Христо Кучуков – еуропалық психолингвистикадағы аты аңызға айналған тұлға. Оның әкесі түрік, шешесі сыған, содан да болар, ол бар өмірін «төмен» ұлттардың тілдерін дамытуға арнады. «Төмен» ұлттардың тілін білу бұрынғы колонияларда ақыл-ой кемістігінің белгісі деп саналатын. Бұл отарланған халық сөйлейтін кез келген тіл.
Христо Кучуков жақында А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының шақыруымен Алматыға келген болатын. Педагогика ғылымдарының докторы, Берлин еркін университетінің профессоры, Амстердам университетінің лингвистика ғылымдарының докторы отарланған халықтардың ең өзекті тақырыбының бірі – тіл мәселесі жайында ой-пікірлерін ортаға салды. Ол одақ ыдырағаннан кейін 30 жыл өткенімен, ересектер ғана емес, балалар да неліктен орысша сөйлейтіні жайлы сұрақтарға жауап берді.
Белгілі ғалым Қазақстанға Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының арнайы шақыруымен келген. Ол 3-6 жас аралығындағы балалардың тілдік даму деңгейін белгілеу үшін балабақшаларда қазақ балаларымен эксперимент жүргізгенін айтады. Тәжірибе жасау мақсатында келген ғалым алынған нәтижелердің өте қызықты болғанын және оны ары қарай жалғастырғысы келетінін де жасырмады. Ғалым эксперименттің мәнін былайша түсіндірді: «Бұл психолингвистикалық тесттер болды. Біз балаға қарапайым заттарды көрсетеміз: қораптар, ойыншықтар және қарапайым сұрақтар. Бірақ баланың қалай жауап беретіні оның санасы мен қазақ тілі арасындағы байланысының қаншалықты дамығанын көрсетеді».
Шетелдік ғалым жасаған тәжірибесінде негізінен үш жас тобы болғанын айтады. Олар: 3-4 жас аралығындағы балалар, 4-5 жас және 5-6 жас аралығындағы балалар. Жасына байланысты олар әртүрлі нәтижелер көрсеткен. Баланың жасы ұлғайған сайын сана мен сөйлеу арасындағы байланыс соғұрлым тығыз болатын көрінеді. Қазір статистикалық талдау жасап, халықаралық журналға мақала дайындап жатқан ғалым Қазақстандағы балалардың қазақ тілін ана тілі ретінде қалай меңгеретіні және олардың мектепке дейінгі жаста сөйлеуді дамытуда қандай проблемалары бар екендігі туралы әлемде өте аз мәлімет бар екенін айтады. Пилоттық эксперименттің шарты солай болғандықтан, тәжірибеге қазақша сөйлейтін балалар алыныпты.
Сөйлеу санада туады
Нейролингвистика және балалар нейролингвистикасы жайында ғалым былай дейді: «Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл адамның қалай сөйлейтіні және неге осылай сөйлейтіні туралы ғылым. Сөйлеу санада туатынын білеміз. Мида жеке орталықтар арасында нейрондық байланыс бар және оның арқасында біз сөйлеуді түсінеміз әрі оған жауап береміз. Балалардың біздің сұрақтарымызға қалай жауап беруі арқылы олардың белгілі бір грамматикалық категорияны дамытуы бар-жоғын және оларды дамыту үшін ата-аналар да, мұғалімдер де не істеу керектігін түсінуге болады».
Христо Кучуковтың балалар нейролингвистикасына мамандануының түпкі себебі әріден басталады. Белгілі ғалым дәл осы тақырып бойынша үш диссертация қорғаған. Ол бастапқыда екі-үш тілде сөйлейтін балаларға назар аударады. Ал соңғы 35 жылда ғалым тек осы мәселемен айналысып келеді. Оның анасы сыған, әкесі түрік – екеуі де мұсылман. Болгарияда сығандар мен түріктердің некесі жиі кездеседі.
