Мерейтойға тартуым – ғылыми монографиям

0
834

Мен «Qazaq universiteti» газетін 1976 жылдан бері оқимын әрі онда ғылыми-көпшілік мақалаларымды жариялап келемін. Бұл газеттің ғалымдар үшін де, студенттер үшін де алар орны ерекше. Газет 1948 жылдан бастап шығып келеді. Яғни, менімен құрдас деуге де болады.

Қазіргі таңда «Qazaq universiteti» газеті дәстүрлі қағаз түрінде де, сонымен қатар электронды түрде де жарияланып келеді. Ал енді сол кездегі С.Киров атындағы ҚазМУ-да, яғни қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да елу жылға жуықтаған ғұмырым туралы айта кетсем. Сонау 1976 жылы осы университеттің Философия тарихы және логика кафедрасына аспирантураға түсіп, сол кездегі кафедра меңгерушісі, философия ғылымының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор, белгілі фарабитанушы, танымал ғалым Ағын Хайроллаұлы Қасымжановтың шәкірті атандым. А.Қасымжановтың философиялық мектебі менің ғұмырыма үлкен рухани өзгерістер алып келді. Сол жылдардан бастап қазақ философиясы, фарабитану ғылыми ізденістерімнің басты мақсатына айналды.

Менің бар ғылыми өмірім Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен және бүгінгі таңда 75 жасқа толып жатқан «Qazaq universiteti»-мен байланысты дер едім.

Студент, аспирант, кандидат, доктор, профессор сынды сатылап жоғарылаған ғылым-ғұмырым толықтай осы «Qazaq universiteti» газетімен тікелей байланысты. Ғасырлар ғұламасы саналған әл-Фараби есімі  аталғанда бәріміз елең етеміз. Әл-Фарабиді танып білуге деген қызығушылық менің жан-бойымды баурап алды. Білсеңіз, менің жүрегім мен ақыл-ойым осы әл-Фарабиде болды. Себебі Қазақстанда Әбу-Насыр әл-Фараби мұраларына деген қызығушылық аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары мен әрекеттері ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан басталып, Қазақстан фарабитанудың әлемдегі ең үлкен орталықтарының біріне айналды. Қазақстандық фарабитанудың басында, негізгі ұйытқысы, мұраларын тұңғыш іздеуші, аударушы, мәселені көтеруші ретінде А.Машани мен А.Көбесов, Ә.Әлімжанов есімдері аталса, ол 1968 жылы ҚазҚСР ҒА Философия және құқық институтында әл-Фараби мұраларын зерттейтін шығармашылық топ құрылды. Топты ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымының докторы, профессор А.Х.Қасымжанов үйлестірді.

Әбу Насыр әл-Фарабидің өмір жолы мен энциклопедиялық ғылыми мұрасы, рухани әлемі оның көзі тірі кезінде-ақ сол заман ғалымдарының назарын өзіне аудара бастаған. Фараби өмірден өткеннен кейін бұл зерттеулер бүгінде әлемнің алуан тілде жазатын ғалымдар шығармаларымен толығып, «Фарабитану» атты тұтас бір ғылым саласына айналды. Фарабитануды құрайтын сол мұраны шартты түрде бес топқа жіктеуге болады. Бірінші топқа ортағасырлық араб, парсы ғылымдарының жазбалары кіреді. Екінші топқа фарабитанудың тағы бір үлкен саласын XIX-XX ғғ. Мысыр, Сирия, Ливан, Иран және Ауғанстан ғалымдары толықтырды. Фарабитанудағы үшінші топты батыс авторлары құрайды. Бұл саладағы Фараби мұрасына қызығушылық XV ғасырдан басталды. Фарабитанудағы төртінші топқа патшалық Ресей және кеңес заманындағы шығыстанушылар жатса, Фарабитану ғылымының бесінші тобына түркітілдес халықтар ғалымдарының еңбектерін жатқызуға болады.

«Qazaq universiteti» газетінде осы жоғарыда келтірілген оқиғалар әр жылдарда, кезең-кезеңімен жарияланып отырды. Жоғарыда келтірген Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығында ғалым-хатшы болып, басшылық қызметте де және қазіргі таңда ғылыми кеңесшілік қызметімде де фарабитану, жалпы ғылыми мәселелер төңірегіндегі өз пікірлерімді, ғылыми тұжырымдарымды аталмыш газетте жариялаудамын.

