Михаил Лермонтов патшалық Ресей саясатына қарсы көзқарасын білдірген. Мысалы, сол кезден беделді «Отечественные записки» басылымының бағыттарын қолдамай, пікір айтыпты. «Біз өзіміз дербес өмір сүруіміз қажет және де жалпы адамзаттық тіршілікке өз бетімізше үлес қосуға тиіспіз. Бізге Еуропаға немесе француздарға қарай үйірсіктеу не үшін қажет?! Мен азиялықтардан көптеген нәрселерді үйрендім, мен азиялық дүниетанымының құпиясына тереңдегім-ақ келеді, әйтсе де азиялықтардың өздері үшін де оның бастамасы ғана және біздер үшін де әлі жеткілікті түрде таныс емес. Бірақ, маған сенсең анау Шығыста бай ашылымдардың құпиясы жетеді» деп А.А.Краевскийге ашық ойын білдіріпті. Лермонтов азиялық дүниетаным құпиясына үлгере алмады. Ал, Абай Лермонтов жан-жүрегінің сырларын аудармада айқындап ашып, халқымызға сүйікті ақын етіп танытты.
Абай М.Ю.Лермонтовтың поэзиясын жақсы білген. Ақын өлеңдерінің поэтикалық-көркемдік қуатын, романтикалық мұраттар мен ұстанымын айқын ұғынған. Осыдан да болар, академик З.Ахметов: «Абайдың Лермонтов поэзиясына деген ықыласы ерекше болды. Ол орыс ақындарын айрықша жақын көрді, сырлас, досын тапқандай болды. Орыс поэзиясына бейімдене ден қойған Абайдың ең көп үндестік тапқан ақыны, ең бір өзіне үндес сезінген адамы Лермонтов еді десек, артық бола қоймас», – деп топшылайды. Абай тек орыс қауымының тілек-талабын, мұңын жақсы біліп қана қоймай, Батыс елдеріндегі саяси жағдайлардан да хабардар болған. Сол кездегі беделді орыс басылымдармен үнемі танысып, жер айдалған орыс зиялыларымен жиі әңгімелесуі саяси көзқарасын айқындауға ықпал еткен. Ресейдегі және басқа да мемлекеттердегі өзгерістерді біліп, байқап отырған.
1895 жылы Абай Лермонтов поэзиясын аударуды бастаған. Алдымен екі өлеңін аударған. Бұған бір себеп аяулы, ардақты, асыл перзенті Әбдірахманның мезгілсіз дүниеден өткеннен кейін қапаланған, қайғылы көңіліне айналадан жұбаныш іздегенімен, ол да жан-жүрегіндегі мұң-шерді баса алмаған. Бір жағы сүйікті жазу өнерін үзіп алмауға бекініп Лермонтов поэзиясы көңіл-күйімен, сезім-ойымен үндескендіктен аударманы жалғастырған. «Бұл жолы, сондықтан, Лермонтовтай ақындардың өлеңдерін қазақшаға аударса, сол сөздерді құр ғана сыртқы келісімін сүйгендіктен аудармайды. Барлығын да өз жүрегіне түсінікті, өз халіне жанасатын, өзінің әлеуметтік мұң-арманына тап келетін және өз қиялына үйлесетін, ерекше бір жақындығы болғандықтан аударады», – деп Мұхтар Әуезов себептерін дәлелдеп көрсетеді.
Бұл кезде Абайдың ақындық таланты шыңдалып, шеберлігі кемелденген кез еді. Лермонтов поэзиясын аударғанда аудару өнерінің қыр-сырын жетік меңгергендігін көрсеткен болатын. Қайғыға қаламымен қарсы тұрып, жігерленіп ширығады.
«Пушкин мен Лермонтов қазақ тілінде керемет сөйлегені сондай, оны Абайға да, Лермонтовқа да тән санауға болатынын білдік. Біз Лермонтовты дүниеде бәрінен жақсы көрдік», – деп М.Әуезов 1957 жылғы 8 ақпандағы КСРО Жазушылар Одағының пленумында сөйлеген сөзінде айрықша атап өткен. Бұл ғұлама суреткердің Абай аудармасын айрықша бағалауы. Расында да, Лермонтов поэзиясы қазақ тілінде жазылғандай анық та айқын, түсінікті тәржімеленген.
