

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық мәселелермен қатар, ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы тарих ғылымының дамуына айрықша көңіл бөліп жатқанымызға, бұл құрылтай ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғандығына және халқымыздың тарихи тұрғыдан дұрыс «Қазақ» атауының қайтарылғанына да бір ғасыр толып отырғандығын атап өтті.

1925 жылы 15-19 сәуір күндері Ақмешіт қаласында Қазақстан кеңестерінің 5-құрылтайы болды. Бұл бүкіл қазақ жерлері біріктірілгеннен кейінгі өткізілген тұңғыш Бүкілқазақтық құрылтай еді. Яғни, Бүкілқазақтық құрылтайға 100 жыл толып отыр. Сәуір құрылтайына дейін де халқымыздың әлеуметтік-саяси өмірінде аса мәнді тарихи оқиғалар болып өтті. Ол 1924-1925 жылдары Қазақстан мен Орта Азия республикаларының аумағын ұлттық-мемлекеттік тұрғыдан межелеудің жүргізілуі. Осы жұмыстардың нәтижесінде Ресей империясы кезінде бөлшектенген қазақ жерлерін бір тудың астына біріктіру аяқталып, Түркістан АКСР-і құрамында болып келген Сырдария мен Жетісу облыстары Қазақ АКСР-і құрамына кірді. Бұл тарихи оқиғаға да 100 жыл толып отыр. Әрине, бұл тарихи оқиғалар өздігінен бола қалған немесе бір күнде орындала қалған жоқ. Ұлтжанды қайраткерлеріміздің ұлт мүддесі жолындағы қажырлы еңбегінің жемісі болатын.
Түркістан автономиясындағы кеңестік, партиялық және әкімшілік сынды жауапты қызметтерде істеген ұлтжанды қазақ қайраткерлері үшін бөлшектеліп кеткен жерлерімізді біріктіру ісі сол кезеңде негізгі күреске айналды. Өйткені, Орта Азия республикаларының аумағындағы ұлттық межелеуді жүргізу барысында орталық Мәскеу түлкі бұлаңға салып, Ташкент қаласы үшін тартыста, Қазақстанды ұлттық республика етіп құру оны одақтас республикаға айналдыру және тағы да басқа халқымыздың болашақ дамуында үлкен маңызы бар стратегиялық мәселелерді шешуде бұра тартып, қалыптасып отырған жағдайды одан әрі күрделендірді. Міне сондықтан да, түркістандық қайраткерлер Түркістан АКСР-нің құрамында болған Жетісу және Сырдария облыстарын Қазақ автономиясына қайтару ісінде айтысқа да, тартысқа да барып, ұлтымыздың мүддесі үшін өздерінің талаптарын орталық Мәскеудің алдында қоя да білді. 1924 жылы Сырдария, Жетісу және Әмудария облыстарының жауапты партия, кеңес қызметкерлерінің мәжілісі болды. Мәжілісте Сұлтанбек Қожановтың «Қазақ автономиясы ұлттық автономия ретінде және межелеуді жүргізуге байланысты оның жағдайы» тақырыбында жасаған баяндамасы қызу талқыланып, мынадай қаулы қабылданады: «а) Қазіргі Қазақ автономиясындағы халықтың тек 46 пайызын ғана қазақтар құрайтындығын және партия қатарындағы қазақтардың үлесі 6 пайыз екенін, көптеген кеңестік және тағы басқа ұйымдарда мүлде қазақ еңбекшілерінің жоқтығын, осы уақытқа дейін Қазақ автономиясының шын мәнісіндегі кеңестік ұлттық автономияға айнала алмағанын және Қазақстанның қазіргі жағдайы кеңес өкіметінің және компартияның ұлттық саясатына, оның талаптарына сәйкес келмейтінін тану. б) Орта Азия республикаларында шекаралық межелеудің жүргізілуіне байланысты жоғары партия органдарының алдында шын мәніндегі Қазақ ұлттық автономиясын құру және Қазақ облыстарының Қазақ автономиясына қосылуына байланысты оның орталығы Еуропада емес, Орта Азияда болу мәселесін қою. в) Қазақстан өзінің жаңа шекарасында өзінің жер аумағы және халқының саны бойынша, сондай-ақ экономикалық, саяси маңызы жөнінен көрші Орта Азия республикаларының ешқайсысынан да кем түспейді. Сондықтан, Қазақстан КСРО-ның құрамына келісімшарт негізінде тәуелсіз республика болып кіруі қажет». Осы қаулының өзінен-ақ қазақ қайраткерлерінің елімізді ұлттық мемлекет етіп құру, автономия емес, толыққанды республика ету жолындағы күресін көреміз. Ұлт мүддесі жолындағы бұл күрес бір ғана мәжіліс қаулысымен шектелген жоқ. Ең бастысы, мәжілісте айтылған ұсыныстар мен қабылданған қаулы қорытындылары Орта Азия аумағында ұлттық межелеуді жүргізу жұмысы басталғанда еліміздің мүддесі үшін негізгі басшылыққа алынып, олардың қажырлы күресінің бағдарламасы болған еді.
Жалпы, сәуір құрылтайы туралы сөз қозғағанда қоғам және мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың еңбегін ерекше бөліп-жарып айтамыз. Оның өзіндік себептері де бар. Өйткені, Сұлтанбек Қожанұлының ұлт мүддесі жолындағы бұған дейінгі де дара күресінің бүкіл болмысы ұлттық республика құру, бөлшектенген қазақ жерінің біртұтастығын қалпына келтіру, ұлт мектебін құру, Қазақстанда мемлекет тілін қазақ тілі ету жолындағы күресінен көрініс тапса, бүкіл қазақ жерін біріктіру ісі аяқталғаннан кейінгі жауапты қызметінде Қазақ республикасының астанасын қазақ халқы көбірек шоғырланған қалаға ауыстыру ісінде айқын көрінді. Көзі қарақты оқырман қауымға белгілі, Орта Азия республикаларының аумағын межелеуді жүргізу барысында Сұлтанбек Қожанұлы Ташкент қаласын Қазақ республикасының астанасы ету жолында аянбай күресті. Өз ойларын Сталиннің алдында дәлелдеп дәйектеді де. Бірақ, Орта Азия республикаларына қатысты терең ойластырылған зымиянды әрекеттерді қолға алған Мәскеу Сұлтанбек Қожанұлының арманының орындалуына кедергі жасап, Ташкент қаласын Өзбекстанға беріп жіберген еді. Ендігі кезекте, қазақ халқының әлеуметтік-саяси, рухани-мәдени және экономикалық өмірінің локомотиві болатын астана мәселесі күн тәртібінде тұрды. Сұлтанбек Қожанұлы астана мәселесін Сталиннің атына жазған хаттарында батыл көтерді және «Ақ жол» газетінің бетінде бірнеше мақалалар жазды. «Іс жүзінде орындалу керек» деген мақаласында астана жөніндегі ойын: «Сондықтан, Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ ұлт жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамсыз емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қалпы қамына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын» деп дәйектеген болатын. Сұлтанбек Қожанұлы 1924-1925 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы, өлкелік партия комитетінің 2-ші хатшысы болып істеген кезінде астана мәселесін батыл түрде күн тәртібіне қойып, оны қазақ халқы тығыз қоныстанған қалаға ауыстыруға қол жеткізді.
Сұлтанбек Қожанұлының тұлғалық қасиетін, саяси қызметін сөз еткенде халқымыздың тарихи атауын қайтару жолындағы еңбегін айналып өту мүмкін емес. Отаршылдар бұрмалаған халқымыздың төл атауын қайтару ісінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және тағы да басқа Алаш қайраткерлері аз еңбек сіңірген жоқ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлы тізе біріктіре отырып шығарған газеттің атауын «Қазақ» деп айқайлатып қоюының астарында терең мән бар еді. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, сол кеңесте билік саласында лауазымды қызметтер атқарған С.Сейфуллин, С.Сәдуақасұлы сынды қайраткер тұлғалар да бұл мәселені көтерді. Кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында Алаш қайраткерлері, кеңестік билік тарапынан қуғындалып, бұндай саяси аса мәні бар мәселені көтеруге мүмкіндігі болмаған болса, сол кеңестік билік жағында үлкен лауазым атқарып жүрген қайраткерлер бұған қол жеткізе алмады. Олар тарапынан баспасөз бетінде ұсыныс-пікірлер айтылды, мақалаларда жазылды. Бірақ, негізгі мәселе сол ұсыныс-пікірлерден әріге аса алмады.
Ұлтымыз үшін бұндай әлеуметтік-саяси аса маңызы бар мәселеде қайтпас қайсарлық, ұлтжандылық және алған бетінен қайтпайтын табандылық керек еді. Сұлтанбек Қожанұлының бүкіл өн бойындағы болмысында бұндай қасиеттер бар болатын. Ол Қазақстан кеңестерінің 5-ші құрылтайында сөз алып, батыл түрде халқымыздың дұрыс тарихи атауын қайтаруды, яғни қырғыз атауымен бұрмаланып келген халқымыздың қазақ атауын қайтаруды күн тәртібіне қойып, қазақ атауын қайтартқызды. Осы құрылтайда Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп атау жөніндегі ұсынысты жасаған да Сұлтанбек Қожанұлы болатын.
Сұлтанбек Қожанұлының ұсынысымен кеңестердің Бүкілқазақтық 5-ші құрылтайы: «Қырғыз халқының тарихи дұрыс атын қалпына келтіру үшін кеңестердің 5-ші съезі қаулы етеді: «Қырғыздар алдағы уақытта қазақтар деп аталсын» деген шешім шығарды. Қазақстан кеңестерінің 5-ші құрылтайының шешімін негізге алған Бүкілодақтық орталық атқару комитеті: «1. Қырғыз АКСР-інің аты Қазақ АКСР-і деп өзгертілсін. 2. Қырғыз АКСР үкіметі орналасқан жер – Ақмешіт қаласының аты Қызылорда қаласы деп өзгертілсін» деген қаулы қабылдады. Осылайша, тарихи шешім заңды күшіне еніп, ұлт арыстарының арманына қол жеткізілді, халқымыздың азаттық күресі жолындағы қадамына тың серпіліс жасалып, рухани жан-дүниесіне күш-қуат берілді.
Сұлтанбек Қожанұлының іс-әрекетіндегі батыл қадамдарды сол кезеңде оның қарсыластары ұлтшылдыққа теңеп бұрмаласа да, мойындауға мәжбүр болды. Ал онымен қызметтес болған және қызмет барысында қарсыласта болған кейбір қайраткерлер ашық айтты. Қоғам және мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов кеңестік биліктің шовинистік саясатына қарсы күрес тәсілін сөз ете отырып: «Жер мәселесі жөнінде неше түрлі бейбастық орналып отыр, бел шешіп күресу керек, Қожанов отаршылдармен табандап күресті, алайда қазақы тәсілмен күресті, ал мұнда Шыңғысханның тәсілі керек… Бұл жөнінде Қожановтың айтқаны дұрыс, алайда мен табандап күресе алмадым» десе, екінші бір қоғам және мемлекет қайраткері Ораз Жандосов 1925 жылы қазан айында қайраткер Садықбек Сапарбековке, Сұлтанбек Қожанұлының Қазақстаннан Мәскеуге шақыртылғаннан кейінгі Қазақстанда орын алып отырған саяси жағдайға байланысты жазылған хатында Қазақ автономиясының ұлттық-мемлекеттік дамуының болашағы, ұлттық мәселенің қойылуы, қазақстандық партия ұйымдарындағы ішкі партиялық мәселелердің үлкен маңызға ие болып отырғанын сөз ете отырып: «Осы мәселелердің барлығында Сұлтанбектің өзіндік көзқарасы болды. Бұл мәселелердің барлығына ол тактик ретінде келді және оның тактикасының кейбір жағдайларында асыра сілтеушіліктер орын алды. Бірақ, шын мәнісінде (бұл менің жеке ойым) оныкі дұрыс. Ұлттық межелеу жүргізіліп, Қазақстанның ұлттық-кеңестік республика болып қалыптасқан кезеңінде басқаша іс әрекет ету мүмкін емес еді. Сонымен қатар, ұлтаралық қарым-қатынастың шиеленісуін, Қазақ халқының өзінің арта қалғанын, Сұлтанбектің түгелдей жалғыздықта қалған жағдайларын ұмытпауымыз керек», – дейді. Сұлтанбек Қожанұлының ұлт мүддесі жолындағы қызметіне, ол Қазақстаннан шақыртып алдырылғаннан кейінгі (дұрысы кетірілгеннен кейінгі) қайраткер тұлғалар тарапынан ізін суытпай берген бағалары, өзіндік көзқарастары тұрғысынан деп пайымдасақ та, Сұлтанбек Қожанұлының саяси қызметінен мол хабар береді.
Сәуір құрылтайында қабылданған шешімдердің маңызына зер салып қарайтын болсақ, онда республикамызды ұлттық республика ету жолында үлкен қадамдар жасалған еді және сол игі қадамдар жолындағы барлық мүмкіндіктер бар болатын. Бірақ, өкінішке орай біз білетініміздей олай болмай шықты. Оның да өзіндік себептері жоқ емес. 1925 жылы тамыз айында Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшылығына Мәскеудің пәрменімен Ф.Голощекин тағайындалды. Ф.Голощекиннің келуімен қазақ халқының өміріндегі үлкен бір қаралы кезең басталғаны тарихта мәлім.
Тарихи және тағылымдық аса маңызды оқиғаның 100 жылдығын атап өте отырып, ұлттық рух берер осындай тарихи оқиғаларды бүгінгі жас ұрпақтың санасына жеткізе білу – біздің борышымыз.
Досалы САЛҚЫНБЕК,
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі