Жаңа Қазақстанның – жаңа Елтаңбасы

0
372

Биыл наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын өзгертуді ұсынды. Содан бері қазақстандықтар жаңа рәміздің қалай әзірленетіні туралы өз ой-пікірлерін де қосуда.

«Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығы» қоғамдық бірлестігі Мәдениет және ақпарат министрлігіне елдің жаңа Елтаңбасын қалай және кім таңдайтыны туралы сауалдар жолданды. Аталмыш министрліктің Мұрағат, құжаттама және кітап  комитеті бұл мәселе бойынша қоғамдық талқылау өткізілетінін хабарлады.

Комитет болашақ жаңа Елтаңбаға дауыс беруге болатынын нақтылай түсіп, «Мемлекеттік Елтаңбаны өзгерту мәселесі азаматтар дауыс беру арқылы қабылдау және саяси шешім болып табылатынын» айтты.

Талқылаудан кейін жұмыс тобы құрылып, жаңа Елтаңба жасау бойынша жобаны әзірлеуге ашық конкурс жарияланады.

Қазақстанның жаңа Елтаңбасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына кім және кімдер кіреді?

Комитеттің айтуынша, жұмыс тобына тарихшылар, археологтар, этнографтар, суретшілер, сәулетшілер, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері тартылады. Ел тарихын зерттейтін және оның дамуына үлес қосатын халықаралық сарапшылар қажет болған жағдайда ғана қатыстырылатын болады.

Қазақстанның жаңа Елтаңбасы қандай болады?

Комитет Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәмізде нені бейнелеуге болатынын және болмайтынын түсіндіріп өтті. Осылайша, Мемлекеттік Елтаңбаны әзірлеу кезінде: «Мемлекеттік мүдделер, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлер, халықтардың бірлігі, мәдени, тарихи, географиялық, саяси, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктер ескерілетін болады, сондай-ақ оның тарихы мен қазіргі дамуына қатысты халықтардың айырықша қасиеттері болып табылатын элементтер мен табиғи ерекшеліктер ескерілуі тиіс».

Жаңа Елтаңбаны жасау кезінде қолдануға болмайтын нәрсе: ғимараттардың, ескерткіштердің, өндірістік құрылыстардың, діни, рулық, тайпалық, мифтік және қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін басқа белгілердің бейнелері.

Комитет сонымен қатар Президент қоғамда болып жатқан үлкен резонанстық оқиғаларға назар аударатынын және оны жеке бақылауға алу үшін Twitter-дегі жеке парақшасында өз пікірін білдіретінін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елтаңбаны өзгерту идеясын Amanat партиясының депутаттары қолдады. Олар жаңа Елтаңбаны талқылау үшін алаң құрып, орақ пен балғаның орнына Мемлекеттік рәмізге «шаңырақ» қоюды ұсынды. Алайда, ҚР Қаржы министрі Мәди Төкешұлы Қазақстандағы ауқымды су тасқынына байланысты Елтаңбаны ауыстыру туралы шешім қабылдауды кейінге қалдыруды ұсынды. Оның айтуынша, қазір шұғыл шешуді қажет ететін өзекті мәселелер бар. Ол сондай-ақ министрлік Елтаңбаны өзгерту және жасау үшін қажет шығындарды есептеуге әлі кіріспегенін айтты.

Сондай-ақ, Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов егер Елтаңбаны ауыстыру туралы шешім қабылданса, жаңа банкноттар мен монеталар басқа дизайнға ие болатынын және бұл үшін қосымша шығындар қажет болмайтынын айтты. Ал қазір бар банкноттар мен монеталар толық тозғанға дейін айналымда болады. Яғни, биылғы шығарылған жаңа банкноттар мен монеталар ауыстырылмайды.

Руслан ХАМЗА,
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының атқарушы директоры,
Атырау қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here