Е, Алла, жалғыз өзіңе ғана бас иемін! Айдай әлемде өзіңе тең келер жан жоқ! Өзіңе ғана бас иемін, өзіңнен ғана рақым күтемін. Сенің патшалығыңнан басқа патшалық, сенің құзыретіңнен басқа құзырет жоқ!
Мұхаммед пайғамбар
Сон-ау алыста, ту-ту тым алыста қалған арғы дәуірлерден күні бүгінге дейінгі сандаған ғасырларда әлемдік биікке көтерілген мәңгілік ұлы тұлғалар көп емес. Соның бірі, бірі ғана емес бірегейі – Мұсылман дінінің негізін салушы Мұхаммед пайғамбар. Ол ежелгі дәстүрлерді сақтай отырып, қоғамдық дамудың жаңа тенденцияларын өмірге әкелді. Мұхаммед өзінің мұрагерлеріне аса қуатты, тәуелсіз мұсылман мемлекетін қалдырды. Осының бәрінен де маңыздысы – дүниежүзіне кең тараған, әлемді таң қалдырған, әлем бейнесін мәңгілікке өзгерткен, адамзаттың жан дүниесін ізгілікпен нұрландырып, байытқан күнделікті өмір мен рухани байлықтың берік тұжырымдамасын қалдырды.
Мұхаммедтің шапағаты әлемдегі екі миллиард мұсылман қауымына ғана емес, бүкіл адамзатқа тиіп тұр. Олай дейтініміз, ол негізін салған ислам дінінің қасиетті қағидалары адамзат қауымын адалдыққа, достыққа, мейірімділікке, бейбіт өмірге шақырып, ізгілік атаулымен әдемі үйлесім тапқан. Көңілге нұр, өмірге сәуле құятын қасиетті Құран аяттарының бірінде: «Алла жауыздықты сүймейді», – деп жазылған. Осыдан-ақ ислам дінінің имандылыққа бастайтын ұлы мұратын аңғару қиын емес. Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед Мұстафа салалаһу алайһи уә сәлламның хадистері де Құрандағы ізгі ойлармен үндес. Бір ғана мысал: «Мынадай үш түрлі қасиетке ие адамдарды Алла Тағала адамның қияметтегі есебін жеңілдетеді: 1. Ол саған бермесе, сен оған бер. 2. Саған біреу зұлымдық жасағанда кешір. 3. Сенімен ол қарым-қатынас үзсе, сен онымен қарым-қатынас жаса». Киелі Құран мен қасиетті Хадис үнемі осылай үйлесіп, үндесіп тұр.
Жарық дүние деп аталатын жалған мен о дүние дейтін бақиды қатар нұрландырып тұрған исламның ізгілігі мен ұлы мұраттарын түсіну – адамзат ұрпағы нені мансұқтап, нені қастерлеуін біліп, адал жолдан адаспауы үшін Мұхаммед пайғамбардың өмірбаяны мен оның ілімін оқып, білу шарт. Мұхаммедтің өмірбаянын бірінші рет сонау сегізінші ғасырда Ибн Исқақ жазды. Оны тоғызыншы ғасырда Ибн Хашам өңдеді. Адамзат ақыл-ойы алыптардың бірі Лев Толстой да пайғамбарымыз жайлы жазбақ болған. Біздің білетініміз Вашингтон Ирвингтің «Жизнь Мухаммеда, книга о пророке» атты еңбегі және орыстың өткен ғасырдағы көрнекті жазушы Вера Панова мен оның ұлы, арабтанушы әйгілі ғалым Юрий Вахтиннің «Жизнь Мухаммеда» атты кітабы. Мұның екеуі де қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде жарыққа шыққан, қып-қызыл қызылкөз атеистердің қатаң сүзгісінен өткен еңбек. Соның өзінде де авторлар адамзат тарихындағы қайталанбас ұлы тұлға – Мұхаммед бейнесіне көлеңке түсірмей, тарихи деректерге сүйене отырып, шынайы құрметпен шыншыл шығарма жазған.
Ислам дінінің негізгі қағидалары Құранда анық айтылған. Олар: Сенім, бес уақыт намаз, қайыр-садақа беру, Рамазан айында ауыз бекіту, қажылық. Осынау мұсылмандық парыздарды орындау адамның тәні мен жанын тазартуға көмектеседі. Осыдан-ақ исламның ізгі мұраттары анық аңғарылып тұр.
Вера Панова Мұхаммед жайлы кітап жазуға 1967 жылдан бастап кірісті. Сол жылдың соңында «Молодая гвардия» баспасының «Тамаша адамдар өмірі» сериясының бас редакторы Ю.Н.Коротковқа жазған хатында В.Панова «Мұхаммед пайғамбардың өмірі» атты кітап жазуға кіріскенін хабарлай келіп, бұл ұлы адамның жарқын өмірі көпшілікке белгісіз жағдайларда өткендігін, оны терең зерттеп, жазудың қажеттігін, өйткені Мұхаммед өмірбаянының келер ұрпаққа да зор әсер ететінін атап айтыпты. Юрий Борисович Вахтин соавтор болған қолжазба баспаға 1970 жылы тапсырылды, сонымен бірге одақтың «Дружба народов» журналына қысқарған нұсқасы ұсынылған екен. Баспа мен журнал редакторлары ұнатқан, әйгілі арабтанушы ғалымдар жоғары бағалаған бұл еңбек коммунистік идеологияның кесірінен сол кезде жарыққа шықпады. В.Ф. Панова 1973 жылы қайтыс болды. Кітаптың орысшасы 1990 жылы Мәскеуде, қазақшасы 1994 жылы Алматыда жарыққа шықты.
Құрайшы тайпасының Бану Хашим руынан шыққан Мұхаммед 570 жылы дүниеге келді. Жастай жетім қалған ол кедейлікті, жоқтықты, аштықты бастан кешті. Жиырма бес жасқа келгенде Хадиша атты бай әйелге үйленді. Мұхаммедпен пікірлес Хадиша оған сенімді серік болды. Уақыттың көбін Мекке маңындағы Хира тауындағы үңгірде өткізіп, діни-эстетикалық проблемалармен айналысып жүрген Мұхаммедке 610 жылы, Рамазан айының бір түнінде Жебірейіл періште келіп, аян береді. Ол аспандағы Алла Тағаланың астында сақталған Құран беттерін аша бастайды. Сөйтіп ол Алла атының Мұхаммедке өз отандастарына тәңірінің әмірін жеткізіпті. Мұхаммедке пұтқа, тасқа табыну ілімін мойындамай құдіреті күшті бір Құдай туралы ілімді уағыздады. Мұсылман қауымы иман айтқанда: «Лайлаһаилалла Мұхаммед расул алла», – дейміз. Оның мағынасы: «Бір құдайдан басқа құдай жоқ және Мұхаммед Ғалиассалам Алла Тағаланың бізгі тура жолды көрсетуге жіберген басшысы» деген сөз. Мекке көпестерінен қарсылық көрген Мұхаммед жақтастарымен бірге кейін Мәдине атанған Ясриб қаласына көшуге мәжбүр болды. Пайғамбарымыз Мәдинеге көшіп барған күнді (қыркүйек айының 22-ші жұлдызы, 622 жыл) һижра деп атайды. Дінмен қос мұсылман мемлекетінің билігін де өз қолына алған Мұхаммед Меккені, сосын Арабияның басым бөлігін бағындырды. Меккедегі Мұхаммед Қағбадан кейін мұсылман қауымы табынатын екінші орын.
Ислам дінінің ерекшелігі – ол ізгілікке, мейірімділікке, бейбітшілікке негізделген. Өзге діндегідей көп рәсімі жоқ ислам өзге діндерді жоққа шығармайды. Аллаға сеніп, Мұхаммед пайғамбарды мойындаған адам мұсылман болады.
Мұхаммед пайғамбардың өмірі жайлы кітап жазған орыстың көрнекті жазушысы, көптеген көркем шығармалардың, романдардың, әңгіме-повестердің, пьесалар мен киносценарилардың авторы Вера Федоровна Панова мен оның ұлы арабтанушы әйгілі ғалым Юрий Борисович Вахтин тарих тереңіне үңіліп, теңіз түбінен маржан тергендей тер төккен. Кітап кейіпкері өмір сүрген орта мен сол дәуірдегі елеулі оқиғалардың бәрі рет-ретімен сенімді суреттелген. Араб аралы, оның тұрғындары, көшпенділердің тайпалық құрылымдары, әдет-ғұрпы, жазу-сызуы, әдебиеті құнды дерек, құнарлы оймен көмкерілген. Мұхаммедтің балалық шағы, бозбалалық кезі, оның өміріндегі қуанышты сәттер мен ауыр жылдар оқушының көз алдынан көш керуен құсап өтіп жатады. Бас кейіпкердің алғашқы әйелі Хадиша қайтыс болған кездегі қайғысы, жарық дүниемен қоштасу сәті әсерлі суреттелген. «Ибрахимнің өлімі әкенің өмірге құштарлық, күш-қуат тамырына балта шапқанмен бара-бар болды. Ол аз-ақ күнде әлсіреп қалды. Бас ауруы күшейіп, жанын қоярға жер таппай қиналатын кездері жиіленді. Хайбарда берген у да астарын енді ғана танытып – ішкі сарайын өртеп, кеудесін шоқтай күйдірді» деп жазыпты авторлар кітаптың XXV тарауында.
Кітап авторлары И.Ю.Крачковтың 1963 жылғы аудармасын негізге алыпты. Сосын оны 1986 жылғы қайта басылымымен салыстырған екен. Осының өзінен-ақ авторлардың пайғамбар жайлы еңбекке аса жауапты қарағанына көз жеткізесіз.
«Мұхаммед пайғамбардың өмірі» атты кітапты талантты жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай мен қарымды, тәжірибелі қаламгерлер Тілек Дәулетов пен Тәжібай Жанаев аударған екен. Кітаптың орысша нұсқасы мен қазақшасын салыстырып қарағанда аударманың сәттілігін байқадық. Аудармашылар орысша нұсқаның қыспағында қалмай, қазақ тілінің байлығын пайдалана отырып еркін көсіліпті. Солай бола тұра түпнұсқадан алшақ кетпеген, тек барынша қазақылап, жатық жеткізген. Бір ғана мысал: «Я выбрал смерть» дегенді «Қаза мен аза» деп алуы көңілге қонымды. Құранның «Әл-Ғимран» сүресінің тоқсан алтыншы аятында «Шамасы келген кісілер Алла үшін Қағбаны зиярат етіп, хаж етуі керек» деп жазылған. Қажылыққа баруға бекінген пендеге ислам дінінде болу, балағат жасына жету, ақыл-есі түзу, бас бостандығы бар еркіндікте жүру деген бес түрлі шарт қойылады. Қажыға барған адам Қағбаны айналуы шарт. Оны тәуеп дейді. Қажылар Сафа мен Мәруа төбесі аралығында жеті рет жүгіреді. Сағи деген сол. Қажылыққа киетін арнайы киімнің аты – ихрам. Қажылыққа барудың үлгісін Мұхаммед пайғамбардың өзі көрсетіп кетіпті. Ол туралы кітап авторлары XXV тарауда былай деп баяндайды: «Наурыз айында қажылық басталды. Мұхаммед Меккеге сапарға шықты. Қажылықты пайғамбардың өзі бастағаны аяқ жетер айналаға желдей ұшып жетті де, мұсылман атаулы аяғынан тік көтерілді. Тарихшылардың мәлімдеуінше, бір ғана Мәдинадан аттанғандардың саны алпыс мыңға жеткен. Мұхаммедтің өзі бас болып қажылық жолға шығуы – мұсылман әлемін дүр сілкіндірді. Мұхаммедтің жансерік жолдастары – Ислам дінінің көсемдері түгел жанында болды. Бұл сапарға пайғамбардың тоғыз әйелі бірдей ілесті».
Кітаптың өте-мөте сәтті шыққан осы тарауындағы «Алла адамдарға әділет жолын нұсқау үшін екі арада дәнекерлікке таңдаған Мұхаммед, құдіреті күшті жаратқанның уәкілі атанған, Құран кітабын құрастырған. Алланың ықыласы ауған Мұхаммед… Хақ тағаланың нұсқаған ақиқат жолын, әділ дінін тарату үшін жан аямай, күш-қайрат, ақыл-ой қабілеті жеткеннің бәрін істеді ме?» деген сауалдың жауабына авторлар өз еңбегінде «Пайғамбар уәкілдік міндетін адал атқарғандығын» тарихи деректер мен нақты фактілер арқылы сенімді баяндаған.
Мұсылманның тағы бір парызы – дұға ету. Дұға – Құдаймен қарым-қатынасқа ұмтылу, одан рақым, шапағат күту. «Кез келген жұмысты бастар алдында әрбір ақылды адам Құдайдан жәрдем сұрайды» депті Платон. Тарих әлемдегі өркениет пен философияның бесігін тербеткен антикалық дәуірдегі Грекияда дұға ету адамдардың рухани өміріне берік енгенін айтады. Гомер өзінің даңқты дастандарын жазар алдында Құдайға сыйынып, дұға жасап отырған.
Адамзат тарихындағы мәңгілік ұлы тұлғалардың бірі Мұхаммед пайғамбар дүниеден өткенде Айша он сегіз жаста еді. Мұхаммедтің он бір әйелінен ер бала болған жоқ. Хадишадан туылған Фатима Мұхаммедтің ұрпағын жалғастырды. Он бір әйелдің ішінде Пайғамбарға Айшаның ықпалы күшті болды. Мұхаммед кеудесінен соңғы демі шыққанша Айшаның тізесіне басын сүйеп жатыпты. Тарихшылардың айтуына қарағанда, Айша бір мың екі жүз хадис білсе керек. Алланың құлы Мұхаммедтің үмбетіне алпыс мың хадис белгілі.
Мұхаммед қайтыс болғаннан кейін мұсылман үмметіне Халифтер басшы болды. Олардың алғашқысы Әбу Бәкір еді. Одан соң Омар, Осман ибн Әли, Мағауия Халиф басшылық жасады. Бұлардың бірі де халықтың қазынасына қол сұқпай, адал өмір сүрді. Қырық жасында Алладан аян алған Мұхаммед пайғамбар кітап авторлары жазғандай: «Уәкілдік міндетін адал атқарды. Алланың өзі арқылы адамзатқа жария еткен. Сөзіне қылдай қиянат келтірмей, мұсылман үмметіне кіршіксіз таза қалпында жеткізді, жаңа дін – Ислам дінінің қабырғасы қаланып, уықтары бекітілді, ал Мұхаммед өзінің жеке бас іс-әрекет, мінез-құлқымен Құдайдың қалаған адамының қандай болатынына көз жеткізді».
«Мұсылман дүниенің ұйытқысы болған дін. Бұл діннің қайнар көзі – Құран. Ал Құран болса, әлем мәдениетінің негізгі іргетасы. Егер мұсылмандық жер жүзінен жойылар болса, дүние шайқалып кетер еді» депті француз ойшылы Ф.Гостонкер.
Француздың атақты романтик ақыны, көрнекті тарихшысы, белгілі саяси қайраткері Альфонс де Ламартин «Түркия тарихы» атты еңбегінде Мұхаммед пайғамбар жайлы бүй депті: «Оны данышпан, имам, пайғамбар, заңгер, қолбасшы, адамдардың сана-сезімдерін оятушы, жаңа иман негізін қалаушы, әлемнің жиырма ұлық императорының бірі саналатын ұлы Ислам мемлекеті мен мәдениетін құрған адам ретінде тануымыз керек. Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірбаяны, міне осындай болған. Ол кісінің ұлықтығын мүмкін болған барша таразымен өлшеп байқар болсақ… Одан да ұлы адамның болуы мүмкін бе? Жоқ, еш мүмкін емес! Ұлылардың ұлылығы немен өлшенсе өлшенсін, бірақ Мұхаммед (с.ғ.с.) хазіреттің ұлылығынан асқан ұлылық жоқ».
Дүниенің ұйытқысы болған – мұсылмандық пен мұсылман дінінің негізін қалап, әлем бейнесін жақсылыққа қарай өзгерткен Мұхаммед пайғамбар жайлы айтылған екі пікір – егіз ой бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі қуаттап тұрған жоқ па?!
Адамзат тарихындағы мәңгілік ұлы тұлға Мұхаммед пайғамбар да, оның адамның жан дүниесін нұрландырып тұрған ізгілік пен мейірім, шапағатқа толы ілімі де келер ұрпақ, кемел тарихпен бірге жасай береді. Олар аспандағы Ай мен Күндей айналаға үнсіз сәуле шашып тұр!
Сәбит ДОСАНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты