ТЕРЕЗЕСІ ЖОҚ ҚОҒАМ – МЕҢІРЕУ ҚОҒАМ
Геркулестің кісендеулі күрзісінен гөрі уақыт балдағымен алысқа жетуге болады. Мұхтар Шаханов осы бір талмауыр кезде батылдығын танытты. Ойындағысын бүкпесіз ашып айтты. Биік сөздер – саналы ықыластың жеңісі, оны біреулер – ақымен, енді біреулері батылдықпен жасайды. Тіл жабайы аң сияқты, тордан шығып кетсе, оны қайта қамау қиын. Ал, одан жанның дем алысы байқалады, даналар тіл арқылы оның денсаулығын анықтайды. Кеудесінде терезесі жоқ адамдар оны сезбейді. Ақын осы жолда дертті болды.
Мұқаңның күрескер ретіндегі табандылығы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезіндегі ерлігі. Оны біз көп дәріптемесек те, өзгелер көп айтып, көп жазды. Мәселен, жазушы-журналист Александр Шевякин «17 таин Лубянки» кітабында «Тринадцатая тайна. После холодной войны. Горячее, горячее…» бөлімінде Алматыда орын алған оқиға салдары туралы 1989 жылы 6 маусымда КСРО халық депутаттарының 1-ші съезінде тұңғыш айтылып, арнайы комиссия құрылғаны туралы баяндалады. Сондай-ақ, КГБ төрағасының орынбасары, Алматыдағы «Метель» құрықтау операциясының жетекшісі, армия генералы Филипп Бобковтың «КГБ и власть» кітабының «Памятный декабрь 1986 года» бөлімінде де Мұхтар Шахановтың қайсарлығы туралы жан-жақты жазылады.
Желтоқсан көтерілісін зерттеп-тергеушілер тобын басқарушы Орталықтан келген КСРО Бас прокуратурасының аса маңызды тергеушісі Владимир Калиниченко «Дело о 140 миллиардах, или 7060 дней из жизни следователя» шығармасындағы «Д.А.Конаев. Закат политической карьеры» бөлімінде арнайы комиссия құрылып, оған көрнекті мәдениет қайраткері Мұхтар Шахановтың басшылық жасағанын айтады. Атышулы тергеуші өз шығармасында Мұқаңды – Марат Шаханов деп айтады да, оның басшылығымен СОКП ОК-нің атышулы қаулысының (Қазақ ұлтшылдығы. – авт.) өзгертілуімен комиссияның құқық қорғау органдарындағы ұлты орыс қызметкерлеріне сенім көрсетілмей, қысым жасалғанын айтады. Одан өзінің де таса қалғанын ескертеді. Сол күндері Колбиннің алаңға әскер кіргізу туралы ұсынысын қабылдамаған Орта Азия әскерлерінің қолбасшысы генерал-полковник Владимир Лобов та өз естелігінде Мұқаңның ерлік-істерін айтып өткен. Демек, Мұқаңды олардың мойындағаны. Қай шығарманы алмайық, олардың авторлары сол тұста комиссияның жұмысынан қаймыққаны байқалады.
Мұхтар Шаханов КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде олардың атақ-даңқына қарамай, кез келгенінен бір бас жоғары тұрды. Өзінің құзіретіне қарай кез келгенін жауапқа тартуына болатын еді. Бірақ, ол жоғарыдан келген эмиссарлармен компромиске бармады. Әйтсе де, ондайлар өз ішімізден табылып жатты. 1986 жылы Жоғарғы Сот төрағасы қызметін атқарған Тамас Айтмұхамбетов өзінің «Арыс» баспасынан 2020 жылы шыққан «Мәңгілік мұрат» атты ғұмырнамалық кітабында: «Шындық түбі бір шығады, айтылады… Желтоқсандықтардың тезірек босанып, ертерек ақталуына Орталық комитеттің Әкімшілік органдары бөлімінің меңгерушісі Ефимовтың жеке басының қарсылығы, тосқауыл кедергісі болды. Сондай-ақ, жоғарыда да айтып кеттім, орынбасарларым Пушечников пен Ямалутдинов шамалары келгенше қарсыласып бақты. Жоғарғы Сот мүшелері арасынан төрт-бес адам Желтоқсан сарбаздарын түрмеден босатуға, олардың жазаларын жеңілдетуге ақырына дейін қарсы болумен өтті. Өкінішке қарай, сол себепті көп іс кейінге қалдырылып, талай уақытқа дейін оң шешімін таба алмай келді. Ақиқат тек аздаған адамдардың үлесі, ал адасу кең таралған. Адасу болды, ақыры қайыр, ештен кеш жақсы деген, жастарымыз бостандыққа шықты, толықтай ақталды. Басын өлімге байлап, КСРО депутаттарының бірінші съезінде мінбеге шығып, бар шындықтың бетін ашқан Мұхтар Шаханұлы ерлігіне бас июіміз қажет. Ер туса, сондай болсын», – деп жазады. Бұл орайда Қазақстан Жоғарғы Сотының төрағасы шындығын айтқан.
АҚЫН ЛАКЕЙ БОЛУДАН БАС ТАРТТЫ
Ағысқа қарсы жүзу ниеті қашан да қауіпті. Мұқаңның сыртынан күндіз-түні қарауыл қойылды. Жоғары билік орындары онымен белгілі бір компромистерге баруға тиімді жолдар іздеді. Бұл жолда талайлардың бет-бейнесі айқындалып, миы шайқалды. Ақын бас шұлғыса болды, оның қалауы орындалатын еді. Ол парасаттылық денесінде үлкен асқазан соңғы рөлді атқармайтынын сездірді. Асаса тойып кететін тамақ өзінің жұмырына жақпайтынын танытты. Алтын табақпен тартылатын тағамның бойына сіңбейтінін, ішегінің жұқа, оларға үйренбегенін және жоғары қызметтер үшін жаратылмағанын айтты. Ол үшін шындық – ақыл-ойдың ең жоғары қабаты болды. Сондықтан Мұқаң олардың алдында лакей болудан бас тартты. Жақсы ат қымбат тұратынын, оған үлкен қасиеттер керегін, шынайы жақсы аттың жағдайға тәуелді болмайтынын білдірді. Сол кезде Мұқаңның басы ауырмады ма?! Ауырғанда қандай, сол бас әлі де ауырып жүр!
Атақты философ Марк Орэл өзінің «Ойлар» атты еңбегінде: «Күнде таңертең адамдар арасына барып қосылғанда: «бүгін мен адам бейнесіндегі кейбір жыртқыштармен кездесем, оларды ызаландырмай, өзім таланбай, үйіме аман-есен оралуым керек» деген талап ұстанам», – дейді. Мұқаң да сол күндері осындай тұжырым ұстанғаны аян.
Мұқаң – сұңғыла қайраткер. Оны қазақша тәпсірлесек, яғни ғылыми тұрғыда айтсақ, энтелехия деп аталады. Философ Флоренскийдің пайымдауынша, энтелехия дегеніміз – белгілі бір ұлттың мыңдаған, миллиондаған жылдар үзбей тірнектеп жинап, жанкештілігімен жетілдірген аса қымбат – энергиялық өрісі. Яғни, жеке этностың өзін-өзі сақтаушы қуат қорғаны, имани иммунитеті, салт-дәстүрін ассимиляциядан сақтайтын берік қамалы. Энтелехиялық қуат күші әлсіреген халықтың болашағы күмәнді, ол тіпті белгілі қорғаны болмаса жер бетінен жоғалып кетуі мүмкін. Бұл бағытта біз бір құндылықты ескермедік. Тәуелсіздігімізді жариялай отырып, экономиканы жолға қоюмен қатар, сананың отарсыздануы бойынша ревизия жасауымыз керек еді. Осыдан келіп түрлі мәселелер туындады. Қоғам мен адамзаттың ар-намысына сүйенетін негізгі іргетасымызды дамыту кенжелеп қалды. Кей тұста ол әдейі жасалды.
Әсіресе, оның тілге тура қатысы бар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Тілі жойылған ұлттың – өзі де жоғалады» деген сөзін еске алсақ та болады. Тіл бірлігі бұзылған жерде – бірін-бірі түсінгісі, яғни мойындағысы келмейтін этностық-әлеуметтік топтар пайда болады. Зерттеуші Дэвид Кристал: «Тіл жойыларда қостілділік пайда болады. Екі тілді ерткен екі мәдениет өзара шайқасқа түседі. Ақырында жеңімпаз мәдениеттің тілінде сөйлеушілер көбейеді. Ал, әлгі жеңілген шағын мәдениеттің тілінде сөйлеуден басқа емес, өзінің жас ұрпағы ұяла бастайды. Ана тілінде сөйлеуге қысылатын сол ұрпақ «жеңімпаз мәдениеттің» аяғына жығылады. Аға ұрпақ – ата-ана қанша әуреленсе де, өз баласына ана тілін үйретуге шамасы жетпейді. Ең өкініштісі де осы», – дейді.
Ұрпақ сабақтастығы үнемі жалғасып отыратын процесс. Француздың атақты ойшылы Жан-Жак Руссо: «Өз балаларымызды ұлттық патриоттық рухта тәрбиелеу керек. Мен әр бала әріп танып, оқуды үйренісімен бірінші оқитыны – өз елі туралы болса екен деймін. Әуелі бала өз мемлекеті не өндіретінін білсін. 12 жасқа келгенде Отанындағы қалалардан бастап, қара жолдарына дейін жатқа білетін болсын. 15 жасында тарихын меңгерсін, 16 жаста – барлық заңдарынан хабардар болсын», – депті. Тәрбие бесігі осылай болса керек. Ақынның басты бас ауруы да осы алаң!
Бүгінде жек көруден гөрі сыпайылықпен көбірек кек алуға болады. Өзінің жауы туралы жағымды сөз айтатын адам кез келген мақтаудан жоғары тұрады. Қаһарман жалақордан өзінің айбыны мен ерлігі арқылы кек алады. Ал, бұл қасиеттер ең бір ауыр күншілдікті де жеңіп шығады. Демек, айбын керек! Айтпақшы, фин халқында мағынасы тура аударуға келмейтін «сису» деген айбатты бір сөз бар. Ол сөздің мағынасы біздің өр мінезді, рухы мықты, еңсесі биік, ауызбіршілік дегенге келеді-міс. Фин ғұламалары «сису» сөзін ұлттың табиғатына сай еңсені көтеру сөзіне орайластырған. Бір кездері ұлт басына төнген дағдарыс кезінде финдерді осы өр рух «сису» сөзі алып шығыпты. Бұл сөз өзге Еуропа халықтарында төркіні финдерге жақын Балтық бойы халықтарында да жоқ көрінеді. Ол тек қана бізде, қазақтарда ғана болып шықты. «Сису» сөзінің төркіні біздің «Еңсеңді тіктемей, рухың көтерілмейді!», «Еңсең жығылмасын!» дегенге келеді екен. Ал, Азия белдігінде еңсесін биік ұстаған жапондар «Еуропа білімі, жапон рухы!» деген бір ғана формуламен даму жолына түсті. Күншығыс елі техникалық прогреске жетсе де, тілін, ділін, рухын сақтап қалды. Өршіл ақынның аңсауы да осы!
Мұхтар Шаханов туралы жазылған жағымды мақалалардан гөрі жағымсыз мақалалар көп. Олардың бәрі нысанаға дөп тимей жатты. Жағымды мақалалардың бірі ретінде, қоғам қайраткері Сәпен Аңсатовтың «Алтынға сатылмайтын алып» мақаласынан үзінді келтіре кетейік: «…Мұхтар Шахановтың ерлігіндей ерлік қолынан келетін алыптар Қазақстанда болса төртеу-бесеу ғана. Кеңес өкіметі құламай тұрғанда – 1989 жылы Жоғарғы Кеңестің Мәскеудегі сессиясында «Арал проблемасын айтамын» деген «қулықпен» қазақстандық 19 депутаттың қолдарын қойғызып үш минутке ғана мінбеге шығуға алған мүмкіндігін пайдаланып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасындағы көтерілісшілерді аяусыз жаныштаған Мәскеудің құнқұйлы әрекетін әшкере еткен Мұхтар Шахановтың ерлігіне сүйсініп, «Мен бүгіннен бастап, Шахановтың қойының кезегіне барамын» деген екен азаматтығымен де биік тұлға – академик Рымғали Нұрғали марқұм. Біз Шахановтың қойының кезегіне бармақ түгілі, жариялы түрде қолдау білдірмейміз. Оның қайраткерлік қадамдарын іштей ғана құптап, кездесулерде залда отырып қол шапалақтаудан әріге бармай жүрміз» («Төртінші билік», №7).
Адамзат тарихынан біз алдыңғы қатарлы, озық ақыл-ой иелерінің тағдырларынан біршама хабардармыз. Ежелгі грек қоғамында өмірге жаңа көзқарас пен таным алып келген Сократ өз отандастарының қолынан өлім құшқанын білеміз. Ақындар Лермонтов орыс қоғамын сынға алғаны үшін Кавказға жер аударылып, жекпе-жек атыстан қаза болғанын, ал Грибоедовтың Санк-Петербург сапарнамасын жазғаны үшін Иранға елшілікке қызметке жіберіліп, осы жерде парсылардың қолынан қаза болған оқиғаларын білетінбіз. Сол іспетті коммунистік жүйенің күйреу кезеңінен кейін ақын Мұхтар Шахановтың да өрекпіген үнін өшіру үшін Қырғыз еліне тыныш елшілік қызметке жіберілгені де белгілі. Бұл қызмет барған жеріңнен рұқсатсыз өз еркіңмен бір қадам аяқ басуға болмайтын үй қамақтың мәдениетті лауазымды қызмет түрі еді. Демек, ақынды уақытша изоляцияда ұстау қажет болды.
ХХІ ғасыр адамзат баласының алдына күрделі де іргелі мәселелерді қойып отыр. Әлем жаһандану дәуіріне қадам басумен бірге тұтастану, бірігу үдерісіне батыл бет бұруда. Оған сырттай да, іштей де қарсылықтардың болатыны айқын. Мұндайда батыл ұстанымдар қажет. Оның бастауы – патриотизм! Егер патриотизм болмаса, мемлекет дербес өмір сүре алмай, өз ішінен дезинтеграцияға ұшырайды. Оның алдын алатын ұлттың патриоттары. Қазір бұл жол жыртылмаған.
Рухани азғындықты заңмен түзей алмайсың. Осы бір талмауыр кезде Мұқаң ұлт зиялыларын ұлттық идеяларға мән беруге шақырды. Сол бір кезеңдерде қазақ ұлты дәстүрлі мәдениетті ұмытып, ұлттық санадан ажырап бара жатқан-ды. Әрине, материалдық тұрғыдан ешкім кедей бол деп айтпасы анық. Алайда, қоғам материалдық өнім көлемін ұлғайтып, соның ықпалымен адами құндылықтарды байытуды да ұмытпауы тиіс еді. Бүгінде Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асып отыр. Бірақ, осы жылдары Батысқа еліктеп, қоғамның күйреу процесіне жол ашып бердік. Ата-бабаларымыз қалыптастырған рухани тіршілікке оралу қажеттігін еске алмадық. Мейлінше таза тіршілік ете отырып, рухани бай болуға негіз жасамадық. Қанау, озбырлық, тонау, алаяқтық, ашкөздік, тойымсыздық, ұрлық, тонау азғындыққа жол ашып берді. Монтескье өзінің «Римнің құлауы» деген еңбегінде: «Рим керемет империя (қала) болған. Ол тек байлықты, билікті ойлағанның арқасында адамгершілік мұраттарынан, кісіліктен айырылып қалғандықтың салдарынан құлады», – деп жазады. Одан сақтанған елдер де болды. Біз оған 30 жыл кешіктік!
АДАМ ДҮНИЕ ҮШІН ЕМЕС, ДҮНИЕ –
АДАМ ҮШІН ЖАРАТЫЛҒАН
Соғыстан кейінгі жылдары Корей түбегінде жалғыз қалған корейлер мен жапондардың алдымен қолға алғаны – рухани жаңғыру болды. Бұл екі халық та сананы жаңғырту арқылы даму жолына түсті. Материалдық байлықты кейінге ысырып тастап, алдымен оның тысын дайындады.
Философиядағы субстанцияның модустары мәңгі және шексіз екеніне басымдық берді. Яғни, оның көлеңкесінде әлеумет, қоғам, демек, адам тұрды. Адам дүние үшін емес, дүние – адам үшін жаратылатынын алға тартты. Ал, қоғам адамнан тұратынын білді. Қоғам, ел мәселелерінен ұлттық мүдде туындайды. Ал, ұлтсыздану отбасынан басталады. Жапон жазушысы Нобуо Кодзима 1965 жылы осының бәрін өзінің «Миба отбасы» атты шығармасында жан-жақты жеткізді.
Бүгінде социалистік замандағы отбасы мен капиталистік замандағы отбасын салыстыру мүмкін емес. Бүгінгі ана мен бала денсаулығының төмендеп кетуі, отбасының ажырасуы, өмірге некесіз баланың келуі, бір жынысты некенің жаппай етек алуы қоғамның қалыпты моделін бұзып барады. Осының түпкі мәні ұлттық қасиеттердің ұмытылуында, адамгершілік мұраттарының тәркі етілуінде, туыстық қатынастардың бұзылуы мен мейірімділік құндылықтардың сабақтастығының жоғалуында, ата-ана алдындағы жауапкершіліктің жойылып бара жатуында жатыр.
Ғасырлар бойы адамзат рухани мәдениет өзімшілдік пен пайдакүнемдікке қарсы құбылыс дегенге алданып келді. Бұл көне қоғамдағы биологиялық тылсым күштер мен пендешілікті тежеу мақсатындағы мәдениеттіліктің баламасы ретінде ұсынылды. Осы принциптерді жүзеге асыру мақсатында талай төңкерістер, соғыстар, қантөгістер, «тап күресі» болып, талай трактаттар жазылды. Мұқаңның барлық шығармалары осының алдын алуға арналған.
Біз ұзақ уақыт жабық қоғамда өмір сүрдік. Сондықтан бізде таңдаудың алгоритмі болған жоқ. Сондықтан кеңестік жат ұғыммен суарылдық. Одан енді арыла бергенде Батыстық идеологиясымен суарылған тұрпайы мәдениетпен ауыздандық. Әлі рухани діңгегін қазық етіп үлгермеген қоғам үшін оның теріс әсері бойымызды жаулап алды. Халықтың ықыласы шоу-бизнеске ауды. Халықтық өнер тасада қалып, тобырлық мәдениет үстемдік құрды. Нарық заманында жүйкесі сыр берген жұрттың ойын-сауық сипатындағы бағдарламаны көріп, ақыл-есі паршаланды. Адамзат рухани азғындыққа душар болып, моральдық күйзеліске бет бұрды. Кешегі ең көп кітап оқығыш халық кітап оқудан алыстап кетті. Театрға баратын көрермен азайып, классикалық музыканы көше әндері алмастырды. Бұл адамның рухани интеллектуалдық болмысын өшіретін тетік еді. Осының жетегінде жемқорлық, пара алу, сыбайластық белең алды. Бұлардың бәрі қоғамның қалыпты өмірін бұзып жіберді. Оны жоюға әлі де қауқарсызбыз. Мәдениетіміз бәсекеге қабілетті болу үшін мемлекет тарапынан зор қолдау керек. Ал, ол бізде әлі де пісіп-жетілмеген. Сондықтан қоғам өміріне англо-саксондық мәдениеттің озық үлгілерін мысқылдап кіргізе отырып, орыстың тереңге тамырын жайған тілін және оған қосарланған саяси мүдделерін ығыстыру керек. Бұл олардан рухани азық алу үшін емес, прагматикалық мақсатпен енгізілуі тиіс. Ақын оған қол қоймас, бірақ шегінерге жол жоқ. Оның себебін Мұқаңның латынға өтуімізге қарсылығынан білеміз.
