Қазақтың қайсар қызы

0
2726

Бүгінгі кейіпкеріміз Ханзипа Бәлдікқызы ғұмырын журналистикаға арнаған ұлтжанды қазақ қызы. Сонау бір жылдары орыс-орманы басым Қостанай өңіріндегі Лисаков және Рудный қалаларында қазақ радиосын ашып, қандастарымызды ана тілін қадірлеуге, ата-бабамыздан мирас боп келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жаңғыртуға үндеген қайраткер ретінде есімі қалың жұртшылыққа жақсы таныс. Қазіргі таңда ол Астана шаһарында тұрады. Аяулы ана, сүйікті әже. Бұл кісімен жүздесіп, сырласудың өзі бір ғанибет. Әрбір сөз саптасынан, жүзіндегі нұрлы шуақтан ұлтын шексіз сүйетіндігі, әйел затына тән мейірбандылықтың лебі сезіліп тұрады. Әлі күнге дейін қолына қалам алып, көңілде жүрген көрікті ойларын ақ қағаз бетіне түсіріп жатқаны. Осынау жан сарайы кең, адамгершілігі мол, рухани бай асыл жанмен тілдесу барысында кейінгі сіңілілеріне өнеге боларлық қасиеттері мен бастан кешкендері өзек болды.

Әкесі Ахаң және Жақаңмен сыйласқан…

Ол жайлы әңгімелескен кезімізде өзімізге беймағлұм біраз жайларға қанықтық. Ханзипа апамыз артта қалған сонау бір қиын-қыстау кезеңдерге де шолу жасады. Өзі деректер мен дәйектерге сүйенетін болсақ, 1937 жылы қазіргі Қостанай облысының Амангелді ауданында дүниеге келді.

Қазақы да киелі шаңырақтағы жалғыз қыз бала болғанына қарамастан елгезек, ізгілік пен бір нәрсені білуге құштар болып өсті. Оны, әрине, айналасындағылар сезбей қалған жоқ. Оның әрбір сәтті қадамынан үлкен үміт күтті.

Бойжете келе аққу арман қуып, жас ұрпаққа ұлағатты тәлім-тәрбие беретін ұстаздықты таңдады. Сол асыл арман мен биік мақсат Ақмола педагогикалық училищесіне алып келді. Бұл білім ордасында да табиғатынан биязы, инабатты ол тек жақсы жағынан көрінді.

Жылдар өте сонау Алматы шаһарындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін негізгі қызметінен қол үзбей жүріп сырттай оқып бітірді.

Бертін жазу-сызуға бейімі мол дарынды апамыз ерекше қажыр-қайратты, ізденісті, білім-білікті аса қажет ететін журналистика саласына бір жола белді бекем буып кіріскен болатын.

Зиялы қауымға белгілі, 1971 жылы кіл өзіміздің қандастарымыз мекен еткен өңірде Торғай облысы ашылып, ондағы ағайындар үлкен қуанышқа кенелді. Кез келген кісімен емен жарқын сөйлесіп, тіл табыса білетін Ханзипа Бәлдікқызын облыстық радиоға дикторлық жұмысқа шақырды. Ол өзіне сенім артқан кісілердің үмітін ақтады. Аймақтағы ағайындар оның әдемі де құлаққа жағымды саңқылдаған дауысына әбден үйренді. Оның эфирге шығуын асыға күтетін болды.

Өзін ес білгелі ана тіліміздің тағдыры мен болашағы айрықша толғандыратындықтан оңашада қолына қалам алып, көкейтесті тақырыптарға мақала және шұрайлы тілмен очерктер жазды. Бұл тырнақ алды туындылары баспасөз беттерінде жарық көре бастады.

Торғайлық ағайындар оның рухани дүниелерін үзбестен оқып, аты-жөніне көздері үйренді. Кейін 1979 жылы құдай қосқан қосағы Әулиехан ағамыздың қызмет бабымен Қостанай облысындағы Лисаков қаласына жіберілуіне байланысты осында қоныс аударуына тура келді.

