Ахмет Байтұрсынұлы – Тәуелсіздік жыршысы

0
11671
Ахмет Байтұрсынұлы 1926 Бакуде өтетін Түрік білімпаздары съезіне барарда шығарып салуға жиналған інілері. Отырғандар солдан оңға қарай: Х.Хаббасов, М.Дулатұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов. Тұрғандар: Ж.Аймауытов, Ә.Марғұлан, А.Байтасов

Қазақ поэзиясының ұлттық сипат алып, дами бастаған тұсынан бергі тарихына көз салсақ, оған желі болып тартылған тұтас бір ұлттық идеяны көреміз. Ол – ұлттық тәуелсіздік идеясы. Арғы заманда «көшерін жел біліп, қонарын сай біліп» жүрген көшпелі ел сыртқы жаудан корғану, ешкімге тәуелді болып қалмау қамы үшін халықты ерлікке, күреске үгіттеген жауынгер жыр тудырса, бергі заманда орыс отаршылдығының езгісіне күңіреніп, зар-заман поэзиясын тудырды.

Бірде Исатай мен Махамбет болып, бірде Кене хан, Батыр Сырым болып арпалысып, отаршылдыққа қарсы тұрған халық жеңіліп, опық жеді. Осының бәрі әдебиетте ұлт тағдырының аянышты суретіне айналды. Абай мен Ыбырай да  ұлт тәуелсіздігі үшін күрестен тыс тұрмайды. Бірақ, олар отаршылдыққа қарсы ашық күресті уағыздаған жоқ. Елді оқу-білімге, өнерге шақырып, алдыңғы қатарлы елдермен теңелу арқылы ғана құлдықтан, езгіден құтылуға болатынын көрді, «қалың елі – қазағына» осы жолды нұсқады. Олардан қалған ағартушылық, демократтық идея кейінгі әдебиет үшін жаңа бағыт-бағдарды аңғартқандай еді.

ХХ ғасыр осы бір ұлттық идеяға жаңа сипаттар қосты. Империализм жағдайында реакцияның күшеюі мен ұлттық езгінің тереңдеуі бұл тұста әлеуметтік революциялар мен ұлт-азаттық қозғалысын туғызды. Бұрын «бұратана» саналып келген халықтардың ұлттық сана-сезімі оянып, оның көрнекті өкілдері туған халқының тағдыры мен келешегі, қоғамның даму жағдайлары жайлы ойлана бастады. Қазақ поэзиясы ұлттық ой-пікірдің басы болып, осы кезде ұлт-азаттық идеясын жаңа сапаға көтере жырлады. Оның жаңа дәуірдегі бастаушысы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов туған халқының патша отаршылдығынан босап, елінің егеменді болуын, қазақ қоғамының экономикалық және мәдени дамуда жаңа жолға түсуін ұлттық идеяға айналдырды. Ахмет пен Міржақып бастаған революцияшыл демократтық қозғалыстың қазақтық жолы осылай туды.

Әрине, Ахметті бұл жолға оның көрегендік, қайраткерлік сапаларына қоса дәуірдің тарихи жағдайлары дайындады. Ол көрген өмірдің ауыртпалықтары, патша өкіметінің отаршылдық қысымы ойлы жас бойындағы халықтық қасиеттерді оятты. Патша чиновниктерімен  қақтығысқа келгені үшін әкесі мен ағасының сотталып жер аударылуы, жазалаушы отрядтың елге жасаған зорлық-зомбылықтары жас Ахметтің жүрегіне жара боп түсті. Осы жара ұлғая келе, оны күрес жолына дайындағанын біз ақынның өз өлеңдерінен білеміз.

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.

Алданып тамағыма, оны ұмытсам,

Болғандай жегенімнің бәрі харам.

Адамнан туып, адам ісін етпей

Ұялмай не бетіммен көрге барам! 1

Түрмеде жатып анасына жазған хатында келтірген осы бір жолдар жас жүрекке түскен жараның үлкен азаматтық, адамдық дертке ұласуын бейнелейді. Азамат ұл сол дерттің халық басына түспеуін армандайды. Өлеңнен адамдық пен азаматтықтың туын жоғары ұстап, ел мүддесі үшін бар ғұмырын арнаған адамның биік идеалы танылады.

