Қазақстан халқының Президенті Қ.Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген тақырыпта Дихан Қамзабекұлына берген сұхбаты қазақ халқы үшін зор маңызға ие. Қ. Тоқаев бұл сұхбатында өзі 2019 жылы Президент болған жылдардан бергі мемлекет ішінде, оның ішкі сыртқы саясаты жайында түрлі әлеуметтік-қоғамдық саяси жағдайдың түрлі мәселелерін жан-жақты баяндап берді. Жаңа жылдың алғашқы таңдарында берген сұхбаты өткен жылдардың саяси-әлеуметтік салмағы мен шындығын халыққа түсіндіру арқылы болашаққа «ойлы ұлт» ретінде алға ұмтылудың жаңа тетіктерін табу мен оны іске асыруды қазақ халқының әр азаматы үшін абыройлы борыш деп түсіндірді.
Президент 2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болғандығын атап көрсетті. Оның бастыларына саяси реформаларды аяқтап әрі жалғастыру керектігін, елімізде экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен үкімет тарапынан атқарылған шараларды жатқызады. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелердің шешіле бастағанын, оның әрі жалғасын табатынын, ол үшін «жоспарлы әрекет жасау мен мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтылу» керектігін жан-жақты талдап, оған еліміздің әрбір азаматы аса мән беру керектігін талап етті.
2024 жыл – айрықша маңызды жыл болмақ дей келіп, алдағы уақытта елімізде Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық ететіндігін атап көрсетті.
2022 жылғы қаңтар оқиғасы оның саяси мәні «жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы, ел ішіне үрей туғызу, конституциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді» деп баға берді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, «қоғамның пікірімен санасу, ел, мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға» шақырды, түрлі халық арасындағы түсіністік пен түсінбеушіліктің аражігін анық та нақты талдап түсіндірді.
Ел тарихында ерекше орны бар тұлғалар Қ.Сәтбаевтың туғанына 125, С.Нұрмағамбетов, Р.Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл, Жошы ұлысының – 800 жылдығына құрмет көрсетудің тарихи мәні мен рухани күш-қуат беретін маңызын баса айтты. Қазақстандағы саяси-әлеуметтік реформалар жүйелі түрде, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болатындығын зор сеніммен айтты. Президент өз сөзінде ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгергендігін, олардың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепілі екендігін, кері кетуге халықтың өзі жол бермейді және елге жаңа леп әкелген осы өзгерістерді табандылықпен қорғайтындығына сенім білдірді. «Мен бұған бек сенімдімін, ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болады» деген пікірін білдірді. Бұл сұхбатында зорлық-зомбылыққа қатаң заң мен қадағалауды талап ету керектігіне, атом электр станцияларының құрылысы халық болып шешетін мәселе екенін атап кетті.
Шығыс пен Батыстың арасындағы әлеуметтік, экономикалық, ғылым мен білімді дамыту озық елдермен қарым-қатынасты нығайту үшін жасалып жатқан достық, ынтымақтастық байланыстың зор мәні мен маңызына тоқталып өтті. Қ. Тоқаев елімізде жасалып жатқан түрлі реформалардың маңызы мен мәнін оған халықтың сауаттылығы мен байсалды да салмақты көзқарасының маңызы зор екеніне мән беру керектін атап кетті. Жалпыұлттық құндылықтарды ең жоғары қоятынын, қазақ халқы сапалы ұлттқа айналу үшін жаңа бастаманың иелерінің адамзаттық, ұлттық құндылықтардың барлық қасиеттерін бойына сіңіру керектігіне аса мән беру керек екенін қадағалап айтты. Президент қазақ халқының әрбір азматы Үкімет үсынған экономиканы басқарудың тың тәсілдерін қолдана алса, жаңа айтылған жақсы болжамдар еліміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайлары үшін ақиқатқа айналатындығына да зор мән берді.
Президент Қ.Тоқаевтың еліміздің экономикасы мықты, озық ойлы ел атануымыз үшін тек алға қарап ұмтылу керек деген тамаша пікірін қазақ халқы орындайды деген сеніміміз мол.
Д.А.Әлкебаева,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
А. Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, ф.ғ.д.