Абайдың ең жақын достары Евгений Петрович Михаэлис пен Александр Львович Блек арасындағы қалтқысыз достық жиырма жылға созылған, Сашаның Семейдегі статистика комитетіндегі қызметтен бөлек, Мәскеудегі «Аудармашылар мен баспагерлер қоғамымен» қарым-қатынасы үзілмеген. Демек, «дүниеге көзімді ашқан» деп Абай аса құрметтеген дәл осы Михаэлис оны әдебиетке, сан-салалы ғылымға тартумен бірге, аударма өнерімен де, аударма жайлы ой-тұжырымдарымен де таныстырған.
Жалпы алғанда, Абай М.Лермонтовтен 15-ке жуық өлең аударған. Бұл аудармалар басқаларға қарағанда дәлме-дәлдігімен ерекшеленеді.
«Абайдың Лермонтовтан аудармалары қазіргі уақытқа дейін қазақ әдебиетінде теңдессіз болып қала береді әрі поэтикасын тәржіманың үлгісі саналады» (З.Ахметов). Өте орынды бағалау.
Абай 1893 жылдары жазған өлеңдеріне жаңа ағымдар кіргізді. Бұл – Лермонтов, Гете, Байроннан аударған өлеңдері. Лермонтовты дәл аударады. Еуропаның көп классиктері енді Абайға кең әсер етеді. Абайдың өз шығармаларының мазмұнын, көркемдігін, ойын кеңейтіп түрлендіреді. «Өзіңе сенбе жас ойшыл» мен «Ал, сенейін, сенейін…» деген өлеңінде Лермонтовтан Абай өзінің үндестігін, үйлесімдігін табады». М.Әуезов Абайдың аудармашылық талантын осылай айқындайды.
Абай орыс классиктері поэзиясын аудару арқылы ұлттық әдебиетті жаңа арнаға, әлем әдебиетіне тоғыстырды. Таланттар туындысынан өзіне рухани жақындастық, туыстық табумен бірге, олардың ортақ мүдде –мақсаттағы ой-пікірлерімен ішкі үндестікті сезінді. Ол аудармаға әу баста тілді ұстарту, ой танымды, шығармашылық ізденісті жетілдіру, өзге әдебиеттегі жақсы үлгілер мен дәстүрлерді енгізу бағытында бет бұрса, кейіннен аударманы жаңа ұлттық идеялар мен мұраттарды жеткізудің мықты құралы санады.
Абайдың аудармаларында қазақтың ауыз әдебиетін қалай пайдаланғаны, сол аудармалар арқылы қазақ топырағына силлабика-тоникалық өлең құрлысының принциптерін әкелуін, орыс ақындары шығармашылығындағы поэтикалық образдарды қазақи оқушыларының ұғымына жақындатуы, аудармада өзінше творчестволық тенденция ұстануын аударматанушы З.Ахметов орынды атап өткен.
Абай Батыс және орыс ақындарының поэзиясын жетік меңгергендігі сондай, аударған жырларында ойдың тынысын кеңейтті, жасантып, жайнатты.
Абай М.Лермонтов поэзиясын аударуға аса ыждаһатпен, ықыласпен, құлшыныспен кіріскен. Ол ақынның поэтикалық арман-мұратын, құштарлығын, жан-дүниесін тереңдеп меңгерген.
«Лермонтовты Абай ерекше бір қызу жалынымен үнемі қызығып, сүйіп, сүйсініп отырып аударады» деп М.Әуезов аудару ерекшелігіне де тоқталып өтеді. Расында да, Абай романтик ақын өлеңдерінің рухани қуатын, мазмұнын, ішкі көркемдік-поэтикалық ой толғаныстарын әбден меңгерген. Лермонтов поэзиясының жанына жақындығы, рухани үндестігі аударудағы дәлдігі мен еркіндігінен көрінеді.
Абай орыс музыка өнерін жақсы білген. Әуенін атақты композитор М.И.Глинка шығарған, орыс халық әніне айналғаны А.Дельвичтің аударғанын, бұл әнді кезінде студенттер сүйсіне айтқанын атайды.
Лермонтов поэзиясына деген керемет қызығушылығын аударудағы көркемдік құралдар мен бейнелеулерінен де байқатады. Аударманы орысшасымен қайта салыстыра, пайымдап оқығанда Абай талантына, шеберлігіне еріксіз сүйсінесіз, мерейленесіз.
М.Әуезов Лермонтовтың «Вадим» атты прозалық туындысының аудармасына қатысты зерттеушілік пайымдауын білдірген. «Вадим» – Лермонтовтан алынған. Лермонтов оны жас кезінде жазған. Мұның негізінде Пугачев көтерілісі жатыр. Лермонтов көркем тақырыпты жас кезінде Шекспирдің «Разбойники», Пушкиннің «Дубровскийінен» алған сияқты – деген ой білдіреді. Абай мұны аудару мақсатын көздеген. Үлкен прозаны поэзия тілімен баяндауы да – оқырман оқып, түсінуіне жеңіл, ынғайлы болуын ойлағандығы. Прозаны, яғни қара сөзбен мазмұндалған көркем туындыны өлең тілімен жырлау шығыс әдебиетінде, түркі әлемінде бар дәстүр. Мысалы, атақты қайраткер, талантты ақын Бабыр ислам дінін насихаттаған Ұбайдулла Акрардың парсы тіліндегі «Волидия» еңбегін поэзиямен түркі тіліне алғаш рет аударған. Абай осынау ұзақ та күрделі шығарманы өлеңмен біреудің сол кездегі жастарға да, үлкендерге де әсері зор екенін терең түйсінген. Бір жағы Вадимдей әділдікті жақтап, өзінің көксеген мақсатына жетуде табанды күрес жолына түскен күрескер – азаматтың қайсар, батыл іс-әрекеттерінен жас ұрпақтың бағыт-бағдар, тәлім-өнеге алуын да айқын ескерген.
Қысқасы, Абай елге төніп келе жатқан тарихи өзгерістің беталысын күні бұрын сезінген. Мынау патшалық үстемдіктің де көп ұзамай күні өтерін де көреген көңілмен сезінген.
Лермонтовтың ақындық әлемі осындай жекеленген жырмен де жарқырай көзге түскен. Ақын поэзиясындағы ғаламат жырдың біріне Абай назарын ықыластана аударған.
Абай қандай өлең аударса да ойына, рухына, түр-бітіміне ден қойып, оны қазақи ұғымға бейімдеп береді. Кейде көңілден шықпаған тұстарын жетілдіріп, жаңа дүниедей жасанта қояды. Шеберлігі өз қатарлас қаламдастарынан асып түседі.
М.Лермонтовтың тебіреністі терең туындысы – Кавказдағы Терек өзенін сипаттаған лирикасы. Бұл ақынның пейзаждың лирикаларының бір көркемі әрі көрнектісі – «Дары Терека» («Теректің сыйы»). Өлеңнің басталуынан-ақ оқырман Теректің биік Кавказ тауын, құз-жартастарды қақ жарып аққан ақ толқын ақ көбік ағынымен танысады:
Терек воет, дик и злобен,
Меж утесистых громад,
Буре плач его подобен,
Слезы брызгами летят.
Но, по степи разбегаясь,
Он лукавый принял вид
И, приветливо ласкаясь,
Морю Каспию журчит.
Абай аудармасын салыстыра сараптайық:
Лермонтовта биік-биік құз-жартастарды қақ жара аққан буырқанып, долданған әрі асау, адуынды өзен, оның буырқанған ағысы әлдекімнің ағыл-тегіл көз жасына ұқсайды. Әр тамшы көкке шапшып атқылайды.
Абайдың сезімталдығы, дүниетанымының кеңдігі – асау Теректің долданып, буырқанған, тауды бұзып, тасты жарып жол салған қуатты ағынын, өзен күшін көрсетуінде. Орысшасында асау Терек айтылмаса да, Абай тау өзенінің арда жылқыдай асаулығын айқындап әдемі теліген. Кез келген тау өзені аңғарында көлбей созылып жол жатады. Мейлі ол үлкен көлік жолы болсын, керуен жүретін соқпақ болсын, өзгермейтін, барар жерге жеткізер бағдарлы жол. Әрине, кейбір құзар шыңдарда, тар қысаңдарда адамдар сирек жүретіндіктен, соқпақ болмауы да мүмкін. Абай Теректің ағысының қаттылығын, қарқын-қуатын ерекшелей келіп ағысына асауға сәтті астастырған.
Абай Лермонтовтың «Теректің сыйы» өлеңінің соңғы екі жолын «Арыстанның жалындай бұйра толқын,/ Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып» деп өзге поэмаларынан «Демондағы» Терек суреттемесімен, «Измайл-бейдегі» «И Терек, прыгая, как львица,/ С косматой гривой на хребте,/ Ревел,- и горный зверь и птица,/ Кружась в лазурной высоте,/ Глаголу вод его внимали;/ Но с гордым бешенством река,/ Крутясь, как змей, не отвечает» деп өте тапқырлықпен жымдастырып жібергенін Қайым Мұхамедханов дәлелдеген.
