Диктатор екенін мойындаған әлемдегі жалғыз диктатор

0
4576

ХХ-шы ғасырдың ортасына қарай шағын ғана аралда орналасқан Куба мемлекетіндегі саяси қозғалыстар шиеленісіп кетті. Мемлекет аумағы шағын болғанымен, Куба тәуелсіз мемлекетке айналып қана қоймай, бір кездері АҚШ-пен серіктес ел болды және социалистік лагерьдің эксприментіне айналуы арқылы Латын Америкасында кеңінен танымал болды. Соған қарамастан кубалықтар ұзақ мерзімге көшбасшы таба білді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Кубаны жарты ғасыр басқарған, диктатор екендігін мойындаған жалғыз диктатор, 638 рет өлімнен аман қалған Фидель Кастроның (1926-2016) саяси қызметіне, Кубаның өткен тарихына тоқталады.

АЗАТТЫҚ ЖОЛЫНДАҒЫ АРПАЛЫС

Куба 1898 жылы аяқталған ұлт-азаттық көтерілістің арқасында ресми түрде Испаниядан тәуелсіздігін алды. Алайда, Кубаның азаттық жолындағы күресінің жеңіске жетуі Испания мен АҚШ арасындағы қысқа мерзімді соғыстың нәтижесімен тікелей байланысты. АҚШ әскерилері испандықтарды Кубадан түре қуып шығу арқылы жеңісті кубалықтарға жұлып берді. Дегенмен, бір жылдан соң АҚШ Кубаны басып алды. Халық толқулары күшейгендіктен, американдық экспансияның ғұмыры ұзаққа созылмады. 1902 жылы мамыр айында АҚШ-тың разылығымен Куба республикасы жарияланды.

Кубаны АҚШ алдында борышкер санаған Вашингтон үкіметі аралға құрық салудан тартынған жоқ. Бастапқыда мұнысына кубалықтар да қарсы келмеді. Ақиқатына келгенде, тәуелсіздігін енді алған, сыртқы нарықпен байланысы жоқ, экономикасы бір қалыпқа түспеген жас мемлекеттің бас тартар жөні де жоқ болатын.

1902 жылы АҚШ билігі Куба кемелеріне мұхитта еркін жүзуге рұқсат берді. Бірақ, кемелерді қатаң қадағалап отыруды да ұмытпады. Вашингтон Гаванаға біршама қолдау көрсетті. Көптеген несиелер беріп, инвестициялар құйып қана қоймай, мәдени экспансияны жүзеге асыруды қолға алды.

Сонымен қатар, АҚШ халықаралық құқықтар тарихында ерекше құжат қабылдады. Америка құрама штаттарының ішкі заңы болған Платтың әйгілі түзетулері Вашингтон мен Гавана арасындағы қарым-қатынастарды да реттейтін болып шешілді. Сайып келгенде, бұл Кубаның АҚШ-тың көп штаттарының бірі ретінде танылуы болатын. Солай бола тұрса да, АҚШ-тың аралдың ішкі және сыртқы саясатына тікелей араласуынан аулақ болғандығын да ескеруіміз керек. Вашингтон Гаванадағы демократиялық қозғалыстар мен биліктегі ауыс-түйістерді сырттай бақылап отырды. АҚШ-тың Кубаға қойған жалғыз шарты – америкалық басқыншылықтан қалған АҚШ азаматтарының жеке меншігін қорғау болды.

Үш он жылдықта елді ұлт-азаттық соғыстың батырлары басқарды. Әрине, оның салдары көп болды. Кубалық батырлардың абыройы аспандап тұрғанымен, олар экономикалық түйіткілдерді шеше алмады. Арал АҚШ-тың берген субсидия-ларымен ғана күнін көріп, мешеулене берді.

АҚШ-қа қарап алақан жайып отырған елде үлкен дағдарыс басталды. Жаппай кедейлік пен аштықтың белең алуы халықтың Херардо Мачадо (1871-1939) үкіметіне деген наразылығын тудырды.

«Сержанттар төңкерісінің» нәтижесінде билікке популист социалистер Рамон Грау мен Фульхенсио Батиста келді. Популист социалистер өз идеяларын тек билікті сақтау үшін көзір етіп қолданды. Десек те, біршама өзгерістердің болғаны рас. Жаңа үкімет Платтың түзетулерін қолданудан бас тартты. Бұрынғы үкіметпен байланысы бар барлық саяси партиялардың көзін құртып, орнына американдық мафиялармен қатынас орнатты. Алайда, Батиста үкіметінің әкелген жаңалықтары бұл ғана емес, билік Кубада сегіз сағаттық жұмыс күнін белгілеп, әйелдерге сайлау құқығын беріп қана қоймай, оларға төменгі жалақы мөлшерін енгізді.

СТУДЕНТ РЕВОЛЮЦИОНЕРГЕ ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?

