Ұлт саясатының алтын желісі

0
966

Жыл сайын қазақстандықтар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын ерекше үмітпен тосады. Өйткені жолдауда мемлекеттің даму бағыттары мен халықтың әлеуметтік қорғалуына байланысты Үкіметке жаңа тапсырмалар беріледі. Әрі Парламентке қандай заңдарға басымдылық берілетіні де көзделеді. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына халықтың талаптарына үн қосып, оларды қорғау және әділ де ашық сот жүйесін қамтамасыз ету міндеттері жүктеледі.

Бұрын да Қазақстан халқына Жолдаулар жасалып, асқаралы міндеттер қойылатын. Бірақ, бірі басталып, бірі тасталып, ол жолдаулардың жүзеге асырылған қорытындысын халық көбіне біле бермейтін қала беретін.

Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2021 жылғы Жолдауына орай 103 пункттен тұратын Ұлттық жоба қабылданған еді. Солардың бәрі кезең-кезеңмен орындалып, Жаңа Қазақстанның даму концепциясы орнықты.

Біз мынаны ашық айтуға тиіспіз. Осы мерзімде «Отбасы банкі» арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құны 230 миллиард болатын 20 мың жеңілдетілген несие берілді.

Коронавирус індеті толықтай еңсерілді деуге де болады. Бопсалау мен қаржылық пирамидаларға толықтай тосқауыл қойылып жатыр. Қазақстанда «әуелі экономика, содан соң саясат» бағдарламасы жаңа форматқа көшірілді. Саяси реформалар жасалмай, экономикалық даму да болмайтынын өмір көрсетті.

2021 жылға көзделген  еліміздегі саяси реформалар толықтай жүзге асырылды. Жалпыұлттық референдум өткізіліп, қоғамды дамытудың концепциясының жолы мен бағыттары анықталды.

Халықтың саяси мүддесі мен әлеуметтік – экономикалық қорғалуының межелері белгіленді.

Міне, осындай әлемдік шиеленіс, Ресейге бағытталған санкциялар Қазақстанға әсер етуі мүмкін бе? Енді не істеу керек?- деген сұрақтар халықты алаңдатып отырғаны жасырын емес. Жақында сайлаушылармен болған кездесуде өзіміз де бұл сұрақтардың халықты алаңдататынын білдік.

Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың 1-қыркүйектегі қос палаталы парламенттің бірлескен отырысында жасаған Қазақстан халқына арналған Жолдауы сайлаушылардың да, біздің де көкейімізде жүрген көптеген сұрақтардың түйінін шешті деп нық айта аламын.

Иә, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы саяси жаңғыру, әділетті Қазақстан құрудың көкейкесті мәселелеріне арналған сөзі, «елімізде жаңа экономикалық саясаттың» бастау алғанын көрсетті.

«Жаңа кезеңге кірген» Қазақстан дамуының алғышарттары қандай? Міне, осы мәселелердің бәрі шикізатқа тәуелді Қазақстанның жаңа жолын айғақтады. Сондықтан да, басты мақсат қоғамның тазалығын, шағын және орта бизнесті дамыту, адами капиталды көтеріп, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалуы мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды.

Президент жаңа салық саясаты қажет екенін айта отырып, 2023 жылы осы сала бойынша жаңа Заң қабылданатынын жеткізді.

Бюджеттік саланы реформалау да жалғасын таба бермек. Ұлттық қордың қаржысын орынсыз жұмсау тоқтатылады. Әрі жаңа «Бюджет кодексін» қабылдау күн тәртібінде тұрғанын қадап айтты.

Ұлттық банк, кредиттік жүйені реттеу мәселелеріне де Президент ерекше назар аударды.

Әрине, білім мен ғылым саласының маманы ретінде мені Мемлекет басшысының төмендегі тұжырымдары ерекше толғантты.

Президент білім, ғылым, жастар тәрбиесіне басым бағыт берді. Келесі жылы 100 мың жас жұмыспен қамтылатынын және оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыздан аспайтын шағын несие берілмек. «Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді.»

Мектеп, балабақша мәселелері бұл Жолдауда да мемлекет басшысының назарында болды. Ол «орта білім сапасы- табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты», – деп атап өтті. Бұл тезистің өміршеңдігін соңғы жылдары жасалып жатқан реформалардың барысы көрсетіп отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы халық жүрегінен шықты. Енді 2025 жылға дейін 800 мың бала заманауи жасақталған мектептерде білім алатын болады.

Президент Қ.К. Тоқаевтың жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституциялық реформаларының  нәтижесінде Ата заңымызға сәйкес жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі болып табылады.

Ендеше, оны халық игілігіне жұмсаудың қандай тетіктері бар? Осыған орай мемлекет басшысы отыз жылдан бері айтылып, бірақ орындалмай жүрген бір түйткілді мәселенің түйінін шешті.

