Еділбай Оспанов: «Англияда «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағида толық қалыптасқан»

0
11727

2022 жылы Абай университетінің 13 оқытушысы «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде тағылымдамадан өту үшін грант жеңіп алса,  2023 жылы бұл көрсеткіш екі есеге өсіп, барлығы 28 педагог «Білім беру» және «Педагогика» бағыттары бойынша тағылымдамадан өту үшін әлемнің әртүрлі елдеріне жолдама алған. Ал, білім іздеп кезінде «Болашаққа» Абай университетінен аттанған түлектер бүгінде оқуын сәтті аяқтап, қазіргі таңда білгенін шәкірттеріне үйретіп, оқу орнының дамуына бір кісідей атсалысып келеді. Сөзімізге дәлел, Англиядағы озық оқу орны саналатын Ноттингем университетінде магистратура бағдарламасымен оқып келген Еділбай Оспанов. Түрлі қиындықтарға қарамастан Ұлыбритания университетінің дипломын алып келген оқытушымен аталмыш бағдарламаның тиімділігі жайлы ой бөліскен едік.

«АНГЛИЯ СИЯҚТЫ ДАМЫҒАН МЕМЛЕКЕТТЕ БІЛІМ АЛУДЫ АРМАНДАҒАН ЕМЕСПІН»

– «Болашақ» бағдарламасына Абай университетінен аттандыңыз. Шетелде білім алуға деген құштарлық оқу ордасының қабырғасында жүргенде басталды ма, әлде бұл балалық арман ба?

– Шыны керек, шетелде, оның ішінде Англия сияқты дамыған мемлекетте білім алуды армандаған емеспін. Себебі, ауылда өскен өзіміз сияқты балалар үшін Ұлыбританияда оқу – орындалмайтын арман сияқты болатын. Мен Абай атындағы ҚазҰПУ-да бакалавр бағдарламасымен оқыдым, кандидаттық диссертациямды осында қорғадым. Ұстаздық және ғылым жолын да қара шаңырақта бастадым. Міне, осы кезде «Болашақ» бағдарламасы арқылы білі алу деген мақсат қойдым. Себебі, біз ғылыммен айналысу үшін көбінесе орыс тіліндегі әдебиеттерге шолу жасаймыз. Ал, шетелдік әдебиеттерді орыс тіліндегі аудармасы арқылы оқимыз. «Неге ағылшын тілінде оқымасқа?» деген ой туындады. Осылайша, бағымды сынап көрейін деп шештім.

– Сіз үшін шетелде білім алу қандай өзгеріс алып келді және өзіңіз күткендей нәтиже ала алдыңыз ба?

– Әрине, мен үшін үлкен өзгерістер алып келгені анық және өзім күткеннен артық нәтижеге жеттім десем де болады. Бұл өзгерістер тек ғылым жолында ғана емес, өмірлік ұстанымыма да әсерін тигізді десем артық болмас.

– Неше жыл білім алдыңыз? Ол жақта үйренгеніңізді қазір пайдаға асырып жатырсыз ба?

– Мен Ұлыбританияда үш жыл оқыдым. Екі жыл уақытым ағылшын тілін үйренуге кетті. Академиялық бағытта оқығандықтан, ағылшынша сөйлеу үшін 1,5 жылдай уақытымды Эксетер қаласындағы Эксетер университетіне арнадым. Бұл оқу орнын таңдауымның өз себебі бар. Қала шағын болғандықтан, жаяу жүруге ыңғайлы, бір жағынан, уақытымды да үнемдедім. Яғни, еш алаңдамай оқуға мүмкіндік көп болды. Ал, негізгі оқу орным – Ноттингем университеті болғандықтан, қалған жарты жылымды осы университеттің дайындық курсынан өтуге шешім қабылдадым. Магистратурада білім алу үшін  дәл осы университетті таңдау себебім, «Білім саласын басқару» мамандығы бойынша бұл жоғары оқу орны Ұлыбританиядағы топ үздік университтеттердің қатарына кіреді. Сондай-ақ, осы саланың әлемдік деңгейдегі көшбасшы мықты профессорлары Тони Буш, Кристофер Дэй сияқты мамандар аталған оқу орнында дәріс береді. Университеттен бұрын оқытушыларды таңдадым деп айтайыншы.

Мен оқуға барған қала – аса ірі қала емес, яғни, жолға көп уақыт жоғалтпайсыз. Сонымен қатар, бұл университет үздік жасыл ЖОО бірі ретінде танылған. Кампустар арасында студенттер үшін тегін автобустар жүреді. Кітапханалар 24/7 уақыт қызмет көрсетеді. Студенттер үшін бассейн, спорт залдар сияқты кешендер жақсы жолға қойылған. Университет демалыс күндері өте арзан бағаға басқа қалаларға саяхаттар ұйымдастырады. Мұның барлығы тек қана оқумен айналысуға үлкен мүмкіндік туғызды. Шетелде оқу оңай емес. Барлық күш студенттің өзіне түседі. Оқытушылар тек бағыт-бағдар, жол көрсетуші, нұсқау беруші қызметін атқарады десек болады. Әрбір пәннен 6000 сөзден тұратын дәрістер жазуымызға тура келді. Баяндама жасау, топтық жұмыс, кейстер талдау сияқты тапсырмалар жиі беріледі. Сабақ барысында көбінесе студенттер сөйлейді, талқылайды және сыни ойлауға аса қатты мән беріледі. Әрбір айтқан немесе жазған сөзіңізді ойланып таңдауыңызға тура келеді.

«ӘРБІР БОС УАҚЫТТЫ ҚАЛТ ЖІБЕРМЕЙ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ КЕРЕК»

«Болашақпен» шетелде, әсіресе, Америка, Англия сияқты елдерде оқу әркімге бұйыра бермейді. Алайда, Сіз жүзден жүйрік шығып, бағдарлама түлегі атандыңыз. Сіздің жолыңызды қуамын деген азаматтар ең алдымен неге баса назар аудару керек?

– Өзімді «жүйрікпін» деп айтуыма еш негіз жоқ. «Болашақ» бағдарламасының түлегі атануға кез келген адамның толық мүмкіндігі бар. Әсіресе, жастардың. Елімізде ауыл жастарына арнайы квота қарастырылған. Менің де бұл бағдарламаға түсуіме квотаның әсері болды. Абай атындағы ҚазҰПУ-да жұмыс істеп жүріп тапсырғандықтан, квота иегері атандым және тілдік курсқа жіберілдім. Әрине, шетелде оқу үшін тілді меңгеру керек. Ал, тіл меңгерудің жолдары қазір өте көп. Тек мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін жоспар құрып, осы жоспардан ауытқымай жұмыс жасау керек. Әрбір бос уақытты қалт жібермей тиімді пайдалану керек. Сізге айтайын, ары кетсе, 1 жыл көлемінде тілді толық меңгеріп алуға болады. Сонымен қатар, нендей іске ұмтылсаң, сол бағытта бірге жүретін дос-жарандарыңның да сенің нәтижеңе тигізер әсері үлкен рөл атқарады. Бірге жүретін дос-жаранның да ықпалы сөзсіз сені өсіріп не өшіреді.

– Әр елдің салты басқа… Өзіңіз білім алған, тәжірибе жинаған мемлекеттегі қызықты оқиғалармен бөліссеңіз. «Болашақпен» оқуды жоспарлап жүргендер қандай жағдайларға дайын болуы керек?

– Бізге қарағанда, Англия әлдеқайда дамыған ел ғой. Бірақ, біз «дамыған» деген сөзді көбінесе материалдық тұрғыдан қарастырамыз. Бұл елде бақыт – байлықта деген ұғым жоқ. Керісінше, адамның, жан-жануарлардың, табиғаттың қорғалуына қатты көңіл бөледі екен. Яғни, заң талабының орындалуы жан-жақты жетілдірілген. Сондай-ақ, әрбір қоқыстың ысырап болмай қайта өңделуіне назар аударады. Қажетті көмектің сол көмекке зәру жанның тікелей қолына жетуіне жағдай жасайды. Кішінің үлкенге құрметі ғана емес, үлкеннің де кішіге ізет көрсететіндігін бірден байқайсыз. Мысалы, көшеде келе жатсаңыз, қарт адамның өзі сізбен күлімдеп амандасып, жол беретіні маған бірінші кезде ыңғайсыздық тудырғаны рас. Адамдары өте кішіпейіл. Сізді алыстан көріп, келе жатқаныңызды байқаса, алдыңыздан есікті ашып тұрады. Сонымен қатар, басшылық қызмет атқаратын азаматтар өте қарапайым және сыпайы екенін байқауға болады. Мысалы, балабақша меңгерушісі мен мектеп директорлары таңертең балаларды қабылдап алу үшін есік алдында тұрады. Әрбір баламен және ата-анамен күлімдеп амандасып, хал-жағдай сұрасады. Лауазымды тұлғалардың кабинеттерінің өзі өте шағын, қымбат жиһаздармен жабдықталмаған. Есігі кез келген оқушы немесе ата-ана үшін ашық. Англияда «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағида толық қалыптасқан. Жұмысшыларына барлық жағдай жасалған. Қысқасы, адамдардың өмір сүру ұстанымы, өзара қарым-қатынасы да саналы тұрғыда дамыған.

Енді оқуға баруға дайындалып жүргендер үшін аса қатты қобалжудың қажеті жоқ. Әрине, салыстырмалы түрде пәтер жалдау сияқты шығындарға көп ақша кетеді. Бірақ, стипендияны үнемдесе, жеткілікті өмір сүруге болады. Оқуға көп уақыт кететіндіктен, уақыт жылдам өтеді. Баратын елдің климаты бойынша бір шолу жасап, соған сәйкес киім алғаны дұрыс. Қазір біздің жастар әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып, оқып жатыр. Олардың уатсап топтары бар. Соларға шығып танысып, хабарласып ақпараттар алуларына болады. Біздің қазақ жастары бір-біріне көмектесуге қашанда әзір және өте ұйымшыл екенін білеміз.

– Болашақ жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

Жоспарымның ең бастысы және маңыздысы – жинаған тәжірибемді өз әріптестеріммен бөліссем, сабақ беру барысында шетелдік оқытушыларым қолданған әдістерді қолдансам деймін. Мүмкіндінше еліміздің білім саласының дамуына тамшыдай болса да үлес қоссам деген асыл арманым бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here