Осы тақырыпта маңызды мақала, өзіндік ой-толғам жазуға бекінгеніме біраз болған. Сыни тұрғыдағы тұжырым, пікіріме атқа мінген ағайындар ренжіп, бүйрек беті бұлтиып шығар-ау деп шамаладым. Ақиқат мінбесінен айтқанымды бір ауыздан мақұлдайтындар табылар деп те кәдімгідей үміттендім. Ақыры Торғай селосының Құрметті азаматы куәлігін иеленгенім есіме түсіп, нар тәуекел деп, жазу столына жайғастым.
Өткен-кеткенді таразылап көрсек, көне Торғай, киелі Торғай, қадірлі Торғай, қасиетті Торғай деген аспандағы лебіздерді көп естідік. Қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлынан бастап рухани сала саңлақтарына айналған айтулы жерлестерді мақтан тұттық. Қол шапалақтап, бөрікті биікке лақтырған сәттер көп болды. Тәжірибелі бапкер Шилі ауылындағы Диханбай қарт баптаған сәйгүліктердей қашықтарға зауламай, сәл тізгінді тартып, қазіргі заманғы көріністерге көз жүгіртейік. Торғайда той-думанда, аста сөйлейтіндер жеткілікті. Шетінен шешен. Неге екені мүлде беймәлім осы топырақта туған ақын-жазушыларды атай бастағанда Сырбай, Ғафу деп кете береді. Әйгілі Саттар Ерубаевтан кейін ұлттық поэзияға оқиғалы өлеңді (баллада) әкеліп, орнықтырып, кемелдендірген көрнекті ақын, әдебиеттанушы, ірі лауазымдарды иеленген қоғам қайраткері, Нұрхан, Сырбай, Ғафу, Шәміл, Серік, Серікбай, Кеңшіліктердің өсіп-өрлеуіне ықпалы тиген Қайнекей Жармағанбетов ұмыт қалады. Танымал дін қайраткері, марқұм Ғазез қажы селода өткен мәртебелі бір мәжілісте: «Құнарлы өлкеде кіндік қаны тамған тұлғалар туралы сөз болғанда Ахмет Байтұрсынұлынан кейін міндетті түрде Қайнекей Жармағанбетов есімі аталуы керек», – деп ескертіпті. Нақтылы дерекке құрылған салиқалы пікір. Бірақ Ғазекең пайымдауының парша-паршасы шыққандай. Баяғы жартас – сол жартас. Белгілі жазушы, жерлес Қоғабай Сәрсекеев ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы, халық батыры Аманкелді Иманов жайлы роман ғана жазды десек, әрине, қатты қателесеміз. Ол әсерлі әңгіме, елжірететін естелік, жолжазба, повестердің талайын тудырды. Соңғы жылдардағы қызметі бүкіл қазақты жалт қаратты. Ахмет Байтұрсынұлы шығарып, солақай саясат қудалауынан кейін жабылған «Қазақ» газетінің қайтадан жарық көруіне жанашыр болды. «Айқап» журналын да оқырман қауыммен қайта қауыштырды. Бірақ үлкен беделге ие өкіметті айтпағанның өзінде жерлестері қызу қолдады деу бекер. Әлі күнге осы газетті жаздырып алып оқымайтын торғайлықтар толып жатыр.
Торғай тек ақын-жазушыларды ғана емес, төкпе жырауларды да таныта білді. Атап айтсақ, Жүсіпбек Салықов, Мұхамедияр Есмағанбетов, Қайролла Есов, Сардан Әбікеев, Теміржан Әбеуов, Жүсіп Әбілдин, Нағашыбай Алпысов, Қуанышбек Қазымбековтарды кім білмейді? Аттары аталғандар шын мәнінде құрмет, ілтипатқа ие болды дей алмаймыз. Бірде сәті түсіп Көкалат ауылына бардым. Мұхамедияр қартпен емен-жарқын сөйлестім. Біресе ескі әңгімелерді айызы қанғанша айтып, біресе қос ішекті домбырасын алдына өңгеріп, Нұрхан Ахметбековтың «Жасауыл қырғыны» дастанынан үзінділерді орындайды. Жеңіл-желпі әндерді насихаттайтындардың концерттерінен пәленбай есе артық. Мұқаң қоштасар сәтте сәл мұңайып: «Ауылдағылар мені жырау емес, көп сөзді кісі ретінде түсінеді. Әңгіме тыңдауға енжар. Нұрекең туындыларын да сағына бермейді», – деген кезде мен де ой мұхитына шомылдым. Кезінде осы жыраулар тірі тұрғанда арнайы мектеп ашып, Арқаның нақышы бөлек мақамын насихаттауға мол мүмкіндік туды ғой. Өкініш өзекті өрттейді. Бұған қоса айтарымыз Нағашыбай Алпысов Республикалық теледидардан «Құлагер» поэмасын жатқа нәшіне келтіре айтып бергенде Қазақстан халқы құрақ ұша қуанды. Бірақ, сол жыраумен Торғай селосында бір шығармашылық кездесу өтті дегенді екі құлақ естімепті.
Торғайда тәңір өзі сыйлаған табиғи дауысқа ие Сейітбек Ордабаев, Сабыржан Арғынбаев сияқты әншілер ғұмыр кешті. Бағаланбады деп батыл айта аламын. Қаратүбек жағынан Таңатқан Хайдаров суырыла шыққанын жақсы білемін. Ол жылдары конферансье концерт жүргізетін. Ән арасында залдағы жұртты қыран-топан күлкіге көму үшін Асқар Тоқмағанбетов, Оспанхан Әубәкіров, Сейіт Кенжеахметов және басқалардың сықақтарын орындайтын. Таңатқан бұл жағынан талантын дәлелдеп, талай байқауларда көзге түсіп, озып жүрді. Қанатты қамқорлық, зор сенім болса Алматыға барып, оқып, эстрада жұлдыздарының біреуі атанар еді-ау.
Торғайда даңқты халық театры болғанын ешкім ұмытпайды. Оның іргетасы берік қалануына Сәмен Жаңабергенов, Орекең Алматов, Назарбек Бектемісов, Жақсылық Қожахметовтер сүбелі үлестерін қосты. Былтыр сол театрдың қырық бес жылдық мерейтойы аталмады. Ал, үстіміздегі жылы қазақтың көне аспаптарынан құрылған «Ғасырлар пернесі» ансамбліне қырық бес жыл толмақшы. Атап өтуге әзірленіп жүрген басшылар, әйтпесе, ансамбль мүшелері көрінбейді. Сөз реті келгенде айта кетейік, осы ансамбльдің жетекшісі Бақытжан Сәуекенов Торғайдан Қима ауданына қоныс аударып, жылы орнын неге суытты? Жұрт сүйсіне тыңдайтын «Қазақ қызы», «Туған жер Торғайым» әндерінің авторы, танымал сазгер Бақытжанды бағалаймыз ба? Осыдан үш-төрт жыл бұрын Сәуекенов жеке шығармашылық кешін өткізу жөнінде Жанкелдин ауданы әкіміне хат жолдапты. Үн-түнсіз. Еш хабар жоқ. Сөйтіп жүргенде, мың болғыр, Аманкелді ауданының әкімі Сабыржан Ахметов телефон арқылы «Екі аудан қойы қоралас емес пе, кешіңізді өткізіп берейік», – деп хабарласыпты. Жерлестері кеудесінен итеріп тұрғандықтан Бақытжан Аманкелдіге баруды намыс көрген. Осы ансамбль құрамында болған әнші Ырысты Ерденова да Торғай десе томпиып тұрады.
«Отыз жылдай мәдениет саласында қызмет атқардым. 1977 жылы КСРО-ның мәдениет ісі үздігі белгісімен марапатталдым. Одан кейін түк бұйырмады. Босанғаныма екі апта болса да, белімді бөкебаймен орап алып, Бейімбет Майлиннің «Шұға» драмасында Шұға рөлінде ойнағаным, қорапты машинамен ауыл-селоны аралап концерт қойғаным, ізімнен ізбасарлар тәрбиелегенім, Болат Хамзин әндерін алғаш насихаттағаным біржола ұмытылды», – дейді Ырысты кездесе қалғанда. Өзінің және Бақытжандардың бағаланбауына жауап іздеп әуре.
Жерлестер жиналған жерде «Айналайын Торғайым» әнін аспандата айтады. Бұл өзі киелі жердің керемет ән ұраны іспетті. Авторы Алтай Сейітқасымов әуелден ұяң мінезді, ынжық, өте қарапайым жан. Оған мен: «Дауысың жұртқа жете бермесе, көмейіңе микрофон орнатпайсың ба?» – деймін. Ол аз жазады. Бірақ, шығармалары шынайы. Әндерін республикаға танымал әншілер орындап жүр. Сол Алтайдың кешін өткізейік, ән жинағын шығайық деген басшы көзіме түспей тұр.
Туған қарындасым Отаркүл Мұқатова Алматы қаласындағы эстрада студиясының түлегі. Жастардың «Армандастар», көне аспаптардан құрылған «Шертер» ансаблінің белді мүшесі болды. Куәлігі бар кәсіби маман. Осы Отаркүлдің кеші өз жерінде ешқашан өтпепті. Әнші Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс атағын иеленуге екі мәрте ұсынылып, құжаттары ізім-қайым жоғалды. Кінәлі кім екенін шырақ жағып таппайсыз.
