір жыл өткен соң елімізде жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстар саны 30%-ға қысқарған екен. Әрине, босаңсуға әлі ерте, қауіпсіздік бәрінен қымбат.

БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ШАРАЛАР

Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияға және балалардың құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы басқа да халықаралық актілерге қол қоя отырып, балалар құқығын толыққанды қорғауға міндеттеме алды.

«2020 жылдың наурыз айында ҚР Үкіметі бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және жасөспірімдер арасында суицид мәселелерін шешудің 2020-2023 жылдарға арналған жол картасын бекітті. Жол картасында 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетте одан әрі мақсатты жұмыс атқару үшін министрлік тарапынан педагогикалық біліктілікті арттыруға барынша көңіл бөлінуде. Осы шараларды негізге ала отырып, мектептегі психологтардың біліктілігін арттыру үшін бюджеттен қосымша 15 325,4 млн теңге бөлінді», – деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Министрліктің осы құжатқа өзгертулер енгізу процесінде басты назар аударған тұсы – педагог-психолог және әлеуметтік педагогтардың ара жігін ажыратып, білім беру ұйымдарындағы тәрбиеленушілер санына байланысты педагогтардың жүктемесі әртүрлі болуын қамтамасыз ету.

Есенғазы Нұртөлеуұлының айтуынша, министрлік құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, білім беру ошақтарын аккредиттеуді де жоспарлап отыр. Бұл шараның басты мақсаты – білім беру ошақтарында терроризмге қарсы талаптарды күшейту.

«Террорлық қауіптен қорғану дағдыларын қалыптастыру арқылы білім беру ұйымдарында кадр даярлау мәселесіне назар аударады. Бұл білім ошақтарында терроризм жасаудың алдын алатын жағдай жасайды. Материалдарды одан әрі нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Білім беру ұйымдарына бейнебақылау камераларын 100% орнату, жылы дәретханалар мен мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету жүзеге асырылады», – дейді Есенғазы Иманғалиев.

Сарапшылардың пікірінше, балалардың құқықтарын қорғауда білім беру, шығармашылық және спорт секцияларының маңызы зор. 2021 жылы 8 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілу туралы» Заңында білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерде қосымша білім беру тапсырысын көздейтін тармақ бар. Мемлекеттік тапсырысты жергілікті атқарушы органдарға балаларды қамтуды кезең-кезеңмен арттыру, қамтамасыз ету мәселелерін шешу әрі балаларды қызығушылықтары бойынша бөлу көзделеді. Атап айтқанда, спортты дамыту, шығармашылық, интеллектуалдық тұрғыдан балалардың дамуына күш салу керек. Сонда жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық саны төмендейді.

«Балаға мейірімді және қауіпсіз ортаны қалыптастыру үшін тек мемлекеттік органдардың ғана емес, оған қоғам да белсенді қатысуы қажет. Қоғам бірінші болып балаға зорлық-зомбылық көрсетеді. Құзырлы орындар құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға мүмкіндік беретін байланыс арналарын қалыптастыруға күш салуда. Барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Ол үшін министрлік республиканың барлық өңірлерінде білім басқармалары жанынан call-орталықтарды іске қосты», – деп атап өтті Есенғазы Иманғалиев.

«Қазақстан отбасындағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық: 2017 жылғы білім, көзқарас және тәжірибені зерттеу» сараптамалық есебінің нәтижелері бойынша, ересек тұрғындардың 67%-ы балаларды үйде тәртіпке келтіру үшін оларға қол көтереді екен. Мысалы, бала тәрбиелеуде ересектердің 65%-ы психологиялық зорлық-зомбылық, 39%-ы физикалық күш қолданатыны анықталды.

«Құқық бұзушылыққа қарсы іс-қимыл кезінде маңызды мәселе оның алдын алу жұмыстары. Ол бұрыннан жасалған фактімен жұмыс істемейді, тек оның балаға қарсы жасалуын тоқтатуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың алдында одан әрі нақты әдістерді әзірлеуде өте күрделі міндет тұр», – деп санайды Есенғазы Иманғалиев.

Осыдан 15 жыл бұрын Childline Thailand Foundation қоры Қазақстанға сенім телефонын (150) құруға көмектескен еді. Сенім телефоны осы уақытқа дейін 2,5 млн қоңырау қабылдап, бірқатар мәселелердің оң шешімін табуға көмектесті. 2020 жылы сенім телефоны тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 3 377 қоңырау қабылдаған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 654 қоңырауға көп.

«Жәбірленушілердің көпшілігі орны толмас оқиға болғанға дейін зорлық-зомбылыққа төзіп жүре береді. Бұл фактіні жасыруға болмайды. Бүкіл қоғамның үнсіздігі ең үлкен мәселе», – деп санайды Childline Thailand Foundation қорының атқарушы директоры Илья Смирнов.

Көптеген зерттеулер отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтатуға және оның алдын алуға болатынын көрсетіп отыр. Илья Смирновтың айтуынша, жәбірленушіге қолдау көрсететін адам болмаса, оның зорлық көрсетушіге қарсы тұруы өте қиын.