Ойы оянып, санаға сана қосып, ел тағдыры жайлы ойланғанда, Ахмет, ең алдымен, сол елдің өзімен тілдесуді, олардың жай-күйі жайлы көргендері мен ойларын ортаға салуды, болашақ жөніндегі ұғым-түсініктерін бөлісуді парыз санайды. Оған әдебиетті, өлеңді пайдаланады. Алайда, Ахмет көрген ел әлі ұйқыдан оянып болмаған, ынтымағы жоқ алауыз, сөз тыңдауға салғырт, берекесіздікке ұйыған қауым еді. Сондықтан Ақаң өлеңін «Маса» етіп жұмсап, ел құлағына барып ызыңдап, ұйқыдан оятуға тырысты. Атақты «Маса» жинағы (Орынбор, 1911) осылай туды. Ол осы үлгіде айтылған қазақ қоғамындағы ең алғашқы өткір әлеуметтік сөздің бірі болды. Ұлы Абай мен Ыбырайдың әдебиеттегі ағартушылық, демократтық дәстүрін жаңа қоғамдық өзгерістермен байланысты дамытқан Ахмет әлеуметтік-саяси жағдайларды түсінуде және суреттеуде едәуір ілгері басты. Ол өзі суреттеген халық трагедиясын азаттық идеяларымен жалғастырды. Ахметтің «Масасының» қазақ қоғамының тұтас бір буынын ұйқыдан оятып, ел қамын ойлауға дем бергенін кезінде талай үлкен адамдар атап айтқан. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ағартушылары, демократ ақын-жазушылары, ойшылдары түгелге дерлік «Маса» мен «Оян, қазақтан» демеу алды, яғни Ахмет пен Міржақыптың кең қолтығының астынан өрбіді.

Ахметтің ақындығы «Қырық мысалдан» (Петербург, 1909) басталады. Бұл – И.А.Крылов мысалдарының аудармасынан құрастырылған және Ахметтің тәуелсіздік жолындағы күресін алғаш жария еткен еңбек болды. Аудару мерзімін Ахаңның өзі кітапта «1901-1904 жылдар» деп көрсеткен. Бұл кезде ол ауыл мектептерінде мұғалім болатын. Орыстың ағартушылық дәстүрі рухында тәрбиеленген жас ұстаз балаларды оқытуға, оларды жаңаша тәрбиелеуге әдебиетті пайдалана отырып, отаршылдық езген халықтың жай-күйін тұспалдап айту арқылы әділетсіздікке қарсы үн көтеруге әдебиет, оның ішінде мысал жанры қолайлы деп ұқты. Сондықтан да, ол аудармаларын мектеп бағдарламасымен шектемей, қалың қазаққа арнайды, қараңғылық пен езгіге қарсы күресуге, елді білім, ғылым жолына үгіттеуге пайдаланады. «Қырық мысалдың» ел ішіне кең тарап, Ахметтің атын да шығаруға себеп болғаны осыдан. «Қырық мысал» әдебиет тарихына жай қатардағы аудармалардың бірі ғана емес, жаңа мағынадағы салмақты, салиқалы ойымен, жарқын көркем бейнелерімен тың еңбек болып кірді. М.Әуезовтың оны «Қалың қазақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі» дейтіні де осыдан болса керек.