Жалпы, қазақ халқының рухы мықты. Себебі, бізді қанша тұншықтырудың амалы жасалса да, тілін, дінін, салтын, әдет-ғұрпын сақтап қалды. Әйтпесе, ағылшындардың, француздардың, испандардың қол астында жарты ғасыр болған көптеген ұлттар өз тілдері мен мәдениеттерін жоғалтқандары аз емес.
Тәуелсіздік алдық. Мемлекет құрдық. Алғашқы жылдар мемлекетті қалыптастыру кезеңі болды. Одан соң лингвистикалық кезең басталды. Рас, бұл кезеңде мемлекеттік тіл мәселесі басты орынға шыға алмады. Бұл өзге ұлттар мен ұлттардың қазақилануымен, бір ұлттың туының, идеологиясының астына бірігуімен, бірыңғай ұлт қалыптастыруымен өтті. Әр азаматтың «мен осы елдің азаматымын, бұл менің елім, туған жерім!» деп Қазақстанды тануы керек болды. Бұл бүгінгі таңда аз болса да айтылып отыр. Мұқаңның стратегиясы мен тактикасы осыған тіреледі. Осындай болған жағдайда ғана біз орыс мәдениетін ығыстыра аламыз.
Әрине, ғасырлар бойы санаға сіңген орыс тілі мен мәдениетін ығыстыру мүмкін емес. Оған қоса, елімізде оның ықпалы басым. Оның үстіне Құдайы көршіміз. Сондықтан ең басты қауіп – мәдени экспансия осы көршімізден келуде. Тарихтан білетініміздей, постколониалдық көптеген елдер тілінен айырылды. Тілден айырылған соң мәдениеттен, салт-дәстүрден айырыламыз. Демек, қазақ баласын бір мүдде, бір мақсатқа жұмылдыратын бағыт-бағдар керек. Өйткені, қазіргі жағдайда қоғамда мемлекеттік тіл туралы түрлі пікірлер бар. Тәуелсіз ел болған 30 жыл бойында ортақ бір келісімге келе алмауымыз атқарушы биліктің әлсіздігінен болып отыр. Оған үрке қарайтын ештеңе жоқ. Президентіміз «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі» деп мәселенің басын ашып берді. Және де бұл – Конституциямыз қабылданған күннен бастап белгілі жайт. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді» деген Президентіміздің Жолдауындағы сөзі үміт сәулесіндей болып көрінеді. Тілді сақтай білу негізінен сол тілде сөйлейтіндердің санына емес, сапасына, яғни ұлттық санына емес, сана-сезіміне байланысты екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Олай болса, мемлекеттік тіл мәселесі Қазақстан қоғамында неге шешімін таппай келеді?! Мұқаң осыған алаңдайды!
АҚЫН БАҚЫТЫ
Бүгінгі түркі ұрпағы үшін ежелгі идеологиялық ұстын «Мәңгілік Ел» идеясын жаңғырту – заман талабы. Өйткені, адамзат тарихын түркілік мәдениетсіз, түркілік санасыз, түркілік тарихсыз елестету мүмкін емес. Асқар Сүлейменов: «Өмір – тән, өнер – жан. Тән тұншыққанда – жан шақырады», – дейді. Мұқаңның шыңғыруы – сол шыңғыру. Түптеп келгенде, осының бәрін Мұқаңның шығармаларынан оқи аламыз. Ақынның «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» деген өлеңмен жазылған романдары ЮНЕСКО халықаралық ұйымының бастамасымен насихатталып, әлемнің көптеген тілдеріне аударылған болатын. Мұндай бақыт бұған дейін әлемнің бірде бір ақынына бұйырмаған екен. Бұл әлем халқына соғылған қоңырау!
Ақын үшін ең қорқынышты дүние – мәнсіз, мағынасыз ғұмыр кешу. Сондықтан ол бүкіл ғұмырын күреспен өткізіп келеді. Мұқаңның өз сөзімен айтсақ, «ерлікті жасамаудан бағаламау әлдеқайда қауіпті». Тарихшы, ғұлама-ғалым Леонардо Брунидің 1416 жылы «Тарих» еңбегінің алғашқы кітабы жарық көргенде, Грек-Рим билігі оны ұлтқа сіңірген еңбегі үшін өмір бойы салықтан босатыпты. Бір-ақ кітап!? Біз баршамыз Мұқаңа биліктің атышулы «Қазақ ұлтшылдығы» деген жалған айыптауды алып тастауға бастамашылдық танытқаны үшін де қарыздармыз. Сол қарызымыздың өтеуі ретінде Алматының орталық алаңында Мұқаңның болмысына сай күрескерлікке толы айбынды ескерткішін орнату уақыт сұранысына дөп келіп тұр.
Мұқаң өзінің бір сөзінде: «Отан – біздің үлкен анамыз. Әркім өз анасына сіңірген еңбегі үшін құрмет дәметпеуі керек», – дейді. Әйтсе де, ақын шет елдердің берген сыйлығынан құралақан емес. Оны Қазақстанға жасалған құрмет деп біледі. Мұқаң әлемнің 22 мемлекетінің ғылым докторы, профессоры, академигі. Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Ресей елдерінің және еліміздің 40-тан астам қалалары мен аудандарының «Құрметті азаматы». Әлемнің 12 елінің мемлекеттік сыйлығының иегері, есімі Біріккен Ұлттар Ұйымының алтын кітабынан орын алған. Осы мәртебелі ұйымның Нобель сыйлығының 100 жылдығына орай тағайындаған мерекелік Нобель сыйлығының иегері – Мұхтар Шахановтың Қазақ Үкіметінен алған екі ғана атағы бар. Ол – Қазақстанның халық жазушысы мен күні кеше берілген Қазақстанның Еңбек Ері. Ақын осыны қанағат тұтып келеді. Бар болғаны осы!
Қытай ғұламасы Чжан Цзы өзінің арғы тегінен ажырамайтын адамды – Аспан адамы, рухани бастауынан бөлінбеген адамды – Қасиетті адам, шындықтан бөлінбеген адамды – Кемел адам депті. Ақын осының үшеуіне де жауап береді.
Ақынның жаулары бар ма?! Оған жоғарыда үн қаттық! Тағдырдың өзі көрнекті адамдарды күндеп жатады. Оны мүсәпірлерге ұзақ өмір, ұлыларға қысқа ғұмыр беруімен салыстырып та жатамыз. Керек адамдар бұл өмірден тез кетіп жататыны сондықтан. Ал, түкке тұрғысыздар ғасырды босқа өткізіп жатады. Тіл-көзіміз тасқа, Мұқаң арамызда дін-аман. Өміріңіз ғұмырлы болсын, жан аға! Кейде таланттар мен батырларды бақыт пен өмір өзара сөз байласып, ұмытып кетіп жатқандай көрінеді. Біз Сізді мақтан тұтамыз, ұмытқанымыз жоқ!
Ермек ЖҰМАХЕТҰЛЫ