Халқымыздың тарихы мен мәдениетінің бір бөлігі – музыкалық аспаптар. Осынау саланы арқау ете отырып, біз газетіміздің кезекті санында бірнеше ұлттық аспаптың құлағында ойнайтын кәсіби музыкант, қолөнер шебері, Қосшы қалалық Мәдениет үйінде Көне музыкалық аспаптар мұражайының негізін қалаушы Азамат Бақиямен жүргізген шағын сұхбатымызды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
– Бақия Бейсенәліұлы, ұлттық аспаптарға деген қызығушылығыңыз қалай басталды? Ең алғашқы аспабыңызды қай жасыңызда жасадыңыз?
– Кішкентай кезімнен үлкен кісілердің «ана кісі ұста болған, темір соққан, мықты шебер болған…» деген әңгімелерін ұйып тыңдайтынмын. Сол кезде бүкіл бала солай қызыққан шығар деп ойлаймын. Жалпы ертеректе қазақтар сыбызғы аспабын көп жерде ойнаған. Бір досым болатын, екеуміз ұлттық аспаптарға өте қатты қызығатын едік. Бірақ, ол басқа мамандықты таңдап кетті. Негізі әкем ағаш шебері, атам ұста, темір соққан кісі болды. Әкем сыбызғыда ойнайтын, ал атам домбыра тартатын. Содан 4-5 сыныпта оқып жүргенімде осы аспаптарды меңгеруді үйретті. Естеріңізде болар, «Батыр Баян» фильмінде Ноянның сазсырнайда ойнайтын жері бар. Содан Батыр жаудың қызымен кетіп қалған інісін өлтіріп жерлеген кезде басына сазсырнайды қойып қояды. Сол көріністі көріп алған мен, әкеме «әке, осы жазда барайықшы, алып келейікші, әлі ешкім алмаған шығар, әлі сол жерде тұрған шығар аспаптар» деп маза бермедім. Баламысың деген, ол «жәй реквизит» дегенді түсінбеймін. Сазсырнайға қатты қызықтым. Алғашқы сазсырнайымды алтыншы сыныпта жасадым. Содан мені Сәтпаев қаласындағы музыкалық мектепке апарды, одан кейін Жезқазған қаласындағы музыкалық колледжде оқуымды жалғастырдым. Колледжден соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алдым.
– Болат Сарыбаев өз еңбектерінде көне музыкалық аспаптар жайында нақты дәлелдер келтірген. Ал осы саланың маманы ретінде, Сіз, өз зерттеуіңізде аспаптардың қанша түрін анықтадыңыз?
– Болат Сарыбаевтың еңбектерімен колледж қабырғасында таныстым. Ол кісінің этнограф-ғалым ретінде қазақтың көне аспаптарын қайта жаңғыртуда қосқан үлесі зор. Біз жақта сыбызғы да, сазсырнай да Болат Сарыбаевпен қайта жаңғырған деп саналады. Бірақ, Қытай мен Моңғолия өңірінде бұл өнер үзілмеген. Өзімнің дәл осы салада жүргеніме 18 жылдан асыпты. Бүгінде шеберханамызда 50-ден аса аспап қайта жаңғырды. Қазір бұл аспаптар консерватория қабырғасында қосымша сабақ пен арнайы пән ретінде оқытылады.
– Қанша аспапта ойнайсыз?
– Қазақта жалпы 120-дан астам аспап бар. Үрлемелі аспаптың барлық түрінде емін-еркін ойнаймын. Негізгі мамандығым – домбырашы. Консерваторияда сыбызғы сыныбын бітірдім.
– Жалпы аспаптардың бала моторикасын дамытуға пайдасы зор. Қазіргі телефонға тәуелді жас буынның осы пайдалы аспаптарға деген қызығушылығын қалай оятуға болады?
– Негізінде аспап атаулының барлығын да мүмкіндігінше балаға лайықтап жасаған дұрыс. Бұл өте маңызды. Бізде ғой, көбінесе кішкентай баланың аспабы кәсібилік жағынан консерваторияда оқитын студенттікімен бірдей болып тұрады. Жеткіншектердің домбыраларында он тоғыз перне. Бұлай жасауға болмайды. Бала жас шамасына орай жасалған аспапты пайдаланғаны жақсырақ болады. Міне, біз тап осы айтып отырған мәселелермен айналысамыз деуіме болады. Жас буынды қызықтырудың бірден-бір жолы – балаларды бертінге дейін айтылып келе жатқан шығармалар мен өлеңдер арқылы, мейлі ол шетелдің әні болсын, қазақтың әні болсын, ынтасын оятып, сосын барып ұлттық өнерге баулу қажет. Бізде осы дүние кенжелеп қалған. Егер музыкамыз жалғасын тапсын десек, балалармен де санасу керекпіз.
– Ұлар құстың үніне ұқсайтын сазсырнайды ойлап тауып, Тұран жолбарыстың даусын салатын доңыз қауақты қайта жасап шықтыңыз. Енді кезекте қандай аспап жасамақ ойыңыз бар?
