Сіз жапонның «Алиса шекаралық аймақта» атты сериалын көріп пе едіңіз? Құмар ойындарына басымен кіріп кеткен жас жігіт туралы Netflix шығарған туынды. Ондағы бас кейіпкер Рёхэй Арису реалды өмірден қажып, екі досымен бірге қаңырап қалған Токиоға тап болады. Бұл Токио оның компьютерде ойнаған ойындарында кездесетін иллюзиялық аймаққа өте ұқсас, яғни шарт бойынша ол мұнда да ойын ойнауға мәжбүр. Бұл жай ойын емес, өмір мен өлім арасындағы ойын. Достарымен осындай «қиял» әлеміне түскен Арису, барлық жолдасынан айырылып, өлермендікпен аман қалған соң, шынайы өмірді аңсай бастайды. Бірақ, шекаралық аймақтан шығу оңай емес…
Дәл осы секілді кез келген құмар ойыны – өмір мен өлім арасындағы ойын. Оған кірген адам барын тігеді. Аз-аздан басталған нәрсе бірте-бірте ұлғая береді. Бүгінде Алматы секілді алып шаһар да үлкен ойынханаға айналғандай. Көшеде не көп – ойын ойнаған жастар мен тізіліп тұрған ойын аппараттары көп. Бұл ойын футбол немесе спорт ойындары емес, бір кірсең, басыңды алып шығу қиынға соғатын құмар ойындары. Міне, осы ойындар қаншама жанды өзіне тәуелді етіп үлгерді. Кез келген адам ешбір кедергісіз құмар ойындарының құрсауына қалай түсіп қалғанын білмей де қалуы мүмкін. Әсіресе, албырт жастардың құмар құрбанына айналуы оңай.
Жақында осы мәселеге байланысты Алматыда жастар арасында ойынға тәуелділіктің алдын алудың кешенді жоспары құрылды. Жастар арасында лудоманияның алдын алу және ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл жоспарын Жастар саясаты басқармасы Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп жасады. Бұл туралы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Әзиз Қажденбек мәлімдеді.
Әзиз Қажденбек ойынға тәуелділік мәселесі өте өткір тұрғанын және әлеуметтік салдардың тұтас кешенін тудыратынын атап өтті. Осыған байланысты кешенді жоспар құру қажеттілігі анықталды, оның шеңберінде семинарлар, дәрістер, дөңгелек үстелдер, жәрмеңкелер, жастар мен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары және конкурстар өткізіледі. Сонымен қатар, Басқарма әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «жастар арасында Интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу» жобасын іске асыруда. 2024 жылы жобаға бөлінген сома 30 млн теңгені құрайды. Бюджеттегі өсім алдыңғы жылдармен салыстырғанда 4 есе көп.
Жобаға төмендегі жұмыс түрлері енгізілді:
– жоғары оқу орындары мен колледждерде Интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу бойынша жастар арасында кемінде 20 іс-шара өткізу;
– құмар ойындары бар сайттарды анықтау бойынша онлайн мониторинг жүргізу, осы сайттарды бұғаттау жөніндегі құзыретті органдарға ұсыныстар жібере отырып, құмар ойындары бар сайттардың тізімін жасау;
– ақпараттық курстар мен жобаларды іске асыру, жастарды интернет-кеңістікте қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелеріне оқыту, кибербуллингтің, Интернетке тәуелділіктің және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру материалдарын әзірлеу;
– қала жастары арасында әсер етушілер мен трендсеттерлер қатарынан қоғамдық пікір көшбасшыларының пулын құру.
2024 жылдың басынан бастап Алматы қаласының бірқатар жоғары оқу орындарында 500 адам қамтылған студенттер арасында «Құмар ойыны – қоғам дерті», «Интернет тәуелсіздік: пайдасы мен зияны» тақырыптарында оқыту семинарлары өткізілді.
«Біздің мақсатымыз – қала жастарының қауіпсіз және салауатты болашағын қамтамасыз ету екенін тағы да атап өткім келеді. Бірлік, бірігу арқылы ғана қауіпсіз болашақты қамтамасыз ете аламыз», – деп түйіндеді сөзін Әзиз Қажденбек.
ЛУДОМАНИЯМЕН КҮРЕС
«Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар ойнауға тыйым салынады», – деп хабарлады депутат Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс аясында. «Мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілер, яғни 220 мың адам барлық құмар ойындарынан шектеледі», – деді депутат.
Сонымен қатар, лудоманияның алдын алу мақсатында БАҚ-қа букмекерлік кеңселерді жарнамалауға тыйым салынады. «Букмекерлік кеңселер тек ресми спорт сайттарында немесе спорт арналарында жарнамалауға құқылы», – деді мәжілісмен.
БАҚ-қа букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалағаны үшін 60 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Ол әрбір қайталанған бұзушылықпен ұлғаяды. Букмекерлік кеңсе өз кезегінде лицензиядан айырылады.
«Егер БАҚ жүйелі негізде букмекерлік кеңселерден қаржыландырылатын болса немесе оларды жарнамалайтын болса, әрине, басқа да шаралар қабылданатын болады, оның ішінде біз жарнамаланатын букмекерлік кеңседен лицензияны қайтарып аламыз», – деп нақтылады Елнұр Бейсенбаев. Ол тыйым қазақстандық провайдерлердің кино көруге арналған платформаларына да қатысты екенін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда интернет-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуде.
ЕНДІ ӘРБІР АДАМ ОЙЫННАН ӨЗІН ШЕКТЕЙ АЛАДЫ
Қазақстан тұрғындары құмар ойындар мен бәс тігуге өз бетінше тыйым сала алады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің Баспасөз қызметі хабарлады.
«Енді Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер egov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады», – деп хабарлады Баспасөз қызметі.
Жаңа қызмет өтініштерді өңдеу мерзімін едәуір қысқартады және құмар ойындарға қатысудан өзін-өзі шектеу процедурасын жеңілдетеді.
«Өтініш ЭЦҚ өтініміне қол қою арқылы онлайн беріледі. Өтініш бергеннен кейін сервис дереу тіркеледі және өтініш берген тұлға өтінішті қайтарып алу құқығынсыз 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан шектелген адамдардың тізіміне енгізіледі. Бұл ретте құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуды шектеу мерзімі аяқталғанға дейін шектеуді ұзарту туралы өтініш беруге болады», – деп толықтырды комитет.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанды құмар ойындарға тәуелділік толқыны шарпыған болатын. Казинолардың, букмекерлік кеңселердің және басқа да «құмар дилерлерінің» қызметтері спорт, мәдениет немесе өнер саласындағы қызметтерден айтарлықтай асып түседі. 350 мыңнан астам қазақстандық құмар ойындардан зардап шегуде.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп, онда халық арасында ойынға тәуелділік мәселелері қаралды. Президент қазақстандықтар арасында ойынға тәуелділікпен күрес бойынша шаралар кешенін қабылдауды тапсырды.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