Туризм және қонақжайлық кафедрасы: туризм мен қонақжайлықта тұрақты даму мен инклюзияны ілгерілету

0
2478

Қонақжайлық – өркениет белгісі. Уақыт өте, прогресс дамыған сайын ол миллиондаған  тұтынушыларға (туристерге) үздік қызмет көрсететін мамандар жиналған мықты индустрияға айналды. Қонақжайлық индустриясы түрлі кәсіби салаларды: туризмді; қонақ үй және мейрамхана бизнесін; қоғамдық тамақтануды; дем алу мен сауықты; конференциялар, семинарлар, көрме ұйымдастыруды; спорт, мұражай-көрме, экскурсия іс-әрекетін; сонымен қатар қонақжайлық аясындағы кәсіби білім саласын қамтиды.

Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің Туризм және қонақжайлық кафедрасы құрылымдық бөлімше ретінде 2020 жылдың қаңтарында құрылды. Кафедра екі білім деңгейінде жұмыс істейді. Бұл «Қызмет ету саласы» білім беру бағдарламалары тобы бойынша бакалавриат пен магистратура, оның ішінде «Тұрақты туризм», «Қонақжайлық менеджменті», «Іс-шараларды басқару және ұйымдастыру» атты 3  бакалавриат бағдарламасы және ғылыми-педагогикалық магистратураның «Туризм» бағдарламасы. Кафедра жұмысының негізгі бағыты – туризм мен қонақжайлықта тұрақты даму мен  инклюзияны ілгерілету, сол себепті кафедраның барлық іс-шаралары тұрақты даму ұстанымдарын, критерийлерін, мақсаттарын үйренуге/үйретуге бағыт алған.

Бүгінде туризм саласы елдің келешегі бар энергетикалық емес жеті секторының қатарына кіреді. Қонақжайлық индустриясы – ҚР туристік қызмет нарығын тиімді дамыту саласының маңызды бөлігі. 

 «Тұрақты туризм» білім беру бағдарламасы отандық және шетелдік туристер үшін өзекті туристік өнім жасауға теориялық та, практикалық та икемі бар мамандарды дайындайды. Бағдарлама туризм саласындағы Жаңа мамандықтар атласы мен кәсіби стандарттарға сай әзірленді. Қазақстандық және шетелдік жетекші ЖОО ұқсас бағдарламаларын талдау нәтижелері, нарық талаптары, жұмыс берушілер ұсыныстары ескеріліп, осы білім беру бағдарламасына жыл сайын өзгерістер енгізіліп отырады. «Amadeus» жаһандық резервтеу желісі сертификатын беретін оқыту ұйымдастырылады. Атамекен білім беру бағдарламасы рейтингінде 2019 және 2021 жылдары 1-орында; 2022 жылы – 2-орында; 2024 жылы – 3-орында. Еңбекке орналастыру – 100%. Студенттер кәсіби конференцияларда, олимпиадаларда жүлделі орындар алуда; туризм саласы түрлі бағыттарында кәсіби сертификаттаудан өтеді. Университет түлектерінің өз бизнесі бар, олар Қазақстан турфирмаларында жұмыс істейді. Кафедра Түркия Республикасында, Италия Республикасында студенттер тағылымдамаларын ұйымдастырады, сонымен бірге серіктес ЖОО-мен академиялық ұтқырлық жүзеге асып жатыр.

«Қонақжайлық менеджменті» білім беру бағдарламасы қонақ үй және мейрамхана бизнесі мамандарын дайындайды, ал бұл бизнес отельдер, қонақ үйлер, мейманханалар қызметтерін, апартаменттер жалдауды, тұтастай алғанда, қонақжайлық пен қоғамдық тамақтану қызметтерін қамтиды.

Қонақ үй  бизнесі алуан түрлі. Ол үлкен ұлтаралық желілерден де, шағын отбасылық қонақ үйлерден де тұрады. Ол таңғажайып хан сарайларына ұқсас бес жұлдызды отельдермен қатар аз қаражатпен бейтаныс қалада түнеп шығуға болатын кішігірім хостелдерден құралған.

