ХVІІ ғасырда өмір сүрген француз қайраткері, жазушы Шарль де Монтескье: «Халық қашан өз тілін біржолата ұмытқанша ел болудан үмітін үзбейді» дегендей, қазақ қоғамы тіл үшін күресіп-ақ келеді. Күрес сыртқы күштермен емес, өз ішіміздегі бауырларымызбен жүруде. Осы жолда қаншама құжаттар қабылданды, бірақ ортақ шешім жоқ. Себебі, паровоздың тартысы солай, ішкі құтысы өзге тілдегі май мен отынға толы, тартылыс күші қуатты.
«Мәңгілік Ел» – Жалпыұлттық бағдарламасының ішкі мазмұны, рухы, ақыл-ой безбені – Мәңгілік Елдің Ұлы тарихы. Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы – Мәңгілік Ел оның идеялық өзегінде тарихтың, мәдениеттің, тілдің бірлігі жарқын көрініс тапқан.
Ұлт руханиятының жаны – ұлттық тіл. Оның терең тамырлы сөздік қорында мыңжылдықтардың сыры мен құпиясының символдық мәні бар. Десек те, күн сайын тілі жоғалып жатқан халықты есіткенде жаныңды қоярға жер таппайсың. Бірақ оған түңілмесіміз анық, түбінде жеңіп шығамыз.
Ұлыбританиялық жазушы Дэвид Кристал әлемдегі тілдер тарихын зерттеп, 1997 жылы «Тілдер ажалы» атты еңбек жазып шықты. Зерттеуші өз еңбегінде, қазір әлемде 6 мыңнан астам тіл болса, (2700 – негізгі тіл, 4 мыңға жуығы – сол тілдердің диалектісі, солардың 600-не жойылу қаупі төніп тұр»- депті. «Сонда тіл қалай өледі?» – деген сұраққа ол: «Сол тілде сөйлейтін жас ұрпақ өз тілінен безінген кезде» -деп жауап беріпті. Әрине, бұл санатқа біз жата қоймаспыз. Себебі, елімізде тіл үшін жанын берер жалынды жастар бар. Оның үстіне жүргізіліп жатқан түрлі шаралар да көп. Бірақ осылай екен деп арқаны кеңге салуға тағы болмайды. Оған тағы бір мысал:
Белгілі тіл зерттеушісі Майкл Краустың пайымдауынша, болашақта адамзат тілінің 90 пайызы өліп, 600 ғана тіл қалады деседі. Краус болашақта жойылатын тілдерді бес топқа бөліп, оны жіктеп беріпті. Алғашқы топқа қауіп төніп тұрған тілдерді келтіріпті. Олар әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан шеттетіліп, үлкен тілдің қыспағына түскендер. Оның басты белгісі – бұл тілдерде сөйлейтін жас ұрпақ азаяды-мыс. Екіншісі, жойылу қаупі ықтимал тілдер. Оның белгілері – жас ұрпақ өз тілінен жериді. Үшіншісі, қатер төнген тілдер. Бұл тілде жас шамасы 50-ден асқандар ғана сөйлейді. Төртіншісі, өлім алдындағы әлсіз тілдер. Бұл тілде тек шау тартқан, сөзі аз, сабырмен сөйлейтін адамдар. Бесіншісі, жойылған тілдер. Бұл сол тілде сөйлейтін адамдар қалмағанда орын алады. Біз қазір ұрпағымызды өте сұмдық дилеманың ортасында қиын жағдайға апарып тіреп қойғанымызды білмей отырмыз.
Қазақтың ұлттың құндылықтары өзімен бірге мәңгі жасасып келе жатқан қасиетті тілінде, озық салт-дәстүрлерінде, өрісті мәдениетінде. Оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Себебі, олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың бірегейлігін, бітім-болмысын құрайды. Сондықтан, Қазақ елінің қайта жаңғыруы халықтың өзінің рухани түп-тамырын толық түсінуге деген ұмтылысы болашаққа деген бағдаршамы болмақ. Тек тыныштық, бейбітшілік болсын деңіз. Ел тыныш болып, осы бастаған ісімізден айнымасақ, әлі талай жетістіктерге қол жеткіземіз деумен өзімізді-өзіміз алдап келеміз.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек», деп айтқанын да ұмытпағанымыз абзал.