Бұған қосарымыз, бейнелеу сипатының арта түскені, тіпті түпнұсқадан да көркемдік-поэтикалық мағынасы әсерлі. Абайдың аудару амалдарына еріксіз сүйсінесіз. Әлем көркем аудармасында мұндай тәсілдер сирек. Абай осының бәрін қалай керемет ойластырған. Орыс ақынының басқа бір поэзиялық туындысынан байқағанын аудармаға үндестіріп жіберген. Абайдың алғырлығы, керемет сезімталдығы, ізденгіштігі де осында. А.С.Пушкин кейбір жолдарды В.Жуковскийден достық ниетпен алып, пайдаланған. Ол орыс әдебиетінде мұндай дәстүрлердің жиі орын алғанын жақсы білген.
Абайдың үлгі аларлық бір қыры – керемет ізденгіштігі. Мысалы, М.Лермонтовтың «Теректің сыйы» лирикасындағы:
Терек воет, дик и злобен,
Меж утесистых громад,
Буре плач его подобен, – деген әдемі шумақты ақынның «Демон» поэмасынан алған:
Асау Терек долданып, буырқанып,
Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.
.
Буырқану, долдану етістіктері Лермонтовтың «воет, дик и злобен» өлең жолына қандай ұтымды балама! Алып жартастарды қақ жарып, ақ тамшыларын көкке шашып, толқыны күркіреп, сарқыраған тау өзенін жасын төгіп қатты жылаған жанға ұқсатады. Абайдың аудармадағы тапқырлығын, ізденісін З.Ахметов те орынды атап көрсеткен.
Лермонтовта өзеннің ақ қарлы, мұзарт Кавказ тауынан басталатыны берілмеген. Далаға, кең арнаға жайылған өзеннің қуланған түрге енуі, яки қуақыланып әрі жылы шыраймен еркелеп Каспий теңізіне сарқырап ағып құятыны суреттелген.
Абай өзеннің Кавказдан жайнап, айналасын у-шу ғып, түзу жерге, яғни жазыққа барған соң арнасын кернеп, судың ұлғайғанын жақсы бейнелеген. Сондай-ақ, қалың қайратын бойында сақтап, беті күліп, қуақыланған, момынсынған сыңайда ағатынын сипаттаған. Су бетінің күлуі Лермонтовта жоқ, Абайда бар. Тапқыр да тың бейнелеу. Біз байқай бермейміз, су сылдыры, сыңғыры – оның әдемі күлкісі.
Лермонтовтағы «журчит» етістігін, судың сылдырлап, сыңғырлап ағуын су бетінің күлуімен қалай сәтті алмастырған. Судың жазықта жібектей ескен желмен толқындары нәзік дірілдеп, бейне езу тартқандай көрінетін сәтін ойға елестетсеңіз, Абай баламасына еріксіз сүйсінесіз. Лермонтовтағы «принял лукавый видті» аудармашы «момынсынған пішіндегі» ағысқа балаған, о баста асау Терек десе, енді өзенді қу мінезді адамға теңеген. Мына шумақ өзеннің монологы іспетті:
Расступись, о старец море,
Дай приют моей волне!
Погулял я на просторе,
Отдохнуть пора бы мне.
Я родился у Казбека,
Вскормлен грудью облаков,
С чуждой властью человека
Вечно спорить я готов.