Жаңа үкімет басшысы Фульхенсио Батиста қарсыластардан тапшылық көрмеді. Оқыған жастар елдегі америкалық ықпалға және генералдың әскери тәртібіне наразы еді. Ауық-ауық толқулар орын алып тұрды. Алайда, Батиста бас көтергендерге қарсы өлім жазасын қолданудан бас тартты.

Өлім жазасынан құтылған әйгілі наразылық білдірушілердің бірі студент Фидель Кастро еді. Фидель троицкийшіл социалистердің әдісіне де, идеяларына да пысқырмады. Жас заңгер ұлттық социализмді қолдап, ұлтшыл Адольф Гитлердің шығармаларын белсенді зерттеп, Кеңес Одағындағы Иосиф Сталин жасаған өзгерістерге таң қалумен болды.

Фидельдің үкімет басшысына қарсы шығуына таныстары таңдана қоймады. Себебі, он үш жасында плантация жұмысшыларымен бір сапта болып, әкесіне қарсы шыққан адамның үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мемлекет басшысына  наразы болуы заңды деп есептелді.

Жас заңгер қолындағы барлық мүмкіндіктерді қолдана отырып, Батиста үкіметімен күрес жүргізді. Ол үнемі наразылық шерулеріне қатысып, қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың құқығын қорғап, барлық жағынан көмек көрсетті. Тіпті, конститутциялық нормаларды аяққа таптағаны үшін, билікті күшпен басып алғандығы үшін Батистаның өзін сотқа берді.

Әрине, авторитарлық жүйе орнаған қоғамда Фидельдің сотта дегеніне жетуі неғайбыл болатын. Бір қызығы, сол кезде Батистаның кебін өзі киерін жас заңгердің үш ұйықтаса да түсіне кірмеді.

Құқықтық жұмыстармен қатар, белсенді азамат саяси қызметпен де айналысты. Бастапқыда ол православ партиясының мүшесі болды. Олармен бірге режимге қарсы пассивті күрес жүргізді. Алайда, көп ұзамай партия ыдырады. Содан Кастро белсенді қарсылық көрсету үшін православие мүшелерінің ең радикалды мүшелерін жинауға шешім қабылдады. Сөйтіп, мың жарымға жуық адам Батиста үкіметін күшпен басып алуға сөз байласты. 1952 жылдан бастап төңкеріс үшін астыртын дайындық жұмыстары басталды.

1953 жылы 26 шілдеде Фидель Кастро бастаған екі жүз қарулы студент Сантьяго-де-Куба қаласындағы Монкада казармасына шабуыл жасады. Екі сағатқа созылған атыста кәсіби жауынгерлер студенттік жасақты қырғынға ұшыратты. Тірі қалғандары қамауға алынды. Тұтқынға түскен Фидель Кастро көтеріліс жетекшісі ретінде сотқа тартылды. Сот алдында Кастро өзінің тарихта қалған сөзін сөйледі. Ол өзінің Батистаға қарсы жасаған әрекетінің заңдылығы туралы айта келе: «Тарих мені ақтап алады», – деп сөзін аяқтады. Сот жас бүлікшіні он бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Батиста әскери диктатура орнатқанымен, оны «қанды қол диктатор болды» деуге негіз жоқ. Оның 1955 жылы Сантьяго-де-Куба қаласында шабуыл ұйымдастырғандарға рақымшылық жасауы осыны айғақтайды. Мүмкін Батистаның басты қателігі де осы шығар. Жауды аяған – жаралы екендігін Кастро Батистаға мықтап ұғындырғысы келгендей. Мексикаға жер аударылған ол үкіметке қарсы кезекті «сыйын» дайындап жатты.

Мексикада Фидель өзінің әйгілі қанды көйлек серігі, дәрігер студент Эрнесто Че Геварамен танысты. Пікірлес жастар алдағы шабуылды бүге-шүгесіне дейін ойластыра бастады.

Төңкерісшілер өздерінің 26 шілде қозғалысын «М 26» деп атады. Қозғалысты жақтаушылар болса Гаванада диверсия ұйымдастырып, Батистаның жергілікті әскери барлау жетекшісін өлтіріп, өз ұстанымдарын айқын көрсетті. Ал,  негізгі  топ  Гранма яхтасымен Кубаға қарай бет алды. Кубаға бет алған яхта тек жолаушылар ғана емес, бұл жолы үлкен өзгеріс алып келе жатты.

Барлау қызметінің хабары арқылы Батиста мұның бәрінен хабардар болды. Әскери бөлім төңкерісшілердің жағалауға шығар нүктесін алдын-ала қоршап алып, көздерін бір жолата құртуға шешім қабылданды.

Төңкерісшілер жасағы жағаға шыққан беттен оқ жаудырылды. Бұл жолы да бүлікшілердің қатары бүлінді. Бірақ, Кастро мен Че Гевара бастаған бір топ жасақ тауға қашып үлгеріп, бой тасалады. Таудағы бүлікшілердің барлығына ұзын сақал өсіру тапсырылды. Сөйтіп, ұзын сақал кубалық оппозиционерлерге тән символға айналды.

1957 жылдан 1959 жылға дейін аралда іс жүзінде азамат соғысы болды. Бір таң қаларлығы, АҚШ Кубаның ішкі саясатына мүлдем бас сұқпады. Оқиғаның өрбу деңгейін қадағалаумен ғана болды. Батиста үкіметі соңғы демін ала бастаған тұста ғана араласты.

1958 жылы 31 желтоқсанда генерал Франсиско Таберниль Куба басшысына ендігі жерде күш алып кеткен бүлікшілердің бетін қайтара алатындығына қауқары жетпейтіндігін жеткізді. Содан кейін әскери диктатор жеке ұшағымен елден кетуге бел байлады. Бір күннен кейін Гаванаға Кастроның сарбаздары кірді.

БИЛІККЕ КЕЛГЕН АДВОКАТ

Бастапқыда төңкерісшілер комитеті Мануэль Уррутияны президент, ал оның адвокаты Миро Кардонаны премьер-министр қызметтеріне тағайындады. Әрине, бұл шешім қисынды еді. Себебі, төңкерістің басты кейіпкері Фидель Кастро ұзақ уақыт бойы билікке келмейтінін айтқан еді. Ол оппозицияның жеңісінен кейін туған ауылына барып, сол жерде заңгерлікпен айналысуды жөн көретіндігін бірнеше рет айтқан.

Іс жүзінде Кастро төңкерістен кейін іле-шала билікке өз талаптарын қойды. Басында оған соғыс министрі лауазымы берілді. Бірақ, оны азсынған Фидель көп нәрсені қалады.

Нәтижесінде, 15 ақпанда премьер-министр Кардона отставкаға кетуге мәжбүр болды. Келесі күні Кастро Кардонаның орнын суытпай премьер-министрлікке көтерілді.

Сондай-ақ, болашақ көшбасшы Мануэль Уррутияны қуыршақ басшыға айналдырып, іс жүзінде елдің тізгінін өз қолына алды.

Билікке келген алғашқы күндерінен бастап-ақ Кастро өзінің идеологиясына сәйкес әрекет етті. Нағыз ұлтшыл социалистке айналды. Ол барлық шет елдіктерді елден қуып шықты. Әсіресе, америкалықтарды. Кубаның барлық жерін өз қолына алды. Тиісінше, өз қалауынша бөліске салды. 60%-ын шаруаларға, 40%-ын мемлекет еншісіне бөлді. Фидель барлық банктерді, өнеркәсіптік кәсіпорындарды, мұнай, қант өң-дейтін зауыттарды ұлттық меншікке айналдырды. Бұл қадам жылжымайтын мүлік иелерінің құқығын бұзу болып саналды. Сондай-ақ, кубалық панасыздарды шет елдіктер иемденіп келген пәтерлерге орналастырды.

Жалпы алғанда, Кубаны ұлтшылдандыру саясатынан бірде-бір кубалық зардап шеккен емес. Аталмыш науқан негізінен барлық кәсіпорындар, жер мен жылжымайтын мүлікке қожалық еткен америкалықтарға берілген үлкен соққы болды. Сөйтіп, Фидельдің билігін бірінші болып мойындаған Вашингтон сан соғып қалды. Себебі, Кастро үкіметі АҚШ-қа бір миллиард доллардан астам шығын келтірді. 1961 жылдан бастап АҚШ Кубамен барлық алыс-берісін, барыс-келісін тоқтатты. Бұдан кейін екі елдің арасындағы күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан үлкен текетірес басталды.

«Қырғи қабақ соғыстың» себепшісі атанған Фидель Кастроға қарсы 638 рет қастандық жасаған Орталық барлау басқармасының (CIA) әрекеті мүлдем бөлек әңгіме.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Фидель Кастроның билікке келуі – Латын Америкасындағы мемлекеттердің басты мәселесіне әлем назарын аударды. Кастро капиталистік, олигархтық жүйеге қарсы социалистік төңкеріс жасаумен болды.

Батистаның тұсындағы Кубадағы капиталист америкалықтар жергілікті халықтың еншісін иелік етіп қана қоймай, тәуелсіздігіне де қауіп төндірді. Үлкен державаның қасындағы шағын мемлекеттің бұндай жағдайда жұтылып, сіңісіп кету коэффициенті жоғары. Сондықтан Кастро Кубаның мемлекеттілігін сақтап қалу үшін  «ұлттық социалистік жүйе» құрды.

Осылайша, Кастроның антикапиталистік күресі шындығында антиамерикандық күрес еді. Әдетте, мұндай идеяларға негізделген, Вашингтонға қар-сы келген үкіметтің ғұмыры ұзақ болмайтындығын көзіміз көріп жүр. Бірақ, Кастро құрған үкіметтің күні бүгінге дейін биігінен түспеу сырын тарихтан іздеуіміз керек.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті жоғарыда революционердің билікке келу жолындағы күресін баяндады. Ал, биліктегі Кастроның АҚШ-пен күресінің тарихын саралау тағы бір мақаланы қажет етеді.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here