«Қонақжайлық менеджменті» білім беру бағдарламасы қонақжайлық саласындағы Жаңа мамандықтар атласы мен кәсіби стандарттарға сай әзірленді және Атамекен  білім беру бағдарламалары рейтингінің бестігіне кіреді. Қазақстандық және шетелдік жетекші ЖОО ұқсас бағдарламаларын талдау нәтижелері, нарық талаптары, жұмыс берушілер ұсыныстары  ескеріліп, осы білім беру бағдарламасына жыл сайын өзгерістер енгізіліп отырады. Бейін пәндерді қонақ үй және мейрамхана бизнесінің практик оқытушылары жүргізеді. Мамандар «Opera» (қонақ үй бизнесі қызметкерлері үшін), R-keeper (мейрамхана бизнесі қызметкерлері үшін) арнайы бағдарламаларын, Excell, Outlook-ты, жалпы, Microsoft Office барлық бағдарламаларын (құжат айналымы, талдау, есеп беру, түсіну/түсіндіру үшін) еркін меңгерген. Университет түлектерінің өз бизнесі бар, олар қонақжайлық кәсіпорындарында жоғары лауазымдарға ие. Студенттерге бағыттар бойынша кәсіби сертификаттаудан өтуге барлық мүмкіндіктер жасалған.

Кафедра Түркияда, Италияда студенттер тағылымдамаларын ұйымдастырады, сонымен бірге серіктес ЖОО-мен академиялық ұтқырлық жүзеге асуда.

«Іс-шараларды басқару және ұйымдастыру» білім беру бағдарламасы түрлі іс-шараларды: корпоративтерді, тимбилдингтерді, B2B-events-ті (өнім не бизнесті әсерлі таныстырудан ірі бизнес-көрмелерге дейін), форумдарды, конференцияларды, концерттерді, фестивальдерді немесе жеке іс-шараларды жоспарлай алатын, ұйымдастыра білетін, өткізетін мамандарды дайындайды. Мереке ұйымдастыру – физикалық және психологиялық тұрғыдан қиындығы мол мамандық. Мереке ұйымдастыру – тек қана іс-шараның емес, сонымен бірге өзіңнің іс-қимылыңның әр бөлігін жан-жақты жоспарлауды талап ететін жұмыс. Бейін пәндерді Event-индустриясының практик оқытушылары жүргізеді.  

 «Туризм» магистрлік білім беру бағдарламасы қазіргі қызмет саласының жоғары халықаралық стандарттарына сай клиентке бағдарлы технологияларды меңгерген жоғары білікті мамандарды дайындайды. Осы бағдарлама түлектерінің кәсіби қызметі аясында қамтылатыны: тұтынушы талаптарын қанағаттандыратын сапалы туристік өнімді жасау және өткізу; туристік индустрия негізгі секторларында кешенді туристік қызметтерді ұйымдастыру. Магистранттарға бағыттар бойынша кәсіби сертификаттаудан өтуге барлық мүмкіндіктер жасалған. Университет түлектерінің өз бизнесі бар, олар  Қазақстан турфирмалары мен ЖОО-да жұмыс істейді.

2022 жылдан бастап Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің «Туризм және қонақжайлық» кафедрасы 27 қыркүйекте Дүниежүзілік туризм күнін белсенді атап өтеді. Жыл сайын бұл мереке жаңа мазмұнға, мәнге, формаға ие. Бұл іс-шаралар студенттер мен оқытушыларды тұрақты, инклюзивті, бейбіт болашаққа талпыну ісіне жұмылдырып, оқу-тәрбие жұмысының ажырамас бөлігіне айналды.

 2022 жылы басты назар экологиялық ойлау мен саналы тұтынуды қалыптастыруға аударылды. «Туризм және  қонақжайлық саласындағы тұрақты менеджмент» және «MICE-туризм – іскери кездесулер индустриясы» пәндері шеңберінде сарапшылар баяндамалары тыңдалып, студенттердің шеберлік сыныптары, экологиялық және қайырымдылық жәрмеңкелері өтті. Барлық жиналған қаржы үйсіз жануарлар баспанасына жіберілді, мұның өзі студенттерге өз ісінің әлеуметтік маңызын түсінуге түрткі болды.

 2023 жылы кафедра көлемді жоба – UNIgreen эко-марафонын бастады. Оның мақсаты – студенттерді экологиялық күн тәртібіне тарту және тұрақты өмір салтын насихаттау. Университет қоқыстарды сұрыптау, эко-сувенирлерді жасау, Алматы бойынша өз эко-турларын дайындау барысында үлкен шығармашылық алаңына айналды. Университеттен тыс экологиялық шараға – Бутаковка шатқалындағы сенбілікке ерекше көңіл бөлінді, бұл игі іс жылдың жарқын оқиғасы ретінде көпшіліктің есінде қалды.

 2024 жылы іс-шаралар UNWTO – «Туризм және бейбітшілік» тақырыбына арналды. 16 қыркүйекте шығармашылық практикалар, экологиялық ойлау, инклюзия ұстанымдары ұштастырылған акциялар басталды. Студенттер пластикті қайта өңдеу бойынша шеберлік сыныптарын ұйымдастырды, «Байланған көздермен сазды илеу» инклюзивті сессиясын өткізді. Кейіннен тағы бір экосенбілік көзделді, енді тазалау шаралары Түрген шатқалында өтті. Туриндустрия сарапшыларымен кездесу, тақырыптық дәрістер тұрақты туризм мен оның әлеуетін бейбіт өмірді сақтау құралы ретінде түсіну көкжиегін кеңітті.

Осы үш жыл ішінде кафедра Дүниежүзілік туризм күні күнтізбедегі жай дата емес, бұл адамдарды жалпы құндылықтар: табиғатты күту, қоғамдастықтарды сыйлау, әділетті келешекке талпыну төңірегінде біріктіретін өміршең дәстүр екеніне көз жеткізді. Бұл бастаманы кафедра әрі қарай да жалғастыруда, осы мақсатта оқыту, шынайы практика, қазіргі күннің жаһандық талаптары арасындағы байланыс барынша нығайтылуда.

 2025 жылы 9 сәуірде Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде «Алматы  агломерациясы туристік инфрақұрылымының қол жетімділігі мен тұрақтылығы» дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараны кафедра оқытушылары 7-11 сәуір аралығында өткен Ғылым аптасы шеңберінде өткізді.

Дөңгелек үстел  студенттерді, оқытушыларды, туристік сала сарапшыларын, мәдени-әлеуметтік бастама өкілдерін инклюзивті және тұрақты туризм негізгі аспектілерін талқылау ісіне жұмылдырып, тиімді шешімдер қабылдау платформасына айналды. Спикерлер ретінде туризмде тұрақты даму құндылықтары мен инклюзияны қолдайтын түрлі ұйымдар өкілдері сөз алды.

Шақырылған сарапшылар қатарында – Светлана Харитонова, «Казальпинклуб» ҚҰ өкілі, ол ерекше қорғалатын табиғи территория және қол жетімді маршруттармен жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Наталия Баженова, өнертанушы, Ә.Қастеев атындағы ұлттық өнер мұражайының аға ғылыми қызметкері, тұрғын халықтың барлық топтары үшін мәдени мұраны қол жетімді етуге бағыт алған мұражайдың  инклюзивті жобаларымен таныстырды.

«IntechTour» жобасының жетекшісі Анна Позднякованың Алматыда инклюзивті туризм дамыту туралы, сонымен қатар «Қазақфильм» киностудиясы режиссёрі Мұхамед Мамырбековтің мәдени инфрақұрылым бөлігі ретіндегі инклюзивті кино тақырыбындағы баяндамалары да ерекше әсер қалдырды.

Sadu hotel бас директоры, кафедра оқытушысы Анна Калиева қонақ үй бизнесінде ТДМ (тұрақты даму мақсаттарын) енгізу туралы пайдалы ақпаратпен бөлісті.

Іс-шара жайлы кәсіби ахуалда өтті. Студенттердің, оқытушылардың, қонақтардың белсенді қатысуы олардың туризм саласындағы тұрақтылық пен инклюзия мәселелеріне жоғары қызығушылығын танытты. Дөңгелек үстел болашақ мамандардың экологиялық және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға маңызды үлес қосып, академиялық қоғамдастық пен сала мамандары арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here