Жас қаламгер, талантты ғалым

0
1723

Қаршадайынан қасиет қонған қара бала, халқымыздың тіл өнері мен әдебиетін қастер тұтып өскен жас қалам иесі Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан авторлары қоғамының, «Қыр баласы» қоғамдық қорының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы, Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көптілді білім беру институтының докторанты Әлібек Байболдың есімі бұл күнде елімізге кең танымал.

Ол 1987 жылы Алматы облысы, Кеген ауданы, Үлкен Жалаңаш ауылында туған. 2005 жылы Алматы қаласындағы №147 мектеп-гимназиясын тамамдаған соң, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетіне оқуға түседі. Дипломдық жұмысын академик Зейнолла Қабдолдың публицистикасы бойынша қорғайды. 2009-2018 жылдары аралығында Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Қазақ әдебиеті» әдеби, мәдени апталығында тілші боп істесе, кейін сол басылымның «Мәдениет және сын» бөлімінің меңгерушісі болып қызметін жалғастырды. 2016-2018 жылдары аралығында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының магистратурасында оқып, оны ойдағыдай аяқтап шығады және аталған Институтта ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Әлібектің диссертациясының тақырыбы – «Қазіргі проза: жанр және стиль мәселелері» (жетекшісі – ф.ғ.д., профессор, әдебиет теоретигі Айгүл Ісімақова). 2018-2021 жылдары аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көптілді білім беру институтының докторантурасында оқиды. Қазіргі кезде, сол оқу ордасында ұстаздық қызметте.

Осы жерде жас таланттың шығармашылық жолына аз-кем тоқталып өтсек, Әлібек Байбол – «Теміржол вокзалы», «Құлдар патшалығы», «Ой ұшқындары», «Ғинаят», «Ақын Төребай Есқожаұлы» атты 5 кітаптың, 15-ке тарта драмалық шығармалардың авторы, 9 ғылыми, әрі әдеби-көркем жинақтардың құрастырушысы. Оның «Гүлдің аты – Махаббат» драмасы Қазақтың М. Әуезов атындағы ұлттық драма театры ұйымдастырған Жас драматургтер байқауында 50 шығарманың ішінен үздік бестікке енсе, 2018 жылы «Әріптер әлеміне саяхат» (режиссеры ‒ Сағызбай Қарабалин) пьесасы Қазақтың Ғ. Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында, орысшадан тәржімалаған ағылшын драмашысы Рэй Кунидың «Смешные деньги» («Туған күн») атты пьесасы 2018 жылы Қазақтың Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында (режиссеры – Болат Ұзақов), 2019 жылы «Жеті ойыншықтың жеңісі» атты ертегісі Ж. Аймауытов атындағы музыкалық драма театрында сахналанды (режиссеры – Әділет Ақан), ал 2021 жылы Әлібек Нил Наймонның «Әумесерлер» пьесасын аударып, ол Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында қойылды (режиссеры – Фархадбек Қанафин). Қаламгер тәржімалаған испан драмашысы, әрі ақыны Г. Лорка («Бернарда Альбаның үйі») мен Нобель сыйлығының лауреаты, ағылшын драмашысы Дж. Голсуорсидың («Үлкен ұл») пьесалары Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында бірнеше рет қойылды. Ал, автордың «Теміржол вокзалы» атты повесі орысшаға аударылып, «Қазақстан-Ресей» альманахына енсе, «Ормандағы жиын» әңгімесін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің докторанты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, әдебиеттанушы-ғалым Гүлмира Сәуленбек өзінің диссертациясына зерттеу объектісі ретінде алған.

Әрине, жас болса да Әлібек өз саласында біраз жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Атап айтқанда, 2010 жылы Халықаралық «Дарабоз», 2013 жылы Халықаралық Махмұт Қашқари, 2014 жылы «Тәуелсіздік танытқан таланттар», 2016 «Үркер-үміт», Тұңғыш Президент Қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» әдеби бәйгесінің Драматургия номинациясы бойынша Гран-При иегері, 2018 жылы «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық байқауындағы «Алаш қозғалысы тарихындағы белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдер» номинациясы бойынша I орын, Алматы қалалық сотының 50 жылдық және «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» ЖШС-нің 25 жылдық мерейтойына орай Алматы қалалық сотының қолдауымен детектив жанрындағы шығармалар бойынша ұйымдастырылған Республикалық байқауда 70 әңгіменің ішінен үздік шығып, I орын иегері, «Адам» пьесасымен IX Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған конкурстың «Театрларға арналған отбасылық құндылықтарды айшықтайтын ең үздік пьеса» номинациясы бойынша II орын, ал «Бокс, бокс, бокс» пьесасымен IX Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған конкурстың «Балаларға арналған ең үздік драма» номинациясы бойынша III орын, 2019 жылдың сәуір айында «Ауыл» партиясы ұйымдастырған «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби байқауының Драматургия номинациясы бойынша III алған Әлібек Байбол осы күнге шейін 80-ге тарта үлкенді-кішілі публицистикалық, 15-ке тарта ғылыми мақала жазды. Әлібек «Ай-Кітап» электронды кітапханасының 2016 жылғы қорытындысы бойынша «Ең көп оқылған жас жазушы» (20.000 оқырман) атанды. Ол 2018 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Әбіш Кекілбаев» энциклопедиясының I томына сарапшы және редактордың көмекшісі, «Білім» баспасында әзірленген «Бабалар насияты» кітабы, жазушы-фантаст Шоқан Әлімбаевтің «Даналық формуласы» романы мен Али Жақсылықұлының «Бокс мектебі» атты оқу құралына редактор болды. Ол 2017 жылы «ТҮРКСОЙ» ұйымының ұйымдастыруымен өткен Халықаралық Түркітектес халықтары жас ақын-жазушыларының форумына (Түркия, Ыстамбұл қаласы), 2018 жылдың мамыр айында өткен «Жетісу көктемі» атты I жас ақын-жазушылардың форумына және сол жылдың маусым айындағы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Балалар әлемі: кітаптан өмірлік мұратқа» атты Балалар жазушыларының халықаралық форумына қатысты. 2018 жылы Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеу қаласындағы М. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің (МГУ) Филология факультетінде 2 апталық тағылымдамадан өтіп келгенін айтып өтсек артық емес.

Жас жазушы, әдебиеттанушы ғалым Әлібек Байбол ойы таза, қиялы ұшқыр, жаңашылдығы мол қаламгер ғана емес, сол қасиетін оқу процесімен де ұштастыра алатын ұлағатты ұстаз, шебер ұйымдастырушы екенін дәлелдеп жүрген маман. Әріптестері оны «Біздің Әлекең» деп құрметтейді. Жалпы, адамның ішкі жан дүниесінде бір нәрсе бар екені анық. Біздіңше ол – адамның асыл ойы, адамгершілігі, айналасындағыларды жақсы көруі, оларға деген адалдығы, сүйіспеншілігі десек қателеспейміз. Мінеки, осы қасиеттердің бәрі жас қаламгер, талантты ұстаз, университетіміздің үлгілі оқытушысы Әлібек Байболдың бойынан табылады.

Болат Шарахымбай

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here