Қаныш ағаның ерлігі

0
455

«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың өмірінде талай зұлматтардың болғаны тарихтан белгілі. Сондай-ақ, 1930-1933 жылдардағы қолдан әдейі жасалған ашаршылықтың зардабы өте ауыр болды. Халқымыздың жартысынан астамы сол зұлматта аштықтан қырылды. Осындай қиын кезеңде өзінің азаматтық ерлігін көрсете білген тұлғаның бірі – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Оның қайырымды ерлік істері жайлы оқиғаға тікелей куә болған, ҚР Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Археология институтында ұзақ жылдар қызмет еткен академик Кемел Ақышев ақсақалдың естеліктерінен қанықпыз.

«Мен, өз өмірімде халқымыздың біртуар ұлы Қаныш Сәтбаевқа қарыздар адаммын», – деп бастады әңгімесін Кемел ақсақал.

«Бұлай дейтінім, Қаныш аға, біріншіден, мені кішкентай күнімде ажал апанынан алып қалды. Екіншіден, кәмелеттік жасқа толғанымда, мамандық таңдауыма көмектесті. Үшіншіден, жұмысқа орналасуыма қол ұшын созып, осы мамандығым – археология ғылымына бағыт сілтеп жіберді. Түсінетін адамға осынау жақсылықтардың өзі аз дүние емес шырағым», – деді Кемекең. Өз әкесі жағынан Баянауылдағы атақты Мұса Шормановтың ұрпағы болса, ал анасы Ғазиза – Қаныш ағаның туған апасы екен.

1932 жылғы қазақ даласын жайлаған ашаршылық науқаны Қаныш Сәтбаевтың да ауылын есеңгіретеді. Еліне аштықтан түгел қырылу қаупі төнеді. Ол кезде Қаныш Балқаштағы Қарсақбай мыс қорыту комбинатының геологиялық барлау қызметінің басшысы екен. Күндердің күнінде оған «Жағдай осылай болып жатыр…»  деп, Баянауылдан арнайы жіберілген адам келеді. Мына жаман хабарды естігенде, Қаныштың жүрегі қан жылап, қапа болады. Бірақ, дереу есін жиып, шұғыл шешім қабылдайды. Ол «Ұлытаудағы геологиялық барлау экспедициясына кеттім» деген сылтаумен, полуторка машинасына азық-түлікті мол қылып тиеп алып, қасына туған інісін ертіп, шофёрымен Баянауылға жолға шығады. Ит арқасы қияндағы Балқаш пен Жасыбайдың арасында қанша уақыт жүргені белгісіз. Елге келсе, бір кездері 40-50 түтін болып отырған ауылының тоз-тозы шығыпты. Ісіп-кеуіп жатқан туыстарына әкелген азық-түліктерін үлестіріп жатып көңілі құлазып, көзіне жас алып, жүрегі қатты қиналған ол ағайындарына: «Үлкен адамдарың бір Құдайға – аманат, ал балаларды маған беріңдер. Бәрін жиып алып кетейін, бұларды аман алып қалудың жолы осы», – дейді. Қайтарда жолшыбай Керегетастағы қыстауда отырған жездесі Ақыштың отбасын білуге бұрылады. Келсе Ғазиза апасы қайтыс болыпты. Одан қалған кішкентай екі бала – Кемел мен Рәшаттың аштықтан жүріп-тұруға шамалары келмей, көздері жалтырап қана жатыр екен. Орыс шоферы екеуі балаларды арқалап, сайдағы машинаға әкеліп, кузов үстіндегі өзге балаларға қосып, Қарсақбайға қарай жүріп кетеді…

«Сол кездері мен сегіз жаста едім», – дейді Кемел аға ауыр күрсініп.

«Машина үстіндегі арық-тұрақ балалардың арасында бір ғана ересек адам болды. Ол – Қаныш ағаның інісі Тәрмізі ағай еді. Міне, сол туысымыз қарнымыз ашты-ау деген кезде үстіміздегі құрым киізді көтереді де, оның астында бүк түсіп жатқан біздің аузымызға су тамызады да, қолымызға тілдей ғана қатқан нанды ұстатып, жамылғымен қайта бүркеп тастайды. Сонымен төртінші күн дегенде, таң атып келе жатқанда, Қарсақбай көшелеріне де келіп жеттік-ау!

Қаныш аға үйге келісімен Тайсия  жеңгейді зыр қақтыра жүріп, қаланың бір шетінде тұратын енесі Фелица Васильевнаны шақыртты. Олар бізді тамақтандырып, ауладағы үлкен қазанға су ысытып, бәріміздің шашымыз бен тырнағымызды алып, бүкіл баланы шомылдырды. Содан 15 бала Қаныш ағаның үш бөлмелі үйінде бір айдан аса уақыт тұрып, есімізді жиған соң, Рәшәт пен мені қолдарына алып қалып, басқа балаларды «Балалар үйіне» орналастырды. Ал, Рәшәт екеумізді Қарсақбайдағы мектепте оқуға берді. Онан әрі жоғарғы оқуға оқытты. Жұмысқа орналасуыма ақыл-кеңесін беріп, бағыт-бағдар беріп көрсетті. Міне, мен Қаныш ағамның осындай қайырымды көмегінің арқасында үлкен ғалым адам болдым. Оның мұндай жақсылығын қалайша ұмытпақпын?! Ақылды, білімді, адал адамдардың атқарған істері әрқашанда ақылдылықпен аяқталады емес пе. Қаныш аға сол кезде өзіне «өте аянышты» хабар айтқан адамның сөзіне селт етпей, «Балқаш қайда, Баянауыл қайда? Жұмысымды қайтіп тастап кетемін?» деп, қарақан басын ғана ойлап, елге бармаса, барған күннің өзінде тек ауылына ғана соғып, Керегетастағы Ауғансайға бұрылмай өте шыққанда, «Алтын адамды» табу арқылы Қазақ елінің абыройын асырған археолог-ғалым, мына алдарыңызда отырған Кемел Ақышев, қазіргі осы өмірде болар ма едім, болмас па едім?.. Оның осыншама баланы сол бір аштықтан аман алып қалған қайырымды ісін, Қаныш ағаның ерлігі  екенің неге айтпасқа!», – деп Кемел ақсақал өткен күндерін есіне алып, көзінің жасын тыя алмай қайта-қайта сүртумен болып еді…

Қазақстанның кен-байыту орындарын ашып, осы салада орасан зор еңбек еткен қайраткер, археолог-зерттеуші, ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жүректе мәңгіге қалған сол қайырымдылық ерлік ісі кейінгілерге, әсіресе қазіргі күнгі әкімдерге, мемлекеттік қызметкерлерге үлгі-өнеге, сабақ болар деген үмітпен, Кемел ақсақалдың әсерлі әңгімесін оқырмандарға жеткізуді жөн көрдім.

Айбол БИТУҒАНОВ,
«Досбол» қайырымдылық қорының директоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here