Мемлекет кәсіподақтардың жұмыс тиімділігін қалай арттырады?

0
2286
Негізі 1905 жылы қаланған ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2 млн-ға жуық мүшесі бар. Құрамына 23 республикалық салалық, 17 аумақтық кәсіподақ бірлестігі және 20 мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді...

Қазақстандағы кәсіподақтар қозғалысының тарихы XX ғасырдың  басынан бастау алады, яғни 1905 жылы 6 желтоқсанда ел  аумағында бірінші кәсіподақ ұйымы – Өспен мыс кеніші жұмысшыларының одағы құрылған еді. Ол қазіргі Қарағанды облысының аумағында орналасты. Кеңес кезеңінде республиканың барлық кәсіби одақтар жұмысын 1948 жылы негізі қаланған бірыңғай орталық орган – Қазақ кәсіподақтар кеңесі (Қазкәсіпкеңес) басқарды.

Кеңес Одағы кезінде, яғни 1990 жылы 10 қазанда Қазкәсіпкеңестің заңды мұрагері – Қазақ КСР кәсіподақтар федерациясы құрылды. Оның құрылтайшылары мен мүшелері салалық кәсіби одақтар және елдегі өңірлік одақ арасындағы бірлестіктер болды. Ақырында 1992 жылдың 3 наурызынан бастап Қазақ КСР Кәсіподақтар федерациясын Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы (ҚР КФ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды.

Тоқсаныншы жылдардың басында кәсіподақтар салыстырмалы түрде мықты болды. Кеңес заманындағы кәсіподақ бірлестіктерімен бірге жаңа тәуелсіз кәсіподақтар да пайда бола бастады. Олардың ықпалы өте зор болса, керісінше бұрынғы кәсіподақтар көбіне тиімсіз және бюрократияланған еді. Әсіресе, еркін кәсіподақтар конфедерациясының ықпалы күшті және аты кеңінен танымал болды. Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай жаңа кәсіподақтар саяси процестерге араластырыла бастады. Сөйтіп, олар да бюрократияланып, соның салдарында екі мыңыншы жылдарға қарай әлсірей түсті. Осылайша, олар да өте жылдам, бір он жылдың ішінде-ақ бұрынғы «кеңестік» кәсіподақтардың кебін киді.

Екі мыңыншы жылдары экономикалық өрлеу болған кезеңдегі еңбек жанжалдарының өзектілігі соншалықты маңызға ие болмады. Ал, бүгінде ұзаққа созылған экономикалық дағдарысқа байланысты әлеуметтік-экономикалық саладағы ахуал объективті түрде нашарлауда. Барлық орын алған проблемалар, оның ішінде еңбек нарығындағы ахуал шиеленісуде. Жұмысшылар арасында кәсіподақтар жұмысшылардың құқықтарын іс жүзінде қорғаушы болуын тоқтатады, қажетсіз бюрократиялық институттарға айналады деген пікір барған сайын үдеп барады.

Республикалық бірлестіктердің – ҚР Кәсіподақтар федерациясының, Қазақстандық еңбек конфедерациясының (ҚЕК) және Қазақстанның «Аманат» кәсіподақтар достастығының қазіргі әрекетсіздігі де – соған дәлел. Шын мәнінде, 2021 жылдан бастап елдегі ереуілдер толқыны кәсіподақтардың қатысуынсыз өздігінен жүруде. Барлық үш бірлестік елде еңбек даулары туындап, күшейгенде және оны реттеу кезеңдерінде еңбек құқықтарын және ереуілшілердің мүдделерін қорғауда сұранысқа ие болмады.

Бұл кездейсоқтық емес. Кәсіподақтардың құлдырауы бүкіл посткеңестік кезеңге тән еді. 1990 жылы кәсіподақтардың әрбір кәсіпорын мен ұйымда, тіпті барлық мекемелерде болуы және 7,4 млн адамның олардың құрамына енуі қызметкерлердің кәсіподақ ұйымынсыз қалмайтынына сенім берді, бүгінде олардың құрамында 2 млн адам немесе жалдамалы қызметкерлердің 40 пайызы бар.

Экономиканың түрлі салаларындағы қызметкерлер мен жай азаматтар арасында кәсіподақтар танымал емес (қоғамдық пікір сауалнамалары, оның ішінде біздің ұйым жүргізген сауалнамалар көрсетеді), одан бөлек олардың қызметінің бюрократиялануы, жұмыс берушілерге шамадан тыс адалдық танытуы тағы бар, бұл тең құқықты әлеуметтік диалог жүргізуге және әлеуметтік-экономикалық талаптарды табанды түрде қоюға мүмкіндік бермейді. Осы тұста бастауыш кәсіподақ төрағаларының 86 пайызы қоғамдық  негізде жұмыс істейтінін де атап өту керек.

Кәсіподақ туралы кімнің не ойлайтыны адамдардың жасына байланысты өзгеріп отырады. Бұл пікірдің жаны бар. Себебі, ересек адамдар кәсіподақтар туралы кеңес кезеңіндегідей әлеуметтік мәдениет туралы пікірде болса, орта жастағылар оны ата-аналарының айтуымен біледі, ал жастар, өкінішке қарай, кәсіподақтар туралы аз біледі. Тиісінше, олардың бұған қызығушылығы төмен. Сондықтан жастар арасынан шыққан кәсіподақ мүшелерінің аз болуы түсінікті жағдай. Бұл кәсіподақ ұйымдарындағы рекрутингтік саясаттың көрсеткіші төмен екенін көрсетеді.

Бүгінгі таңда кәсіподақ мүшелері ең аз өңір – әлі де сол ірі экономикалық орталық Алматы қаласы болып отыр. Ондағы кәсіподақ мүшелерінің үлесі – 3,7 пайыз, оған елдің барлық жалдамалы қызметкерлерінің шамамен 13 пайызы, яғни 864 мың адам жатады. Кәсіподақтар жұмысына белсенді араласатындардың ең жоғары деңгейі Қызылордада – 87,8 пайыз, Павлодарда – 83,6 пайыз және Түркістанда – 71,2 пайыз болып отыр.

Отандық кәсіподақтар қызметі тиімділігінің төмендігі Қазақстанда еңбек заңнамасындағы кемшіліктермен де байланысты болып отыр. Мұны Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) сарапшылары да атап өтті. Қазақстан еңбек конфедерациясының басшысы Мұрат Машкенов: «Еңбек заңнамасының кемшілігіне кәсіподақтардың өз өкілдерін ел парламентіне ұсынуға құқығының жоқтығы жатады», – деп санайды. Оның пікірінше, Тәуелсіз Қазақстан құрылған сәттен бастап кәсіподақтардың ұсыныстарына қоғам құлақ аспай келеді.

Қазақстандағы кәсіподақ қызметінің тиімділігіне әсер ететін жеке мәселенің бірі – тәуелсіз кәсіподақтар құру мүмкіндігі. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, мұндай мүмкіндік көбіне ресми әрі заңды түрде болады. Ал, іс жүзінде жағдай басқаша – кәсіподақтарды тіркеу оңай емес.

Сонымен, 2014 жылы «Кәсіподақтар туралы» Заң қабылданғаннан бері түрлі деңгейдегі кемінде 600 кәсіподақ өзінің құқықтық мәртебесін жоғалтты. Содан кейін жұмыс істеп тұрған кәсіподақтарға заң күшіне енген сәттен бастап әділет органдарында қайта тіркеуден өту үшін бір жыл берілді. Салалық және республикалық бірлестіктер өздерінің жарғыларын жаңа заңға сәйкестендіруге, кейде мүшелер саны мен аумақтық қамту өлшемдеріне сәйкес қайта құруға мәжбүр болғанын ескере отырып, олар Әділет министрлігінен қайта тіркеуге бөлінген мерзімді ұзартуды сұрады.

2020 жылдың мамыр айында Қазақстан «Кәсіподақтар туралы» шектеу Заңына түзетулер енгізді. Бұл заңнаманы 2000 жылы елде ратификацияланған ХЕҰ №87 Бірлестіктер бостандығы туралы Конвенцияға сәйкес келтіру үшін тіркеу тәртібін жеңілдетіп, жоғары тұрған кәсіподақ құрамына міндетті түрде кіру туралы талапты алып тастау үшін алдыңғы ұсынымдарға берілген жауап болды. Сондай-ақ, 2020 жылы Қазақстан үкіметі мен жұмыс берушілер және кәсіподақтардың ұлттық қауымдастықтары арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған жаңа бас келісімге бірқатар өзгерістер енгізілді.

Кәсіподақтар қызметінде проблемалар бар екенін еліміздің ең ірі кәсіподақ бірлестігі – ҚР Кәсіподақтар федерациясы да атап көрсетеді. Федерация мәлімдегендей, олардың стратегиялық мақсаты – жалақыны индекстеу, бірақ елдегі 145 мың ұжымдық шарттың ішінде бұл индекстеу  келісімдердің тек 10 пайызында ғана қарастырылған. Бұл кәсіпорындардағы ұжымдық шарттар нормаларының декларативтілігін көрсетеді. Яғни, жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық және еңбек жағдайын жақсарту үшін жұмсалып отырған күш жеткіліксіз.

Қызметкерлер көбіне өз құқықтарын қорғау үшін наразылық білдірудің стихиялық формаларына жүгінеді. Бұл кейбір жағдайларда оң нәтижелерге, жұмыс берушілердің олардың қойған талаптарын ескеруіне әкеледі. Дегенмен, бейресми наразылық көшбасшыларына жұмыс берушілер тарапынан қысым көрсетілетіні жасырын емес. Ал, бұл жанжалдарды реттеудің конструктивті жолдарының өрісін тарылта түсуде.

Кәсіподақтар – азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі. Сондықтан еңбек адамының құқығын қорғайтын, еңбек дауын шешетін елдегі барлық кәсіподақтар ұйымының алдында үлкен міндеттер тұр. Сол өзіне тиесілі міндеттерді абыройлы орындау үшін оларға мемлекет тарапынан да мүмкіндіктер берілуі керек.

Әрине, мемлекет те қарап отырған жоқ. Мысалы, жұмысқа жалдаудың жаңа нысандарын реттеуді, еңбек жанжалдарын шешуге кәсіподақтардың қатысуын көздейтін заң жобалары әзірленеді. Бұл – бір. Екіншіден, Еңбек жанжалдарының алдын алу және оларды шешу жөніндегі кешенді жоспары мен Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары заман ағымына сай жаңартылады. Үшіншіден, жұмысшылардың жалақысын арттыру және өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі шараларға баса назар аударылады. Осылайша, мемлекет отандық кәсіподақтардың жұмыс тиімділігін арттырмақ. Өйткені, мемлекет ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің жұмысын жандандыруға мүдделі болып отыр.

Айман ЖҮСІПОВА,
Eurasian Center for People Management (ECPM) Консалтинг
компаниясының жобалар бойынша жетекшісі

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here