1956 жылы АҚШ–тың Сент–Луис қаласында (Миссури штаты) қоғамның әлеуметтік аз қамтылған тобына арналған үлкен тұрғын үй кешені салтанатты түрде ашылды. Ал, 11 қабаттан тұратын 33 тұрғын үйге кедейлер мен жұмыссыздар 1954 жылы алғаш қоныстана бастаған еді. Кезінде «жұмақ аралы» аталып кеткен бұл тұрғын үй кешенін АҚШ билігі 20 жылдан кейін неге қиратуға мәжбүр болды? Бір ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті төменде осы сұраққа жауап іздейді.
«ПРУИТТ-АЙГОУ» ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында «әлеуметтік үй» ұғымы пайда болды. Сол кездің өзінде азуын айға білеген АҚШ-та алғашқы әлеуметтік тұрғын үйлер салына бастады. 1933-1945 жылдардағы АҚШ-тың 32-ші президенті Франклин Рузвельт (1882-1945) өзінің «Жаңа бағытында» кедей-кепшіктерге арналған әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысына баса назар аударды. Соның нәтижесінде отызыншы жылдардың ортасында барлық штаттарда жүз мыңдаған шаршы метр тұрғын үйлер тұрғызылып, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған миллиондаған америкалық отбасы қоныс тойын тойлады.
Рас, Рузвельттің тұсында әлеуметтік тұрғын үй құрылысы қарқынды жүрді. Әйтсе де, 130-150 млн халқы бар (1940-1950 жылдардағы халық саны, – ред.) АҚШ-та бұл мәселе түпкілікті шешілмеді. Содан Ақ үй әлеуметтік үйлері бар тұрғын үй кешендері мен шағын аудандар, тіпті арнайы үлкен аудандар сала бастайды. Соның бірі – кедей-кепшіктерге арналған «Пруитт-Айгоу» жобасы.
«Пруитт-Айгоу» тұрғын үй кешенінің авторы – сол кездегі жас сәулетші Ямасаки Минору (1912-1986). Оның есімі 2001 жылы 11 қыркүйекте террористер жермен жексен еткен 110 қабаттық Дүниежүзілік сауда орталығының авторы ретінде де әлемге әйгілі. Міне, Ямасаки Минорудың жобасымен салынған тұрғын үй кешені ресми түрде «Пруитт-Айгоу» атауын иеленді. Су жаңа ауданға Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қара нәсілді ұшқыш Уэнделл Пруитт пен Миссури штатынан конгрессмен болған ақ нәсілді саясаткер Уильям Айгоудың есімдері берілуі тегін емес. Өйткені, бастапқыда ел үкіметі ауданды қара мен ақ нәсілділерге, яғни екіге бөлгілері келді. Ал, бұл нәсілдік сегрегацияны (тұрғындарды нәсілдік белгілеріне қарай мәжбүрлеп бөлу саясаты, – ред.) жеңіп шыққан АҚШ-тың саясатына қарама-қайшы еді. Сондықтан да, Миссури штатының басшылығы «ары тартса, арба сынбайтындай, бері тартса, өгіз өлмейтіндей» саясатты ұстанып, нәсілдеріне қарамастан жұмыссыздар мен кедейлердің барлығын «Пруитт-Айгоуға» қоныстандырды.
ЖЕЛГЕ ҰШҚАН 36 МИЛЛИОН ДОЛЛАР
АҚШ үкіметі кедейлер мен жұмыссыздардың америкалық арманын орындау үшін «Пруитт-Айгоу» ауданының құрылысына 36 млн доллар жұмсады. Жасыл желек жамылған ауданда жоғарыда аталған 11 қабатты 33 тұрғын үйден бөлек екі мектеп, аурухана, дәріхана мен дүкендер тұрғызылды. Осылайша, «жұмақ аралына» он екі мың америкалық қоныстанды.
Бастапқыда кедей-кепшіктерге арналып салынған «Пруитт-Айгоу» ауданы сәтті жобалардың бірі саналды. Алайда, арада бірнеше жыл өткеннен кейін «әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор еттінің» кері келді. Әбден масылдыққа үйренген америкалықтар «дайын асқа – тік қасық» болудан арыға аса алмады. Жұмыс істеуге ниеттенбеді. Қыруар қаржыға салынған «Пруитт-Айгоуға» «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін» жалқаулар көптеп қоныстана бастады. Спирттік ішімдік ішетін алқаштар мен есірткі қолданатын нашақорлар қаптады. Әлсіздерге әлімжеттік көрсететін топтар пайда болды. Ұрлық-қарлық, бұзақылық, кісі өлімі, есірткі саудасы өрши түсті. Содан алғашқылардың бірі болып ақ нәсілділер «Пруитт-Айгоудан» кетті. Дұрысы, кетуге мәжбүр болды.
Ақыр соңында тұрғындардың 99 пайызын қара нәсілділер құрады. Бірақ, оқыған, жұмыс істейтін қара нәсілділер де бастары ауған жаққа көшті. Сөйтіп, бірнеше жыл ішінде «Пруитт-Айгоу» тұрғын үй кешені «жұмақ аралынан» «тозақ аралына» айналды. Инфрақұрылымның басым бөлігі қараусыз қалды, қирады. Мұражай, мектеп, ауруханаларды бетімен кеткен жеткіншектер паналады. Ауданда күнде атыс-шабыс, жойқын жарылыс. Қылмыс әлемінің барлық серкелері жиналды. Тіпті, «Пруитт-Айгоуда» америкалық полицейлердің түнде жүруге дәттері бармайтын-ды.
«Пруитт-Айгоу» тұрғындарының тең жартысын түрмеде отырғандар құрады. Соның салдарынан алпысыншы жылдары Сент-Луис қаласы АҚШ-тағы ең қауіпті үш қаланың біріне айналды.
«Семіздікті қой ғана көтеретінін» кеш те болса түсінген Америка билігі «Пруитт-Айгоу» ауданындағы барлық жеңілдіктерді алып тастады. Миссури штатын шығынға шаш етектен батырып отырған аудан тұрғындары үшін 1969 жылы баспананы жалға алу құнын көтерді. Бірақ, екі пайыз тұрғындар ғана бұл төлемді жасады. Ал, баспана ақысын төлеу қалған 98 пайыз тұрғындардың түсіне де кірмеді.
1970 жылы АҚШ билігі «Пруитт-Айгоуды» ең қауіпті ауданға жатқызып, ондағы қылмыскерлермен ашық күресе бастады. Ал, 1972 жылы кезінде 36 млн долларға салынған ауданды қиратуға көшті. Полиция мен арнайы жасақ өкілдері бірнеше күн бойы қылмыскерлерді құрықтап, міскіндер (бомж) мен нашақорларды басқа жаққа қоныстандырды. Тұрғын үйлерді, мектептер мен ауруханаларды қиратты, үш мұнараны жарды. Осылайша, жаңа аудан 20 жылдан кейін үлкен қоқыс алаңына айналды. Артынан ауданның аумағын тазалап, тал екті, гүл өсірді.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
36 миллион долларға салынған «Пруитт-Айгоу» ауданын 1974 жылы қалай жермен-жексен еткенін АҚШ билігі ұлттық арнадан көрсетті. Ондағы мақсат – барды бағалай білмегеннің арты неге алып келетінін халыққа көрсету болды. Жалпы, «Пруитт-Айгоу» жобасынан америкалық билік те, америалық халық та үлкен сабақ алды.
Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