Христо еңбек жолын Болгарияда бастауыш сынып мұғалімі болып бастайды. Ал онда тек сығандар мен түрік балалары. Жас маман оларға болгарша оқу мен жазуды үйретуі керек еді. Бұл болгар тілін жақсы білмейтін балаларды ақыл-ойы кем деп есептеп, тиісінше арнайы мектептерге жіберетін кез. Яғни, бұл XX ғасырдың 80-жылдары болатын. Өкінішке қарай, бұл тәжірибе Словакия мен Чехияда әлі де бар екен. Бұл елдерде словак немесе чех тілін білмейтін сыған балалары ғана оқитын арнайы мектептер бар.
Дәл осы жағдай Христо Кучуковқа мотивация болады. «Мен бір нәрсені өзгерткім келді, өйткені бұл балалардың жалғыз кінәсі – болгар тілін жақсы сөйлей алмауы. Мұндай мектептерде мүлдем басқаша оқыту әдістері болды, тіпті бала абсолютті қалыпты болса да, 8-сыныпты бітіргеннен кейін оны төмен деп санауды жалғастырды. Ал мен оны өзгерткім келді. Бұл құбылысқа төзімсіздігім менің жартылай сыған, жартылай түрік болғаныма байланысты, яғни бұл мен үшін жеке мәселе еді», – дейді ғалым.
Ол өзінің тегі мұсылман бола тұра, аты не себептен Христо екеніне де тоқталды: «Менің шын атым Хусейн Селим Кучуков. Болгарияда сол кезде елде екі миллионнан астам мұсылман болған. Барлық мұсылмандардың есімін күштеп өзгерту туралы үкімет саясаты жүргенде мен 20 жаста едім. Қарсылық көрсеткен адамдар түрмелер мен концлагерьлерге жіберілді. Түрік және румын тілдеріне, бұл тілдердегі кез келген әдебиетке тыйым салынды».
Екі ұлттан пайда болған Христо кей кездері өзін түрік ретінде, ал кейде сығандай сезінетінін айтады. Оның әуелде сөйлей бастаған алғашқы тілі – түрік тілі. Бұған қоса анасы да осы тілде сөйлейді. Бірақ ол сыған тілін де жақсы біледі.
Жалпы Шығыс Еуропаның, оның ішінде Болгарияның саясаты Мәскеудің не айтатынына қатты тәуелді болды. Сонымен қатар, Болгария 500 жылдай түріктердің қол астында болғандықтан, болгарлар оларды әлі де ұнатпайды. Болгарияның өте өркениетті халқы бар екеніне қарамастан, олар басқа халықтарға және олардың мәдениетіне әлі де толерантты емес екенін айтады ғалым.
Әр адам ана тілінде кодталған
Қазақ балаларының белгілі бір уақытқа дейін өз ана тілінде сөйлеп, артынша орысшаға ауысуын, жалпы орыс тіліне не себепті бейім болатыны жайында тіл маманы былай дейді: «Бұл балалар орыс тілінің беделді екенін саналы немесе бейсаналы түрде түсінеді деген сөз. Бедел туралы айтатын болсақ, мен болгар тілін білмесем, екінші сортты сыған-түрік екенімді білдіреді. Бірақ, мен Болгарияда ағылшын тілінде сөйлейтін болсам, ол болгар тілімен салыстырғанда беделді. Бұл құбылыс әлемнің кез келген елінде бар – беделді және беделді емес тілдер бар. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тілінің қарапайым адамның санасында беделді болуы үшін Қазақстанда әлі де көп жұмыс атқарылуы керек деп ойлаймын. Бұл тек үкіметтің саясаты емес. Адамдар өз ана тілін кем дегенде орыс немесе ағылшын тілдерімен бірдей деңгейде құрметтей бастауы үшін қоғамда бір нәрсе өзгеруі керек».
Белгілі ғалым балалардың интеллекті өте жақсы дамығанын айтады. Олар не нәрсені болса да тез қабылдайды. Сондықтан да баланың өз ана тілінде сөйлеуі өте маңызды.