Бүгін осы аудармаларды қарап отырсаң, Ахаңды орыс ақынының аудармашысы ғана деп қарау тіпті жеткіліксіз сияқты. Мысалдың дүниежүзілік тарихы, үлгілері, әр елде өз классиктері барын ескерсек, сол жанрды аудару арқылы дамыту, тереңдету, өз ұлтының төл әдебиетінің дәрежесіне жеткізу арқылы атағы шыққан мысалшылардың қатарында тұруға Ахаңның да құқы бар екенін көреміз. Эзоптан Лафонтенге, Лафонтеннен Крыловқа ауысқан сюжеттер әр халықтың ұлттық характерін аша білуімен төл шығарма болып қабылданды. Крыловты Лафонтеннің аудармашысы деп қараушыларға қарсы В.Белинский тіпті де олай емес екенін дәлелдеп, оның характерлерінің ұлттық сипатын, сөз образдарының таза орыстық мән-мағынасын ашып көрсеткен еді. «Крылов өлеңдерінің көп жолдары мақал-мәтелге айналып кетті. Солар арқылы дамуды шешуге де, өз ойыңды қайдағы бір теориялық дәлелдеуге бармай-ақ дұрыс жеткізуге болады… Крыловтың тәуір мысалдарында аю да, түлкі де жоқ, олар аң болып көрінгенмен, шын мағынасында адамдар, оның үстіне, орыс адамдары», – деп жазды ол 2. Осы тұрғыдан Ахаң еңбегін бағаласақ, оның мысал мазмұнын Крыловтан алғанмен, аңдарды бейнелеу әдісі мен көркем тіл жүйесін түгелдей өз халқының даналығынан алып пайдаланғанын көреміз. Крылов суреттеген қоғамдық әділетсіздікті, адамдар бойындағы озбырлық пен сұрқиялықты ол қазақтар бойынан табады. Соны қазақы сөзбен ашып, қазақтың ұлттық психологиясын, мінез-құлқын бейнелейді. Оқиғаны баяндаудан соң айтар ғибратына ауысады. Бұған дәлелді кез келген мысалдан алуға болады.

Мысалға «Қасқыр мен қозыны» алып қарайық. Осындағы қозы да, қасқыр да таза қазақтың қозысы, қазақтың қасқыры. Қасқырдың сылтау тауып қозыға тиісуі, мүсәпір қозының қорқып жалтаруы, қасқырдың қалай ақталса да, құтқармай, оны жеуге ниет қылуы, арсыздығы – бәрі қазақ ұғымына тән. Бұлаққа су ішуге жалғыз келген қозының қатерге ілігуін «Бөрі жоқ десең, шығар бөрік астынан» деп Ахметте қазақ мақалымен түсіндіреді. «Әкеңді алдыңдағы танимысың?», «Мойныңды қазір жұлып алайын ба?» деген қасқыр сөзі де әлділердің әлсіздерге көп қолданатын тіркесі.

Ол саған әлде күйеу, әлде құда,

Сүймейді қой атаулы мені жүдә.

Я, бөлең, я жиенің, я нағашың,

Әйтеуір саған ұқсас еді о да. (63-б.)

Бұл жолдарда да қазақтың туыстық қарым-қатынасының сырлары ашылады. Мысал идеясы ашық.

Осындай жарықсызды жазғыратын,

Әр жерде күштілер де бар ғой қалып.

…Нашарды талай адам талап жеп жүр,

Бөріден артық дейміз оның несі?… (64-б.)

Мұның несі Крылов? Бұл жолдарды оқығанда, Крылов ұмыт қалып, көз алдыңда Ахмет қана тұрады. Таза қазақы өлең – Ахмет өлеңі. Ахмет пайдасына шығатын тағы бір факт – оның Крылов өлең жолдарын жолма-жол аударып отырмай, мазмұнын алып, өзінше қара өлең үлгісімен, өз сөзімен жаңа өлең жасауында. Сондықтан кейде автор оқиғаны баяндауға өзіндік жол тауып, өлең көлемі орысшамен дәлме-дәл келмей, бірде кеміп, бірде өсіп отырады. «Жарлы бай» мысалында байлықты армандаған кедейдің қиялын Крылов орыс ұғымына сәйкес қысқа ғана жеткізсе, Ахмет оның қиялына тастан үй салдыруды, киер киім, ішер асты аямай жұмсауды қосады. Қонағына жұмсар жылқысын, қымызын, қойын, күнде той, күнде қызық ойын-сауығын санамалап өтеді. Бұл да қазақи түсініктен, ұғымнан туған образдар емес пе?

Ойды түюге қазақы мақал-мәтелдерді пайдалану, тың сөз тіркестерін табу да Ахметте жиі кездеседі. «Алланың адам басы добы деген», «Жазмыштан озмыш болмас» деген сөзді, «Күнәлі біреу ойдан, біреу тілден», «Бұлттай жерге жаумай, суға жауған», «Басыңнан бақыт құсы ұшқан күні құл-құтан басынады, малайың да», «Асылды жасықпенен айырмайтын, сынынан сақта, Алла, надандардың», тағы басқа жолдар да қазаққа ғана тән ұғым-тіркестер.

Осылардың бәрі Ахметті Крылов мысалдарының аудармашысы ғана емес, қазақтың төл мысалшысы, ұлттық әдебиетте мысал жанрын туғызушы және дамытушы ретінде бағалауға дәлел бола алады. Бұл бағытта жаңа зерттеулер жасалуы керек.

 «Маса» жинағы (1911) Ахметтің әлеуметтік шындықтың ақыны екенін анықтай түсті. Жинақ туралы М.Дулатов: «Өз өлеңдерінде  А.Б. ғашықтық туралы, әйел туралы, табиғат туралы жырламайды, онда қанатты көпірме сөздерге құрылған өлең үлгісі де жоқ. Ол қарапайым, нағыз қазақ тілінде бостандық, ұлт туралы – қазақ халқының қанауда, артта қалғаны жайлы жырлап, оны оқуға, еңбекке және ұйқыдан оянуға шақырады, әрбір қазақтың бойындағы азаматтық сезімді оятуға ұмтылады»3 дейді.

Мұнда Ахмет өлеңдерінің саяси бағдары, әлеуметтік мазмұны дұрыс көрсетілген. Автор кітабында, негізінен, өзін толғандырған, дәуірдің өзекті мәселелерін сөз етеді. Сол кездегі қазақ қоғамының даму жағдайларына, жерлестерінің күнкөріс тіршілігіне сын көзімен қарайды. Кітаптың сыншылдық рухы, заман жайлы толғанысы оның авторының Абай дәстүрімен үндестігін бірден байқатады.

Абай өлеңдерімен Ахмет ерте танысқан. Өзінің «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында ол: «1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті»4, – дейді. Талапкер жас оны ыждаһаттап, ойлап, түсініп оқығанға ұқсайды. «Сөз аз, мағынасы көп, терең» өлең үлгілері, ұлы ақынның құбылыстың «түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қарамай» жазатыны, «сөзінің бәрі халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып» жататыны оны қатты қызықтырған. Кейін өзі де осы үлгіні пайдалануға тырысқан.

 «Маса» жинағына кірген өлеңдерде Ахмет ойшыл суреткер есебінде дәуірлік құбылыстарға ой көзімен қарай алды. Бұл оның «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Жиған-терген» сияқты өлеңдерінде айрықша танылады. Бұларда Ахмет, ең алдымен, өз заманының тың сөзін айтқан, замандастарының жаңа бейнесін ашқан жаңашыл ақын боп көрінеді.

Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,

Сахара көлге қонып салқындаған.

Бір өртке қаудан шыққан душар болып,

Не қалды тәнімізде шарпылмаған.

 («Қазақ салты». 24-б.)

Қалтылдақ қайық мініп, еспесі жоқ,

Теңізде жүрмін қалқып, кешпесі жоқ.

Жел соқса, құйын қуса, жылжи беру

Болғандай табан тіреу еш нәрсе жоқ.

 («Қазақ қалпы». 25-б.)

Осы жолдардағы бейнелілікке көңіл аударып қарайықшы! Сахараның көлге қонып салқындап, еркін ұшқан қазы өртке душар болып, тәнінде шарпылмаған жер қалмаған! Отаршылдықтың өрті ғой бұл! Осыған қарсы тұрар кім бар, өрт сөндіре алар күш қазақта бар ма? Екінші өлеңде «Қалтылдақ қайық мініп, теңізде жүрген» халықтың күйі суреттеледі. Ақынды солар ойландырады. Ол тарихтың осындай қиын-қыстау кезінде – алаш азаматының бәрін – «таразыға тартып», сыннан өткізеді. «Тықылдап құр пысықсып сөйлейтіндер» («Екпіндеп ұшқыр атша қарқындаған»), «Бос белбеу, босаң туған бозбалалар» («Киіздей шала бықсып қарпылмаған»), «Еңкеңдеп ет аңдыған шалдар», «Қайырсыз сараң байлар», «Жарқылдаған түймеге сатылған» басшылар – бәрі де өлең жолдарына сыйған. Осыны ойлаған ақын қазақтың қазіргі күйін «қасірет» деген сөзбен түйіндейді. «Байға – мал, оқығанға – шен мақсұт болған» заманда «қазақ азған» дегенді айтады. Күйініп, ызаланып айтады. Ақын халықтың ынтымақсыздығын, берекесіздігін өткір сынайды. «Жат жақта жаратқанға күзеттіріп, жақынмен ырылдасып, иттей үрдік!» дейді. Қандай образ! «Жаратқанға күзеттіруде» бүкіл қазақтың әрекетсіздігі, бейқамдығы жинақталып айтылған.

Қандай ұлы адамды алсаңыз да, оның ұлылығы, ең алдымен, туған халқына деген көзқарасынан танылады. Ол сол ортадан шығып, халқын ілгері бастауды армандайды, бірақ оны соңынан ерте алмай, күйінеді, оған ашу-ызасын арнайды, айналып кете алмай, орала береді. Абайдың қазақты сынай отырса да, одан кете алмайтыны:

Атымды адам қойған соң,

Қайтіп надан болайын.

Халқым надан болған соң,

Қайда барып оңайын! 5 – деп күйінетіні де сондықтан.

Сұлтанмахмұтта қазақты аз сынаған жоқ, оған ызаланып, талай қатты сөздер айтады. Сөйте тұра:

Сендерге әкеп шашуға,

Ілім-білім жинаймын 2, – дейді.

Ұлы Ахмет те халқына ызалана, күйіне отырып, оның болашағы, азаттығы, елдігі жолына бар тіршілігін арнайды. Көкейдегі көңілді ойын халқына жеткізуді мұрат тұтады. Бұл тұрғыда оның «Жиған-терген» деген өлеңінің мәні ерекше. Бұл өлең жаңа бір дәуірде туған, ұлы Абайдың арман-мұңын аса бір қажет тұста қайталап қазағына қайта жолдаған «Сегіз-аяқтың» жалғасы, жаңа көрінісі сияқты. Ахмет те «Қиырдан қиып», «Құрап», «Сөз терген» тіл мен жақты халқына жұмсайды. «Тасалама ойыңды, жүрегіңнің жарасын көрсет – бері қарасан!» дейді, бірақ сөз ұқпайтын жерлестері, өзгермеген дүние тағы да алдын орап, жанын жейді. Күйінген Ахмет Абайша қайғырып, Абайша толғанады. «Жартасқа барып, күнде айғай салып», тек жаңғырығын естіп қайтқан Абай орнында «Қарқылдар қарға, шиқылдар арба, бойсүйсінер сазы жоқ» деп түңіліп отырған Ахметті көреміз. «Ұқтыра алмай сөз әуре, тек тұра алмай біз әуре», – дейді. Сөз тағы да айналып келіп ұйқышыл қазаққа тіреледі.

Осыларға күйіне отырса да, Ахмет туған халқынан күдер үзбейді, оларды оятудан үміттенеді.

Қазағым, елім!

Қайқайып белің!

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді оянып.

Қанған жоқ па әлі ұйқың?

Ұйықтайтын бар не сиқың! – деп тіл қатады. (30-б.)

Заманның іздемпаз, күрескер, ойлы жаңа адамы есебінде Ахмет өз тұрғыластарының жаңа бейнесін де таныды. Бұл – оның дәуірдің жаңа типтерін бейнелеуіне, өз кезінің ұнамды қаһармандарын сомдауына мүмкіндік береді.

Оның «Досыма хат», «Адамдық диқаншысы», «Анама хат», т.б. өлеңдері бұл тұрғыдан аса бағалы. Досын Ахмет:

Қырағы, қия баспас сұңқарым-ай!

Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!

Үйілген өлексені өрге сүйреп,

Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай! – деп суреттейді.

Сырт қарағанда жаңалығы жоқ көрінетін, «Сұңқарым», «Тұлпарым», «Іңкәрім» фольклорлық образдарға негізделгенмен, өлең ішкі мазмұны тұрғысынан көне үлгілерге тіпті ұқсамайды. Қашық жолға қажымаған, үйілген өлексені өрге сүйреп, қыр басына шығарудың қамында жүрген қайраткер – өз заманының жаңа типі.

Осындай қайраткерлердің жуан ортасында Ахметтің өз бейнесі тұр. Ол – Ахмет өлеңдерінің лирикалық қаһарманы күйінде суреттеледі. Одан біз «адамдықтың тұқымын егіп жүрген», «құл халықтың көңілін көтеру үшін» күрескен жаңа қаһарманды танимыз. Он үшінде жүрегіне түскен жараны ұмыта алмай, «ішкен тамағына алданбай», туған халқын азат ету жолына өмірін арнаған қаһарманның «тағдырдың кермесіне ұшырап» отырған күйзелісіне де ортақтасамыз. Заманның жаңа кейіпкерлерін суреттей отырып, Ахмет олардың құлашын жайдырмай отырған ескілікке, қазақы ортаның надандығына, «жаны – мал, жақыны – мал, малдың құлы» болып отырған жерлестеріне тағы да наразылық айтады.

Ахмет өлеңдерінің күрескер қаһарманы бойына төзімділік, қайсарлық, қиындыққа шыдамдылық сияқты қасиеттер тән.

Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң,

Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым! – дейді ол Нәзипа Құлжановаға арнаған өлеңінде. Ең бастысы – ол өзі ұстаған жолына сенімді. Ісінің оң екенін түсінеді.

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындар мен емес – бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,

Ел бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін.

Заманның әділетсіздігі, содан туатын көңіл-күй әсерлері Ахметтің «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» сияқты өлеңдерінде мейлінше шыншылдықпен, ойлы толғаммен суреттелген. Өмірдің қайшылықты құбылыстарының философиялық иірімдерін ол жанды құбылыс арқылы түсіндіреді.

Жанға көңіл қалып тұр,

Жан бұл күйге салып тұр.

Тәнге көңіл қалып тұр,

Тән шыдамай арып тұр.

Жұртқа көңіл қалып тұр.

Жұрт жалғанға нанып тұр. (33-б.)

Өмір өзгермелі, айнымалы. Бақ дегенде байлау жоқ. Пәле – аңдушыға, жала – қабаған төбетке айналған. Айнала жемтік аңдыған – сауысқан, қарға, қарақұс. Жұрттың бәрі өзгерген, түлеген. Осы өзгермелі, айнымалы өмірден, ортасынан ақын безінеді. Ол мінез-құлық тұрақтылығын қалайды.

Ахметтің төл ақындық мұрасы негізінен осы екі кітаппен шектеледі. Кейінгі өмірінде біз Ахметтің поэзияға қайта оралмай, негізінен басқа салаларда еңбек еткенін білеміз. Ендеше, оның ақындық қызметінің бұл кітаптармен шектеліп қалуының өзі оқырмандардан «неге» деген сұраққа жауап іздетеді. Оған жауап та Ахметтің өз өлеңдерінде:

Мен жазған кеңес,

Мақтаныш емес.

Ат шығармас ақындық,

Ер батқанда жорғалық,

Молда жоқта – молдалық, – дейді ол «Масаның» 1922 жылы Қазанда басылған нұсқасына қосқан «Жауап хаттан» атты өлеңінде. (41- 42-б.)

Бұл сөзіне және өлең жазуды кейін кәсіп етпеуіне қарағанда, Ахмет өзін ақын санамаған. Оның ақындығы мұқтаждықтан, қажеттікті өтеу парызынан, жоқтың орнын толтыру талабынан туады. Қазақ қоғамының ХХ ғасырдың басындағы күрделі даму жағдайларын түсіне білетін, оны елге жанашырлықпен жеткізіп, сол жағдайда ел дамуының, халық тағдырының қандай бағдар ұстауы керектігін айта алатын бір кісі керек еді. Ахмет осы ұлы қызметті атқарды, білгенін өлең тілімен де, публицистика түрінде де айтты. Сөз өнеріне жетік халықтың алдымен өлең оқитынын білетін Ахметтің осы саладағы алғашқы еңбектерін өлең түрінде бастауының себебі де осында. А.Пушкин тумай тұрған кезде, орыс мемлекетінің ұлттық тәуелсіз ел бола бастаған тұсында жаңа патриоттық, отаншылдық рухта өлеңдер жазған М.Ломоносовтың ақындығын В.Белинскийдің де кезінде осындай бір қажеттіктен туған деп түсіндіргені бар еді. Заманның, тарихи дамудың халық алдына қойып отырған үлкен талабын өтеу үшін туатын ұлдары болады. Олардың еңбегі де, ісі де әр жағдайда қайталанып жатады. Ахмет өмірінен осындай тарих талабының жаңаруын көреміз.

Ахмет «Масасы» талай елді оятты. Алдымен ойы бар, ақылы бар жас таланттар оянды. Олар ұстаз ағасының ісін жалғастырып алып кетті. Қазақтың ағартушылық, демократтық әдебиеті жаңа заманның талап-тілегіне орай толыса, кеңейе түсті. М.Дулатов, М.Сералин, М.Жұмабаев, С.Дөнентаев, т.б. әр салада қызмет етті. Жаңа жанрларды туғызды. С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров тәрізді жастар әдебиетке келді. Бәрі бірігіп әдебиеттің ізденісін, тақырыптық ауқымын көтерді. Ендігі жерде Ахметтің олармен жарысып, поэзияда қызмет етуі де қажет болмай қалды. Мұны ол түсінді. Өзін басқа саладағы еңбекке жұмсады. Ұлылықтың өзі де осындай көрегендікте жатыр.

«Ломоносовтың бойында екі түрлі қабілет бар – ақындық пен ғалымдық, оның соңғысы алғашқысына қарағанда күштірек»7, – деген еді В.Белинский. Осыған ұқсас жайды Ахмет бойынан да көреміз. Оның ақындығын кейін ғалымдығы жеңіп кетті.

Әрине, бұл Ахметтің ақындығын, азаматтық поэзиядағы талантты туындыларын жоққа шығара алмайды. Ол өз дәуірі үшін биік мәдениеттің ақыны болды. Өлеңдері үгіттік сарынмен шектелген жоқ. Ақын заманының жаңа сөзін шын талантпен, нанымды түрде, суреткерлікпен айта білді. Бейнелі сөз иірімдерін, жаңа образдар туғызды. Бұл – Ахметтің ақындық мұрасының маңызын, оның мазмұндылығын көтере түседі. Қазақ даласына азаматтық идеясы тарай бастаған тұста жаңа поэзияның бастаушысы, алғашқы ту ұстаушысы болып Ахмет қашан да тарих биігінде тұрады.

Серік ҚИРАБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі

  1. Байтұрсынов А. Шығармалары. Алматы, 1989. 30-б. Кейінгі үзінділер осы кітаптан алынады.
  2. Белинский В.Г. собр. соч. в 3-х томах. М., 1948. Т. 2. С. 715.
  3. Дулатов М. Ахмет Байтурсынович. Биографический очерк / Труды общества изучения Киргизского края. Оренбург, 1922. С. 19.
  4. Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны // Қазақ. 1913. №39, 40.
  5. Құнанбаев А. Шығармалалары. Алматы, 1977. 1-т. 282-б.
  6. Торайғыров С. Сарыарқаның жаңбыры. Алматы, 1987. 1-т. 109-б.
  7. Белинский В.Г. Собр. соч. в 3-х томах. М., Т. 3. С. 109.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here