Әрбір отбасы ұлттық қазба байлықтарынан өз үлестерін алуға тиісті. Балалар жылының аясында Қ.К. Тоқаев «Ұлттық қор-балаларға» атты бұрын-соңды болмаған, теңдесі жоқ жаңа жоба ұсынды. Енді ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18-ге жеткенше балалардың арнайы есепшоттарына аударылатын болады. Мұны әрбір ата-ана, әрбір қазақстандық қуанышпен қабылдағанына сенімдімін.

Енді, жеріміздің байлығы халық мүддесіне жұмыс істейтін болады.

Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықтарды жою Үкімет алдындағы жауапты міндеттердің бірі болып қалмақ. Сондай-ақ оқушылар қазақ және орыс тілдерін қатар жетік білуі замана талабы екенін де қадап айтты.

Отандық жоғары оқу орындарының мақсаты мен мүддесі, олардың кадр даярлаудағы әлеуеті, жауапкершілігі де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы «ҰБТ нәтижелері мен өзге де көрсеткіштерге байланысты 30-дан 100 пайызға дейінгі сараланатын білім гранттарына ие болатынын жеткізді». Әрі ЖОО студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету үшін мемлекет пен жекеменшік серіктестікті тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. «Бұл шаралар жоғары білімді мейлінше қолжетімді етеді, сондай-ақ қоғамдық серіктестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады»,- деді Қ.К. Тоқаев.

Қазақстан Президенті мемлекеттік дамудың басым бағыттары туралы сараптама жасай отырып, кейбір орын алған кемшіліктерді де сын тезіне алды. Мәселен, денсаулық сақтау саласын алайық. Әрине, бұл сала бойынша біраз реформалар жүргізілді. Бірақ олардың барлығы халық сұранысына жауап бере алмады. Бұған жолдаудағы Президент сөзі айғақ:

«Еліміздің басты құндылығы – Адам. Бұл айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы болса ғана, қоғам орнықты дамиды.

…Дегенмен, оның жағдайы әлі мәз емес»…

Мұндай, кемшілікті түзеу үшін мемлекет не істеуі керек? Бұған да жауапты Жолдаудан табасың. «Ашығын айтсақ,- деді Президент,-мұндай жүйенің тиімділігі төмен». Жолдауда айтылған осы ескертпелер Үкіметке берілген тапсырма деп есептейміз.

Мұны Президент, халық талап етіп отыр.

Әрине, Президенттің кезекті жолдауын терең талдап, сараптама жасау уақыт еншісінде. Бұл жолдарды парламент залынан шыға салып, көңілге оралған сәттерді халыққа жеткізу үшін жазып отырмын.

Жаңа Қазақстан құру – саяси реформаларсыз өтпейтіні белгілі. Сондықтан да Президенттің жоғарыда қойылған міндеттерді орындау үшін саяси реформалардың мәні мен маңызын түсіну қажет. Жүректен шыққан бұл сөздер ешкімді де бейтарап қалдырмайды ғой деп ойлаймын.

Шын мәнінде, жалпыұлттық ынтымақтастық, билік пен қоғам серіктестігі Қ.К. Тоқаев реформасының алтын желісіне айналып отыр. Өйткені «күшті Президент, ықпалды – Парламент, есеп беретін Үкімет» бір мақсатқа, бір ұлттық мүддеге жұмыс істегенде ғана қоғам дамиды, экономикасы өседі, халық әлеуметтік жағынан қорғалады.

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды , – деді Президент. – Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойласумыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні осы.

Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу.

Елдігімзді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ.

Президент Мемлекет қауіпсіздігі мен жалпыұлттық көкейкесті мәселелерді көтерді. Әлем саясаты шытынап тұр. Көрші мемлекетке жасалып жатқан санкциялар Қазақстан саясаты мен экономикасына әсер етпей қоймайды. Петербургте өткен саммит кезінде Қазақстан Президентінің сөйлеген сөзі әр қазақстандықтың жүрегіне жетті, патриоттық сезімін ұялатты.

Қазақстан Президенті халықтан ештеңені жасырған жоқ. Қалыптасқан әлемдік саяси текетірес тұсында оған «халықтың жаңа сенім мандаты» қажет. Сондықтан да, мемлекет басшысы «мемлекет мүдесі үшін Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажеттігін халыққа мәлім етті. «Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзімнен аспайтын болады». Қ.К. Тоқаев айтқандай «бірақ, қайта сайлануға тыйым салынады».

Қалыптасқан геосаяси жағдайда бұл шешім дер кезінде айтылып отыр деп есептеймін. Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу ел мен жер тұтастығы үшін кезек күттірмейтін мәселе деп есептеймін.

Біз өз Президентімізбен бірге тарихи таңдау жасағанда ғана Ұлттық қауіпсіздігімізді сақтай аламыз. Бұл әрқайсымыздың азаматтық, әрі адами парызымыз деп білемін.

Б.Т. Жұмағұлов

ҚР Парламент Сенатының депутаты, ҰҒА академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here