«Статистикаға көз жүгіртсек, зардап шеккендердің өте аз пайызы бұл жағдайдан ешқандай көмексіз шығады. Сондықтан отбасындағы зорлық-зомбылық тек отбасылық қана мәселе емес, бұл – әлеуметтік мәселе. Толық ауқымды әлеуметтік әрекетті талап етеді. Біздің барлық жауап беру стратегиялары құрбанға бағытталған болуы керек немесе кем дегенде жәбірленушіні есепке алу керек. Әйтпесе, қоғам зорлаушыға айналуы бек мүмкін. Ал, зорлықшыл қоғам зорлық-зомбылыққа қарсы тұра алмайды. Сондықтан біз әділ қоғамды қалыптастыруға барымызды салып жатырмыз», – дейді Илья Смирнов.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстандағы білім беру мекемелері бекітілген стандарттар мен талаптарға сай бейнебақылау жүйесімен 100% жабдықталған. 275 мектепте мамандандырылған күзет қызмет жасаса, 3 551 мектепте қауіпсіздік батырмасы орнатылған, 473 мектеп турникеттер арқылы жұмыс істейді. Еліміздегі 7 109 мектептің (98,9%) ішінде дәретхана орнатылған.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің сенім телефоны (74 25 28), «BALA QORGAU» Telegram-каналы іске қосылған. Мұнда кез келген адам өзінің мәселесі туралы ашық айта алады.

ЧЕХИЯ ТӘЖІРИБЕСІ

Сарапшы Роза Нұрғалиеваның сөзінше, Чех Республикасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 80 мың бала зардап шегіп отыр. Алайда, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалардың тек 10%-ы ғана құзырлы органдарға хабарлайды. Бүгінде бұл ауқымды мәселені шешуде Чех Республикасы балалардың психологиялық және дене жарақатын бақылауда ұстайтын жүйе қалыптастырды. Соның бірі – Брно университеттік емхана жанынан ашылған «Балалардың психологиялық және дене жарақатын саралайтын ұлттық тізім» жобасы. Еуропалық Одақ қаржыландыратын бұл жобада балалардың психологиялық және дене жарақаттарын зерделей отырып, оның себептерін нақтылайды.

«Мотол» университеттік ауруханасында Балаларды қорғау және жарақаттанудың алдын алу ұлттық үйлестіру орталығы жұмыс істейді. Орталықта арнайы мамандарды даярлаумен қатар, балалардың бір-бірімен коммунативті байланыс құруын, жарақаттың зерделенуін, сол туралы ақпараттарды тарата отырып, оны халықаралық дәрежеде мәселе болып көтерілуін қамтамасыз етеді. Орталықтағы «Қауіпсіз балалық шақ мектебі» атты жоба да жоғарыда аталған бағдарлама негізінде жүзеге асады. Чехияда бала тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болса, онда ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны ретінде саналады.

Роза Нұрғалиеваның пікірінше, Чехиядан үйренер тұсымыз – олардағы профилактикалық шараларды жүзеге асыру, балалардың зорлық-зомбылық мәселесін қоғамдық науқандардың көмегімен хабардар ету. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себебі мен салдарын анықтауға көмектеседі.

Еуропаның орталығында орналасқан бұл елде зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында Балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта құру жалпыұлттық саясаты жүзеге асады.

«Чех Республикасында балаларды зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғау қатаңдатылған заңнама негізінде іске асады. Мәселен, балада зорлық-зомбылықтың белгілері байқалса, мектеп құзырлы органға бірден хабарлайды. Егер де ата-ана заң талаптарын орындамаса, 50 мың чех кроны (1,16 млн теңге) көлемінде айыппұл, тіпті қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алмаған (ҚК 367-бабы) немесе қылмыстық құқық бұзушылықты жасырған (ҚК 368-бабы) тұлға ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деп түсіндіреді Роза Нұрғалиева.

Сарапшының пікірінше, Чех Республикасында отбасыларды қолдау жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Бұл елде тек балаға ғана емес, ата-анаға да барынша көңіл бөлінеді. Ата-аналар сенім телефондарына ғана емес, отбасына кеңес беру орталықтарының да көмегіне жүгіне алады. Себебі, орталықта ата-анасы ажырасқан жағдайда, балаға қалай психологиялық қолдау көрсету керектігін айтады. Сөйтіп, ата-ана баланың бар жауапкершілігін өз мойнына алады.

Міне, Чехия тәжірибесіне назар аудармасқа тағы болмайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялауы бекер емес. Оның негізігі мақсаты – балалардың мәдени, интеллектуалдық білімдерінің артуына ерекше назар аудару. Осының негізінде Президент билік басындағы атқамінерлерден де баланың болашағына баса назар аударуды талап етіп отыр.

Иә, кез келген мектептің басты ұстанымы – балаларды зорлық-зомбылықтың құрбаны етпеу. Жоғарыда сөз еткен Чех Республикасында балалардың жауапкершілігі өз алдына, баланың денсаулығы мен оқу үлгерімін де қатар қарастыруға тырысады. Бала құзырлы органдарға қалай шағымдану керектігін мектеп жасынан біледі. Өз кезегінде құзырлы орындар балаға зорлық-зомбылық құрбаны ретінде қарап, оған психологиялық тұрғыдан көмек көрсетеді.

Жалпы, балаға қатысты зорлық-зомбылықты әлем тоқтатуға тырысып жатыр. Бала біздің болашағымыз болғандықтан, біз де балаларды барынша қолдауға міндеттіміз. Олардың жеке кеңістігіне қол сұғуына жол берілмеуі керек. Себебі, баланың қазіргі жай-күйі болашақтың жай-күйі екендігін сезінуіміз қажет. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін балаң қайдан болсын?!» Ұлт ұстазының осы аталы сөзінен ұғатынымыз, бала – қоғамның бір бөлшегі, оның болашағына балта шабуға қалайда жол бермеуіміз керек.

Алмабек ИБРАЙЫМОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here