ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТОЛЫ ЖОЛДАУ

0
1246

Ел Президенті Қ.Тоқаев кезекті Қазақстан халқына арнаған жолдауында мемлекетіміздің дамуының басым бағыттарын айқындап беріп, әлеуметтік саланың дамуына аса назар аударды. Мемлекет басшысының бастауымен ең төменгі жалақы әрі қарай артып, миллиондаған қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсаратын болады. Білім мен ғылым саласы қызметкерлері – біздің де жағдайымыз жылдан-жылға жақсарып келеді. Сондықтан өзіміздің негізгі міндетіміз – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісін әрі қарай жетілдіріп, экономиканың сапалы дамуына ықпал жасауымыз керек. Демек, жолдау бізге жаңа жауапкершіліктер жүктейді.

Негізі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мемлекетіміздің, оның экономикасының даму қарқынын арттыруға арналған жобалардың жүзеге асырылуына үлкен үлес қосып келеді. 2018 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің аталмыш жоғары мектебі флагманы құрамына университет ашылғанда ұйымдастырылған 84 жыл тарихы бар механика-математика факультетінен бөлініп шығып, жаңа ақпараттық технологиялар факультеті қосылды. Оның жұмыс істеп тұрған ежелгі екі кафедрасына қосымша IT саласының жаңа лебі – Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы ашылды.

Бірден аяғын нық басқан, бүгінгі ең танымал ақпараттық технологиялар факультеті алғашқы күннен сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярлай бастады. Негізгі міндеті – бәсекеге қабілетті жоғары білікті IT мамандарын даярлау мақсатында сапалы білім беруді қамтамасыз ету болып табылатын факультетте бакалавриат студенттері, магистратура мен докторантурада оқитындар үшін жаңартылған білім беру бағдарламалары әзірленіп, көптеген шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен қосдипломды білім беру бағдарламалары бекітілді. Информатика, ақпараттық технологиялар, әсіресе жасанды интеллект саласы қарқынды дамып келеді. Оқу жоспарларын жыл сайын халықаралық стандарттарға, IT-индустрияның қажеттіліктеріне сәйкес жетілдіріп келеміз. Жетекші IT-вендорлардың (Microsoft, Cisco, Kaspersky, Siemens, Oracle, Huawei) қолдауымен факультет қаржы бизнесі үшін сертификаттық-пилоттық жобаларды орындауға мүмкіндік беретін зертханалық жабдықтармен жабдықталды.

Факультет 2020-21 жылдары 6 білім беру бағдарламасы ASIIN және AQUIN жүйелері бойынша халықаралық аккредиттеуден өтті.

Мен сабақ беретін Ақпараттық жүйелер кафедрасында «Ақпараттық жүйелер», «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Есептеуіш лингвистика», «Жоғары жүктелген жасанды интеллектісі бар ақпараттық жүйелер», «Индустриалды ақпараттық жүйелер» мамандықтарынан бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша бойынша IT саласының болашақ үздік мамандары білім алып жатыр.

Біз сөз етіп отырған тәуелсіз еліміздің дамуының басым бағыттарының әр жолдауда қайталанып, жетілдіріліп отыратынын айттық. Себебі реформаларды жүзеге асыру барысында жіберілген қателерді түзету, дамыған елдердің тәжірибесін пайдалану сияқты мәселелер туындайды. Оларды дұрыс шешудің алғышарттары факультеттің бұған дейінгі атқарған қызметінде орын алған және жаңа туындаған жауапкершілікті табысты атқаруға мүмкіндік береді.

Ашылған кезде басты мақсаты – мемлекет азаматтарының цифрлық сауаттылығын арттыруға сүбелі үлес қосу, ел Президенті Қ.Тоқаевтың «100 мың білікті IT маман даярлау» жобасын жүзеге асыру болған факультетте бүгінгі таңда программалаушыларды олимпиадалық даярлау, үздіксіз IT-мамандарды даярлайтын «Компьютерлік ғылымдар» және Қосымша білім беру, Касперский зертханасының ақпараттық қауіпсіздік орталықтары құрылып, 6 оқу зертханасы жұмыс істеп отыр. Педагогикалық-ғылыми қызметпен 15 профессор, 32 ғылым докторы, 28 доцент, 30 ғылым кандидаты және 38 PhD докторы айналысады.

Жүйелі жүргізілген кәсіби бағдарлау жұмыстары нәтижесінде факультет мамандықтарына оқуға түскісі келетіндер саны жылдан-жылға артып келеді. Іс-жоспарларымыздың уақтылы орындалуы ұжым мүшелерінің жоғары біліктілік деңгейінің айғағы. Негізгі оқу жүктемесінен басқа, қосымша білім беру бағдарламаларына да үлкен көңіл бөлінеді және оқытушылар құрамы біліктілігін тұрақты жетілдіріп отырады. 2019-20 оқу жылы 50-ге жуық оқытушы Microsoft IT Academy, Cisco Networking Academy, COURSERA, SAS сияқты мәртебелі оқыту орталықтарының сертификаттарын иеленді. Ақпараттық жүйелер кафедрасы жанынан ашылған Касперский зертханасының Ақпараттық қауіпсіздік орталығы компьютерлік қауіпсіздік мамандарын қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жұмыстарын атқарады. Студенттердің 50 пайызға жуығы басқа кәсіби курстарда оқиды.

Жалпы алғанда, факультетте студенттердің академиялық ұтқырлығы, бірлескен ғылыми зерттеулер, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар, студенттер алмасу үшін жоғары оқу орындарымен, ғылыми ұйымдармен 60-тан астам халықаралық келісімшарттар жасалған. Англияның, АҚШ-тың, Еуропаның, Кореяның, Жапонияның, Ресейдің және Қытайдың жетекші университеттерімен, ғылыми ұйымдарымен және орталықтарымен әріптестік байланыстамыз.

Мұның бәрі бізге жолдау жүктемелерін жүзеге асыруға үлкен ықпал ету мүмкіндігін тудырады. Ендеше факультетіміздің болашақта Қазақстан цифрлық қоғамының үздік IT-мамандары үшін жаттығу алаңына айналатынына сеніміміз мол.

Болат ӘБЕНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here