Әлемді алаңдатқан Арал теңізі

0
1976

Бүгінгі таңда әлемнің әр түкпірінде тіршілік нәріне қатысты экологиялық проблема көп. Соның бірі қалың қазақты алаңдатқан – Арал теңізі. Себебі, бір өңірдің асаудай тулаған теңізі суалып, табаны қаңсып қалды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Аралдың аумағы жетпіс мың шаршы шақырымға жуық болатын. Алайда су ресурсын дұрыс пайдаланбау, экологияның өзгеруі сынды себеп-салдардан теңіз суы жетпісінші жылдардан бастап суала бастады. Көлемі жағынан әлемде төртінші орында тұрған Аралдың қазіргі жағдайы тым мүшкіл…

Арал теңізі 1989 жылы және 2014 жылы

Үлкен Арал он жыл бұрын суалды

1993 жылы елімізде Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылды. Қордың бастамасымен көптеген шаралар атқарылып, үндеулер жасалды. Теңіздің алып жатқан аймағы жарты ғасырда алты есеге азайып, биологиялық алуантүрлілік мүлдем жойылып кетті. Арал тек Орта Азия елдерінің проблемасы емес, жарты әлемге кері әсері болатын проблема. Сөйтіп… Үлкен Арал 2014 жылы толықтай суалды. Қазақ елі кештеу болса да әрекет етіп, 2005 жылы Көкарал бекетін салып, солтүстіктегі кіші Аралды құрғап кетуден сақтап қалды. Бұл, Аралды құтқарудың қазақстандық тәжірибесі атанып, көптеген елге үлгі болды. Суалған теңіздің бір бөлігін сақтап қалып қана қоймай, су деңгейін көбейту еліміз үшін нәтижелі жұмыс болғаны да анық.

Арал антропогендік сипатта суалып кетті деуге әбден болады. Өйткені ауыл шаруашылығына қажетті суды Сырдария мен Әмудариядан алып отыр. Көлге құятын қос тамырдың көлемі тарылған сайын көлдің суы да сарқыла түсті. Шаруашылыққа салынған каналдар мен өзенге орнатылған бекеттердің де кері әсері болды,  соның салдарынан Аралдың аумағындағы ауа райы да күрт өзгерді. Жазы құрғақ ыстық, қысы суық және құрғақ болғандықтан өңірдің өзі экологиялық жағдайдың құрбанына айналып шыға келді. Соның бір мысалы, бұрын 170-тен аса жануарлар дүниесінің бүгінде 30-ы ғана қалды.

Ғасырлар бойы өңірдің күнкөріс көзіне айналған «Арал балығын аулау» тіршілігі де ұмытылған… Теңіздің жағалауын мекен еткен ауқатты ауылдар қазір бос қалды. Әулетті асыраған кемелер шіріп, тоты ауаға ұшып, оған қоса, теңіз маңайындағы елдімекендер ауыз судың тапшылығынан зардап шегуде. Себебі, Арал теңізі өңірдегі тұщы су құдықтарының бәрін қамтамасыз етті.

Аралдың табанында кеуіп жатқан құм мен тұз қалдығы проблемасы бүгінде әлемнің назарын аударып отыр. Өйткені, теңіз түбіндегі пестицидтер мен химикаттары бар 75 млн. тонна тұз бен құмның шаңы боранмен ұшып, мыңдаған шақырымға ауа жайылып жатыр. Ғалымдардың мәліметінше, Арал тұзының түйіршіктері Антарктидадан, Гренландиядан, Тянь-Шань мұздықтарынан табылған. Ал, аралдық тұрғындардың арасында көз, тыныс алу, қант диабеті және онкологиялық науқастардың саны жыл сайын арта түсуде.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, былтыр Арал теңізінің қазақстандық бөлігінде су көлемі 11,5 текше шақырымға ұлғайды

Арал теңізінің проблемасы шешіле ме?

Еліміз биылдан бастап, Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етпек. Аталмыш қордың мәлімдеуінше, экологиялық жағдайды жақсартуға болады. Бірінші кезекте, Арал теңізіне құятын қос өзеннің суын тиімді пайдалану керек. Яғни, алқаптарды ескі дәстүрмен емес, заманауи тамшылатып суару әдісі арқылы пайдаланса, ұтыс көп. Бұл – өзендердегі су деңгейін көбейтуге көмектеседі. Әрмен қарай Үлкен Аралдың құрғап қалған табанына ыстыққа, құрғақшылыққа төзімді сексеуіл өсімдігін жерсіндіру қажет. Бұл – топыраққа, аумаққа азда болса жан бітіреді. Осы әдіс бірнеше жылдан бері тәжірибе жүзінде қолға алынып, тіпті теңіздің табанына 5100 түп сексеуіл көшеті отырғызылды. Наурыздың басындағы экологиялық қарекетке отандық және шетелдік еріктілер қатысты. Аумақтағы экожүйені қалпына келтіру мақсатындағы игі іске сексеннен аса ерікті атсалысты. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2021 жылдан бері млн. гектардан аса аумаққа сексеуіл егу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін 545 мың түп ағаш жерсіндірілген.

Ғалымдар Кіші Аралдағы суды көбейту үшін, кезінде салынған 42 метрлік бөгетті биіктету керек немесе технологиялық тұрғыдан мүмкіндіктер болып жатса, жаңадан биік әрі берік бөгет салу қажет дей отырып, осы арқылы Арал теңізінің Қазақстан аумағындағы бөлігін ұлғайтуға және теңіздік шекарасын Арал қаласына дейін жеткізуге болады деп санайды. Бұл тек Кіші Аралды құтқару әрекеті. Ал, толықтай суалып, қаңсып жатқан Үлкен Аралды қайта суға толтыру мүмкін емес. Құрғаған теңіздің зиянды тұзы мен құмын бір орында ұстап тұру үшін, алдымен сексеуіл сынды ыстыққа төзімді өсімдіктер мен ағашты жерсіндіріп алу керек. Мамандардың есептеуінше, 1 гектар аумақтағы төрт жылдық сексеуіл жыл сайын 1 158,2 келі көмірқышқыл газын сіңіріп, 835,4 келі оттегі бөледі және 800 тоннадан астам құмды ұстап қалады екен.

Тобықтай түйін

Арал теңізін құтқару үшін Сырдарияның көлемі өте маңызды. Су көлемін арттыру үшін дария арнасымен жыл сайын 6 текше шаршы шақырым су ағуы керек. Қазіргі деңгейі аталған жобадан әлде қайда аз. Өйткені, Сырдария суының 75 пайызы Қырғызстаннан, 20 пайызы Өзбекстаннан, 5 пайыздайы ғана өзімізден жиналады екен. Сондықтан Арал проблемасын шешуде көрші елдердің әсері мен тиімді әрекеті маңыздырақ болып отыр. Арал теңізінің бүгінгі ахуалы осындай…

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here