Өз ұлымызды өзекке тепкеніміз қалай?

0
3452

Ұзақ жылдар бойы грек-рим күресінен Өзбекстан намысын абыроймен қорғаған қандасымыз Елмұрат Тасмұратов Токио Олимпиадасынан кейін кәсіби спортпен қоштасатынын мәлімдеген болатын. Өткен жылдың соңында Өзбекстанның Ұлттық олимпиада комитетінің басшылары оған лайықты құрмет көрсетіп, үлкен спорттағы үлкен жеңістері үшін алғыс білдірді. Солай болатын жөні де бар. Себебі, ол қатардағы жай спортшы емес, нағыз боз кілем шебері. Ол – Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, үш дүркін Әлем чемпионатының жүлдегері, бес дүркін Азия чемпионы. Егер бұрнағы жылдары Елмұрат Тасмұратовтай өз ұлымызды өзекке теппегенде, оның дүбірлі додалардағы жүлделері Қазақстанның қоржынына түсер еді. Сонда өзгені жарылқап, өз ұлымызды өзекке тебетініміз қалай?

РИО ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ ҚАЗАҚСТАННАН НЕГЕ КЕТТІ?

Күні кеше үлкен спортпен қоштасқан 30 жастағы Елмұрат Зұлыпқарұлының кезінде Қазақстан ұлттық құрамасына алынатын кандидаттардың бірі болғаны рас. Өзбекстанның қазақтар көп тұратын Бостандық ауданында (Ташкент облысы) туған оны ата-анасы 2004 жылы тарихи Отанына оқуға жібереді. Алайда, 2008 жылы грек-рим күресінен Дәулет Тұрлыханов атындағы дәстүрлі турнирде жеңіліп, ұлттық құрама сапына ену мүмкіндігінен айырылады. 2010 жылы Өзбекстанға қайта оралған қандасымыздың өзі солай дейді.

 «Шымкент қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебінің түлегімін. Оқушы кезімнен Азия чемпионаттарына, Әлем біріншіліктеріне баруды армандадым. Бірақ, Қазақстан құрамасында маған орын табылмағандықтан, Өзбекстанға қайта оралып, сол елдің чемпионатын ұтып алып, ұлттық құрамасына қабылдандым», – деп түсіндіріпті Қазақстаннан кету себебін бір сұхбатында Елмұрат Зұлыпқарұлы.

Елмұрат Тасмұратов соңғы жылдары Азия құрлығында 63 келіге дейінгі салмақта алдына ешкімді салған жоқ. Атап айтқанда, 2012 жылы Оңтүстік Кореяда және 2019 жылы Қытайда күміс медаль иеленген қандасымыз 2013 жылы Үндістанда чемпион болса, бір жылдан кейін осы атағын Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) төрінде қайталады. 2015 жылы Катар елінде де қарсылас шақ келтірген жоқ. 2018 жылы Қырғызстанда да осы салмақта құрлықта мықты екенін дәлелдеді. Былтыр Үндістанда өткен Азия чемпионатында да ең биік тұғырдан көрінді.

Әлемдік деңгейде де жетістігі аз емес. 2013 жылы Будапеште өткен Әлем чемпионатында ол Қазақстан ұлттық құрамасының балуаны, Лондон мен Рио Олимпиадасынан жүлдесіз қайтқан біздің Алмат Кебіспаевты жеңіп, қола медаль алды. 2014 жылы Ташкентте өткен Әлем біріншілігінде де жүлдесіз қалмады. Ал, 2018 жылы Будапештте Әлем чемпионы атануға бір табан жақын болып, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Бұрнағы жылдардағы бір сұхбатында: «Ата-анам Астанада (Нұр-Сұлтан) тұрады. Мен де Қазақстанға қайта оралармын. Бірақ, қазіргі мақсатым – Рио-де-Жанейро Олимпиадасы. Соған дайындалып жатырмын», – деген Өзбекстан құрамасындағы қазақ балуаны Лондон Олимпиадасында (2012) кеткен есені (16-орын) қайтарып, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Осылайша, кезінде Қазақстан ұлттық құрамасына қабылданғысы келген әрекеті сәтсіз аяқталған Елмұрат Зұлыпқарұлы Рио төрінде Өзбекстанның туын көкке көтеріп, Қазақстанға мықтылығын сөзімен емес, ісімен дәлелдеді.

Иә, кезінде Қазақстан ұлттық құрамасы сырт айналған Өзбекстандағы қандасымыз халықаралық ареналарда көрші елдің мерейін өсіріп, абыройын асқақтатты. Осы салмақта күресетін өзіміздің Алмат Кебіспаевты талай белдесуде шыр айналдырғанын жоққа шығара алмаймыз. Рио Олимиадасында да Тасмұратов Кебіспаевтан оза шапты.

Әрине, елімізде грек-рим күресінен ел намысын қорғап жүргендер аз емес. Шүкір! Әйтсе де, «Платон менің досым, бірақ шындық қымбатырақ» дегендей, азаттық алған отыз жылда грек-рим күресінен еліміздің бірде-бір спортшысы Олимпиада ойындарында ел қоржынына жүлде салмағанын ашық айтуға тиіспіз. Ал, бұрнағы жылдары өз ұлымызды өзекке теппегенде, Елмұрат Тасмұратов 2016 жылы Рио Олимпиадасында қол жүлдені Өзбекстанның емес, Қазақстанның қоржынына салар ма еді, кім білсін?!

ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАДА ТАЛАЙ
ЛЕГИОНЕРГЕ ТАБЫЛҒАН ОРЫННЫҢ БІР
ҚАЗАҚҚА ТАБЫЛМАҒАНЫ ҚАЛАЙ?

Елмұрат Тасмұратовтың халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғауға мүмкіндігінің болмағанына өкініш білдіргенін жоғарыда жаздық.

Расында, өкінетіндей-ақ жай екен. Өйткені, ұлттық құрамада талай легионерге табылған орынның Өзбекстаннан тарихи Отанына «елім» деп келген бір қазаққа табылмағаны өкінішті. Осы орайда қазақ спортындағы легионерлер тақырыбына қысқаша тоқталып өтсек артық болмас. Себебі, әлеуеті жоғары жас спортшылар бола тұра, «дайын асқа тік қасық» болғысы келетін кейбір федерация басшылары қыруар қаржыға легионерлер алдырып әлек болады. Сөйтіп, олар «өзіңнен тумай ұл болмайтынын, құлағын кеспей құл болмайтынын» ұмытады. Ал, легионерлердің көбі үлкен спортпен қоштасқан соң, бар жиған-тергенін арқалап өз елдеріне қайтады. Қазақстанда қалып, шәкірт тәрбиелеп, білгенімен бөлісіп жүргендері аз.

Легионер ретінде Ресейден елімізге қоныс аударып, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан атынан сынға түскен ауыр атлет Алла Важенина осы сөзімізге дәлел бола алады. Олимпиададан кейін Отанына оралды. Дегенмен, Алла Важенина өзіне жұмсалған шығынды артығымен ақтады. Ол Бейжің Олимпиадасында Қазақстан қоржынына алтын медаль салды (негізі Алла Важенина Бейжің Олимпиадасында күміс медаль алған болатын, бірақ ХОК шешімімен допинг дауына байланысты Олимпиада күмісін алтын медальға ауыстырып алды, – ред.).

Бір айта кетерлігі, Алла Важенина сияқты үмітті ақтаған легионер көп те емес. Мәселен, ауыр атлеттер Светлана Подобедова (Ресей), Мая Манеза, Зульфия Чиншанло (Қытай) допинг дауына байланысты Лондон Олимпиадасындағы алтын медальдарынан айырылған болатын (алғашқылары үлкен спорттан кетті, соңғысы Токио Олимпиадасында қола жүлдегер атанды, – ред.).

Сонда қаржы шығындап шетелден спортшылар алдыртқанша, тарихи Отанына оралған Елмұраттай болашағы зор, әлеуеті жоғары қандастарымызды неге өзекке тебеміз, сыртқа итереміз?! Әлде, Қазақстанда грек-рим күресінен әлемдік додаларда жүлде салып жүргендер көп пе еді?!

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әрине, қазақ баласы әлемнің қай елінде тұрып, қай елдің атынан өнер көрсетемін десе – өз еркі. Қайткенде де, оның жеңісі бар қазаққа ортақ қуаныш, ортақ абырой болары сөзсіз. Дегенмен, өз ұлдарымызды өзекке теуіп, басты спорттық дода саналатын Олимпиада ойындарына көптеген легионер апарып жүргеніміз өкініш тудырады. Міне, бізді осы мәселе ойландыруы тиіс.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here