Қазақстанның баспалары шетелдік бестселлерлер мен классикалық шығармаларды қазақ тіліне аудара бастады. Бұған қоса, тікелей түпнұсқадан тәржімалайды. Бұл тренд қалай қалыптасты және одан әрі қалай дамымақ? Осы жайлы «Qazaq» газеті тарқатады.
ӘЛЕМДІК БЕСТСЕЛЛЕР МЕН ШЕТЕЛДІК КЛАССИКТЕРДІ ТӘРЖІМАЛАЙДЫ
Қазақстанда кітаптарды бұрынғыдай орыс тілінен емес, қазақшаға түпнұсқадан аударатын кем дегенде үш ірі баспа бар.
«Мазмұндама» – осындай баспалардың бірі. Бүгінде олар 200-ден астам кітапты, соның ішінде Дейл Карнеги, Артур Конан Дойл, Джордж Оруэлл, Никколо Макиавелли және басқалардың бестселлерлерін аударды.
«Мазмұндама» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шыңғыс Мұқан баспаның тарихы қазақ тіліндегі көркем әдебиет тапшылығына тап болғаннан кейін басталғанын айтады.
«2000 жылы мен Алматыға испан және ағылшын тілдерін үйрену үшін аудармашылық ісіне түсуге келдім. Маған мамандықты меңгеру қиынға түсті. Өйткені, оқулықтар, сөздіктер – бәрі орыс тілінде болды. Орыс тілін қатар үйренуге тура келді. Сонда мен өзіме өмірде не істесем де, қазақ тілін дамыту жолында жұмыс істейтін боламын деп уәде бердім», – деп еске алады Шыңғыс Мұқан.
Бұл идея adebiet.kz әдеби порталы және белгілі қазақстандық аудармашы, прозашы, публицист, әдебиеттанушы марқұм Герольд Бельгер рецензия жазып, 2012 жылы шыққан «Қазақ тілін білу және сөйлеудің маңыздылығының 10 себебі» кітабы секілді жобаларда жүзеге асты.
Кейін Шыңғыс АҚШ-қа оқуға барып, Қазақстанның даму мәселесін зерттеді. Бұған көптеген факторлар әсер ететіні анықталды, соның бірі – тілдің дамуы.
«Әңгіме сол тілдегі сөздердің санында емес, онда қанша ақпарат барында. Қазақ тіліндегі контентті лингвистикадан бастап инженерлік ғылымдарға дейінгі барлық салаларда дамыту қажет болды. Қазақтілді адам өзге тілге жүгінбей кез келген мамандықты меңгере алуы үшін. Осы сенім, сондай-ақ біздің жетекші дүкендердің 90 пайыздан астамы орыс тіліндегі кітаптардан тұратындығы «Мазмұндама» баспасының ашылуына бастау болды. Біз жағдайды өзгерткіміз келіп, әлемдік бестселлерлерді аударуды бастап кеттік», – деп түсіндіреді Шыңғыс Мұқан.
«Мазмұндама» баспасы жұмысының алғашқы жылы 2018 жылы бір кітап шығарса, 2022 жылы – 111 кітап жарық көрді. Ең үлкен мақсат – 2050 жылға дейін 10 000 кітап аудару. Бүгінде алты тілден: ағылшын, неміс, француз, түрік, орыс және қытай тілдерінен аудармалар жасалады. Орташа таралымы 2 000-3 000 данадан басталады. «Мазмұндама» халықаралық бестселлерлерді аударумен қатар, қазақ классиктері мен қазіргі авторлардың шығармаларын басып шығарады.
«Біз тек бүгін үшін ғана емес, болашаққа да үлес қоспақпыз. Қазақ тілінде кітап оқитын ұрпақ өсіп келеді. Өткен жылдың өзінде елімізде жарты миллионға жуық бала дүниеге келді, олар бес жылдан кейін біздің кітаптың оқырманы болады. Бұл балалар өскенде олардың бізге: «Сендер осы уақытқа дейін не істедіңдер?» дегенін қаламаймыз. Мысалы, «Шерлок Холмсты» Оруэллдің «1984» шығармасы сияқты біздің буын аудармауы керек еді. Бірінші кітапқа 130 жыл толса, екіншісі 70 жылдан асқан, оны мектеп бағдарламасында оқиды. Ал біздің баспа оларды екі жыл бұрын аударды», – дейді Шыңғыс Мұқан.
Отандық аударма мектебін еске алған Шыңғыс Мұқан оның кеше ғана қалыптаспағанын тілге тиек етті. Көркем әдебиет сонау Абай заманында, алашордашылар тұсында, одан кейін кеңес заманында аударылған. Тәуелсіздік жылдарында әдебиетті аудару бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламалар болды. Қазіргі таңда баспалар авторлық құқық иеленушілермен өз бетінше келісім жасап, әлемдік бестселлер мен шетелдік классиктерді тәржімалайды. Болжам айқын: қазақ тіліндегі танымал контентті жасауға көптеген баспалар атсалыспақ.
«Адамдарда білім алуға, кітап оқуға деген қажеттілік бар. Бұл үрдіс әлі де жалғаса бермек, өйткені қалаларда қазақтілді халық көп. Орта есеппен қалалық адамның еңбек өнімділігі ауыл тұрғынынан төрт есе жоғары. Және бұл көрсеткіш табысқа да әсер етеді. Кітаптарымыздың 80 пайызы қалаларда сатылса керек. Сонымен қатар, қазір әлеуметтік желілердің дамуына байланысты маркетинг оңайырақ болды. Оған қоса, ақпарат – дамудың негізі. Ақпарат қолжетімді болса, ол қандай ортада болсын барлық салаларға мультипликативті әсер етеді», – дейді Шыңғыс Мұқан.
СИҚЫРШЫ БАЛА ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙДІ
Осыдан төрт жыл бұрын Джоан Роулингтің Гарри Поттер туралы соңғы онжылдықтардағы балаларға арналған ең танымал кітап хикаясын қазақ тіліне аударған «Stepe & World Publishing» баспасы Қазақстанның кітап нарығында сенсация жасады.
Бұл баспаның түпнұсқадан аударып жарыққа шығарған алғашқы кітабы емес еді. Нәтижесінде бүгінде сиқыршы бала туралы барлық жеті кітапты қазақ тілінде сатып алуға болады. Сондай-ақ, «Хогвартс кітапханасы» сериясының үш кітабы да аударылған. Балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа өнімдердің қатарында Трейси Уэст, Мэдди Мара, Джефф Кинни, Дэйв Пилки шығармаларының кейіпкерлері бар. Биылғы жылы баспа «Нарния шежіресі» бес бөлігін шығаруға уәде берді, екі бөлігі бұрын жарық көрген.
Ересектер Харуки Муракамидің әлеміне терең бойламақ. Автордың «Норвег орманы. Токиодағы мұң» шығармасынан кейін баспа оның басқа «Жағажайдағы Кафка» бестселлерін аудармақ.
«Бізде басылымдардың 70%-ы – балалар әдебиеті, қалғаны ересектерге арналған нон-фикшн (Нон-фикшн – ойдан шығарылған оқиға емес, өмірде болған нақты деректер бойынша жазылған шығарма. Бұл көркем шығармаға жатпайды) және білім беретін әдебиет. Біз негізінен адамдар жаппай білетін, жақсы көретін кітаптарды аударамыз. Біздің ең әуелгі миссиямыз балалар әдебиеті болды, солай болып қала да береді. Бір қызығы, бүкіл әлемдегі тенденция – бұл балалар әдебиетіне деген сұраныстың артуы, осыған адамдар көп қаражат жұмсайды», – дейді «Stepe & World Publishing» негізін қалаушы Раиса Қадыр.
2017 жылы құрылғаннан бері баспа үйі мемлекеттік тілдегі аударма кітаптарына қатысты қоғамдағы стереотиптермен күресіп, аудармаларды сапалы түрде жасауға болатынын дәлелдей білді. Оқырмандар да мұны бағалады. Баспа жылына шамамен 30-50 кітап шығарады. Ағылшын, неміс, француз, қытай, түрік, орыс тілдерінен аударма жасайды.
«Адамдар оқығанды ұнатады, бізде үлкен аудитория бар. Бір кездері біздің журналистер менен: «Барлық кітаптар орыс тілінде бар, неге аударасыз?» деп сұрады. Бұл мен үшін трагедия болды, мұндай сауалдың қалай туындағанын түсіне алмадым. Мысалы, «Түркияға барып, сол жерден неге кітаптарды түрік тіліне аударып жатырсыз? деп сұрап көріңіз. Бұл біртүрлі естіледі. «Неліктен біздің балалар әлемдік әдебиетке қол жеткізе алмайды, олардың басқалардан қай жері кем?» деген сұрақ маза бермейді», – дейді Раиса Қадыр.
Оның айтуынша, баспаның міндеттерінің бірі – қазақстандық кітап нарығын қазақ тіліндегі түпнұсқалармен толықтыру.
«Неліктен біз қандай да бір контент жасап, шетелдік әдебиеттерді ресейлік баспалардан алуымыз керек? Адамдар біздің түпнұсқадан аударып жатқанымызды түсінбей, бәрі орыс тілінен тәржімалайды деп ойлағанда біртүрлі боп қаламыз. Өзімізде ағылшын, неміс, француз және басқа тілдерді білетін әрі сапалы да жақсы тәржімалайтын аудармашылар бар бола тұра, неге біз орыс тілінен аударуымыз керек? Әлемдегі әрбір мемлекет авторлық құқықты тікелей автордан немесе агенттіктен алады, арада делдалдар болмауы керек», – дейді Раиса Қадыр.
ТӘРЖІМА ЖҮГІ
Мира Сембайқызы соңғы 12 жылдан бері кітап аударумен айналысады. Көбіне ағылшын тілінен тәржімалайды. Ол Стивен Кингтің «Жасыл миль», «Шоушенктен қашу», Астрид Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи», Малалы Юсуфзайдың «Мен Малала», Морган Хаузелдің «Ақша психологиясы», Фрэнсиса Бернеттің «Құпия бақ», Марк Мэнсон «Бәріне қолыңды бір сілте: немесе өміріңді жеңілдету өнері» және басқа да шығармаларды аударған.
Аудармашы кішірек кітаптарға бір ай, көлемділеріне 3-4 ай кететінін атап өтті. Сондай-ақ, Мира балаларға арналған ертегілерді өзі жазады, «Алтын сақа» баспасында оның «Мейрімді шаңсорғыш» кітабы жарық көрді. Оның айтуынша, түпнұсқадан аударылған кітаптар ерекше эстетикаға толы, бұл адаммен скайп, бейнечат арқылы бетпе-бет сөйлескен сияқты. Барлық эмоцияларды тікелей сезінуге болады.
Мира қазір қазақ тіліндегі оқырмандар саны артып келе жатқанын айтады. Бұл әсіресе, балалар кітаптарына қатысты.
«Менің таныстарым кітап сатып алады. Менің балаларымда «Мазмұндама», «Фолиант», «Steppe & World Publishing» баспалары шығарған кітаптар бар. Жалпы, кітаптарға деген сұраныс жақсы, кітап оқығанды ұнататындар әлі де көп. Бізге көбірек балаларға арналған кітаптар, фантастика, мотивациялық кітаптар қажет, бірақ оларды біздің менталитетімізге сай етіп таңдап, аудару керек», – дейді аудармашы.
Британдық «Hertfordshire Press» баспасының директоры, Еуразиялық шығармашылық Гильдиясының вице-төрағасы Марат Ахметжанов өз компаниясына қарап соңғы жылдары қазақ тіліндегі аударма кітаптарына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айтады.
«Бұл бағыт соңғы жылдары дами бастады. Мысалы, гильдия мүшелері аудармашы Елден Сарыбай, «Zerde Publishing» баспасы Еуразиялық шығармашылық гильдияның басқа мүшелерінің кітаптарын қазақ тіліне аударып жатыр. Бүгінде бізде бірнеше кітап әзірленуде», – деп ой бөлісті Марат Ахметжанов.
Ол гильдия қазақ әдебиетін ағылшын тілінде де насихаттаумен айналысатынын атап өтті. Бұл тренд те қарқын алуда.
«Егер 20 жыл бұрын қазақстандық автордың бір кітабын сату фантастика болып саналса, қазір кітаптар мыңдаған данамен сатылады», – дейді Марат Ахметжанов.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Аударма – қиын да күрделі өнер. Жоғарыда айтылған аударма ісімен айналысатын мамандардың сөзіне қарап, осы саланың қарқынды дамып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