Теңіздегі трагедия: «Курск» атом кемесінде қаза тапқан қазақ

0
3772
2020 жылы Ресей Федерациясының Магнитогорск қаласындағы №39 мектепте «Курск» атом кемесінде опат болған капитан Мұрат Байғаринге мемориалды тақта орнатылды

Тарих көші Ресейге ғана емес, бәрімізге де өмірлік сабақ болуға тиіс. Асылы, біз сол тарихтан дұрыс тағылым түйгенімізде ғана арыстарымыздың қадіріне жететіндігімізді ұмытпағанымыз жөн. Расында, солтүстік флоттағы бұл қайғылы оқиға 11 жылдан кейін тағы да қайталанды. Бұл жолы да «Курск» атом кемесінің қайғыға ұшырауына әскери басшылықтың қателігі себеп болды. Бірақ, бұл қателікті ешкім мойнына алған жоқ. Содан алапат апаттың ақиқаты ашылмай қалды.

2009 жылы Ресей Федерациясының солтүстік-батысында орналасқан Мурманск қаласында «Курск» атом кемесінде опат болғандарға арналған ескерткіш ашылды

ТЕҢІЗДЕГІ АПАТТАН ҚАНША АДАМ ОПАТ БОЛДЫ?

Иә, оқиға бұрмаланса, ақиқат көлегейленеді. Тарих жылнамасының қаншама беті шындықты жасырып қалатыны бұл жолы да сыр берді. Бірақ, халық өтіріктің бетпердесін ысырып тастап, оның түбіне өрт қойды. Осылайша, 2000 жылы Ресей тарихында бұрын-соңды болмаған теңіз апаты тағы да орын алды. Бұл жолы Ресейдің соңғы үлгідегі қару-жарақпен жарақтандырылған «Курск» су асты кемесі су түбіне батып кетті. Апаттың шығу себептеріне де соңғы нүкте қойылған іспетті. Алайда, оның құрамындағы теңізшілер туралы мәліметтер ашылғанда ол бізге жаға ұстатар тосын жаңалықтар әкелді.

«Курск» ядролық сүңгуір қайығы 2000 жылы 12 тамызда Баренц теңізіне батып кетеді. Кеменің апатқа ұшырауына торпеданың жарылуы себеп болады. Бірақ, бұл мәселеде көптеген қарама-қайшылықтар бар. Әскери басшылықтың айтуымен тергеу комиссиясының мәлімдемелері үйлеспейді, логикалық байланыс жоқ.

Қайғылы оқиға Баренц теңізіндегі жаттығулар кезінде орын алған. 12 тамызда ядролық сүңгуір қайық ашық теңізге шығады. Кейін құрлықпен кеме байланысы үзіледі. 13 тамызда командалық бөлімде апатты жағдай жарияланады. 14 тамызда әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы РФ Президентіне оқиға туралы мәлімдеме жасайды.

Теңіз түбінен шыққан дыбыстар арқылы атом кемесінің қай жерде, қандай тереңдікте жатқанын анықтауға болады. Мамандар теңіз түбіндегі субмаринді «қоңырау» құтқару аппаратының көмегімен тексеріп, торпедалық бөлікте үлкен тесік пен көптеген ақаулардың бар екенін анықтайды. Құтқару катапульты механизмі істен шыққаны байқалады. Реакторлардың өшірілгені белгілі болады. Әскери-теңіз күштерінің баспасөз қызметі кемемен байланыс орнатып, «экипаж мүшелерінің тірі» екенін ресми түрде хабарлайды.

Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы Владимир Куроедов кеменің су басқан бөлігінде құрбандар бар екенін, ал АПЛ корпусы көтерілмейтінін айтып, жалғыз жол – адамдарды құтқаруға тырысу керектігін, бірақ «үміттің аздығын» мәлімдейді. 15 тамыз күні штаб басшылығы 18 тамызда кемеде оттегі таусылатынын хабарлайды. 16 тамызда құтқару жұмыстары жүргізілгенімен, ол сәтсіз аяқталады. Субмарина экипажымен байланыс бұрынғысынша сақталады. «Свирь» госпитальдік кемесі теңізге шығып, санитариялық авиацияның ұшақтары мен тікұшақтары тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. Бортқа оттегі беруді реттеу мүмкін болмайды. Осы жерге таяу жүрген ағылшындық суасты құтқару қызметі өз көмегін ұсынады. Осыдан кейін Ресей Президенті Владимир Путин ресми мәлімдеме жасайды. Сағат 16.00-ге қарай суасты кемесі берілген дабылдарға жауап беруді тоқтатқаны белгілі болады…

Келесі күні норвегиялық тарап құтқару жұмыстарына қатысу үшін 12 терең сүңгуір кемелерін жібереді. Штаб өкілдері экипаж оттегіні үнемдейді және қозғалыстарға өздерін шектейді деп ұйғарым жасайды. Флагманда үкіметтік комиссия мүшелерінің жабық жиналысы өтеді. Ресей НАТО-ның экипажды құтқаруға көмектесу туралы ұсынысына келісім береді. Бірақ, бәрі де кеш еді. 20 тамызда норвегиялықтар құтқару шлюзіне түсіп, клапанды бұрап, 21 тамызда кеменің сыртқы люгін ашады. Ал, сағат 17.00-де Флот штабы «Курск» экипажының қаза болғанын ресми түрде хабарлайды. Солтүстік флоттың әскери прокуратурасы апат дерегі бойынша қылмыстық іс қозғауды қолға алады.

Айта кетейік, теңіздегі апаттан экипаждың барлық 118 мүшесі опат болды. Қаза тапқандар саны бойынша бұл кеңестік және ресейлік суасты флотының соғыстан кейінгі тарихындағы ең үлкен трагедия.

АҚИҚАТЫ АШЫЛМАЙ ҚАЛҒАН АПАТ

«Курск» кемесінің апатқа ұшырауына не себеп болды? Өкінішке қарай, бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Дегенмен, оқ-дәрілердің түбіне және жарылысына соққы берген шетелдік субмаринмен соқтығысу қайғылы оқиғаның ең сенімді түсіндірмелерінің бірі болып табылды. АПЛ-де торпедалар сыналды және басқа сүңгуір қайықпен соқтығысудың алдын алу шаралары жүргізілмегендіктен, соққы кезінде детонациялануы мүмкін делінді. Жаттығу аймағында екі америкалық сүңгуір қайық және бір британдық сүңгуір қайық болғандығы айтылады. Апаттың себептерін зерттеген Үкімет комиссиясының басшысы, вице-премьер Илья Клебанов қақтығыс болғанын мәлімдеді. Алайда, Пентагонның өкілі АҚШ Әскери-теңіз күштеріне тиесілі сүңгуір қайықтарының жаттығу аймағында болу фактісі туралы түсінік беруден бас тартты. Апаттан кейін бірден Путин мен Клинтон арасындағы «қызыл сызық» белдеуі бойынша әңгіме болған. Алайда, АҚШ пен НАТО-ның сүңгуір қайықтарының «Курск» өліміне қатысы жоқ екендігі туралы ресми мәлімдеме жасалған.

«Әскери-теңіз күштері АПЛ экипажын құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасады» деген комиссияның қорытындысына күмән келтіретіндер көп. Британдық құтқарушылар тобы «Ресей әскери күштерін құтқару жұмыстарын әдейі тоқтатты» деп айыптады. Апаттан кейін көп ұзамай Мурманскіде әскери жұмыстар мүлдем жүргізілмегені жөнінде де қауесеттер тарады.

Жалпы, «Курск» кемесі туралы бүкіл әңгіме өтірікке толы. Бір жыл ішінде АПЛ-дің үстінде «Ұлы Петр» кемесі не үшін күзет жасап тұрды? Неліктен кемені су бетіне көтеру жүргізілмеді? Жауабы жоқ сұрақ көп.

Шынында да, бір жыл бұрын теңіз тәртібі бойынша жерлеу рәсімі өткізілді, ал қаза тапқандардың туыстары өлгендердің тыныштығын бұзбауды және тірі адамдардың психикасын қайта қоштасу арқылы жарақаттамауды сұрады. Әскерилер кемені көтеруді ядролық инфекцияның қаупімен түсіндіруге тырысты. Алайда, бұрын батып кеткен «Комсомолец» АПЛ көтерілмегенін алға тартты.

Әскерилер алғашқы күннен апат туралы өтірік айта бастады. Экипажды энергиямен және ыстық тамақпен қамтамасыз ету, бортта 21 тамызға дейін жететін авариялық ауа қорының жеткіліктілігі туралы айтылған. Шын мәнінде, кеме су түбінде қисық жатқан, көріну қанағаттанарлықсыз болған. Ешкім ауа мен электр кабельдерін беру үшін шлангтарды қайыққа тартуға тырыспаған. Оның орнына барлық күштер құжаттарды бұрмалауға жіберген. Сүңгуір қайықтарды құтқару Флот қолбасшылығының жоспарына кірмеген, өйткені екі минут ішінде кеме командирі экипажға апаттың себебін қысқаша айтып, соңғы бұйрықтарды дауыс зорайтқыш жүйесіне берген. Аман қалғандар трагедия кінәлілері үшін ыңғайсыз куәгерлер болған. Құтқару операциясы ресми түрде аяқталғаннан кейін кенеттен жарылыс, өрт, су тасқыны және қысымның 10-11 атмосфераға дейін көтерілуі экипаждың тез арада өліміне әкелген.

Бір түсінбестік бар. Осы жағдайда реакторды кім сөндірді, 12 тамызда қайтыс болған жазбаларды кім жазды? АПЛ ішінен соққылар акустиктердің конструкциялардың бұзылу дыбыстарын бортқа соққылармен шатастырғанын түсіндіруге тырысқан.

Тағы бір нәрсе: «Курск»  реакторлық бөлімнен екі бөлікке бөлінген және бөлімдерде сақталған ауа көлемін ескере отырып, 18 тамызға дейін тірі адамдар болғанын нық сеніммен айтуға болады. Мұндай жағдайда теңізшілер кем дегенде 20-21 тамызға дейін өмір сүруі керек еді. Бұл жағдайда құтқару операциясының тоқтатылуы қылмысқа тең.

 «Рубин» ОКБ басшысы Игорь Спасский кеменің көтермейтінін айтты. Ондағы барлық торпедалардың жарылғанына кепілдік берілмеген. Тексеру амалдарынан соң, кемеде 22 жарылмаған гранит зымырандары мен атом реакторы бар қайықты көтеруден қорыққан. Алайда, экипаж мүшелерінің қоштасу жазбасында «бізді қолдан өлтірді» деген сөздер болған.

Расында, кемеде вахталық журналдар мен гидроакустика журналдары болмаған, теңізшілердің хаттары да зерттелмеген. Кемеге қатысты құжаттар жойылған, сондай-ақ сүңгуір қайық командирінің ашық байланыс туралы келіссөздері туралы ақпаратты тексеруге ниет жасалмаған. Істің ресми жабылуы қылмыс құрамының жоқтығын көрсеткен. Осы уақытқа дейін бұл қылмыстық істің 38 томының мазмұны мемлекеттік құпия күйінде сақталып тұр.

ЖАТ ЖЕР МӘҢГІЛІК МЕКЕНІ БОЛҒАН ҚАЗАҚ

Жалпы, «Курск» сүңгуір кемесі теңізге асығыс аттанған. Үш күнге ғана әскери тапсырма алған атом сүңгуір кемесі ашық теңізде бүкіл Скандинавия елдеріне төнген апаттың алдын алған сыңайлы. Ол туралы әлі талай айтылар. Біз бүгін осыған дейін бізге беймәлім болып келген кеме құрамында болған III дәрежелі капитан Мұрат Ықтиярұлы Байғарин туралы айтпақпыз.

2002 жылдың ақпан айында Североморск қаласының әскери госпиталінде кеме экипажының 118 мүшесінің мәйіті анықталғанда, соның бірі – қазақ жігіті Мұрат Байғарин болып шықты. Бұл туралы Солтүстік флоттың әскери прокуроры Владимир Мулов жария еткен еді.

«Қарға тамырлы қазақтың қазақ даласында бір ізі болуы тиіс қой» деген сеніміміз бізді де алдамады. Сол сенім мені Алматы қаласындағы үлкен Байғариндер әулетінің шаңырағына алып келді. Оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет істеген азаматтардан сұрастыра жүріп білдік.

«Онсыз да жаралы жанұяның көңілдеріне қаяу түсіріп аламын ба» деген ойым мені бір жағынан жегідей жесе де тәуекелге бардым. Оның үстіне «Курск» кемесі апатқа ұшыраған кезде ресейлік кейбір бұқаралық ақпарат құралдары бұл қайғыны ұлтқа бөліп, сан-саққа жүгірткені бар-ды.

«Жақсылық бөліссе көбейеді, жамандық бөліссе азаяды» дейді дана халқымыз. Әлгінде, Байғариндер әулетін іздеуім де осы құдіретті күштің арқасы болатын. Есікті орта жастан асқан, бойында бекзаттық табы бар егделеу әйел ашты. Ол өзін «Осы үйдің иесі, Байғариндер отбасының жылуын сақтаушы – Татьяна Владимировнамын» деп таныстырды.

«Иә, ол күдік емес, шындық. Солтүстіктегі Байғариндер ұрпағы осы шаңырақтан бастау алады. Бұл Мұраттың әкесі – Ықтиярдың ағасы Әбдіғалидің үйі. Түсінікті болу үшін бәрін басынан айтайын», – деп Татьяна Владимировна алдымызға бір үйме қағазды әкеліп қойды.

«Соғыс жылдары Жамбыл облысында қызмет істеген азаматтар Байғариндер жанұясын тануы тиіс. Мұраттың атасы Әнәфия Байғарин сонда Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. Осы қалада Мұраттың әкесі Ықтияр дүниеге келген. Соғыс аяқталғаннан кейін 1946 жылы Әнәфия ағай ағайын-туыстарын жағалап, Ақмола қаласына көшіп барған. Осында кейін Солтүстік Қазақстан облысының Тұтынушылар одағында басшылық қызметтер атқарған. Балалық шақтан еркін өскен Ықтияр бертін келе Мария деген орыс қызына қосылған. Әке ұлына өкпе артса да, өзегінен теппейді. Отбасында шекесі торсықтай ұл туып, атын Мұрат қояды. Ол өсе келе әкесінің ізімен орыс қызына үйленеді. Өз ұлдарының бірінен соң бірі басқа ұлттың қыздарына үйленгендеріне наразылық білдірген ағайын-туыстары екі жастың қосылуларына ақ баталарын бермеген көрінеді. Алайда, бірін-бірі өлердей ұнатқан қос ғашық туыстарына өкпелеп, Ресейдің Магнитогорск қаласына көшіп кетеді. Олар Ресей азаматтығын алып, ел қатарлы қарапайым өмір сүреді. Мұрат балаларының үлкені 35 жаста. Ал, қыздары Беларусьте тұрады», – деп мән-жайды түсіндірген еді Татьяна Владимировна.

Жалпы, Мұрат Ықтиярұлы «Курск» атом кемесінің экипаж мүшелігіне соңғы сағаттарда тіркелген көрінеді. Ол оқиға болар жылдың алдында Санкт-Петербург қаласындағы Әскери-теңіз академиясына оқуға қабылданыпты. Бұл жоғары әскери оқу орнына жасы 30-ға дейінгі маман әскери басшылар ғана қабылданады екен. Академия басшылары Мұраттың болашағынан зор үміт күтіп, оқу орнының жарғысын бұзып, оның білім алып шығуына мүмкіндік берген.

«Курск» кемесі ашық теңізге шығар қарсаңында Мұрат Ықтиярұлы оқуға қажетті құжаттарын рәсімдеуге және отбасын алып қайтуға Видяевоға барады. Осында ол өзін әскери бөлім басшылығы іздеп жатқанын естиді. Теңізсіз тіршілігін сезіне алмайтын Мұрат Байғарин сол күні басшылықтың өтінішімен өзінің орнына жаңадан тағайындалған торпедо қызметінің маманын үйрету үшін үш күндік сапарға шығады.

Иә, небәрі үш күндік жорық! Әрине, ол бұл жорықтың өзінің ең соңғы сапары болатынын сезбейді. Үнемі есік алдындағы аулаға серуендеп шығып келгендей, сапардан көңілді оралады екен. «Шөлмек мың күн емес, бір күн сынады» деген осындайда айтылса керек. Сөйтіп, ІІІ дәрежелі капитан Мұрат Байғарин «Курск» атом кемесінде мәңгілікке көз жұмады. Соңында әйелі Светлана, екі баласы қалады. Қазір олар Санкт-Петербург қаласында тұрады.

Мұрат Ықтиярұлының денесі Санкт-Петербург қаласында жерленді. Жерлеу рәсіміне Магнитогорск қаласында тұратын әкесі Ықтияр Әнәфияұлы мен анасы Мария Яковлевна да қатысады.

Татьяна Владимировнамен сөйлесе отырып, Байғариндер жанұясы туралы тағы бір қызықты мәліметке тап болдық. Отағасы Әбдіғали аға 40 жылға жуық Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет істепті. Мәскеудегі Жоғары мектепті үздік бітіргеннен кейін кәсіби барлаушы ретінде Қытай, Иран, Моңғолия елдерінде қызмет атқарған. Үрімшіде КСРО-ның вице-консулы қызметін атқарып жүргенде, Қытай тарапынан Даманскі түбінде шекараның бұзылу қаупінің барын күн ілгері сезіп, кеңес басшылығын ықтимал жағдайға дайын болуын ескерткен көрінеді.

Әбдіғали Байғарин осы қызметте жүріп, бейбіт өмірде қос орденмен марапатталған алғашқы қазақ азаматтарының бірі екен. Ол кісі 2000 жылы қайтыс болыпты. «Егер ерлік өз өміріңді кию үшін керек болса, онда ол өз қайғыңды жеңу үшін одан да гөрі қажеттірек» деген осы болар.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here