Қайырбекті көргендер сыр шертеді

0
3188

Мамыр айының басында Қайырбек Аяпбергенұлы туралы «Qazaq» газетінде жазғанымды көзі қарақты оқырман білетін болар (Қараңыз: «Шайқы Қайырбек», №18). Ал, төменде жарияланып отырған ауыл тұрғындарының ескірмейтін естелігі өзінше шежіредей. Олар әрбір жылдардағы оқиғаларды қамтып, оқырманды қайран қалдырады.

САНДЫҚТА САҚТАЛҒАН ҚҰРАН КІТАП

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында тіршілігі сүттей ұйыған ауылдар – Ноғайкөл, Үшқамыс, Бұлақсор, Кондратьевка, Қаймақкөлдің арақашықтығы жақын.

Аталған елді мекендерді Қайырбек Аяпбергенұлы жиі-жиі аралап, жұрттың амандық-саулығын сұрап, емін-еркін сөйлесіп, қауқылдасып, мәз-мейрам болатын. «Шайқы Қайырбек» аталған соң кейбір үрейшілдер қорқып жүретін. Дегенмен, дуалы ауыз санап, көрген-білгендерін тыңдап, әңгімесіне құлақ салғандар қарық болып қалатын.

Біздің үйге танымайтын кісі кіріп келді. Қолына таяқ ұстаған, сақал-мұрты сәнді қарияны діндарлардың бірі санадым. Себебі, әжем Тәти қонаққа ыстық ілтипатын білдірді.

Тәти Артықбайқызын сипаттай кетейін. Бұл кісі молда-кемпір атаныпты. Яғни, ислам дініне берік екен.

Қайырбек пен Тәти әжем дастарханнан дәм тата отырып, ұзақ сөйлесті. Бес жастағы кезім. Сәби болсам да олардың ислам дінін терең дәріптегенін түсіндім. Шағын ауылдарда Кеңес үкіметі тұсында да ислам дініне қатты сенгендер санаулы адамдар ғана деп айта алмайсың.

– Тәти, үйіңде Құран кітап бар екенін сезіп отырмын. Қасиетті кітапты маған көрсет, – деді Қайырбек ақсақал.

Кісінің көңілін қалдырмайтын әжем сырты көк бояумен сырланған сандықтың қақпағын ашып, аппақ орамалмен қапталып, оралған кітапты қолына алды. Құран кітаптың үйде сақтаулы тұрғанын естіп, біліп жүрсем де, ойын баласымын ғой, әдейілеп асыл дүниені іздеп, тауып алып, үңіліп қарамаппын.

Қайырбек ата Құран кітапты қолына ұстағанда босағаға сүйеніп, үйдің ішіндегілердің қимыл-әрекетін сырттай бақылап тұрған менің көзім жайнап кетті. Мектеп табалдырығын әлі аттамаған баламын. Оқулық атаулының сырттай кітап деп аталғанын естігенім болмаса, көзіммен көрген емеспін.

Әжем Тәти сандықтың қақпағын ашқанда жанына таяп барғанмын. Сондағы ойым балалық құмарлықпен тәтті бұйымдар қолыма ілігіп қала ма деген үміттің ұшқынында еді. Үйдің иесі қалың кітапты қос қолымен ұстап алды.

Әлгінде кітаптың ақ орамалға оралғанын айтқанмын. Әжем ақ орамалдың орауын шешіп алды. Орамалдың ішіндегі кітап жалаңаш емес. Кітаптың сыртына сәнді қаптама кигізілген. Қаптаманың өзі керемет, көз сүріндіреді.

Тәти әжем аяғының ұшына таман жетер-жетпес ақ көйлегін шұбалтып, қонақтың алдына аяғын сәнмен басып барды. Қайырбектің алдына таяй бере оң тізесін бүгіп, еңкейді. Сосын Құран кітапты қос қолымен ұсынды.

Әжемнің діндарлығын білетін мен оның кітапты түрегеліп тұрып қонаққа ұсынбайтынын білемін. Қонақ төрге төселген қос қабатты көрпенің үстінде отырған қалпы бір қолын ғана кітапқа соза ма деп ойлағанмын.

Дөңгелек үлкен көзімді бақырайтып, қарияға қарай тіктеп қарадым. Қайырбек ата орнынан жеп-жеңіл қимылмен ұшып тұра келіп, күректей қолын алға қарай созып, Құран кітапты ұстаған қалпы күбірледі. Ұмытпасам қысқа Құран оқыған болу керек. Сонымен қоймай оған кере қарыстай кең маңдайын тигізді. Әжем де қарап қалмады. Іштей өзі білетін дұғасын күбірлеп оқыды.

Кітапты қаптамасынан суырып алған Қайырбек беттерін ұзын салалы саусақтарымен парақтады. Кітапты парақтағанда аппақ жұқа қағаздары сылдырлай берді. Әжем бұл Құран кітапты атам Бижан қажы Меккеден алып келгенін әңгімеледі.

Кәрлен кесеге құйылған, дәмі тіл үйіретін қымызға қонақ әбден қанған-тын. Көңіл күйі шалқығанын әжеммен жарасымды әңгімесінен байқағанмын. Сол ақ жарқын көңіл Құран кітап қолына тигенде қуанып, жарасымын тапты.

Қайырбек атаның күбірлеп сөйлесе де дауысы құлағыма жақты. Кітаптың беттерін парақтай отырып, Құранның арабша жазуын оқи бастады. Бізге түсінікті болсын деген оймен арабша сөздердің мағынасын қазақша түсіндірумен болды.

– Тәти, сіз қажының жұбайысыз. Елге сыйлы әйел атанғаныңды естідім, – деді Қайырбек.

Әжем оның сөзін бөлмей, ықыласымен тыңдады. Қонақ үнсіз қалған сәтте:

– Байқаймын, бұйымтайыңызды сездірмексіз ғой, – деді қоңыр үнімен.

– Құдайы қонақты құр қол жібермейтін қазақпыз. Сол қасиет сенің бойыңа дарыған. Сұрағанымды беретініңе сенемін.

Қайырбек тебірене сөйледі. Үйдің ішіндегілер тыныштала қалды. Барлығымыз әжеміздің бетіне жүзімізді бұрып қарадық. Үйде ешкім бетіне қарсы келмейтін Тәти әженің қандай шешім қабылдайтынын тыныш отырып күттік.

Әжем сабырлықпен сөйледі. Құран кітаптың оқылмай жатқанына елеңдейтінін мойындады.

– Шынымды айтсам, Құран кітап ішіне ауа кірмейтін сандықта жата берсе, азып кете ме деп алаңдаймын. Қағаздың аты қағаз ғой. Көпшілікке тыныштық, бәтуа тілейтін сіз осы кітапты құндап ұстайтыныңызға сенемін, – деді әжем.

Бес жасар мен Құран кітапты ішкі жан дүниесі таза, Аллаға ғана сенетін ер азаматтар оқуға тиісті деп ойладым.

Сол күні Қайырбек ата сандықта жылдар бойы сақталған құран кітапты қос қолымен құшақтаған қалпы алып кетті.

Шәміл Төлебаев, зейнеткер

АЯЗДА ТОҢБАЙТЫН АДАМ

1940 жылы Жітіғараға бардым. Әкем Ғабдолланың інісі Баймағамбет аудандық партия комитетінің нұсқаушысы еді. Сол кісінің үйінде жатып, бірінші сыныпта оқыдым.

Үйде ертеңгі сабақты орындап болған соң далада ойнайтынмын. Киініп алып, есік алдында тұрдым. Бір кезде үйден бірер адым жерде секіріп, қарғып жүрген балалар шу ете қалды. Шуылдағанда дабырлаған шу емес, ішектерін ішіне тартып, таңырқаған күй шекті.

Ересек балаларға еріп, алға қарай жылжыдым. Мына көріністі қараңызшы. Ер адам үстіндегі киімін беліне дейін шешіп тастаған. Қыстың қақаған аязын елер емес. Тоңғаны мүлдем сезілмейді. Күректей жалпақ алақанымен денесін тұтастай сипалап, ысқылады.

Мен де, басқа балалар да таңырқап, қарап қалдық. Таңырқағаным сондай, бетімді суық аяз қарыса да, елей қоймадым. Аузымды ашып, қар үстінде жалаң аяқ тұрған көктегі періште ме деп қалдым.

Әлгі кісі жіпке байлаған ағаш шелекті құдыққа салып, суды толтырып алды. Сосын шелектегі суға қос қолын малып, беті-қолын жуған сайын рахаттанып, қарқылдап күледі.

Балалар таңғажайып көріністі қызықтап қарап тұр. Басқаны қайдам, менің денем шымырқанды. Әйтсе де, орнымнан қозғалмадым.

– Қазір аяғын жуады, – деді ересек баланың бірі. Соның айтқанын естіп тұрғандай ер кісі қардың үстіне отыра қалып, екі аяғын шелектегі сумен шайды.

Балалар сыбырласып, күбірлесіп, аязда тоңбайтын адам туралы әңгімеледік. Мұздай сумен жуынған кісі ешбір шіміркенбейді. Денесі қызарып кеткеніне рахаттанғандай қақырынып қояды.

Аңыз адамға ұқсатқан кісі жуынып, шайынып болды-ау деп ойлағанбыз. Біз күтпеген әрекет жасады. Тағы да қызыққа кенелдік. Қайырбек атанған кісі денесін шынықтырды. Қос қолын ерсіл-қарсыл сермеп, жаттығу жасады. Мұнымен де тоқтай қоймады. Құдықтан қайта-қайта мұздай суды шелекпен алып, беліне дейін тағы да жуынды.

Есейе келе ойықтағы суық суға шомылатындар туралы әжептәуір әңгімелер естідім. Бұлар «Морж» атанған спортшылар. Бала кезімде көзіммен көрген қазақ азаматы Қайырбек Аяпбергенұлының құдық суына жуынуы нағыз спортшылығынан екен ғой.

Мырзағали Ғабдуллин, совхоз директоры

АХАҢ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

1960 жылы нағашым Жаңабайдың үйіне қыдырып бардым. Нағашымды іздейтін себебім, сегіз жасымда жетім қалғанымда осы кісіні паналадым. Наурызым ауданының Өлеңді ауылына жеттім. Мектеп оқушыларының күзгі каникулы басталған-тын. Жас мұғалім болсам да қолым бос. Жаңабай нағашым бастаған үй іші адамдары мені қуана қарсы алды.

Нағашым ауылдың танымал бақташысы. Оның үйінің жанында Қайырбек тұрады. Қайырбек осы аймақ Үмбетей әулетінің қонысы екенін жұртқа паш етіпті. Тыныштықты жаны сүйетіндіктен у-шудан аулақ, бөлек жерді таңдағанға ұқсайды. Аталас болмасам да Қайырбекке барып, сәлем бердім.

– Жаңабайдың жиені сен екенсің ғой, – деп сәлемімді ықыласпен алды.

– Қайда оқыдың, мұғалімдік қағазды қашан алдың? – деп бірден әлденеше сауал қойды.

Әңгімелесуге ықылас білдірген қарияның жанына барып, молдас құрып отырдым. Асығыс емеспін, жайлап сыр шертіспек ойым бар. Өйткені, Қайырбекті Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының әулетінен екенін естігенмін. Бұл кісі туралы жұрттың көбісі біле қоймай ма, әлде саяси қуғын-сүргіннің дабылынан сескене ме, әйтеуір, Байтұрсынұлы жайлы ашық әңгімені бұған дейін естімеппін.

– Ата, мен Қазақстанның батысындағы Гурьев қаласындағы педагогика институтында оқыдым, – деп сөзімді бір қайырдым.

– Мұғалімдік қағазыңды қашан алдың? – деп ақсақал бетіме тура қарады.

– Биыл жазда жолдамамен «Диев» совхозының орталығындағы Мырзакөл жеті жылдық мектебіне келіп, мұғалім болып орналастым.

– Е, қуанышың құтты болсын! Ахмет атаңдай ғұлама мұғалім атағына жет, – деп қария шын тілегін көңілді күймен білдірді.

– Ата, Ахмет есімін атадыңыз, оның фамилиясы Байтұрсынов қой деймін? – деп сауалымды ежіктедім. Қария ойланғандай, сәл уақыт үнсіз отырды. Терең күрсінген қалпы сөзін сыбырлап, ақырындап ғана бастады.

– Ахмет ағамыз саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып кетті ғой. Халқы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, әділетсіздікпен күресіп-ақ бақты. Әйтсе де, оның ғұлама ғалымдығынан, асқан білімділігінен сескенгендер еңбегін бағаламады. Біле білсең, оның есімін атауға қорыққандар әлі де жетерлік.

