Қаржы пирамидасы: Жеңіл табыс жерге қаратады

0
1823
Коллаж: Руслан Пряников | kapital.kz

«Тез баю», «ай сайын жоғары табыс», «сенімге лайық инвестиция»… Бүгінгі ақпарат заманында осындай уәделер әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы кеңінен таралып жатыр. Алайда осы уәделердің артында жиі кездесетін бір құбылыс бар – ол қаржы пирамидасы. Бұл схема бойынша азаматтар қаражатын белгілі бір жобаға салады, ал оларға жоғары табыс уәде етіледі. Жобаның өмір сүруі жаңа қатысушылардың келуіне ғана байланысты болады. Бір сөзбен айтқанда, ертегідегі «жеңіл табыс» иллюзиясы.

Интернет алаяқтық: Әккілердің әрекетіне тосқауыл бола ма?

2025 жылдың алғашқы алты айында Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларына қатысты 90-ға жуық қылмыстық іс қозғады. Бұл қылмыстардың құрбандары болған азаматтар саны 400-ден асады, ал келтірілген материалдық шығын 700 миллион теңгеден артық.

«Егер жоба сізге жоғары табыс уәде етіп, жаңа қатысушыларды тартуды міндеттесе – бұл нақты пирамида. Мұндай жүйе ерте ме, кеш пе құлайды. Тек алғашқы қатысушылар аздап пайда көруі мүмкін, қалғандарының ақшасы түгел жоғалады», – деді агенттіктің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілінің сөзінше, 2024 жылы агенттік 45 қаржы пирамидасын жойған. Олардың ішінде тек 20 миллиард теңге қаражаттың бір бөлігі ғана азаматтарға қайтарылған. Қалғаны – белгісіз шоттарға аударылып, жымқырылған. Осы іске байланысты 78 адам сотталған, мыңдаған сайт пен жүздеген чат бұғатталған. Пирамидалар көбіне «инвестициялық платформа», «жеке қор», «стартап», «жобалық қаржыландыру» деген атаумен жасырынады. Алаяқтар арнайы кеңселер ашып, семинарлар өткізіп, танымал тұлғалармен фотоға түсіп, әлеуметтік желіде белсенділік танытады. Бұл – азаматтардың сенімін арттыру үшін жасалатын қулық.

Қаржы пирамидалары – бұл тек ақша емес, адамдардың сеніміне жасалған шабуыл. Олар қоғамға экономикалық қана емес, психологиялық зиян да келтіреді. Мемлекет пен қоғам бірлесіп, бұл құбылыспен күрес жүргізуі қажет. Ең маңыздысы – әр азамат өзінің қаржыға қатысты шешімдеріне жауапты екенін сезінуі керек. Сенім емес, білім маңызды.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here