Өз басым Ханзипа апамызды бұрынғы «Коммунизм таңы», қазіргі «Қостанай таңы» газетіне тілшілік қызметке келген кезінен жақсы білемін. «Адам сөйлескенше» демей ме?! Алғашқы күннен бастап жайдары мінезімен бәрімізді баурап алды. Редакцияға жолдаған мазмұнды да өзекті мәселелерді қозғаған көсем сөздерімен білікті маман екендігін дәлелдеді. Лездемелерде есімі жақсы жағынан аталды.

Онымен арадағы сыйластық пен қарым-қатынасымыз ол кісі құрметті демалысқа шығып, көрікті қала Алматыға көшіп барғанда да жалғасты. Кездескен кезде кәдімгі туған әпкеміздей жылы қабақ танытып, ерекше ықыласпен қарсы алатын.

Ханзипа Кәкімжанова елге құрметті, жұртшылыққа қайырымы мол шаңырақта тәрбиеленді. Әкесі Бәлдік Байтоғайұлы туған жерін гүлдендіруге айтарлықтай үлес қосқан тұлға еді. Үлкен-кіші қадір тұтатын.

Текті азамат ақындығымен де елге танымал-ды. Оның жазған өлеңдерін көпшілік жатқа айтатын. Өйткені, жыр жолдарында замандастарын терең ойға жетелейтін мазмұн жататын.

Әншілігі өз алдына бөлек әңгіме. Сол кездегі кейбір оның көзін көріп, өнерін бағалаған ағайындардың пікіріне қарағанда, айналасындағылар оның орындауындағы әсем әндерді үйге сыймағандықтан киіз үйдің сыртында тұрып тыңдайтын көрінеді.

Осы арада оқырмандар назарына сала кетер тағылымдық жағы мол дерекке де тоқталалық. Қазақ халқына танымал құтты қоныс болған Қызбелге Алаштың ардақты азаматтары Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов ат басын бұрғанда, ауылдағы өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы ретінде Бәлдік ағаның шаңырағына соқпай кетпейтін. Әңгімелері мен өмірге деген көзқарастары үйлесіп, жарасымын таба кететін.

Үйдің сәнін келтіріп отырған Бәдиша апамыз еліміз үшін бүкіл өмірін арнаған алып тұлғаларға өз қолымен талай рет шәй құйып, олардың алғысын алған-ды. Сол күндерді асыл ана сүйікті перзенті Ханзипаға айтып отыратын.

Өткен нәубет жылдар ұлтымыздың басына қара бұлт болып үйірілді емес пе. Жүрегі жерім, халқым деп соққан қайран бетке тұтар қайраткерлер сол уақыттағы солақай саясаттың кесірінен жазықсыз жала жабылып, құрбан болды.

Осы 1937 жылдың соңына қарай Бәлдік ағамызға да «Халық жауы» деген атпен орынсыз кінә тағылып, жұртшылық ұғымында барса-келмес атанған сонау Сібірде жатқан Магаданға айдалды. Осы жайлы біздің бүгінгі кейіпкеріміз арада қаншама уақыт өткеннен кейін, яғни 2009 жылы «Зобалаң заман іздері-ай» деп аталатын деректі хикая жазды. Бұл жұртшылыққа үлкен ой саларлық кітап болып Нұр-Сұлтан шаһарындағы «Дәме» баспасынан жарық көрді.

Осынау шындық жайлы жазылған туындыда Бәлдік Байтоғайұлының қуғын-сүргінге ұшыраған жылдары жүрегін жарып шыққан өлеңдері енген. Бұл еңбектен қаламгердің әкеге деген шынайы перзенттік сағынышы мен сезімі айқын байқалады. Сонымен қатар, онда жазықсыз жапа шеккен жанның түрмеде жатып анасына, туған бауырларына жазған жыр жолдары арқау болған. Кітапты жүрегі бар адамның тебіренбей оқымауы мүмкін емес.