Кәрілік еңсергендіктен бойының күш-қуаты сарқыла бастаған, жұртты басқа адамдарға ұқсамайтын білгірлігімен таңырқатқан Қайырбек ақсақал басын салбыратқан қалпы, төмен қарап, аузын ашпай отырып қалды. Сол алпысыншы жылдардың бас кезінде, халқымыздың аяулы перзенттері қазақ халқының жарқын болашағы үшін күрескен еңбегін әлі де бағаламаған шақ еді.

Қайырбектің ұзақ жылдар бойы үйленбегенін еститінмін. Жаңабай нағашым оның үйленіп, жеке отау тіккенін мақтаныш тұтты.

– Бұл кісі ешуақытта дүниеге қызықпаған адам. Қатарынан қалыспауды енді ойлағанын қарасайшы. Түтін түтетіп, тұрмысын түзетуді өзінің міндеті санады. Аллаға шүкір, сиыр сауып, қой бағады, – деді нағашым.

Есіміне «Шайқы» сөзін әдейі қосатындар бұл адамды құбыжық етіп көрсетуге тырысатынын құлағым шалған-тын. Соның бәрі теріс пікір екеніне көзім жетті. Қай қоғамда да тумысында Құдай жаратқан мінез-құлқымен тіршілік жасайтындар қаншама?! Қайырбек ата да бар болмысымен өмір сүргеніне сендім.

Ахмет Байтұрсынұлындай Алаштың ардақтысы туралы көпшілік ауызын ашып, жариялай алмай жүргенде Қайырбек Аяпбергенұлы ешкімнен сескенбестен оның дарындылығына үлкен баға берді. Мұндай батыл түрде сөйлейтін кісімен әлі де тілдесуді мақсат еттім.

Қайырбектің сөз саптасы тәп-тәуір. Сана сезімінің терең екендігі шүбәсіз. Педагогика институтында оқығанда психология пәнінен сусындағанмын. Ұстаздар адам психологиясы қоршаған ортаға байланысты қалыптасатынын түсіндірген. Мен де ұстаз атанған соң соны құрал еттім.

Сұхбаттасқанда Қайырбектің қартая бастағанын сездім. От шашып, жайнап тұратын нұрлы жанары әлсізденгендей. Сөз арасында қария көзінің бұлдырайтынына шағым жасады. Дәрігерге қаралуды ұсындым. Қайырбек орысша білмейтінін айтты.

Малшылар қауымын «Диев» совхозының орталық мекені Мырзакөлдегі медицина қызметкерлері қамқорлыққа алып, тексерді. Бас фельдшер Федор Федорович Гришинге қарияның денсаулығына алаңдайтынын жеткіздім. Гришин оның көзін аспаптармен тексеріп, дәрілер сатып алуға рецепт жазды. Мен көзге тамызатын дәрілерді қарияға сатып алып бердім.

Есімде қалған оқиға Қайырбек Аяпбергенұлына жергілікті билік әлеуметтік көмек ұйымдастырғаны туралы. Аудандық Кеңес атқару комитетінің шешімімен «Диев» совхозының директоры Иван Абрамович Стрижаченкоға тапсырыс беріліпті. Иван Абрамович Өлеңдідегі Қайырбектің отбасына тиісінше азық-түлік, отын және малдарын қоректендіруге шөп беруге міндеттеме алады.

Тағы да есімде қалғаны балалары Салауат пен Сәлемат он жастан асқанша әлдебір себептермен мектепке бармаған. Сөйтсе де, өз беттерінше ғаріп таныған. Жұмбақ сырдың бетін Жаңабай Нұрлыбайұлы ашты.

– Негізінде Қайырбек зерек адам. Естігенін ұмытпайтын, көргенінен жазбайтын қасиет бойына дарыған. Қос ұлы да аңғарымпаз екен, – деді нағашым.

Ауылдардағы туған-туыстары қонаққа шақырғанда Қайырбек балаларын жанына ертіп алады. Ойын балалары болса да, олар құрдастары кітап оқығанда қызығушылық танытады. «Мынау кітап па?» деп сұрайды олар. Құрдастары «Ана тілі» оқулығы екенін түсіндіреді.

– Мынау қандай ғаріп?

– Біріншісі «А», келесісі «Н» ғарпі, – деп ежіктейді білгір бала.

Салауат пен Сәлемат ғаріптерді ауызша қайталап айтады. Сөйтіп, өз беттерінше ғаріп танып, ежелеп оқыпты.

Сүгірәлі Нәбиев, мектеп директоры

125 ШАҚЫРЫМДЫ ЖАЯУ ЖҮРГЕН АДАМ

Мен адамды таңқалдыратын қасиетімен ғұмыр кешкен жандар жайлы естігенімді жадымда сақтаймын. Шайқы Қайырбек атаның жазы, қысы жалаңаяқ жүретінін қариялардан естігенде сенер, сенбесімді білмедім.

Бала кезімнен ауызша айтылған әңгімелерді тыңдауға құштар болдым. Құрдастарым мені «Шежіреші, фольклоршы» атайтын. Шынында да, қазақ ауыз әдебиетінің құдіреті күшті. Ауыздан-ауызға көшкен аңыз-әңгімелердің қай-қайсысы да шежіреге негізделген десек, артық айтқандық бола қоймас.

Қайырбек ақсақалға келсек, Қостанай облысының Наурызым, Әулиекөл аймақтарына атағы жайылып, әрбір қимылы аңызға айналған адам. Қариялардың айтуынша, айдалада кетіп бара жатқан машинамен жаяу күйі жарысқан. Соны естіген соң аңыздардағы кейіпкерге ұқсас адамды көрсем-ау деп армандадым.

Ұмытпасам, 1955 жылдың шілде айы болатын. Әулиекөл ауданының Жарғатыз ауылының балалары жадыраған жаздың қызығына тоймай, шуылдап ойнап жүрдік.

Арамыздағы ересек бала үнсіз қалды. Бәріміз соның ауызына қарап, соған ұқсап сөйлеуге тырысатынбыз. Оның аяқ астынан көзін алысқа қарай қадап, селтиіп тұрып қалғанына аңырып қалдық. Сөйтсек, бостан-босқа үндемеген екен. Жүзін бұрған жаққа топтанған балалар да мойнын соза қарады.

Ауылдың оңтүстік тұсына таман қолына аса таяқ ұстаған, аппақ сақалы сәнді қария таяп келе жатыр. Үсті-басы аппақ. Жеңі ұзын, ақ жейдесінің етегі кең. Ақ түсті ыстан шалбары да жарасымды.

– Қайырбек ата келе жатыр, – деді айдаладағы жолаушыны жазбай таныған бір бала.

Қайырбектің есімі аталғанда денем дір етті. Қиял-ғажайып ертегідегідей оның әрекеттеріне көз жеткізгім келеді. Тұрған орнымнан тапжылмай, келе жатқан қонақтың жүріс-тұрысын бақыладым.

Әкем Сейдахмет пен анам Рахима арқылы Қайырбектің жол сапарын түгелдей анықтадым. Наурызымдағы Өлеңдіден жаяулатып, «Сұлукөл» совхозына жеткен екен. Сонан жолшыбай Құрттыкөл ауылына келген. Сол жақтан біздің ауыл Жарғатызға төтесінен тартқан. Жалпылай алғанда, 125 шақырым жол жүріпті.

Міне, жаяу жүрудің денсаулыққа пайдасының дәлелі осы. Қайырбектің қуат-күшінің сарқылмай, дүние танымының тереңдеуіне денсаулығын өзі күйттегеннен деп ойлаймын.

Ел арасындағы әңгімеде «Қайырбек көк дөненмен жүреді» дейді. Көк дөненмен желмаядай желіп жүре ме, әлде аспанда қалықтап жүре ме, бір Алла Тағалаға ғана мәлім.

Жарғатыздағы Момбек Жанғабыловтың үйіне ат басын бұрған Қайырбек ата аздап дем алған соң суға шомылатын әдетіне басты. Момбектің қорасының ішіндегі құдыққа беттеді. Қызық көргісі келген балалар соңынан еріп жүрміз.

Қайырбек ата құдықтан шелекке суды толтырып алады екен. Үстіндегі киімдерін асықпай шешеді. Сосын қос қолымен шелекті жоғары көтеріп, суды төбесінен төмен қарай құйып тұрып, «Аллаһ» деп күбірлейді.

Шілде айының ыстығы шыжғырып тұрса да, қора ішіндегі құдықтың суы мұп-мұздай. Салқын суға балалардың денесі шіміркенгенмен, Қайырбек ақсақал керісінше рахат сезімге бөленді. Бұл кісінің суық сумен жазда ғана емес, қыстың қақаған аязында жуынатынын талай рет естідім.

