Еуропалықтарға қазақ көмірі неге керек болмай қалды?

0
7704

Қазақстан – қазба байлықтарға бай мемлекет. Соның ішінде мол қоры анықталғаны – көмір. Елімізде 200-ге тарта көмір кенінің орны анықталса, республика көмірінің жалпы геологиялық қоры 164,4 млрд тоннаны құрайды. Қарағанды, Екібастұз, Шұбаркөл, Қаражыра сияқты шахталардың көмірі Ресейге, Еуропаның бірқатар елдеріне экспортталады. Дегенмен, соңғы жылдары бұл елдер Қазақстан көмірінен бас тартып жатыр.

Рас, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2020 жылдың басында биыл елімізде 120 млн тонна көмір өндірілетінін, соның 38 млн тоннасы сыртқа сатылатынын болжады. Бұл салалық министрліктің оптимистік болжамы. Өйткені, соңғы он жылдың ішінде еліміз мұндай көлемде сыртқа көмір сатқан емес. 2011 жылы ғана көмір экспорты 33,5 млн тоннаны құрады. Алысқа бармай-ақ былтырғы көрсеткішке тоқталайық. 2019 жылы Қазақстан барлығы 111 млн тонна көмір өндіріп, соның 28 млн тоннасын экспортқа шығарды. Ал, 2018 жылы қазақ көмірінің 29 млн тоннасы сыртқа сатылғанын ескерсек, жылдан жылға көмірге сұраныстың төмендеп келе жатқанын байқауға болады. Сонда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биыл 38 млн тонна көмірді қайда сатпақ?!

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осындай маңызды сұрақтарға жауап іздеп, Қазақстан экономикасының бір бөлшегіне айналған көмір экспортының қазіргі ахуалына тоқталады.

МИНИСТРЛІК АРТЫҚ 10 МЛН ТОННА КӨМІРДІ ҚАЙДА САТПАҚ БОЛДЫ?

Brіtіsh Petroleum мәліметіне сенсек, 2018 жылы 117,8 млн тонна көмір өндірген Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша әлемдегі алғашқы он елді қорытындылаған. Біздің елдің алдында Қытай (3 523, 2 млн), Үндістан (716,1 млн), АҚШ (702,3 млн), Аустралия (481,3 млн), Индонезия (461,1 млн), Ресей (411,2 млн), Оңтүстік Африка Республикасы (252,3 млн), Германия (175,1 млн) және Польша (127,1 млн) тұр. Ал, өндірілген көмір көлемін жан басына шаққанда Қазақстан Аустралия мен Моңғолиядан кейінгі үшінші орынды алады.  Демек, еліміз ішкі нарықты көмірмен толық қамтып қана қоймай, артылған көмірді сыртқа сатудан басқа амалы жоқ. Көмір экспорты алдымен ел экономикасына үлес қосады. Дегенмен, жылдан жылға қазақ көміріне сыртта сұраныс азайып келеді. Көмір экспортына кері әсер еткен бірнеше факторға төменде тоқталамыз.

Алдымен экспорт көлеміне тоқталайық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында 130,4 млн тонна көмір өндірген Қазақстан соның 52,1 млн тоннасын сыртқа сата алды. 1991 жылғы бұл көрсеткішке осы ғасырда жақындай алмағанымыз рас. 2011 жылдан бері көмір экспорты азайып келеді. Сол жылы экспорт 33,5 млн тоннаны құраса, бұл көрсеткіш 2012 жылы 31,3 млн тонна, 2013 жылы 30,7 млн тонна, 2014 жылы 28  млн тонна, 2015 жылы 27,9 млн тонна болды. Тіпті, 2016 жылы экспорт көлемі 3,9 млн тоннаға дейін азайып, 24 млн тоннаға әрең жетті. Өйткені, Қазақстан көмірін жағып келген ресейлік бірқатар жылу электр орталықтары өздерінің Кузбасс көміріне ауысты. Бір жылдан кейін біздің билік жаңа еуропалық нарыққа шығып, экспорт көлемін 27 млн тоннаға жеткізді. 2018 жылы 29 млн тонна көмірді сыртқа сата алдық. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш 2019 жылы 1 млн тоннаға қайта кеміді. Яғни, қазақ көміріне сұраныс азайған уақытта ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің биыл 38 млн тонна көмірді қай елдерге сататынын түсіну қиын.

Бастапқыда министрліктің былтырға қарағанда биыл 10 млн тонна көмірді экспортқа артық шығармақ ойы езуге күлкі үйіретіндей болжам болып көрінген. 2020 жылдың алғашқы төрт айының көрсеткіштеріне қарасақ, министрлік ойлағанын биыл жүзеге асыра алмайтынын байқауға болады. Айталық, қаңтар мен сәуір айларында 96,5 млн долларға сыртқа көмір сатылды. Бұл 2019 жылдың алғашқы төрт айымен салыстырғанда 40%-ға төмен көрсеткіш. Былтыр осы уақыт аралығында көмір экспорты 165,6 млн долларды құрады.

Экспорттың басым бөлігі Қарағанды облысының еншісінде екені белгілі. Қарағандылықтар алғашқы төрт айда былтырға қарағанда 900 мың тонна көмірді сыртқа аз сатты. 2019 жылы аталған айларда 1,9 млн тонна Қарағанды көмірі экспортқа шыққан-ды. Ақшаға шаққанда да қарағандылықтар «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзадының» кебін киді. Неге десеңіз, былтыр облыс алғашқы төрт айда 127 млн долларға көмір сатса, биыл оны 45,7 млн долларға ғана сата алды. Бұған коронавирус пандемиясы да жығылғанға жұдырық болды.

Біздің Қарағандыдағы мәліметке арнайы тоқталғанымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені, көмір экспортының үштен бірі осы облысқа тиесілі.

ЕУРОПАДА ҚАЗАҚ КӨМІРІНЕ СҰРАНЫС НЕГЕ АЗАЙДЫ?

Жалпы, көмір экспортының күрт төмендеуін коронавирус пандемиясымен байланыстыру негізсіз. Өйткені, әлемде көмірге сұраныстың азайғанына біраз жыл болды. Ауаны ластамауды мақсат еткен өркениетті елдер қара отыннан бұрын газды қолданады. Содан көмір экспорттаушы елдер бәсекелестік жоғары болғандықтан әрбір нарық үшін таласады.

Экспорттың төмендеуіне еуропалық елдердің қазақ көмірінен бас тартып жатқандығы басты себеп. Мысалы, сөз болып отырған төрт айда Швейцария, Кипр және Финляндия біздің елден бар болғаны 9 мың тонна тасымалдаған. Ал, олар қаңтар мен сәуір аралығында 2019 жылы 750 мың тонна, 2018 жылы 1,4 млн тонна қазақстандық көмірді сатып алған-ды.

Польша нарығынан да айырылып қалатын түріміз бар. Алғашқы төрт айда поляктар Қарағандының 7 мың тонна көмірін сатып алыпты. Енді Польша үкіметі өздерінің көмір өндірісін дамытуды қолға алды. Осылайша, болашақта сырттан көмір тасығысы келмейтінін байқатты.

Былтырғымен салыстырғанда алғашқы төрт айда Қырғызстан 130 мың тонна, Ресей 100 мың тонна, Украина 90 мың тонна көмірді кем сатып алды. Қайта бұрынғыға қарағанда Беларусь 59 мың тонна, Қытай 45 мың тонна көмірді артық импорттады.

Әрине, қара аспанды төндіре беру де жарамас. «Алдыда күз, қыс маусымдары бар» деуіңіз мүмкін. Бұл дұрыс та шығар. Дегенмен, еуропалық импортердан Шығыс Еуропа елдері мен Польша, Латвия ғана қалғаны анық.

Сонда Еуропада қазақ көміріне сұраныс неге азайды? Енді осы сұраққа жауап беріп көрелік.

Біріншіден, еуропалықтар газға және баламалы энергия көздеріне ауыса отырып, көмірді тұтыну деңгейін өздері төмендетіп жатыр. Және олар көмір тұтынуды азайтуды одан әрі жалғастыра береді. Газ бағасының айтарлықтай төмендеуі және экологиялық талаптардың қатаңдауына байланысты 2020 жылдың бірінші жартысында Еуропалық Одақ елдерінде көмір өндіру көлемі 19%-ға төмендеді.

Биыл қазақстандық көмірді Финляндияға экспорттау тоқтатылады. Ал, 2018 жылдың 6 айында Финляндия бізден 695,1 мың тонна көмір сатып алған-ды.  Еуропалық нарық соңғы үш жылда елдің жалпы экспортының 14%-ын құрады.

2016-2018 жылдар аралығында Қазақстан Еуропаға 11 млн тонна көмір экспорттаған. Қазақстанның тұтынушысы болудан қалған Финляндия бір кездері қазақстандық көмірді еуропалық нарықта тұтынудан көш бастаған еді. Яғни, Финляндия Қазақстаннан 6,5 млн тонна көмір сатып алған. Бұл Еуропадағы соңғы үш жылдағы экспорт көлемінің 59%-ын құрады. Екінші орында 2 млн 446 мың тонна немесе 22%-дық көрсеткішпен Швейцария тұр. Ал, Еуропа елдері арасында Қазақстан көмірін ең көп тұтынатын үшінші ел – Украина. Ол жылына 1,3 млн тонна көмір сатып алады. Бұл жалпы көлемнің 12%-ын құрайды. Сонымен қатар, Кипр – 409,6 мың тонна (4%), Ұлыбритания – 254,2 мың тонна (2%) қазақ көмірін тасып жүр.

Екіншіден, қазақ көмірінің сыртқы нарыққа экспортталуына солтүстіктегі көршіміз де кедергі келтіреді. Ресей бұрыннан Екібастұз көмірін тұтынатын станцияларды өздерінің Кузбасс көмірімен қамтамасыз етуді жолға қойған. Соның салдарынан ресейлік көмір өндіруші компаниялар биыл Қазақстан көмірін тұтынуды шамамен 20%-ға төмендетеді. Осы арқылы Ресей өзінің көмір өндірісінің айналымын  ретке келтіргенді жөн көреді.  Айталық, Мәскеу былтыр 2035 жылға дейін көмір өндірісін дамытатын бағдарламаны қолға алды.  Сөйтіп, 2018 жылы 411,2 млн тонна көмір өндірген ресейліктер 2035 жылға қарай бұл көрсеткішті 485 млн тоннаға дейін арттырмақ. Соның 392 млн тоннасын сыртқа сатпақ. Яғни, бізбен экспорттағы бәсекелестігін арттырады. Оның үстіне бізге қарағанда Еуропа нарығы қол созым жерде тұр. Ал, қазақ көмірі еуропалық нарыққа шығарда Ресейден өтеді. Демек, біз үшін транзит мәселесі алдан шығады.

Иә, транзит мәселесі қазірдің өзінде бар. Мәскеу саясатының салдарынан бүгінде Қазақстан Ресей аумағы арқылы транзитпен өткізілетін басқа да бірқатар нарықтан айырылғаны жасырын емес. Мәселен, Украинаға қазір қазақстандық көмірді тасымалдау өте қиын. Былтыр Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Максим Кононов ресейліктердің тиісті квотасы бөлінбеуінің салдарынан қазақстандық көмір өндірушілер Ресей арқылы Украинаға тасымалданатын транзиттің шамамен 60%-нан айырылғанын мәлімдеді.

Рас, Финляндия сияқты басқа да еуропалық елдер Қазақстанның көмірінен бас тартса, онда отандық көмір өндіруші компаниялар аталған көлемде сатып алатын тұтынушыларын жаңа нарықтан іздеуі тиіс. Әйтпесе, бұл саланың жағдайы қиындай түседі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бүгінде көмірге кәрі құрлықта сұраныс азайғанымен, Азияда оны тұтыну өсімі байқалады. Мысалы, Үндістан көмірді ең көп өндіретін әлемдегі екінші ел болса да, ішкі нарығын отандық қара отынмен толықтай қамтамасыз ете алмайды. Өйткені, елде 1,37 млрд халық тұратынын да ұмытпау керек. Индонезияда да жағдай тура сондай. Әлемдегі ең көп көмір өндіретін бесінші елде 266 млн халық тұрады. Көмірге сұраныс алдағы уақытта Вьетнам, Филиппин, Малайзия, Пәкістан елдерінде де айтарлықтай артуы күтілуде. Көмірді тұтыну қарапайым болғандықтан, Азияның бұл елдері әзірге көмірден бас тартпайды. Сондықтан олар өз елдерінде көмір жағатын станцияларды көптеп салып жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа көмір станцияларының құрылысына Вьетнамда 40 млрд доллар, Филиппинде 30 млрд доллар, Индонезияда 50 млрд доллар бөлініпті. Бұл Қазақстан сияқты көмір экспорттаушы елдер үшін жағымды жаңалық екені рас. Дегенмен, алдыдан көмірді жеткізу, яғни тасымал мәселесі шығады. Неге десеңіз, Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ешқайсысымен шектеспейді. Ал, транзит өте күрделі мәселе.

Қазақстандық көмір өндіруші компаниялар Ляньюньган теңіз порты (Қытай) арқылы тасымалдауды жоспарлап отыр. Өйткені, Қиыр Шығыс (Ресей) арқылы тасымалдау қазіргі уақытта қиын. Ал, Бейжіңнің мәлімдеуінше, Ляньюньган қазақстандық көмірді техникалық тұрғыдан қабылдауға дайын.

«Шұбаркөл көмір» АҚ осы транзиттік бағыт бойынша жылына 3 млн тоннаға дейін көмір экспорттауға ниетті. Бірақ, бұл транзиттік бағытты ұйымдастыру үшін бірқатар заңды, тарифтік, техникалық мәселелерді шешу қажет. Мемлекеттік болып саналатын Қытай темір жолдарының жұмыс ерекшелігін ескере отырып, Қазақстан үкіметінің көмегінсіз, бұл бағытта жұмыс істеу мүмкін емес. Яғни, Қазақстан Үкіметінің Қытаймен сәтті келіссөз жүргізіп, Азия-Тынық мұхиты елдеріне көмірді еш кедергісіз экспорттауға қол жеткізсе, бұл салада ешқандай мәселе болмас та еді.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here