Қайсар әріптестің орындалған арманы

Ханзипа Бәлдікқызының сөзінен түйгеніміз, ана тілінің болашағы әрқашанда айрықша толғандырып, қай жерде жүрсе де, оның қолдану аясын кеңейтуге қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай. Әңгіменің орайы келгенде соған да жан-жақты тоқталғанымыз өте орынды. Өйткені, апамыз қызмет атқарған 1982-1993 жылдары өзге ұлттары басым қалалардағы радиоларда қазақ редакцияларын ашу ерлікпен пара пар еді. Бұл шаһарларда қазақтардың саны өте аз болатын. Ары кеткенде 4 пайыздан аспайтын. Өңірдің өзінде ұлтымыздың саны ауыз толтырып айтарлықтай емес еді. Осы кезеңде Торғай облысы бөлек-ті. Тіліміздің мүшкіл халі кеудесінде намысы бар бауырларымызды толғандырмай қоймайтын.  

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Кәкімжановтар отбасы Лисаков шаһарына қоныс аударып, жергілікті жұртшылықпен қоян-қолтық араласып кеткенше де біраз мерзім өтті.

Ардақты ағамыз Әулиехан осындағы «Краснооктябрь» боксит кен басқармасының жауапты қызметін атқарды. Әрине, тұрмыстан еш қиындық көрген жоқ. Қаланың іргесіндегі шағын поселке құтты қонысқа айналды. Өз саласын жетік білетін отағасы мен оның жұбайы Ханзипаны көрші-көлемдері сыйлады.

Осы 1979 жылдары бұл жерде бірде бір қазақ мектебі немесе қазақша бала-бақша деген атымен болған жоқ. Орыс мектептерінде қазақ тіліндегі дәріс те қазірдегідей деңгейде өтпейтін. Алайда, жастайынан қазақы тәлім-тәрбие алған әріптесіміз өзінің ана сүтімен бойына дарыған тіліне шексіз сүйіспеншілігі, ұлтына жанашырлығынан да болар, осы шаһардағы бұрын тек қана орыс тілінде хабар беретін радиодан қазақ бөлімін ашсам деген ізгі ниет пен намыс жатса да, тұрса да маза бермеді.

Бұл Одақтың дүрілдеп тұрған кезі болатын. Биліктің тұтқасы коммунистік партияның құзырында еді. Сондықтан мақсатын жүзеге асыру үшін қаладағы партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысына барып, ақылдасуды жөн көрді.

Аға буын өкілдері жақсы білсе керек. Сол кезеңдері руханият саласын негізінен үшінші хатшы қадағалайтын. Сондықтан нақты шешімге келген бұл жауапты қызметтегі хатшы әйелдің қабылдауында болды. Ол да мұны мұқият тыңдаған соң бірден өздерінде қазақ бөліміне қызметке ала қоятын штат жоқ екендігін ашық айтты. Бірақ, оның сөзінен тауы шағылып, еңсесі түскен жоқ. Қайта бойына тың күш-жігер құйылғандай сезінді. Сыртқа шығысымен өзін кеңсеге жұмысқа алуға ұсыныс жасаған жергілікті боксит кен басқармасының басшысы Қоқыш Иісұлы Итемгенов ағамызға барды. Бұл кісі өңірге есімі белгілі, азаматтық қырларымен зиялы қауым арасында үлкен беделге ие тұлға-тын.

Көпті көрген, өз ұлтының мәртебесін биік болғанын қалайтын мәрт мінезді басшы екі сөзге келген жоқ. Мұның алдына қойған мақсаты мен ана тілі үшін тыным таппай жүргендігін терең ұққандықтан арнайы штат бөлді. Сол кезеңдерде аталмыш шаһардағы радио қызметкерлері негізінен жалақыны түрлі өндіріс орындарынан алатын.  

Ханзипа Бәлдікқызы Қоқыш Иісұлының алдынан қуанып шықты. Содан кейін тиісті құжаттарды дайындап, қалалық партия комитетінің арнайы бұйрығымен 1982 жылы ақпан айында қалалық радиода ана тілінде хабар ұйымдастырушы-тілші болып қызметке орналасып, біраз уақыттан бері көңілге алған асыл арманы жүзеге асты.

Жергілікті қандастарымыздың ұл мен қыздары орыс мектептерінде білім алды. Несін жасырамыз, осындағы қаракөз бауырларымыздың өздері ана тілін жөнді білмейтін. Сондықтан да радиода қазақша сөйлейтін кісілерді де табу оңай емес-ті. Өздері оны жетік түсінбегендіктен хабарға қатысудан қашқақтайтындар да кездесті. Бірақ, әріптесіміздің рухы түспеді. Сұхбатқа келісім бергендердің сөздері мен ойларын өзі қазақшаға аударып, қағазға жазып беретін. Өйткені, уақыт күтпейді. Журналистік қызмет қашан да жеделдікті әрі дәлдікті, ерекше жауапкершілікті талап етеді.

Алғашқы тұсаукесер хабарын «Радио тыңдаушылармен танысу» деп атағаны әлі есімде. Оған шаһардың құрметті азаматы, қаланың іргетасын қаласқандардың бірі – Мағзұм Жандарбеков пен осындағы бауырымыз, бір рудник басшысы шақырылды. Қос азамат журналистің бастамасына шын жүректен шыққан жылы лебіздерін жеткізді. Осылайша, шаһарда тұңғыш рет қалалық радио қазақ тілінде сөйлей бастады. Бұл жергілікті ағайындардың еңсесін көтеріп, мемлекеттік тілдің абырой-беделін асқақтата түсті. Алайда, Лисаковта ешкім де әпкеміздің қайсарлық пен батылдық танытып, бүкіл қазақ жастарына өнеге боларлық мұндай қадам жасайды деп мүлде ойлаған жоқ-ты.

Әрине, қай жұмысты қолға алсаң да, ол әбден қалыптасып кеткенше қиындық тудыратыны ақиқат. Хабарға қатысушылардың өзі аударып берген сөздерін бірнеше рет оқытып, әбден жаттықтыратын. Содан соң ғана монтаж жасап, эфирге шығаратын.

Кейін әлгі қандастарымыз радиодан өздерін тыңдаған кезде таң қалғандарын жасырмай «Сөйлеп тұрған шынымен мен бе?» деп бұған ризашылығын білдіріп жататын. Ал, радионың редакторы, орта бойлы орыс жігіті Василий Петрович Аверкин тілшінің тиянақтылығына, еңбекқорлығына тәнті болып: «Біздің Ханзипа Бәлдікқызы екінші Алтынсарин», – деп арасында қалжыңдап та қоятын.

Мына бір жайды тілге тиек етпесем, мақала толыққанды шықпайтын секілді. Мұның алдында радиодан берілетін хабарлар тек қана орыс тілінде басталып, сол тілде аяқталатын. Ал, енді қазақ редакциясы қосылған соң, ол мемлекеттік тілде басталуы керек емес пе?! Бұрын әбден қалыптасқан дағдыдан бірден бас тарту оңай ма?  Ханзипа апамыз эфирге шығар алдында диктор әріптесіне бұдан былай облыстық, республикалық радиолардағыдай күнделікті хабар мемлекеттік тілде басталатындығын айтқан кезде ол бұған бір түрлі қарап: «Тыңдармандар мұны түсінбейді, өйткені тұрғындардың басым көпшілігі өзге ұлттың өкілдері», – деді.

Апамыздың жауабы да дайын еді. Сондықтан өзінің өжет мінезіне басып: «Сіз қателесесіз, әңгіме тұрғындардың басым көптігінде емес, гәп олардың қай елде тұрып жатқандығында», – деп өз ойын ашық білдірді.

Редактор, яғни орыс жігіті мұндай түсінбестікті бастан кешпегендіктен, оны нақтылау үшін қалалық партия комитетіне жүгінгенді жөн көрді. Онда отырғандар да ақымақ емес қой. Алдағы уақытта хабар тек мемлекеттік тілде басталатындығын әріптестеріне ұғындырды.

Осы жерде ол бес жылдан аса жемісті қызмет атқарды. Лисаковтықтардың тұрақты қазақ тілінде берілген хабарларға құлағы да, бойы да үйренді. Ханзипа Кәкімжанова қалалық партия комитеті тарапынан еңбегі жоғары бағаланып, суреті шаһардың құрмет тақтасына ілінді.

Уақыт сынаптай сырғып өте берді. Бір күні өзі бұрыннан жазған мақалалары мен басқа да көпшілікке рухани азық болар шығармалары жарық көрген, өзін әу бастан қанаттандырып, қиялын қияндарға шарықтатқан аймақтағы жалғыз ана тілінде шығатын, бұл күндері «Қостанай таңы» деп аталатын газет редакциясына меншікті тілші болып қызметке шақырылды. Ондағы әріптестерінің ұсынысын қуана қабылдады. Алайда, қаншама қажыр-қайратын жұмсаған қазақ редакциясының жабылып қалмауын ойлағандықтан қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Корневке арнайы жолығып, облыстық газетке қызметке барғалы жатқанын, өзі бастаған игі істің жалғасын тапқанын қалайтынын айтты.

Ол кісі тәжірибелі, талай жерде жауапты лауазымда болған адам ғой. Әріптесіміздің сөзін байыппен тыңдаған соң мұның еш алаңдамауын, радионың қазақ редакциясы жұмысын тоқтатпайтындығын білдірді. Қала басшысы уәдесіне берік екендігін танытты. Ең бастысы, қазақ тіліндегі радио әлі күнге дейін хабарын үздіксіз жалғастырып жатыр. Ана тілін қадірлейтін кадрлар да табылды.

Өңірдегі кезінде ұлтымыздың бетке ұстар Бейімбет Майлин, Мұхамеджан Сералин, Сырбай Мәуленов, Сейіт Кенжеахметов секілді  тұлғалардың жарқын ізі қалған, кіл қазақ жігіттері мен қыздары жұмыс істейтін басылымдағы журналистік қызметі де сәтті басталды. Меншікті тілші ретінде жазған дүниелері бірінен кейін бірі шығып жатты. Алайда, мұның алдында енді Лисаковтан шалғай емес кеншілер шаһары Рудныйдағы орыс тілінде хабар беретін қалалық радиосын қазақша сөйлетсем деген мақсат тұрды. Ол да қаншама тынымсыз ізденісті, жүріп-тұруды қажет еткені даусыз. Осындағы ұлтжанды бір топ кешегі қанды майданды бастан кешкен ардагерлер мен қадірменді ақсақалдардың «Жергілікті радиодан қазақ тіліндегі хабарларды да тыңдағымыз келеді» деген қолдары қойылып, өтініштері жазылған қағазды алып, осы шаһардағы партия комитетінің бірінші хатшысы Мужилевскийге алып барды.

Бұл ана тілін ардақтайтын белсенді кісілердің тілегі арқау болған хат үшінші хатшыға жіберілді. Ол жерден де «Қазақ радиосын жүргізетін адамға штат жоқ» деген жауап алды.

Сол кезде облыстық радиода бір бос орын бар екендігін естіген бұл жанына болашақта қолынан іс келіп, сенімді ақтайды-ау деген маманды ертіп алып, Қостанайдан бір-ақ шықты. Екі ара ұзақ емес, ә дегенше білікті басшы Нұрхан Ислямиевтің қабылдауында болды. Ол өзінің ұлтын сүйетін, Торғай өңірінде қандастарының құрметіне бөленген, нағыз руханияттың жанашыры болатын. Бұларды өте жылы қарсы алып, келген шаруасын білген соң кейбіреулердей түрлі сылтауларға себептер іздемей, бірден Рудныйдағы радиодан қазақ бөліміне тілші алу жөнінде бұйрыққа қол қойды. Кім мәңгілік жүреді дейсіз. Қазір ол да марқұм болып кетті.

Нұрекеңнің алдынан алғыстарын жаудыра қуаныштан төбелері көкке бір елі жетпей шыққан бұлар келген жақтарына жеткенше асықты. Бұл шаһарда да қазақтың тілі асқақтайтындығына шексіз бақытты еді.

Келе салып бұйрықты редактордың қолына ұстатты. Әрине, мұндағыларға бұл күтпеген әрі тосын жай еді. Шамасы олардың да бұл орыннан үміті болса керек. Әйтеуір, Ханзипа апамыз Алматыға қоныс аударғанша орыс тілді радиодағы әріптесінің жүзі жылып, оңды қабақ таныта қоймапты. 

Әлгі қазақ редакциясына арнайы бұйрықпен алынған замандасымыз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екен. Ол намысты қолдан бермей негізгі жұмысын ұршықша иіріп алып кетті.

Оқырман қауым қазақтың белгілі журналисі, ақын әрі қаламгер Ханзипа Кәкімжанованың бойындағы айрықша патриоттық сезімі мен намысқойлығының, өжет мінезінің арқасында саусақпен санарлықтай ғана қандастар ғұмыр кешкен қалаларда тек орыс тілі үстемдік құрып тұрған радиолардан қазақ бөлімін ашу үшін қаншама тер төгуге, кездескен кедергілерді жеңуге тура келгендігін іштей сезіп те отырған болар.

Әулеттің алтын қазығы

Ес білгелі ана тілін бәрінен жоғары қойып, ұлттық салт-дәстүрімізді, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан өнеріміз бен мәдениетімізді, тарихымызды жас ұрпақтың бойына сіңіріп, қаламгерлік қабілет-қарымы арқылы насихаттап келе жатқан қайраткер бұл күндері үлкен әулеттің берекесі, ақылшысы, аяулы ана, сүйікті әже.

Ханзипа апамыз ер азаматты пір тұтып, оны қадірлеп, құрметтеудің де жарқын үлгісін көрсетті. Екеуі бір шаңырақтың астында отыз бес жыл тату-тәтті әрі бақытты тіршілік кешті. Жаны сұлу апамыз отбасы иесінің өзгеше қырларын кейінгілерге ғибрат етумен келеді. Мұндай өнеге тұтуға Әулиехан Кәкімжанұлы да әбден лайықты еді.

Отағасы жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татты. Бірақ, ол алдан жарқын да жақсы күндердің туатындығына қалтқысыз сенді. Алған бетінен қайтпады. Бәріне де шыдамдылық пен төзімділік танытты. Өмірдің мәні де, мақсаты да туған елі мен жерінің кәдесіне жарайтын мамандықты меңгеріп, халқына адал қызмет ету деп түсінді.

Өмірде тек қана өзінің адал еңбегіне сенді. Қолынан келгенше айналасындағы адамдарға шарапаты мен шапағатын тигізді. Әркім өз тағдырының сәулетшісі екендігін, асыл арманына жету жолында өз қатарынан қалмай жоғары білім алу қажеттігін жұдырықтай жүрегімен сезінді.

Сондықтан болар, ешқашан да кездескен ауыртпалықтарға сағы сынып, жігері мұқалмады. Алматыға сапар шегіп, тау-кен институтын бітіріп, білікті инженер атанды. Осы жастай қалаған сүйікті кәсібінің арқасында өзіне үлкен сенім артылып, жауапты қызметтерді атқарды. Ол негізі Қостанай облысының Қамысты ауданының тумасы еді. Дүниеден өткенше жүрегі елім, жерім деп соқты. Зиялы азамат ұлтымыздың ардақты қызы Ханзипа апамызбен өте сыйласты. Жұбайы Лисаковта қазақ редакциясын ашар кезде қасынан табылып, оны қолдады. Рухани жағынан дем беріп отырды.