– Иә, бір кездері ұлар құстың даусын салатын сазсырнай, сосын арқардың мүйізінің ұшынан кесіп ортеке жасағанмын. Ауылда тұрған кезде Ұлытауды халыққа көрсету мақсатында сондай бір дүниелер қолдан шыққан. Әрі музыкант ретінде қызықты дүние болсын деп, ұлар құстың даусын салатын клавишке салып алып, одан кейін аспаптың аппликатурасын солай келтірген болатынмын. Бұл – ұлар құс қайта оралса екен деген ниеттен туды. Ал, Тұран жолбарыстың даусын салатын доңыз қауақ болса, ол маған дейін де жасалған аспап. Тек біз ансамбль ретінде қалыптасып, көпшіліктің ортасында жиі өнер көрсетіп жүргеннен соң аспаптарды жақсы танытып жатырмыз деп ойлаймын. Әрине аспаптарды жасайтын шеберлермен тығыз байланыста боламыз. Жалпы аспаптардың барлығы қатар жасалады.
Бүгінде біз, «Ортеке» театрына басымдық бердік. Уақыт талабына сай ортекені жаңашылдандырып, қуыршақ театрын жасамақпыз. Бүгінгі таңда осы бастамамызбен айналысып жатырмыз.
– Сіз көбіне аспаптарды сыйға тартады екенсіз. Әр аспаптың жасалу әдісінде қаншама сыр тұнып жататыны анық. Аспаптарды сатылымға шығару жағын ойлап көрдіңіз бе?
– Расында аспаптарды әлі күнге дейін сыйға беріп келеміз. Әзірге аспаптардың көлемі сатылымға шығатын деңгейде емес. Бұл аспаптардың басты миссиясы – халық арасында қайтарып алып, жаңғыртып, насихаттау.
Арада он жыл өте ме, одан да көп пе, ол жағы белгісіз. Бірақ, бір нәрсе анық: ұлттық аспаптар халық арасында кең таралып, әрбір ансамбльде бір-бір аспаптан болған кезде ғана, оның саудасын есептеуге болады. Бүгінгі басты мақсатымыз – әр аспапты мұқиятты түрде сақтау және оны шығармаларға қосып, барынша кәдемізге асыру.
– Қазіргі жастардың ұлт аспаптарын танып-білуге деген құлшынысы қандай? Шәкірт тәрбиелеп жатырсыз ба?
– Әрине, шәкірттің аспапқа деген құлшынысы ұстаздың берген бағыт-бағдарына байланысты дамиды. Яғни, жастардың ішінде тәлім-тәрбие алып, аспаптарда ойнамаса да, соны жақсы көретіндей, ұлтының құндылығы ретінде мойындап, өнерді түсінетін жастар болса, қалған жұмыс біздікі негізінде. Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра болып жеткен қазақтың музыкалық аспаптарының құндылығын одан сайын арттырып, көрсете білуіміз керек. Күйлердің барлығы консервацияға түсіп қалмай, жинақ болғаны дұрыс. Жастарға ұлттық аспаптарымызды насихаттай білсек, олардың да құлшыныстары артады деген ойдамын.
Бүгінде шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Ерлан Саду деген болашағынан үміт күттіретін шәкіртім бар. Оның барлық аспаптарды түсінуі, зерттеуі бөлек. Кезінде менің басқаларға қойған сұрақтарымды қазір өзіме қойып жүр.
– Негізін Өзіңіз қалаған мұражай туралы айтып өтсеңіз…
– Қосшы қаласындағы Мәдениет үйінен ашылған бұл мұражайға Болат Сарыбаев есімі берілген. Бұған дейін жекеменшік мұражай болып істеп тұрған. Бүгінде бұл жер көпшілік жиі ат басын бұратын айтулы орынға айналды. Мұнда мұражай мен шеберхана қатар жұмыс істейді.
Мұражай қорымызда 1 600 музыкалық аспап жинақталған. Мұндағы қызметкерлердің барлығы жоғарғы оқу орнын бітірген музыкант мамандар. Шетінен шеберлер, кәсіби деңгейде асаптар жасайды. Сондай-ақ, олар композитор, аспаптарға арнайы шығарма да жазады.
Мұражайдың тағы бір ерекшелігі – көпшілікке қолжетімділігінде. Өйткені, мұнда жәдігерлер шыны мен әйнектің артында тұрмайды. Мұражайға келушілерге аспаптарды өзіміз ойнап көрсетеміз. Әр аспаптың тарихы жайында ақпарат беріледі. Ең қызығы сол, келушілерге арнайы сауалдар қойылады, дұрыс жауап берген адамға сол жерде бір аспап жасалып, қолма-қол аспап тарту етіледі немесе келушінің өзі де аспапты жасап көре алады. Тіпті, бізбен бірге сахнаға шығып ойнаса да болады. Қысқасы, бізде барлық жағдай жасалынған. Мұнда бүкіл аспаптың әдістері бар, келіп қызығушылық танытқан адамға толық түсіндіріледі. Бес минутта сазсырнай жасап, ойнатып үйретеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Жансая ШЫҢҒЫСХАН