Есімхан Оспанов, шежіреші, фольклоршы

АДАМҒА ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАҒЫСЫ КЕЛІП ТҰРАТЫН…

Жұрт арасында «Мұның арғы жағында Үмбетей болмас» деген нақыл сөз болған. Үмбетей атамыз ақылына көркі сай әрі батыр екен. Жиырма алты баласына өсиет айтқанда, «Араларыңда жік болмасын» депті. Бүгінде өсіп-өнген ұрпағы бір кісідей ынтымақты.

Менің Қайырбек Аяпбергенұлына жақын туыстығымды «Диев» совхозының орталығы Мырзакөл ауылына қонаққа келгенде білдім. Туған апам Мүгілсім бұл кісіге жақсылап күтім жасайтын.

Қай жақтан келе жатқанын, ендігі бет алысы жайлы Қайырбек ата жасырмай айтып отыратын. Ондаған шақырым қашықтықты жаяу жүріп өтуінің өзі спортшыға тән қасиет деп замандастары әділ бағалады. Қазіргі марафоншылардан артық болмаса, кем болмағаны ғой бұл кісінің. Мәселен, Жанкелдин ауданындағы Ақкөл ауылына ешбір көлікке мінбей жеткені соның дәлелі. Есімде қалғаны ауа райын алдын ала болжауы туралы. Оның сөзін құп алғандар шаруасын күйттегенде табиғаттың құбылысын аңдиды.

Күн ілгері сезе алатын қасиеті тағы бар. Дүниежүзілік екінші соғысының алапатын алдын ала сезіп, білген. «Батыс жақтан дүлейлер келе жатыр» деп айтыпты. Фашизмнің жанталасқанынан хабардар етіпті.

Менің іштей ұйығаным, Қайырбектің адам баласына жақсылық жасағысы келіп тұратындығы. 1973 жылы осы кісі Өлеңдіде дүниеден озды. Асыл ерді жөнелтуге жиналған халық қарақұрымдай қаптады. Үлкен қызы (Есімін ұмытып қалдым) қонақ асына арнап жылқы сойғызды. Жаназада Қайырбектің әулиелігін бағалағандар басын иді.

Естуімше, Қайырбектің зиратының басына барып, түнеушілер болған. Түрлі қауіп-қатерден сескенгендер түнеп жатып, марқұмның тигізер шарапатын тілеген.

Қайырбек ағамыз қайтпас сапарға шілде айының аптап ыстық күнінде жөнелтілді. Жамбасы жерге тиісімен аспан астын қалың бұлт торлады. Іле-шала нөсерлеген жауын жауды.

«Диев» совхозы мен Өлеңді ауылының арасындағы сексен шақырымға жуық жайдақ жолдың топырағы саз балшық. Жаңбыр жауса, сазды балшықты жолмен машиналар жүре алмайды. Менің мінген көлігім кішкене «Запорожец». Сонымен ауылға төте жолмен жүруге қаймықтым. Соны сезген анам Биғанша:

– Атаңның аруағы қолдайды. Тарт төте жолмен, – деп қайрады.

Қайран қалғаным сонша, машина жолы құрғап қалыпты. Жаңбырдан кейін табиғат қабағын ашып, жайдарыланған-тын. Шілденің ыстығы қайтадан күшейді. Кешке дейін аптап ыстықтан жол үсті құрғап қалыпты.

Алпысбай Нұртазенов, Қайырбектің жақын туысы

Алпысбай Нұртазенов сұхбаттасу сәтінде оның жұбайы Шайзада сөзге араласты. Қайырбектің емшілігін есіне алды.

1964 жылы сегіз айлық қызы Несібелді қызылшамен ауырып қалыпты. Медицина мұндайда сырқатты емдеуге әлсіз.

– Сәби екі иығынан дем алып жатқанда үйге Қайырбек ата кіріп келді. Есіктен сөйлей кірген қария бөпеміздің сауығатынын бірден хабарлады. Сәби жатқан төсекке таяп барып, оны ұшықтады. Емінің шипасы күшті. Несібелді тез айықты, – дейді Шайзада жеңгей.

Міне, ерлі-зайыпты Нұртазеновтердің де көрген-білгені нағыз шындықтың белгісі.

Ермекбай ХАСЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here