Оның бір ерекше қасиеті өтірік айтуға, мақтангершілікке, екі жүзділікке, жағымпаздыққа мүлдем жаны қас-ты. Сүйген жары өзінің «Аманат әңгіме» деп аталатын кітабын оған арнады.

Ханзипа апамыздың өзінің «Жан серігімнен айырылдым» деген өлеңінен үзінді келтіре кетелік. Бұл шумақтар ағамыз дүниеден өткен кезде, яғни 1995 жылы жазылды.

Қадірімді білетін,

Қамымды ойлап жүретін,

Пейілі кең пейіштей,

Ашулансам күлетін

Жан серігімнен айырылдым.

 

Жанындай жақсы көретін,

Иманындай сенетін,

Есіктен кіре мені іздеп

«Қайдасың?» деп келетін

Жан серігімнен айырылдым.

 

Қатты сөз айтып көрмеген,

Кем-кетікті термеген,

Адалдықты ардақтап

Көлденең сөзге ермеген

Жан серігімнен айырылдым.

 

Бір қалыпта тұратын,

Жанымды жақсы ұғатын,

Азамат алтын басы бар

Алпыс бесте жасы бар

Жан серігімнен айырылдым, – деп тебірене толғанды.

Ханзипа Бәлдікқызы қазір Нұр-Сұлтан шаһарының тұрғыны. Жарқын, Меруерт есімді қыздары елге белгілі білікті мамандар. Ұлы Айдар да намысты да ұлтжанды азамат болып өсті.  Олар әкелерінің сенімін ақтады. Үшеуі аналарын алақандарына салып аялап отыр. Әулеттің мәртебесін жеті немересі асқақтатып келеді.

Кейіпкеріміз өткен жылдарда дарынды журналист қана болған жоқ, осы кезге дейін оның қаламынан «Зобалаң заман іздері-ай», «Аманат әңгіме», «Өжет әйел», «Өткен күннен белгі бар», «Мөлдір тамшылар», балаларға арналған «Әженің әңгімелері» деп аталатын айтары мол, тәлім-тәрбиелік мәні жоғары кітаптар туындады.

Осы мақаланы жазу барысында әлемнің біраз елдерін аралаған, өз саласының білгірі  Жарқын қарындасымызбен тілдесіп, анасы хақында құнды мәліметтерді алдым. Сонымен қатар, аяулы жанның өздерін кішкентайынан қазақ тілінің қадір-қасиетін бойларына сіңіруге, тек әулеттің емес, ұлтымыздың намысын ойлайтын нағыз патриоттар болуға, адамгершілікке, іскерлікке, кісілікке баулығанын баяндады.

Жоғарыда жазғанымыздай, апамыздың әншілік қыры да өз алдына бөлек әңгіме. Егер өнер жолына түскенде биік шыңдарды бағындырары сөзсіз еді. Кезінде өз ортасының гүлі және көркі болды. Әсіресе, жүрек қылын шертетін Шәмші Қалдаяқовтың және халық әндерін аса шеберлікпен шырқайтын. Бұл қасиет Бәлдік ағадан дарыған десек артық болмас.

Қолы бос кездері ән жазып, қалың жұртшылыққа рухани нәр сыйлады. Әуесқой сазгердің қасиетті мекен Қызбелге арнаған «Туған өлкем» туындысын жерлестері ерекше ықыласпен орындайды. Сондай-ақ, бүлдіршіндер оның «Бақытты балалар», «Жас дәурен» әндерін ерекше ықыласпен шырқайды.

Оразалы Жақсанов

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here