Мэнни Пакьяо 2022 жылы Президент тағына таласады

0
3588

Спортшылардың «спорттық ғұмыры» қамшының сабындай қысқа болатыны рас. Олардың бәрі біздің Александр Винокуровтай қырықтың қырқасына шыққанда Олимпиада чемпионы атана бермейді. Содан үлкен спортпен қоштасуға мәжбүр болады. Әрине, көбі шәкірт тәрбиелейді. Сөйтіп, спорттан түпкілікті қол үзбейді. Ал, танымалдылығын пайдаланып, саясатқа ауысқан саңлақтар да аз емес. Алысқа бармай-ақ мысалға өзіміздің атақты спортшыларды алайық. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев (бокс), 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов (грек-рим күресі), 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина (жеңіл атлетика), 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы Серік Сәпиев (бокс) әр жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары болды. Ал, әлемде спорттан саясатқа кеткен саңлақтар жүздеп саналады. Солардың ішінде 42 жастағы Мэнни Пакьяо туралы әңгіме бөлек.

КЕДЕЙ ОТБАСЫНАН ШЫҚҚАН ТҰЛҒА

Қазақтың танымында «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген әдемі ұғым бар. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» деу де құлаққа сіңісті. Бұл сөздер әшейін қызылсөзге жел беруден туған нәрсе емес, белгілі бір негізге сүйенуден туындаған тұжырым. Ал, мұндай бағаға Мэнни Пакьяо әбден лайық. Неге десеңіз, ол – боксшы, ол – қайраткер, ол – меценат, ол – саясаткер, ол – актер, ол – сүйікті жар, ол – асқар тау әке, ең бастысы ол – ұлтын сүйген ұлы жүректің иесі.

Мэнни Пакьяо (азан шақырып қойған есімі – Эммануэль Дапидран) – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Филиппин Республикасының әлемге әйгілі кәсіпқой боксшысы, саясаткер, актер әрі мультимиллионер. Сегіз салмақ дәрежесінде чемпион болған әлемдегі жалғыз боксшы. 2006, 2008, 2009 жылдары әлемнің ең үздік боксшысы атанды. Алайда, оның балалық шағы ауыр болғанын, спорттағы ірі жеңістеріне оңайлықпен жетпегенін біреу білсе, біреу білмес.

Әлемге әйгілі боксшы 1978 жылы 17 желтоқсанда кедей отбасында дүниеге келді. Алты ағайынды. Бала жасынан боксқа құмар болып өсті. Бірақ, бала күнінде бокспен шұғылдануына, мектепте білім алуына отбасының қалтасы көтермеді.

13 жасында оның әкесі отбасын тастап кетеді. Бала Мэнни мектептің орнына көшеде азық-түлік сатып, анасы мен бауырларына қолқабыс етті. Бірақ, қара жұмыс боксқа деген махаббатын өшіре алмады. Күндіз қара жұмыс, түнде бокспен айналысты. 14 жасынан ақша үшін шаршы алаңға да шықты. Бұдан қаражат та таба бастады. Бір жұдырықтасудан шамамен екі доллар пайда табатын. Бұл 25 келі күріш сатып алуға жететін ақша еді. Осылайша, қаршадай бала отбасын асырайтын халге жетті.

Мэнни Пакьяо 14 жасында бокспен кәсіби түрде айналысу үшін Филиппин астанасы Манилаға аттанады. Алайда, болашақ чемпионға бастапқыда ел астанасында оңай болмайды. Жоқшылық, жұмыссыздық алдынан шығады. Тағдырдың басқа салған тауқыметіне мойымауға тырысқан Мэнни күндіз жергілікті қоқыс алаңында темір кесуші болса, түнде шаршы алаңда жаттығып жүреді. Жаттығу залын паналайды.

Айта кетейік, кейін аяққа нық тұрған боксшы сол жаттығу залын сатып алып, оны бокс мектебіне айналдырды.

16 жасқа толған Мэнни Пакьяоны жаттығу залының басшысы АҚШ-қа аттандырады. Онда американдық телеарнаның бірінде боксшыларға арналған шоуға қатысады. Бұл бәсекелерде барын салды. Өйткені, ондағы табысы бауырларының оқуына ауадай қажет еді. Осылайша, Америка сапары Мэнни Пакьяоның өмірін 180 градусқа бір-ақ өзгертті. Алғашқы ірі жеңістер сол жақта басталды.