«Адам өз ана тілінде ойлайды, айналасында болып жатқан оқиғалардың бәрін ана тілінде талдайды. Тіпті, оны танымаса да. Өйткені, ол онда кодталған. Баланың айналасындағы адамдар оны қолдануға жеткілікті түрде ынталандыратын болса, ол бір дәрежеде дамуы мүмкін. Бірақ, егер баланың айналасында, оның ана тілінің кодына қарамастан, олар тек ағылшын тілінде сөйлесе, ол ағылшын тілінде сөйлейді және ойлайды. Сондықтан ата-аналар алғашқы айлардан бастап қазақ тілінде сөйлеп, ән салып, ертегі айта бастағаны өте маңызды. Бала қазақ тілінің грамматикасын барлық жерде естігенде, тілдің әртүрлі стильдерін естігенде, бұл өте маңызды. Және тағы бір нәрсені түсіну керек. Мектептегі мұғалім – бірінші және ең маңызды билік. Ол үшін ана, әке, әже, ата енді авторитет емес. Сондықтан мұғалім орыс тілінің жоғары деңгейде, ал ағылшын тілі одан да жоғары екенін саналы немесе бейсаналық түрде жеткізсе, бала мұны түсінеді. Балалар өте жақсы көретін және еститін вербалды емес белгілер бар. Ал, әдетте, мектепте қазақ тілі – үйдің тілі, ол анасының, әжесінің, атасының тілі екенін біледі… Бірақ, мектепте тіл ресми, тек қазақ тілі ғана емес. Дәл осындай жағдай Болгарияда да болды. Түрік және сыған балалары мектепте ана тілінде сөйлей алатынын қабылдай алмады. Сондықтан өте терең ойластырылған мемлекеттік саясат қажет», – дейді Христо Кучуков.
Қазақстанда тәуелсіздіктен кейінгі 30 жыл ішінде қазақ тілінің даму мәселесі, қазақ тілінің ересектер арасындағы беделі туралы да тілші ғалым өз ойын жасырмады. Бұның бәрі мемлекеттік саясат мәселесі екеніне тоқталды.
«Егер орыс-қазақ билингвизмін дамыту туралы шешім қабылданса, онда бұл бір нәрсе. Егер қазақ тілін ресми тіл ретінде дамыту туралы шешім қабылданса, онда бұл мүлдем басқа. Менің ойымша, билингвизм орыс тілді әлемге қол жеткізуге мүмкіндік береді, бірақ назар қазақ тіліне аударылуы керек. Қазақтың өзін-өзі тануын дамыту үшін ғана емес, ол қазірдің өзінде бар. Бірақ, балабақшалар мен мектептерден бастап қазақ тілінің беделін көтеру маңызды. Балалар мұны ересектер түсінгеннен кейін ғана түсінеді. Мен үйде түрік тілінде сөйлесем де, өзімді сығандай сезінемін. Мен сығандар сияқты өстім, өзін-өзі тану – сығанша және түрік тілі – қарым-қатынас үшін. Сондықтан адам ағылшын тілінде еркін сөйлей алады және сонымен бірге қазақ бола алады. Егер бала анасы ағылшын, ал әкесі қазақ болатын отбасында дүниеге келсе, онда бала ағылшын тілінде сөйлейді, бірақ өзін-өзі тану қазақша болуы мүмкін, өйткені ол ата-әжесімен, мектепте, балабақшада және т.б. қарым-қатынас кезінде тұжырымдалады», – дейді ғалым.
Шағын тілдерді қорғау керек
Христо Кучуков қазақ тілінің беделі туралы да өз ойын жеткізді. Тәуелсіздіктен бергі 30 жыл тым аз уақыт екенін айтады ол.
«Толыққанды даму үшін, прогрессивті және табысты ғалым, саясаткер, кәсіпкер болу үшін кем дегенде екі тілді білу өте дұрыс. Бірақ, мен қай мемлекетте зерттеу жүргізсем де (Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан, Германия, Болгария), ана тілі баланың психикалық және эмоционалдық, когнитивті дамуы үшін өте маңызды екеніне сенімдімін. Когнитивті даму – әлемді қабылдау және бұл өте үлкен әрі терең мағына. Баланың танымдық дамуының ең жақсы тәсілі – ана тілі арқылы қоршаған әлем туралы білім алу. Ал қазақ балалары да шет қалмайды. Сізде өте ақылды, жақсы балалар бар», – дейді ол.
Тіл зерттеушісі латын әліпбиі мәселесі жөнінде де ойымен бөлісті. Ол Түркияда 1924 жылға дейін барлығы араб тілінде жазғанын айтады. Содан кейін Ататүрік әліпбиді латын әліпбиіне көшіреді. Бұл Түркияға әлеммен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берген. Сондай-ақ, ғалым әлемде кириллицамен жазатын тек Болгария, Македония, Сербия және Ресей екенін еске салды.
Христо Кучуков шағын тілдердің тағдырына қатысты ауқымды ой айтып, ерекше тоқталды: «Әртүрлі ұлттар өзінің ана тілі болып табылмайтын тілде сөйлейтін құбылыс lingua franca деп аталады. Орыс тілі бұрынғы КСРО-да lingua franca ретінде жұмыс істейді. Ағылшын тілі Африка елдері мен Үндістанда, ал Оңтүстік Америкада испан тілі қолданылады. Тарихи тұрғыда сіздің аймағыңызда Осман империясы үстемдік еткен болса, онда lingua franca түрік тілі болар еді. Бірақ, славян және түркі тілі құрылымы жағынан өте ерекшеленеді. Түрік тілінде сөйлейтіндіктен, мен үшін көптеген қазақ сөздері түсінікті. Жалпы басқа тілге ауысуды өте тез және оңай жасауға болады. Сонымен қатар, түрік лингвистикасы бойынша конференцияларға қатысқан кезде де біз ағылшын тіліне көшеміз. Сондықтан мұның бәрі тағы да бедел мәселесі. Мәселе тілде және оның құрылымында емес, тілді кім және қалай оқытады. Балалар бір уақытта үш-төрт тілді оңай үйрене алады. Бұл менде болды: үйде – түрік, балабақшада – болгар, көшеде сыған тілінде сөйледім, мектепте орыс тілін үйрене бастадым. Қазір сегіз тілде сөйлеймін, ал жарты жылдан кейін испан тілінде сөйлеймін. Шағын тілдер әрқашан әдемі, экзотикалық әрі қызықты. Оларды қорғау керек, осы тілдердің сақталуы және дамуы үшін бәрін жасау қажет. Сонда біздің әлем жақсы болады. Біз әртүрлі тілдерде сөйлейтін болсақ та, бәріміз ұқсаспыз. Бірақ, өз тілімізді біле отырып, біз басқа мәдениеттерді бағалаймыз».
Өмірін шағын тілдерді зерттеуге арнап келе жатқан тілші маман қазақ еліндегі ана тілі мәселесіне тәжірибелік талдау тұрғысынан тұшымды ой айтып, тілдің алдағы тағдырына да алаңдаушылығын білдірді. Ана тілінің мәртебесін көтеруде мемлекеттік саясат басты орында екенін жасырмады. Тіл саясаты түзелсе, ана тілі мәселесі де шешімін тауып, қазақ тілінің абыройы асқақтай түспек. Туған тілдің беделін көтеруге мемлекет тарапынан қажырлы күш жұмсалып, ұзақмерзімді жоспарлар жасалса, тіліміз шағын тіл емес, ұлттық иммунитетке ие табанды, тұғырлы тілге айналары сөзсіз.
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:
Христо КУЧУКОВ – педагогика ғылымдарының докторы, Берлин еркін университетінің профессоры, Амстердам университетінің лингвистика ғылымдарының докторы.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