Ал Абайда мынадай:
Аударма ғаламаты неде? Түпнұсқамен мазмұндық-мағыналық тепе-теңдікті сақтауында ма? Әлде ойдың бейнелі берілу дәлдігінде ме? Лермонтов Теректің Каспий теңізіне құятындығын «О, қарт-теңіз, қақ жарыл, менің толқындарыма баспана бер, кең далада серуендеп келдім, енді демалар шақ келді» деп өтініш ұғымында білдірсе, Абайда арыны басылмаған асау Терек суреттелген. Абай алдымен Теректі Кавказдай асқар тауда тұрған перзентке балаған. Лермонтовта бұл екінші шумақта тұр. Бұлттар кеудесін еміп, нәр алған Қазбекте туғанын мақтан етеді. Абайда ол керемет суреттелген. Бұлттың сүтін еміп, ержеткен Кавказдай құзда туған перзент болмысын асқақтатады. Лермонтовта бұлттың емшегін еміп өскен жас ұғымында алынса, ақша бұлтты ана төсінде бейнелеп, оның ақ сүтімен өсіп, ержеткенін ерекшелеген. Лермонтовта «О, қарт теңіз, қақ жарылып, орын бер» деген тілекте Теректің аңсар арманы, асыл үміті аңғарылады. Абайда «Кім қақтықса жолымда күйреткенмін» деп өзеннің жойқын, қатты ағысы көзге елестейді. Екінші жағынан сол өңірді мекендеген халықтың өр-өжет мінезіне де ұқсатады. Тәуелсіздікке сан рет талпынған Кавказ халқы әлі мақсатына жете алмай келеді. Ал «С чуждой властью человека/ Вечно спорить я готов» деген жолда яғни жат биліктегі адамның еркі болмайтыны бейнеленген. Түпнұсқада өмір бойы еркіндік үшін тартысуға тастүйін таулық мінез-қылық танылса, Абайда: «Зор кеуде адамзаттың айласына,/ Көнбей бүгін күшімді көрсеткенмін» деп тіпті адуынды, қайтпас, қайсар ер болмысы бейнеленген. Абай бұл өлеңді толық аудармаған, өлеңді санада саралап, қажетті шумақтарды алған, біршама өзгерістер, прагматикалық амалдар жасаған. Лермонтовтағы кейбір ой Абайда мүлде берілмеген. Керісінше Абай оны өз ойымен толықтырған, дамытқан:
Екі езуім көпіріп, айғайласам,
Шын құтырсам шың тасты тербеткенмін, –
деп асау, арынды ағынды тентек Теректің мінез бітімі ерекшеленеді. Терек монологының аяқталуына зер салайық:
Я, сынам твоим в забаву,
Разорил родной Дарьял
И валунов им, на славу,
Стадо целое пригнал.
Бұл шумақ – Теректің Дарьял шатқалындағы ағысын сипаттау. Түпнұсқада өзінің өз ұлындай еркелеуі, қанша ашуландырып, ызаландырса да үлкен қой тастарды отардай алдына салып айдап алып келгені, адуынды қуаты, абырой-даңқ саналса, Абайда сыпайы, салмақты сипатталған:
Аптығып асау інің келді, ақсақал!
Тау, тасқа, адамзатқа салып жанжал.
Дем алайын деп келдім, аш қойныңды,
Сәлем-сауқат әкелдім, қош көріп ал.
Абай асау тентектің сағына анасын аңсаған перзенттің анасына жетіп, еміреніп елжіреген сәтіне ұқсатады. Өз кінәсін мойындап, кешірім сұрап, кішіпейілділік танытқан адал перзент ұғымында берілген. Аудармада бұдан басқа да өзгерістер бар. Терек Каспийге берген жауабында базарлық әкелген, базарлық қабылдайтын ержүрек кабарда жігіті екені айтылса, Абайда бұғы мен маралын, адамнан тартып алған көп малы барын, оған қоса ер-тоқымын, атын, қаруымен ер шеркесті әкелгені хабарланады. Лермонтовта ержүрек кабардалық жігіттің қымбат сауыт кигенін, ал болат шынтақ қабында Құраннан алынған қасиетті сүренің алтынмен жазылғаны ерекшеленді. Кабарда сарбазының келбеті, тұлғасы таныстырылады. Абай мұның бәрін алмаған. Одан гөрі сол кездегі Кавказ халқының бодандық бұғауындағы ауыр жағдайын таныстырған.
Мұның бәрі – тартуым сізге, – дейді,
Ақылыңды айт, ақсақал, бізге, – дейді.
Бақша, зауат, жайларды қылдым талқан,
Әрбір бай жалдап жатыр жүз кедейді, – деп әлеуметтік ахуалды өткір қозғайды.
Лермонтов «Теректің сыйы» өлеңінде табиғатты суреттеумен бірге, сол кездегі патшалық Ресей езгісіндегі тау халықтарының азапты өмірін, еркіндік жолындағы күресін жырлайды. Биік шыңдардан, алып таулардан тасқындап аққан Теректің арнасын кең жайып Каспийге құяр көрінісі де ақынның тау халқының еркіндікке, азаттыққа қол жеткізуін көздеген игі тілеулестікке ұласқан. Буырқанған бұла өзендердің бойынан бұлқыныс, адамдардың асыл арманға ұмтылысы жалғанғандай.
Қазақша мағынасы «Қызу, бұла еркіндікті заңдар тықсырып тастауда, осылай тағы ұлыстар үкімет билігінен қысым көруде, қазіргі күнде үні ішінде булыққан Кавказ ештеңеге жарамсыз күйде. Өйткені оны бөгде күштер қанап, ауыр азап тартқызуда». Ақын жан жүрегімен бас бостандығы жоқ, империялық үстемдік, зорлық-зомбылығын көрген тау халқының тағдырына жаны ауырады. Мұндай көзқарас сол кездегі патшалық билік мүддесіне қайшы келетін еді. Оны күрескер рухты ақын ғана сезді.
Терек туралы туынды – Кавказ табиғатының поэтикалық көркем тілмен салынған сұлу суреті. Кавказға бармаса да, оның бірде жойқын, бірде жайлы ағысын көрмесе де, Абай ғажайып лириканың бүкіл поэтикалық көркемдігін, рухын тереңнен сезініп, ұлттық тілдің берекелі, бай бояуларымен шебер кескіндеген.
Ұлы Кавказды, жаужүрек, өр мінезді ұлдарын, тұнық, көгілдір аспанын, буырқанған тау өзендерінің ғасырлар бойғы күркіреген дауысын, тік, жанама жартастарды, күн нұрымен жайнап, жайқалған, жұпар қауашағын ашқан дала гүлдерін, ала бұлтты жауынды күндерін, жартастарға салынған көне қорған-қамалдарды, батыстан ағылған қардан да ақ бұлттардың тау басына үйірілгенін, алуан түр-түсте, қыр-далаларын Лермонтов поэзиясынан табасыз. Мәңгілік қар басқан, алмастың қырындай жарқыраған Қазбекті, жартасты қақ жарып, қарайып аққан шұғылалы Дарья шатқалын шабыттана жырлап, Теректі тебірене сипаттайды. Одан әрі Грузин жазығын, кілемдей құлпырған бақытты ырысты жерді, сыңғырлай жүйткіген сүйкімді бұлақтарды, түрлі-түсті тастарды, райхан гүлді жота-жазықты, бұлбұлдардың сайрауын, талтүстегі тамылжыған қапырықты ұмыт қалдырмайды. Шалғынға төгілген жұпар шықтарды, грузин аруының қарасындай қара қастарын түнгі аспан көгінде жарқыраған жұлдызға теңейді. Осының бәрі ақынға өзгеше сезім, соны серпін береді.
«Кавказ тұтқыны» поэмасындағы:
Там Терек издали кружит,
Меж скал пустынных протекает
И пеной зыбкой орошает.
Яғни, қазақшаласақ, «Бұрала билеп алыстан Терек,/ Қақ жара ағып жартасты,/ Шаяды толқып көбікпен». Теректің құз-жартастан еңіске аққан тасқынды, қуатты ағыны көзге елестейді. Енді бірде:
Лежал ковер цветов узорный
По той горе и по холмам;
Внизу сверкал поток нагорный
И тек струисто по кремням… – деп жан-жағы көк кілемдей құлпырған таулары мен қыр-жоталарды, төменде жарқырап күнге шағылыса жалтыр тас төсемемен тау өзені ағысын суреттеген. Кавказдың сұлу көрінісін сыршыл суреттеуі де Лермонтовтың көз көрген табиғаттың әдемілігін жүрекпен терең сезінуін білдіреді. Ол Кавказ табиғатын көрген сайын, оның өзіне беймәлім жаңа бір ерекшелігін аңғарады. Содан да болар, Кавказ табиғатын тамсана, шабыттана жырлайды. Терек туралы өлеңді гребендік казак фольклорынан алған өзен туралы халықтық жыр-аңыздарын да пайдаланған. Ақын Теректі бірнеше рет көргендегі әсерін көңілге түйген. Кавказ тауларындағы бірден-бір дара дария деп ерекшелейді.
Белинский «Теректің сыйы» өлеңі туралы Боткинге хатында: «Шайтаным білсін, айтуға қорқам, маған осы бір жеткіншектің бойынан үшінші орыс ақыны шығатындай көрінеді. Және Пушкин дүниеден өтсе де мұрагерсіз қалмайтындай» деп жазған.
В.Белинский «Теректің сыйын» Кавказдың «поэтикалық апофеозиясы» деп бағалады.
Әнуар Тарақов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Филология және әлем тілдері факультетінің профессоры, ф.ғ.д.