Елу мыңға жетер-жетпес халқы бар Андорра, Лихтенштейн, Сан-Марино, Монако сияқты шағын елдердің астанасы болғанда, 8,5 млн халық тұратын Швейцарияның ресми астанасының болмауы түсініксіз. Өйткені, елдің астанасы болуға лайық Цюрих, Женева, Лозанна, Берндей ірі қалалары бар.
Тәуелсіздігін сонау 1499 жылы жариялаған Швейцарияда ешқашан ресми астана болмаған. Үкімет бір қалада, Парламент екінші қалада орналасқан. Екеуінің «басы» бір қалада қосылған емес. 1848 жылға дейін астана «көшпелі» болды: билік бірде Цюрихке, бірде Люцернге, бірде Баденге «көшіп» жүрді. Содан ХІХ ғасырдың ортасында Парламент Берн қаласын «тұрақты» астана ретінде бекітті. Дегенмен, 131 мың халқы бар қаланың астаналық мәртебесі заң жүзінде бекітілген жоқ. Сонда Швейцарияның ресми астанасы неге жоқ?
Жауап берейік. Елдің ресми атауы – Швейцарлық Конфедерация. Демек, мемлекеттік құрылымы – федеративтік республика. Елдегі 26 кантонның (біздің ұғымда облыс) құқығы бірдей. Біздегідей «республикалық маңызы бар қала» деген түсінік жоқ. Әр кантонның өз заңы, өз тілі бар. Өйткені, швейцарлықтар сөйлейтін тіліне қарай бөлінеді. Елде неміс, итальян, француз және роман сияқты төрт тілдің мемлекеттік мәртебесі болуы сондықтан. Мысалы, барлық швейцарлықтардың 65%-ы неміс тілінде сөйлейді. 26 кантонның 17-сінде неміс тілі мемлекеттік мәртебе алған.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq»-тың шолушысы