Кемпірабад қырғыздан өзбекке түпкілікті өте ме?

0
1699
Қырғызстан Кемпірабад су қоймасы мен оның маңындағы 4 485 гектар жерді Өзбекстанға беретінін мәлімдеді

Қырғызстан Қазақстан, Қытай, Тәжікстан, Өзбекстан елдерімен шектеседі. Соңғы екі елмен қырғыздар мемлекеттік шекара мәселесінде әлі толық келісімге келмеген. Атап айтқанда, Тәжікстанмен 452 шақырым, Өзбекстанмен 371 шақырым аумақ делимитацияланбаған. Соның салдарынан КСРО-ның іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқалған осы 30 жылда қырғыз бен өзбек, қырғыз бен тәжік арасындағы жер дауы тоқтамай келеді. 14-19 қыркүйек күндері Қырғызстан мен Тәжікстан арасында болған қарулы қақтығыс осы сөзімізге дәлел бола алады. Соңғы қақтығыста екі тараптан 142 адам көз жұмды.

Әрине, өзара шекарасы шегенделмеген елдер арасында дау тумай тұрмайды. Дегенмен, шекара мәселесін қарулы жолмен шешу екі тарапқа да опа бермейтіні анық. Мұны Бішкек те, Ташкент те, Душанбе де жақсы түсінеді. Содан билік басындағылар үстел басына отырып, келіссөз жүргізу арқылы мәселені шешуге тырысады. Айталық, 26 қыркүйекте Қырғызстан мен Өзбекстан үкіметінің мүшелері қырғыз-өзбек шекарасына делимитация және демаркация жүргізу бойынша хаттамаға қол қойды. Бұл құжат шекараның жекелеген бөліктері бойынша жаңа келісім жобасын мақұлдау процедурасын бастауға мүмкіндік береді.

10 қазан күні өткен Жогорку Кенештің халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік және миграция жөніндегі комитетінің отырысында Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы Қамшыбек Ташиев осы кезге дейінгі екі ел арасындағы даулы шекарадағы 4 485 гектар жер Өзбекстанға, 19 699 гектар жер Қырғызстанға берілетінін хабарлады. Оның мәліметінше, Өзбекстанға Кемпірабад су қоймасы мен оның маңындағы 4 485 гектар жер беріледі, ал Қырғызстанға Гавасай елді мекеніндегі 12 949 гектар жер, Ала-Бұқа ауданындағы Көк-Серек (105 га), Бірінші май (1 202 га), Баястан (212 га), Қара-Белес (25 га) ауылдары, Қара-Су ауданындағы Ақ-Таш ауылы (100 га), Ноокен ауданындағы Шамалды-Сай ауылы (1 088 га), Қадамжай ауданындағы Көк-Тал, Пылдырақ жерлері (1 013 га), Ақсый ауданындағы Әуежай, Жетіген, Кербен жерлері (571 га), Унгар-Тоо тауы (35 га), Шарихан-Сай арнасының бір бөлігі (19,5 га), Созақ (500 га), Үзген (500 га), Араван (148 га) аудандары, Орто-Токой су қоймасы (1 009 га) толығымен өтеді.

Қамшыбек Ташиев мұның алдында су қойма Өзбекстан жағының толық бақылауында болғанын, енді тараптар бөгетті теңдей басқару үшін бірлескен кәсіпорын құруға келіскенін алға тартты.

Әрине, жер дауында «ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» ортақ бір шешімге келу қиын екенін атқа мінерлер жақсы түсінгенімен, қарапайым халық бір қарыс жер үшін қан кешіп, бір сүйем жер үшін жан беруге дайын тұр. Содан биліктің бұл шешіміне қырғыздар әу баста қарсы болған. Анығында, қырғыздар, соның ішінде Үзген ауданының тұрғындары Кемпірабад су қоймасына қатысты билік шешімімен келіспейді.

Иә, қырғыздардың уәжі де орынды. Өйткені, жетпісінші жылдары пайдалануға берілген Кемпірабад (өзбектер үшін Әндіжан) су қоймасы Өзбекстанның ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін салынды. Бірақ, қырғызға тиесілі біраз жер су астында қалды. Соған байланысты КСРО сияқты бір шаңырақ астында өмір сүрген өзбектер мен қырғыздар өзара келісімге келді. Келісім аясында Ташкент Фрунзеге (Бішкек) өтемақы төлеуге міндеттелді. Қамшыбек Ташиев Қырғызстан өтемақыны әлі күнге дейін алып келе жатқанын айтады. Алайда, Өмірбек Текебаев Қамшыбек Ташиевпен келіспейді.

«Өзбектер бізге басқа жерден учаске берді. Ол рас. Бірақ, Ташкент Бішкек алдындағы суарумен қамтамасыз етілген тағы 10 мың гектар жер беру, Қадамжайдан Таласқа дейін 200 шақырымдық канал салу келісімдерін орындаған жоқ», – деп санайды саясаткер.

Жергілікті тұрғындар да осындай пікірде. Сондықтан қырғыздардың басым бөлігі Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың: «Шекарадағы даулы жердің 99 пайызы Қырғызстан пайдасына шешілді», – деген сөзіне иланып отырған жоқ. Кемпірабад су қоймасына қатысты «жұртты адастырып жүрген» қырғызстандықтарға ескерту жасап, оларға қарсы «қатаң шара қолдануға» бұйрық беретінін айтса да, биліктің шешіміне қарсы шығып жатқандардың қарасы көп. Сенбі күні Үзген ауданында Кемпірабад су қоймасына қатысты Халық құрылтайы өтті. Жогорку Кенеш депутаты, «Бүтін Қырғызстан» фракциясының жетекшісі Адахан Мадумаров бастаған саясаткерлер билік шешіміне қарсылық білдірді. Дегенмен, соңғы сөзді Қырғызстан президенті айтады.

Садыр Жапаров «Кабар» мемлекеттік ақпарат агенттігіне берген сұхбатында «мемлекет тағдырын бір ғана Үзген тағдырына байлап қоюға болмайтынын» айтты. Бұл дұрыс та шығар. Өйткені, дауға айналған су қойма арқылы 2 млн гектардан астам жерін суарып отырған Өзбекстан оңай шағылар жаңғақ емес. Ал, даулы жер екі ел арасындағы алыс-беріске, барыс-келіске тұсау салып отыр.

Айта кетейік, Кемпірабад немесе Әндіжан – Өзбекстанның Әндіжан облысы мен Қырғызстанның Жалалабад, Ош облыстарының түйіскен жерінде орналасқан су қойма. Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан су қойма 1962 жылы жобаланып, 1970 жылдары пайдалануға берілген. Ол Қырғызстанның Тар, Қарақұлжа, Қарадария өзендерінің суымен толысады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here