Жоғарыда аталған ғылыми шығармашылық топтың арқасында ұлы ғұлама әл-Фарабидің шығармашылығымен, қолжазбаларымен мұқият танысуға зерделі зерттеулер басталып кетті. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде А.Қасымжанов, М.Бурабаев, Ә.Дербісалиев, Қ.Жарықбаев, Г.Шаймұханбетов, С.Сатыбековалардың еңбектері қазақстандық фарабитану кеңістігін ұлғайта түсті. Алғаш рет әл-Фарабидің «Философиялық трактаттары», «Әлеуметтік-этикалық трактаттары», «Логикалық трактаттары», «Математикалық трактаттары», сондай-ақ «Птолемейдің «Алмагестіне» түсініктеме» атты мирастары қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді. 1970 жылдары кеңестік қоғамның академиялық ортасында әл-Фарабидің (870-950) философиялық мұрасына ерекше қызығушылық пайда болды. Бір қарағанда осы бір асыл мұра Орталық Азиядағы ойшылдың Отанында, сондай-ақ Ресей мен бүкіл Кеңес Одағында зиялылар қауымына енді ғана белгілі бола бастаған немесе ежелден беймәлім сияқты көрінді. Бұл қызығушылық белгілі бір дәрежеде Ресейде білім алған және академиялық шыңдалудан өткен ортаазиялық философтардың өз өңірлерінің зияткерлік келбетін жасауға деген ұмтылысынан туындады. 1970 жылы Алматыда әл-Фарабидің таңдамалы философиялық трактаттары үзінділерінің аудармасы жасалды, одан кейін математика, әлеуметтік-этикалық мәселелер, логика бойынша трактаттарының үзінділері жарыққа шықты. Бұдан әрі кеңес  идеологиясының қағидаларына сәйкес жасалған философия тарихына әл-Фарабидің қосқан үлесін қорытуға арналған еңбектер пайда бола бастады.

Қазақстанда әл-Фараби есімі XX ғасырдың 70-жылдары айрықша танымал болды. Бұл ең алдымен әл-Фараби ғұмырнамашыларының IX-X ғасырларда бүгінгі Қазақстанның аумағында орналасқан Фарабты оның Отаны деп санауына байланысты еді.

Осы тұста фарабитанудың көпшілікке беймәлім болып келген беттері туралы Алаштың біртуар азаматы Мұстафа Шоқайдың бүгінгі күнге дейін белгісіз болып келген мақаласы жөнінде сөз айтпақпыз. Түркі дүниесінің ұлы ойшылы, философ, ғұлама ғалым екінші ұстаз Әл-Фарабидің «ізгі қала» ілімін зерделеп, ғылыми тұрғыдан қалай негіздеген. Қайраткердің бұл ұстанымы жалпы түркі мұрасын ұлтшылдық және фашистік идеологияға жақындату әрекетінен қорғап, қалай сақтағаны жөнінде өз ойларымды ортаға салуды жөн көріп отырмын. Шоқайдың еуропалық достары ол қайтыс болғаннан кейін жарық көрген бұл мақаласы өте жоғары бағаланған. Бұл туралы да «Qazaq universiteti» газетінде көлемді мақаламыз жарық көрді.

Қорытындылай келе, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің келер жылы тойланғалы тұрған 90 жылдық мерейтойына орай, жақында менің белгілі «Ғылым» баспасынан 800 беттен асатын «Әл-Фараби және түркі-мұсылман философиясының алтын ғасыры» атты ғылыми монографиям жарық көрді. Бұл монографияның алғы сөзін университет ректоры, филология ғылымының докторы, профессор Жансейіт Түймебаев жазған болатын. Сондай-ақ университеттің 90 жылдығына орай, шәкіртім, жас ғалым Қанат Алтынбекпен бірлесіп «Түрік өркениетіндегі әл-Фараби феномені» атты монографиямен қоса, Философия кафедрасының аға оқытушысы Жадыра Қазиева, жас ғалым Қанат Алтынбектермен бірлесіп «Әл-Фараби Ислам философиясының бастауы» атты ғылыми монографияларымыз да жарық көрді.

Университетімізде болып жатқан үлкенді-кішілі оқиғаларды жариялап, ғалымдар мен студенттердің арасында алтын көпір бола білген «Qazaq universiteti» газетінің 75 жылдық мерейтойымен газет ұжымын және де білім ордасының 90 жылдық мерейтойымен  баршаңызды құттықтаймын. Газетіміз әрі қарай жүйелі жұмыстар жасап, университетіміздің дами беруіне  тілектеспін!

Жақыпбек АЛТАЕВ,

Философия кафедрасының профессоры, «Парасат» орденінің иегері,

Халықаралық Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми кеңесшісі, философия ғылымының докторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here