Елбасы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын сәт сайын нығайта берудің маңызын айта келіп: «2017 жылға дейін мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың саны 80 пайызға жетеді. Ал 2020 жылы олардың саны кемінде жалпы халықтың 95 пайызын құрап, сол жылы мектеп бітірушілер 100 пайыз мемлекеттік тілді толық біліп, еркін меңгеріп шығуы тиіс. Ол үшін біз бәрін де жасап жатырмыз», – деді. Осылайша, қазақ тілінің қуаты мен заңдық құқығы күн санап арта беретінін, оның қоғамдағы орны сәт сайын ұлғая түсетініне басымдық берген еді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да ұлттық өрлеуге жаңа көзқарас танытудың сындарлы жолы айқындалған. Енді осыған сай, руханиат алға шығып, халықтың танымындағы ізгілік, отансүйгіштік, патриоттық сезімдер басымдық алуы тиіс. Бұл біздің қоғам үшін дер кезінде айтылған, әрбір сөзінің астарында терең ой, нақты мақсат жатқан, жол көрсететін, даналы сөз. Елбасы өз сөзінде: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз» – деген болатын.
Кез келген ұлттық құндылықтың негізі – ұлттық тіл. Сондықтан, халқымыздың тағылымы мол тарихы мен ежелден келе жатқан, тіні еш үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерді, оның ішінде сөзсіз ана тілінсіз рухани жаңғырудың жүзеге аспайтыны белгілі. Алайда, сонау патшалық Ресейдің отарлық саясаты, соның саяси жалғасындай болған кеңестік кезең ұлттық дамудың ғасырлар сараптаған жолынан тайдырып, орыс тілімен бірге кейде қайшылықты тәрбиесі де еріксіз таңылып, тілімізді аздырды, дінімізді шеттетті, ділімізді лайлады. Міне, сол кездерден бері, тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылында да қазіргі қазақ тілдік кеңістікте өрісіміз кең қанат жая алмай отыр.
Үш тілді білу қажеттігі туралы көптен айтылып келеді. Бұл өміршең идея. Ондағы ой егер біздің ұрпағымыз үш тілді біліп ғана қоймай, сол тіл иелерінің тарихын, білім-ғылымын біліп жатсақ, өркениеттің жаңа сатысына көтерілер едік дегендікті білдіреді. Алайда, осы үш тілде білім беруді «үш тұғырлы тіл» дегенмен шатастыру да көп кедергілерге ұрындыруда. Тілдің жалғыз ғана тұғыры барын көптеген отандасымыз мойындағысы келмейді. Олай болса, тағы айта кетейік – ол тұғыр ұлттық тіл. Бірақ оның құдіретін өзгелер мойындап отыр.
Қызмет бабымен біршама елдерде болдық. Болған елдерімізде мемлекеттік тілдің қалай орындалатынын, оған қалай мән беретінін көрдік. Айтпасқа болмас. Қазақстандағы шетел елшілерінің дуайені (басшысы) Палестинаның Төтенше және Өкілетті елшісі Мұхаммед Таршаханимен тығыз қарым-қатынаста болдық. Сонда елшінің біздің еліміздегі мемлекеттік тілдің алға баспайтынын байқап, оны былайша түсіндіргенін айта кетсем деймін.
–Қазақстанда бүгінгі күйінде арада қаншама жылдар өтсе де, алға баспайды. Тіл – дамуы үшін біріншіден, қажеттілік керек. Бұл – ең маңызды шарт. Онда майда-шүйде деген болмауы тиіс. Оны қала көшелерінің есім көрсеткіштерінің бір ғана тілде, мемлекеттік тілде жазылуынан бастау керек. Қарап көріңіз, Алматы көшелерінің бәрі үш тілде жазылған. Ол кімге керек? Ол – қазақ тілін оқып үйренгісі келмейтіндер үшін қызмет етеді. Бұл – қажеттіліктен айырады. Палестинаға, жалпы, әлем елдерін аралап көріңізші, бәрі бір тілде, мемлекеттік тілдерінде ғана жазылады.
Бүгінде елімізде орыс тілін білмейтіндердің саны 20 пайызды құрап отыр екен. Бұл көрсеткіш Әзербайжанда – 83 пайыз, Грузияда –80 пайыз, Тәжікстанда – 67 пайыз, Түркіменстанда – 72 пайыз, Өзбекстанда – 61 пайызға жетіп жығылады екен. Бүгінгі таңда Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан елдерінде орыс тіліндегі мектептер жоқтың қасында. Бұл – жоғарыдағы елдердің Мәскеудің «орыстың тілі мен мүддесін әлемнің кез келген жерінде қорғаймыз» деген ұранына жауабы болып отыр. Ресейдің орыстың тілін қорғап, Украинаға не істегенін ұмытпағанымыз абзал.
Ұлттың ұлт екенін айқындайтын ең негізгі белгісі – оның тілі және қабылдайтын заңы. Егер мемлекеттің тілі қоғам өмірінің барлық саласында толыққанды қолданылмаса оны қандай ұлтқа жатқызуға болады?!
Осы уақытқа дейін елімізде екі ғана заң мемлекеттік тілде қабылданыпты, қалғандарының бәрі орыс тілінде қабылданған. Заңдардың негізгі құрылымы Үкіметте жасалатынын ескерсек, үкіметіміздің тілдік құрылымын бағамдай беруге болады, деп ойлаймын. Ал басқа елдердің заңдары қай тілдерде қабылданады? Қолға түскен ақпараттарға сай, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Кавказ елдерінің заңдары 95 пайыз өз тілдерінде қабылданады. Әзербайжан елі заңдарының 98 пайызын әзербайжан тілінде қабылдайды. Ұят-ақ!
Жақында Ұлыбританияның Кембридж университеті докторантурасында оқып жатқан Оңтүстік Корея азаматы Энджу Ку өзінің Қазақстанға арналған дипломдық жұмысын қазақ тілінде жазып шықты. Корей азаматы жоғары оқу орнын біздің елімізде бітіріп, қазақ тілін жақсы меңгеріп алған. Сондықтан ғылыми зерттеудің тілі ретінде қазақ тілін таңдап алыпты.
Энджу Ку дипломдық жұмысын жазар алдында біраз қиналған көрінеді. Себебі Қазақстан туралы ғылыми жұмыстың негізгі бөлігін орыс тіліндегі еңбектерден жинапты. Ал ол бұл тілді бастапқыда мүлдем білмеген. Оған зерттеу барысында республиканың еңбек нарығында қызмет көрсетіп келе жатқан қазақ тіліндегі мамандар көмек қолын созыпты.
«Қазір Қазақстанда қазақ тілінің дамуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Болашағын қазақ тілімен байланыстырған Қазақстан азаматтары мұны мойындап, тілді үйренуге ден қоюы тиіс. Мен бұл елде қазақ тілінің болашағы өте зор деп ойлаймын. Сондықтан өзімнің ғылыми жұмысымды осы тақырыпқа арнауға шешім қабылдадым» – дейді корей азаматы.
Кембридж университетінің оқытушы профессорлар қауымы қорей докторантының таңдауына еш таңғалмапты. Олар қазіргі таңда күллі әлемде Қазақстанға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айтып отыр.
Бүгінде біздегі өзге жұрттың Қазақстанға деген ынта-ықыласы өте жоғары. Мен Оңтүстік Қореядан келген студенттің ғылыми жұмысын қазақ тілінде жазуға құштарлық танытуының өзі осының бір айғағы деп есептеймін. Бұл Қазақстанның келешегі зор екенін анық аңғартады», дейді университеттің профессоры Сидхарт Саксена.
Туған елінде өз ана тілінде сөйлеу мен білім алу бақыты бұйырмаған шетелдердегі көптеген жастарымызға бұл үлгі болса игі еді.
Елбасының жоғарыдағы Жолдауымен жан-жақты танысып, өмірге деген көзқарасы қалыптасқан, екі бірдей жоғары оқу орнын табысты бітірген 24 жастағы орыс тілді өз азаматымыз ата-анасымен ортақ шешімге келе алмапты. Сондықтан іштегі өкінішін қағазға түсіріпті. «Мен Тәуелсіздіктің құрдасымын! Сонда да мемлекеттік тілді білмеймін. Өйткені, сіздер қазақ бола тұрып және Қазақстан азаматы бола тұрып, мені жат елдің тілінде тәрбиелеп, оқыттыңыздар. Бір кездері бөтен біреулер сіздерді ұлттық тілдеріңізден айырып құрбандыққа шалған болса, енді сіздер өз балаларыңыз, менің болашағымды құрбан еттіңіздер. Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде-ақ: «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлесіңдер. Балаларыңды қазақ мектептеріне беріп, қазақша тәрбиелеп, қазақша оқытыңдар», деген екен. Оған құлақ қоймадыңыздар. Енді, соның 25 жылдан кейінгі нәтижесі, қазақ тілін білмегеннің Қазақстанда болашағы жоқ дегенге сайып тұр», депті. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге де болар еді. Өкініштісі, әлемдегі бәсекеге қабілетті озық 30 елдің қатарына қарай ұмтылған шақ пен Тәуелсіздіктің ширек ғасырында балаларын жат тілде оқытатын мектептерге жетелеп барып жүрген қазақ азаматтар бүгінде ортамызда бар. Әрине, бұл үшін оларды кінәлауға да болмас, жазылмайтын жара жоқ. Тек ықылас болса болғаны. Өткенде Үкімет мүшесі, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов (қазір Президент кеңесшісі): «Мәскеуде бес жыл қызмет еттім, туған тілімді ұмытып қалыппын. Бірақ алты айдың ішінде меңгеріп аламын» – деп уәде берді. Оны да көрдік.
Ұлттық тәуелсіздік, ұлттық тіл мен ұлттық тіл мен ұлттық рух – бұлардың барлығы ұлттың ең негізгі сипаттамалары ғана емес, «Тәуелсіздік» ұғымының бір-бірінен ажырағысыз компоненттері екенін есте ұстағанымыз абзал.
Бүгінде қоғамда көп талқыға түскен латын әліпбиіне көшу бастамасы халық арасында кеңінен қолдау тапты. Бұл – қазақтың түлеу кезеңіне бетбұрысы десе де болады. Өзінің жазу үлгісін, мәдениетін сақтамағандықтан жер бетінен өшіп кеткен ұлттар да бар. Оған тарихта дәлел көп. Олардың жер бетінен құрып кетуіне біріншісі, тілдік ассимиляцияға ұшырауы, екіншісі мәдениетін сақтап қала алмауы бірден-бір себеп болған. Қазір көптеген ұлттың алдында осындай қауіп тұр. Бұл ретте Жапониядан үлгі алуымыз керек. Бір кездері артта қалып қойған ел 1960 жылдары әлемдегі экономикалық лидер мемлекеттердің біріне айналды. Алматыға келген бір жапон профессоры: «Біздің табысқа жетуіміздің формуласы мынау: жапон тілі, дәстүрі, ділі, діні және оған қосымша Батыстың технологиясы». Біздің бір осал жеріміз еліктеу-солықтау болып отыр. Ал жапондарда ол жоқ. Олар сол арқылы ұлттық болмысын сақтады. Еуропаға ғылымға құштар азаматтарын жіберіп, жақсылықтарды, жаңалықтарды игерді. Батыстың инженерлік технологиясын өздерінде өрістетіп дамытты. Жапондар еуропалық жылтырақ дәстүрге неліктен ауып кетпеді? Егер жапондар солай еткенде, ұлттық болмысын жоғалтатын еді. Ұлт өзінің ана тілінде сөйлеп, мәдениетін түсінгенде ғана пассионарлық қабілетін сақтай алады. Ал өзгенің дәстүріне көшкен ұлтта жасампаздық қабілет болмайды. Бірдеңелер ойлап табуы мүмкін, бірақ ұлтының таным-түсінігі жоқ, яғни жансыз дүниелер шығар еді.
Дамыған, демократиялық елдердің ішкі саяси қалыптасуына көз салсақ, бәрінде орта мектептер тек мемлекеттік тілде екен. Мысалы, Францияда француз мектебінен басқа, сондай-ақ, Германияда неміс мектептерінен басқа мектептерге бюджеттен қаржы бөлінбейді. Алысқа бармай-ақ, қоялық, кешегі бір лагерде болған, Әзербайжан елінде ұлттық мектептерден басқа өзге тілдегі мектеп жоқ. Біз оны өз көзімізбен көрдік. Баку қаласында бір ғана мектеп бар екен, бірақ ол ата-аналардың жеке қаржысымен құрылған мектеп болып шықты. Ресей астанасы Мәскеу қаласында орыстардан кейінгі көп тұратын татарлар барлығы жабылып, бір мектеп ашуға күштері жетпей келеді. Демек, қазақ мектептерінен басқа бюджеттен өзге мектептерге қаржы бөлмеу жолдарын қарастыру керек.
Қазақ халқына тіл, дін, мәдениет осы үшін қажет. Біздің осал тұсымыз, барлық ұлыстарға бір-бір мектеп, мәдени орталықтар ашып беруіміз болып отыр. Мұның түпкі мәнінде үлкен қателіктер жатқанын сезбей отырмыз. Кезінде Балкан түбегінде біртұтас Югославия Федеративті Республикасы болды. Қазір оның күлінің орнында бірнеше мемлекет пайда болды. Ал Югославия мемлекеті атауы картадан сызылып қалды. Осының бәрі көп этносқа бөлінуден пайда болды. Сол тұста айдауда болғанда қазақ отбасының тәрбиесін көрген Югославия президенті Броз Тито: «Біз көп этносты мемлекет болуға тырыспауымыз керек. Себебі, көпэтностық кез келген елдің іргетасының шайқалуына алып келетін фактор» – деген еді. Біз бөліп беріп, біріккіміз келеді, ол болмайды. Бірігу деген рухани процесс. Мысалы, Германияда 3 млн түрік тұрады, былайша айтқанда, бір мемлекеттің халқы. Бірақ ол жақта бірде-бір түрік мектебі жоқ. Барлығы неміс тілінде оқиды. Ол үшін бізге түрік мектептерін ашып беріңдер,- деп саяси талап қойып жатқан түріктер жоқ. Францияда 5-6 млн араб ұлты тұрады. Алайда, олар да арабша оқытатын мектеп ашып беріңдер, – деп талап етіп отырған жоқ. Ұйысудың бір-ақ жолы ол – тіл. Тіл, діл бір болғанда ғана біз біріге аламыз. Соңғы кезде мұны түсінікті тілде айтып жүрген басшылар да баршылық. Мәселе ешкімнің ар-намысына тимеуде болып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов халықпен кездесуінде бірігу мәдениетіне байланысты өтімді ұсыныс білдірді. «Мектебіміз, балабақшамыз екі тілде оқытылатын болса, біз ешқашан бірікпейміз. Мынаған келісесіздер ме? Барлық бала-бақшаларды мемлекеттік тілге көшірейік». Сонда Керекудің орысы, немісі, басқасы, бәрі қол көтеріп қолдаған. «Біз бірігеміз. Балаларымыздың Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмеуі қасірет. Олардың болашағына алаңдаймыз», -депті сонда жиналғандар. Бірақ осы ұсыныс орындалмай қалды. Расымен де біз екі тілді болып жүргенде ешқашан біріге алмаймыз. Сондықтан, бала-бақшадан бастап, бір тілге көше бергеніміз абзал, әрине, ақылды жолмен.
Жалпы, мемлекеттік тілді тежеп отырған бір кедергі бар. Оны бұрын Конституцияда болған бір ғана «Орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі» деген сөзді орнына қайта қойып, орыс тіліне ресми тіл дәрежесін берген бапты алып тастау арқылы жүзеге асыруға болады. Қоғам осыны талап етіп отыр.
Тіл мен мәдениет – егіз ұғым. Бірін-бірі толықтырып отырған осы құндылық қатар жүргенде ғана бастаған ісіміз баянды болады. Шатастырмауымыз керек, мәдениет дегеніміз концерт емес, ол – идеологиялық құрал. Осыны шатастырғаннан кейін, жастарымыз өзге мәдени-эстетикалық өнімге тәуелді болып барады. Мәдениет қоғамның өмір сүруінің міндетті қызметі болудан қалып, байырғы сипатынан алшақтап, алабажақтанып барады.
Қытай халқының көсемі Конфуцийдің көп шәкірттерінің бірі елдің хал-ахуалын, парасат болмысын бағалауда олардың музыкасына құлақ түрсең жетіп жатыр деген тұжырымға келіпті.
Францияда барлық иммигранттар Франция туының астына біріге бастады. Өйткені өзге халықтар осыны қалап отыр. Бірақ оны француздардың өздері бастап берді. Тілге байланысты кез келген шара қатаң бақылауға алынған. Көшелердегі барлық көрнекі құралдардан, жазулардан бастап, телерадио, театрларда қанша пайыз француздың пьесасы қойылатынына дейін есепке алынды. Осы арқылы франция мәдениеті қорғауға алынды. Ол үшін Тіл инспекциясы құрылып, ол сыртқы безендіру мен жарнамаларды, қоғамдық көліктер мен мейрамханаларда қандай музыка және кімнің музыкасы ойнап тұрғанына дейін қадағаланатын болды. Франция сияқты елдің өзі ұлттық музыкасын көздің қарашығындай сақтап, саф алтындай таза ұстап, насихаттауынан үлгі алғанымыз жөн болар еді. Ал біз халықты таңдау функциясынан айырып, тек тұтынушы ретінде пайдаланып отырмыз.
Бастау керек пе, оның да мысалы бар. Кезінде Ақтөбе облысының әкімі кезінде Бердібек Сапарбаев: «Біз 2-3 күн бұрын Мемлекеттік хатшымен бірге Назарбаев интеллектуалды мектебіне бардық. Сол жерде жұмыс істейтін АҚШ азаматы қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді екен. Мен одан осы туралы сұрап едім, «Қазақстанда тұрғаннан кейін мемлекеттік тілді білуім керек», – деп жауап беріпті. Қытайда тұратын отандастарымыз қытай тілін біледі, Ал АҚШ-та тұратын Қытай азаматы ағылшын тілін меңгерген, қай жақта тұрасың, сол жердің заңын орындау керек. Сонда әкім жанында тұрған «Ұлы қорған» ЖШС бас директоры Чжань Цзюньге қаратып: «Сіз және сіздің аудармашыларыңыз қазақ тілін білуі керек» – депті.
Мемлекеттік тілді меңгергендер ештеңеден тайынбайды. Жақында атақты биші Майя Плицеская өзінің интернет парақшасында «Қазақтың орысқа құлай берілгендігі, орысша акцентсіз сөйлеуге тырысып құбылуы қандай жиіркенішті, қандай өкінішті опасыздық!» деп салды. Не десек те, ол көргенін айтып отыр.
Америка Құрама Штаттарының елшілері елімізге қызметке келгесін қазақ тілінде сөйлеп, жиналғандарды қуантып жүр. Олардың қазақ тілінде сөйлеуінде жасандылық жоқ, білгенінше сөйлеуге тырысып бағады. Демек, ниет болса, қазақ тілінде сөйлеуге болады екен.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