«Ұстаздықтың Махамбеті, даналықтың Абайы…»

0
629

Ұлағатты ұстаз, парасатты педагог, майталман маман, әмбебап әдіскер, дегдар болмыс иесі Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева – Сократша сөз өнерін меңгерген, Абайша толғанып, тіл маржанын Мұхтарша терген, ерге жүк, елге сын болған заманның өзінде әдебиетке деген құштарлығымен қазақтың «сөз өнерін» қызғыштай қорыған нағыз ұстаз!

«Кабинетіңе жүз компьютер, онлайн технология қойып қойсаң да, бұның бәрі мұғалімнің басын алмастыра алмайды. Мұғалім – тұлға, мұғалім – білімнің көзі, мұғалім – тәрбиенің көзі» деген Хан апамыз Ыбырай мен Ахмет тағылымын өмірлік ұстаным етті. Әрбір шәкіртін жанындай жақсы көріп, қарашығындай қастерледі. Тектіліктен тамырланып, ізгіліктен нәр алған, парасаты биік, ойы терең, жүрегінен жылылық пен жүзінен мейірім төгілген Хан апамызды әр шәкірті анасындай құрметтеді, жанашырындай сүйе білді. Ұстаздың әдістемелік аспанынан үзіліп түскен мөп-мөлдір тамшы-білім, тұп-тұнық ой-ғибраты, әрбір шәкіртінің ішкі әлеміне жарқыраған күн сәулесіндей мәңгілік шұғыласын төкті. Ғылыми-әдістемелік еңбектеріндегі әдебиетті сүюге жетелейтін асыл сөздерінің жарқылы сыртқы әлемге дәл осылайша үндесе шығып, егіздене өріліп, тектілігін танытып, заңғар тұлғасын асқақтата түсті. «Әдебиет – өнер, тәрбие сабағы. Ең алдымен, әдебиет сабағы – ой сабағы, ойлану сабағы» деген ұстазымыздың тағылымын кезінде түсінбесек те, өмір деген үлкен дарияның асау толқынымен кездескен сайын ұғына бастағандаймыз…

* * *

Марқакөлден арман қуып білім ордамыз Жамбыл атындағы Дарынды балаларға арналған мектеп-гимназия интернатына оқуға түстім. Жаныма жақын пән болғаннан кейін шығар қос бағытта тәлім беретін мектебіміздің әдебиет бағытын таңдадым. Шыны керек, ол уақытың өзінде қандай мектепке оқуға түскенімді, ең бастысы қай сыныпта оқитынымды, қандай ұстаздан тәлім алатынымды аңдай алмаған едім. Бәрі де көрген түстей өтіп жатты…

Уақыт деген – зымыран ғой әлі есімде, екінші қабаттан оңға бұрылған беттегі үлкен қабырғада: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» делінген Ыбырай атамыздың лұғаты тұрса, дәл сол қабырғадағы жазудың оң жағыннан әсемдік әлемінің «қоңыр» есігі ашылып, алтын күннің шырағына шомылатын едік. Әсемдік әлемім – әдебиет сыныбы. Әдебиет әлемінің алтын күні – Қанипа Бітібаева. Шырағы – шәкірті Меруерт апай болатын…

* * *

Хан апамыздың көзін көрмесек те, лұғатын сезіндік, шәкірті Меруерт мұғалімнің мейіріміне шомылдық. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, Меруерт апай әрқашанда ұлы ұстазының ғибратты ойларын біздерге айтудан әсте жалықпайтын. Әдебиеттен қандай тақырып өтсек те, ұлы Абай мен кемеңгер Мұхтар мұрасы, рухты Махамбет поэзиясының мөлдірінен қанбай кетпейтінбіз. Бір қолымызда – «Абай жолы» роман-эпопеясы болса, екінші қолымызда – «Бес ғасыр жырлайды» жинағы болатын. Сол уақыттың өзінде Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов,  Е.Ысмайылов, Т.Кәкішев, С.Қирабаевтардың әдеби-теориялық еңбектерін жата-жастана оқитынбыз. Әлем әдебиетінің кіл классиктерінің шығармаларын оқып қана қоймай, қазақ әдебиетіндегі өзге де шығармалармен үндестіретінбіз. Әрбір сабағымыз қарадүрсін әңгіме, жалаң теорияға құрылмай, керісінше әдеби дискуссияға, айызың қанатын дебатқа айналатын. Тіпті, кейбір әдеби шығармалардың желісімен инсценировка жасап, өзіміз режиссер, өзіміз әртіс болып сахналайтынбыз. Әдебиет сабағының қызықты болғаны соншалық Меруерт апайдың өзі бізбен бірге кейде оқушы болып, кейде оқу әрекетімізді сырттан бақылайтын «ревизор» болып кететін. Қазір ойлап қарасам, біздің әдебиет сабағының табысты өткені соншалық мұғалім де керек болмапты ғой. Шіркін-ай десеңізші, мұның бәрі Меруерт ұстазымның шеберлігі мен ұстазымның ұстазының әдіснамалық мектебінің күштілігінен еді ғой!  Содан болуы керек біз студенттік кезеңге кәнігі әдебиетші, майталман маман ретінде дап-дайын келдік…

* * *

Хан апаның тәлімін алған оқушы бірден белгілі. Ол – ақынжанды, ол – өнерпаз, ол – білімді, оның әдеби теориясы мен ғылыми түсінігі қалыптасқан, өзінің ойын емін-еркін білдіреді, қай орта болмасын көшбасшы болуға ұмтылады.

Қазіргі уақытта қазақ педагогикасының қара шаңырағына айналған Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты болсақ та, университет қабырғасындағы ұстаздарымыз бізді жазған мақаламыздан, я болмаса сөйлеген сөзімізден қай ұстаздан тәлімін алғанымызды бірден айырады. Қатарластарымыз қызығады, қызғанады… Өйткені, университеттегі оқыған пәндеріміздің бір желісі «Бітібаева шеберханасымен» байланысатын. Семинар үстінде группаластарымыз: «Бұл Қанипа Бітібаеваның оқыту жүйесі, лирика, эпостық, тарихи, драмалық шығармаларды Бітібаеваның әдіснамасымен оқытқанда әлдеқайда тиімдірек», – деп сабақ айтқанда тыңдаған құлағымыз елең етіп, жүрегіміз дүрсіл қағатын, кеудемізді қуаныш кернейтін-ді…

* * *

Хан апамыздың ғұмырының соңында жазған «Егіз өрім» атты кітабында ұстазымыз 45 жылдық ұстаздық ғұмырын: «Таңымды «мектеп» деп атырып, түнімді «мектеп» деп батырып жүргенімде 45 жылдың қалай өткенін білмей де қалдым. 45 минуттан 45 минутқа жалғасып жатқан ғұмыр кешіппін… 45 минут мені дәулет, байлық биігіне көтермесе де, рухани байлық сыйлады, есімімді елге аңыз етіп таратты. Осы 45 жылда мен халқымның қазір өмірде жоқ асыл сөз иелерін тірілтуге, тірісін ұлықтауға тер төктім» деп сипаттайды. Расымен де, ұлағатты ұстазымыздың әдебиет үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. Қазіргі сәтті арамызда болмаса да, біз ұстазымыздың рухын сеземіз. Соның бір дәлелі болуы керек оқушы кезімде көрген түсімді әлі күнге дейін ұмытпаймын. Сол түс еді ғой… Хан апамыздың қос қолын айқара жайып, мені құшағына басқаны, маған қып-қызыл кітабын сыйлағаны… Сол түсті сол мезетте қалай жорығанымды білмедім. Әлі баламын, мәнісін сезінбеген едім. Ал енді ғылым жолына түсіп, әрбір күнді зерттеуге арнағаннан кейін, кейбір сәтте аяқтан шалған, мұңайған сәттерде қолымды бір сілтеп, бәрінен баз кешкен уақытта дәл осы түс, түсімде сезген ықыласты пейіл менің тұла бойыма рух береді, еңсемді көтереді… 

Ұлағатты ұстаз, парасатты педагог, майталман маман, әмбебап әдіскер, дегдар болмыс иесі Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева туралы толғанған кезде әсерленбей, мақтанбай тұра алмаймын. Өйткені, біздің буын – «ұстаздықтың Махамбеті, даналықтың Абайына» айналған үлкен жүрек иесінің немере шәкірттері, шамшырақ үміттері…

* * *

P.S: Қазақ педагогикасының тарихында дәстүрлі жолын қалыптастырып, өшпестей ізін қалдырған «Құрмет» орденінің, «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгінің,  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева көзі тірі болса, мерейлі 80 жасқа (01.05) толар еді… Десек те, ұлы ұстазымыздың ұлы мұрасы хакім Абайдың: «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген сөзінің анық дәлеліне айналып, болашақ ұрпақтың кәдесіне жарайтындығына сеніміміз кәміл!

Бұл жазба Хан апамыздың асыл рухына сағыныштан туған шәкірттік сезім, жүрекжарды толғам…

Қанипа Омарғалиқызының «немере шәкірті»,
Өскемен қаласындағы ДБА Жамбыл атындағы ОММГИ-дің 2018 жылдың 73-түлегі,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың PhD докторанты Ертай Біләл

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here