Енді Мэнни Пакьяоның тағы екі қырына тоқталсақ артық болмас. Ол – актерлігі мен саясаткерлігі. Атақты боксшының есімі актер ретінде 2005 жылдан бастап айтыла бастады. Бүгінге дейін үш фильмге түсті.

Мэнни Пакьяоның саясат сахнасында да салмақты орны бар. 2007 жылдан бері саясатпен айналысады. Бүгінде депутат. Филиппин демократиялық партиясының өкілі. Келесі жылы 110 млн халқы бар Оңтүстік-Шығыс Азиядағы елдің тізгінін қолына ұстауы мүмкін.

Мэнни Пакьяоның арқасында 2016 жылы Танго ауылындағы 2 000 отбасы қоныс тойын тойлады

ЖЕРЛЕСТЕРІНЕ ЕКІ МЫҢ ҮЙ САЛЫП БЕРГЕН МЕЦЕНАТ

Ғұлама ғалым, академик Манаш Қозыбаев кезінде қайраткердің кім екеніне анықтама бере отырып: «Қайраткерлік – ең алдымен ұлы істе танылады. Ұлы іс – халық мүддесінен туындайды. Ендеше қайраткер болу үшін ол парасат, ақыл иесі болуы керек», – деген еді. Ал, «Әлемге әйгілі боксшы Мэнни Пакьяо қайраткер болатындай не тындырды?» дейтін кейбір оқырманның сұрағына қысқаша жауап іздеп көрелік.

Ішерге асы, киерге киімі болмаған кедей отбасынан шыққан Мэнни Пакьяо сегіз салмақ дәрежесінде чемпион болған әлемдегі жалғыз боксшы екенін жоғарыда айттық. Осындай адам сенгісіз жетістіктерге қол жеткізгеніне қарамастан, өзінің шыққан жерін, ондағы жерлестерін ұмытқан емес. Мәселен, Мэнни Пакьяо Филиппиннің Сарангани өңіріндегі Танго ауылына (өзінің туған жері) үнемі материалдық тұрғыда қарайласып жүреді. Атақты боксшы 2016 жылы өз қаржысына туған ауылының іргесінен жаңа қалашық салды. Оған «Пакман Вилладж» атауы берілді (Pac-Man – Мэнни Пакьяоның лақап аты). Қалашықта 1 000 тұрғын үй, ашық және жабық спорт алаңдары, қоғамдық саябақ, әлеуметтік нысандар (мектеп, дәріхана, шаштараз, т.б.) бой көтерді. Тіпті, Мэнни Пакьяо сол үйлердің барлығын баспанасыз жүрген кедей отандастарына тегін берді. Бір үйдің екі отбасына арналғанын ескерсек, сол жылы бір күнде 2 000 отбасы қоныс тойын тойлады.

«Алдағы уақытта тағы баспана салып, отандастарыма үлестіре беремін», – дейді меценат.

Әлбетте, мұндай қайырымдылық шараларды Мэнни Пакьяо байлығының асып-тасығандығынан емес, шынайы байлықтың мән-маңызын түсінгендігінен жасап отырса керек.

«Кең болсаң, кем болмайсың» дейтін ұстаныммен өмір сүретін Мэнни Пакьяо негізінен көптеген қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұрады. Әрине, жасаған жақсылық айтылуға да тиісті емес. Дейтұрғанмен, «Өзгелерге үлгі болсын» дейтін ниетпен оның өз жерлестеріне жасаған бір үлкен қайырымдылық шарасына тоқтадық.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жексенбі, 19 қыркүйекте кешегі спортшы, бүгінгі саясаткер Мэнни Пакьяо 2022 жылы өтетін Президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Сенатордың кандидатурасын билеуші партия ұсынды. Қазіргі президент Родриго Дутерте тек вице-президент қана болуға үміткер. Өйткені, Филиппин заңында екі мерзім Президент болуға тыйым салынған. Ал, Мэнни Пакьяоның халық арасында беделінің зор екенін ескерсек, келесі жылғы Президент сайлауында боксшы-саясаткер жеңіске жетуі ықтимал.

Айта кетейік, әлемде Президент болған спортшылар да бар. Соның бірі – самбодан әлем чемпионы (1983), әлем кубогының жеңімпазы (1989) Халтмаагийн Баттулга. Спорттың дамуына өз қалтасынан қыруар қаржы жұмсаған меценат 2017-2021 жылдары Моңғолияны басқарды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here