Мол өнім алу үшін су үнемдеуші технологиялар қажет

0
4834
Израильдің Шефаим ауыл шаруашылығы коммунасындағы тамшылатып суару

Бүгінде Жер шарында судың мөлшері азаюда. Бұл, әсіресе, Орталық Азия елдерінде қатты байқалуда. Оған жаһандық жылыну тікелей себепкер. Сондықтан бүгінгі басты мақсат – суармалы жерлердегі суды тиімді қолдану және ауыл шаруашылығы дақылдарын суды аз жұмсайтын технологияларға көшіріп, экологиялық мәселелерді шешу. Осы арқылы суармалы жерлерде дақылдардың өнімділігін арттыру, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.

Қазіргі уақытта суармалы жерлер әлем бойынша 40% өндіріс пен 60% дәнді дақылдарға тиесілі. Көлемі жағынан суармалы егіншілік әлемде үлкен көрсеткішке ие. Соңғы жиырма жылда өнімділіктің өсуіне қарамастан, соңғы жүз жылда 1 га жерге 40% судың қажет екені жөніндегі көрсеткіш еш өзгермеген.

Суармалы жер бүкіл әлемде орта есеппен 236 млн гектарды құрайды. Оның жартысы Азияға тиесілі. Әлемдегі суармалы жердің 60 пайызына 4 мемлекет иелік етеді. Олар: Қытай – 85,2 млн га (45% өңделетін аймақ), Үндістан – 36,4 млн га (7%), АҚШ – 16,5 млн га (9%) ТМД аумағы – 16 млн га (7% өңделетін аймақ).

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) сарапшыларының болжамынша, ХХ ғасырдың аяғында суармалы жер көлемі дамыған елдерде 50%-ға арта бастады. Басты міндет – Оңтүстік Азияда суармалы жердің өсу көрсеткіші (орташа 17-19%). Басты бағыттағы көрсеткіштер суды үнемдеу, өйткені ашық каналдар мен сүзгілерде және буланудың себебінен 40-60% су ысырапқа ұшырайды.

Қазақстанда суармалы жердің маңызы ерекше және басты бағыттың бірі. Елімізде 1991 жылы 2,3 млн га жер суармалы егіншілікке тиесілі деп саналды. Жалпы жер көлемінің 5-6%-ы себуге арналған, олар 35% өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндірді. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы өндірісінде 1 195,7 га суармалы егіншілік, оның ішінде 1 108,5 га немесе 92,7%-ы Қазақстанның оңтүстігіндегі төрт облысқа тиесілі: Түркістан облысы (35,9%), Алматы облысы (қазіргі екі облысқа бөлінбей тұрғанда – 37,4%), Қызылорда облысы (17,0%) және Жамбыл облысы (14,7%). Бұл жерлердің 407,5 мың га орташа, қатты тұзданған жерлер болып есептеледі.

Суармалы жерлер көлемінің азаюы және өнімділіктің төмендеуі топырақтың тұздануына немесе топырақ құрамының өзгеруіне байланысты. Суармалы егіншілік тәжірибесінде байқағанымыздай, дұрыс суармауда және дұрыс технологияларды қолданбауда топырақтың құрамы өзгереді. Бұл көп жағдайда жердің бүлінуіне және өнімнің төмендеуіне алып келеді, суармалы жерлердің экожүйесін төмендетеді. Сумен қамтамасыз ету болашақта басты экономикалық себептердің бірі болады.

Су көздерін пайдалану мемлекетаралық шешімдерге байланысты қиын жағдайда шешіледі. Сондықтан судың аздығынан суармалы жерлердің тұздануы көтеріледі. Қазақстанда жалпы су қоймаларының (өзендердің) орташа көрсеткіші жылына 100,5 текше километр, оның ішінде 56,5 текше километр республика көлеміндегі су қоры болып есептеледі: ҚХР-да – 18,9 текше километр, Өзбекстанда – 18,9 текше километр, Қырғызстанда – 3,0 текше километр, Ресейде – 7,5 текше километр. Соңғы 20 жылда су қорларының мөлшері жылына 25,3 текше километрге азайып, ішінде жергілікті судың ағындылығы 10,3 текше километрге азаюда және трансшекаралық 15,2 текше километр болып отыр. Республика көлемінде судың бір адам басына шаққандағы көрсеткіші 1 шаршы километр және 6 мың текше метр, оның ішінде жалпы су қор мөлшері 37 мың текше метрге жетіп отыр. Бұл – ТМД елдерінің ішіндегі ең төменгі көрсеткіш.

Дақылдарды тұрақты түрде өсіру, су және ресурсүнемдеуші технологияларды суармалы егіншілікте тиімді пайдалану маңызды. Мысалы, Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарының гидротермиялық жағдайлары бір жылда екі өнім алуға әбден жарамды. Бір жерде екі дақылды өсіруде негізгі және аралық дақылдарды дұрыс таңдағанда топырақ құнарлылығы төмендемейді, барынша өнім алуда суармалы жерлерде қарқынды пайдалануға мүмкіндік береді. Күздік бидайдың өнімін жинап алғаннан кейін, сол жерге тікелей себу арқылы екінші дақылды себуге болады. Осыған байланысты екінші дақылды себу мерзімін 30 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік бар.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты мамандарының қарастырған технологиясы тұрақты түрде аралық дақылдарды егу, негізгі себетін дақылдарды топтастыру, топырақ құнарлығын сақтап қалу, су жүйесін жақсарту, қоршаған ортаны рационалды түрде пайдалану негізінде құрылған.

Қазіргі уақытта тамшылатып суару – негізгі суарудың рационалды тәсілі. Тамшылатып суару әдісі жер астында, жер үстінде пайдалануға болады. Тамшылап суару кезінде су тікелей өсімдік тамыры аймағын суландырады. Бұл техника су төменгі деңгейде булануын сақтап отырады. Пайдалы әсер коэффициенті – 95%. Тамшылатып суару жүйесі су пайдалану мөлшерін азайтады. Бұл тәсіл негізінен Израиль елінде 1950 жылдан бастап өндіріске енгізілді. Ол алғашында жылыжайларды суару, одан кейін көп көлемде көкөніс, жүзім т.б. дақылдарға пайдаланылды. АҚШ-та алғаш рет «Роса шлангасы» тамшылатқышы, Ричард Папиннің «Chapin Watermatics» тамшылатқышы 1964 жылы дақылдарды өсіруде қолданылды.

Соңғы жылдары топырақтың беткі және астыңғы қабаты арқылы тамшылатып суару және арнайы құбырларды топырақ астына енгізу жұмыстары жүргізілді. Мұндай тәсілді қолданғанда топырақты механикалық өңдегенде топырақ бетінің булануы төмен болады.

Ең көп суармалы суды пайдаланатын дақыл – күріш. Осы дақылды Қазақстанда өсіру үшін 70% су қоры қажет. Күріш дақылының жалпы көрсеткіші республика көлемінде 74 млн га. Ал, осы дақылды жылма-жыл суару үшін 2,5 млрд текше метр су қажет болады. Өндіріс жағдайында суарылатын судың нормасы шамамен 25-тен 45 млрд текше метрге жетіп отыр. Мұндай судың есепсіз пайдалануы соңғы 50 жылда Арал және Балқаш өңірлерінің экологиялық жағдайына кері әсер етіп отыр.

Осыған байланысты Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығысында қант қызылшасы, жүгері және майбұршаққа тамшылатып суарудың тиімділігі жөнінде суармалы жерде тәжірибе жүргізілуде. Осы тәжірибенің қорытындысы бойынша суды көп қажет ететін күріш, қызылша сияқты өсімдіктер үшін тамшылатып суарудың тиімділігі расталды.

Бүгінгі күні бірқатар елдерде күрішті табиғатты қорғау технологиясымен тамшылатып суару негізінде арнайы жұқа пленка арқылы өсіру технологиясы енгізілген. Алғашқы тәжірибе көрсеткендей, жұқа пленканы пайдалану арқылы тамшылатып суару – дақылдың ерте және бір мезгілде өнуіне, тез өсіп дамуына және өнімнің жоғары болуына көп әсер етеді. Күрішті арнайы жұқа пленканы пайдалану арқылы тамшылатып суару арам шөпті он есе және одан да көп азайтады, қол күшін, механикалық, химиялық жұмыстар жүргізілмейді.

Күріш өсіруге кеткен суару суының шығынын қысқарту есебінен дәнді бұршақ дақылдарының, майлы және мал азықтық дақылдарының (бұршақ, рапс, жүгері, жоңышқа және т.б.) суармалы аудандарын ұлғайтуға болады.

Жұмыс ҚР АШМ-нің 2021-2023 жылдардағы 267 бюджеттік бағдарламасы бойынша ВR10764908 «Қазақстан өңірлері үшін өсірудің әртүрлі технологияларын салыстырмалы зерттеу негізінде өңдеу технологиясының элементтерін, сараланған қоректенуді, өсімдіктерді қорғау құралдарын және рентабельді өндіріс үшін техниканы қолдана отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарын (дәнді, дәнді-бұршақ, майлы және техникалық дақылдарды) егудің егіншілік жүйесін әзірлеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде орындалды.

Сондықтан өндіріс пен ғылымды байланыстыру аса маңызды. Атап айтқанда, шаруа қожалықтары тамшылатып суару жүйесінің жабдықтарымен және тікелей себуге арналған агрегаттарымен, тыңайтқыштарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Жаңа технологияларды шаруа қожалықтарының егістігінде сынақтан өткізу және дақылдарды өсіруде су үнемдеуші технологиялар бойынша тренинг курстар ұйымдастыру арқылы қажетті білім тарату – тиімді әдістердің бірі. Сонымен қатар, дақылдарды өсіруде су үнемдеуші технологияларды игеру бойынша әр аймақта арнайы қызмет көрсететін орталықтарды ұйымдастыру, шаруа қожалықтарының біріккен ассоциациясын құру маңызды. Осы жұмыстарды тиімді іске асыру үшін Қазақстанда суармалы егіншілікте пайдаланылатын инновациялық технологияларды жетілдіру қажет.

Азат ҚАПАШЕВ,
Қазақ егіншілік және өсімдік
шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының
жетекші ғылыми қызметкері,
ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты

Айзада СЕМБАЕВА,
ғылыми қызметкер, ауыл шаруашылығы
ғылымдарының магистрі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here