Ана жылдары Ақшығанақ ауылында партия ұйымының хатшысы, ақын Назарбек Бектемісовтың ұйымдастыруымен «Қызғалдақтар» ансамблі құрылса, қазір оның орны тап-тақыр. Шөбі өртенген жер сияқты. Ізбен жүрген ізбасарлар жоқ. Жұрт Қалипа Айдаболова, Қазима Сейдалина, Зибагүл Садуова, Қызылгүл Бақытовалардың дауыстарын сағынады. Марқұм Ғазез Жұмағалиев қазақша және орысша әндерді қалай айтушы еді. Осы қатардағы Қуаныш Сұлтанғалиев, Қуаныш Есмұратов, Тыныштық Әлденов, Қадыржан Хасенхановтарды да кім мақтаныш тұтпайды? Орманда тамырынан қиылмай аман-есен қалған қара ағаштай жалғыз Кәдіржан Торғай селосында біраз жүрді де ақыры Астана жаққа кетті.
Жуырда айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының ұйымдастырумен жылдың қорытынды айтысы «Тәуелсіздікке тарту» деп аталды. Әдеттегідей Жүрсін Ерман жүргізген бәсекеге ауыздығымен алысқан 18 жыр тұлпарлары қатынасты. Нәтижесінде Арқалық қаласында тұратын білікті ғалым, айтулы айтыскер Айбек Қалиев бас жүлдені қанжығасына байлап, темір тұлпар мініп, айтыстың ақтаңгері атағын иеленді. Шіркін, осы азамат Шымкенттен болса ақжайма төсеп қарсы алар еді. Жерлестері жайлы жылы хабар жетсе де, Торғай үн-түнсіз жатыр.
Соңғы кезде көзге түсе бастаған Марғұлан Оспанов теледидар арқылы өткен айтысқа қатысқаны белгілі. Тәртіп солай, қанша өтініш айтылса да торғайлықтар Марғұланға жетістіріп дауыс бермепті.
Ертеде көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі туған жеріне, Оралға барыпты. Қасында бір топ қаламгерлер болса керек, кіндік қаны тамған елдің енжар қарсы алғанына қабақ шытып,залда отырғандарға қарап: «Туатын жерде тумаппыз», – депті. Аз сөз болғанымен мағынасы майлы емес пе?
Биыл көрнекті ақын, әдебиеттанушы, энциклопедиялық білім иесі Қайнекей Жармағанбетовтың туғанына 100 жыл, арқалы ақын Ғафу Қайырбековтың туғанына 90 жыл, қоғам қайраткері, ірі ғалым Асқар Зәкариннің туғанына 110 жыл толғалы отыр. Әзірге той дүбірі құлаққа жетпей тұр. Әлде әркімнің туысы ту ала жүгірсін деген сөз рас па? Мәселе қонақасыда емес, мәселе даңқты адамдардың бай мұраларын кейінге буынға нанымды насихаттауда. Мен бір мәжілісте «Айтып отырмасақ алып Абай да ұмытылады» дегенім бар.
Торғай селосындағы мәдениет үйі ғимараты қабырғасына халық ақыны Нұрхан Ахметбеков, ақын, жырау, шешен Ахметхан Әбіқаев, сазгер Болат Хамзиндердің суреттері ілінген. Басқалары қайда? Тағы да жауап таба алмай қиналамыз.
Жалпы киелі Торғай несімен ардақты? Біртуарлар туғаны мақтаныш. Селоны араласаң бірнеше музейлердің өзі тарихи жылдарға саяхат жасап, мол деректерді зердеге тоқуға мүмкіндік береді. Ал, рухани саланың мәні, мағынасы мүлде бөлек.
Президент, үкімет саясаты осы мәселеге жүз сексен градус бірден бұрылды. Рухани жаңғырайық деп ұрандау науқаны басталды. Басқасын қайдан білейін, Торғай бұл бағытта негізінен қазақ көп тұратынына мәз бола бермей қыруар шаруа тындырса артық емес. Халыққа ең жақын адамдар мәдениет қызметкерлері екенін бір сәт ұмытуға болмайды.
Құрметті Шота Сәбитбекұлы! Қостанайда отыз жылға жуық тұрсам да, бүйрегім Торғай деп бүлкілдейді. Қаламгер таумен тасты қопарып тастамаса да, біраз шаруа тындырады. Туған жерді өлең жолдарымен ұдайы өрнектеймін. Дені «Сөйле, жүрек», «Жанымның жасыл жапырақтары», «Ақ бұлақ» кітаптарыма енген. Кезінде алпыс жылдығымды лайықты атап өтуге атсалысқан Жангелдин ауданының әкімі Батырбек Ахметовке, Амангелді ауданының әкімі Сабыржан Ахметовке, Арқалық қаласының әкімі Теміржан Төлеубаевқа, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваға мың мәрте рахмет. Ал бүгінгі мақаламда елдің бір азаматы ретінде ой-пікірімді жазсам дұрыс түсін. Мәдениет саласы майталмандары лайықты бағаға ие болмаса, әрине, басты кінә басшыларда. Бұрынғылардың біразы фәниден бақилыққа озған. Тірілер сапында жүргендері қатты қателескендерін сезінер деп ойлаймын.
Қазақта «Бір-бірімізді жер басып, тірі жүргенде бағалайық» деген салиқалы сөз бар емес пе? Шолақ түсінбе, Шота бауырым!
Нағашыбай МҰҚАТОВ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі