Не себепті «і» орнына «і» алынбады?

0
2902

2020 жылдың 28-29 қазан күндері жетілдірілген әліпби жобасындағы диакритикалық таңбаларды сынамадан өткізу бойынша республикалық деңгейде талқылау шаралары өткізіліп, нәтижелеріне талдау жасалған болатын. Қатысушы өңірлерден жекелеген пікірлермен қоса, кейбір қайталанып келетін пікірлер де болды. Олардың бірқатары /і/ мен /и/ дыбыстарының таңбасына қатысты айтылды: /и/ дыбысын і әрпі арқылы, керісінше /і/ дыбысын (төбесі түртілмеген) ɪ таңбасы арқылы жазу оларды бір-бірінен ажырату тұрғысынан оңай болмағаны, дауысты /і/ дыбысының үстіндегі үйреншікті нүктенің алынып тасталғаны өз орталарында пікірталас тудырғаны айтылды.

Сонымен, «Неге і орнына і алынбады?» деген сұраққа жауап берейік. Орфографиялық жұмыс тобының ішінде бірқатар әріптестеріміз і орнына і-ні алыну керектігі туралы пікірді қолдады (оның ішінде өзіміз де бармыз). Олай деуімізге мынадай негіз болған еді:

  1. Ең бірінші қолайлылық қазақтың төл дыбыстарын белгілеуге жасалу керек:

а) ғасырға жуық уақыт бойына қолданылып келген кирилл әліпбиімен қалыптасқан дағды бойынша /і/ дыбысының орнына і таңбасын қалдыру (аз да болса) латын жазуына көшу үдерісінің қиындықсыз іске асып кетуіне ықпал етеді. Басқа латын жазуына көшкен елдердің тәжірибелері көрсетіп отырғандай, жаңа жазу жүйесінің енуі ескі жазудың біршама уақыт аралығына дейін қоса қабат жүруі арқылы біртіндеп іске қосылып кететін механизм, бұл аралықта да екі жазуға ортақ дағдылардың болғаны құптарлық.

ә) латын жазуына толық көшіп кеткеннен кейін де кирилл жазуынан үзілді-кесілді қол үзіп кету мүмкін болмайды, үлкен тарихи кезеңнің жазба мұралары ретінде сақталып, ғасырдан-ғасырға ұласқан зерттеулерге арқау болып қала береді.

Осындай себептерге байланысты әліпбиден әліпбиге көшу барысында қандай да бір таңбалардың тұрпаты өз мазмұнын сақтап қалғаны маңызды. Расында, үйреншікті дағдымен «кeldi» деп жазсақ, қолымыз соңғы әріптің төбесін түртуге жүгіріп кетіп тұрады.

  1. «Көп тілдерге ортақ, әсіресе ағылшын тілінен енген терминдер үшін /и/ орнына (төбесінде ноқаты бар) İ і әрпін қолдану қолайлы болады, бұл шетелдік сөздердің жазылуын, танылуын жеңілдетеді» деген пікірлер айтылып келді. Біздің айтарымыз, ағылшын тілі үшін осы таңбаның төбесінде ноқаты болса да, болмаса да бәрібір, себебі бұл таңбаның кіші әрпінде ғана төбесі түртіледі де, бас әрпінде түртілмейді I i (institution, INSTITUTION) және түртілсе де, түртілмесе де бәрібір болуына тағы бір себеп, ағылшын тілінде бұл таңбаға ұқсас келетін басқа таңба жоқ.
  2. Осы таңбаны қазақтың /і/ дыбысына алуға болмайды деп айтылып келген пікірлердің бірі дыбыстың жиілігіне байланысты, «умлауттармен қатар келгенде әріпүсті таңбалардың көбейіп кетуіне жол береді». Бұған айтарымыз, умлауттар /ә/, /ү/, /ө/ (ä, ü, ö) дыбыстарына берілген, олардың қолданысы жиі емес.
  3. Кейбір (n, m, u сияқты) әріптермен қатар келгенде і-нің төбесі түртілмесе, әріптердің аражігі бұлыңғырланып, танылуы қиындық тудырады. Мысалы:

Inɪmɪzdɪŋ pɪkɪrɪn bɪldɪrdɪ.

Meşıtke bırınşı kıruım.

Menıŋ Sekseuıldı ekınşı köruım.

Tıgınşınıŋ breuı kiımımnıŋ tıgısın bıtırıptı.

«Кiımımnıŋ» деген сөз баспа жазуында да оңай оқылып тұрған жоқ. Мұндай жазу сырт көзге шшшшш немесе ɪɪɪɪɪɪɪɪɪɪɪɪɪɪɪ болып көрінуі мүмкін.

Міне, осындай негізге сүйеніп, «і орнына і алынса дұрысырақ болар еді» деген ойда болған едік. Дегенмен де, Орфографиялық жұмыс тобының және бірқатар ғалымдары і орнына (төбесі түртілмеген) ɪ таңбасын алуды қолдады. Оған мынадай себептер болды:

– /ә/, /ү/, /ө/ дыбыстарын таңбалауға умлауттар (ä, ü, ö) алынғандықтан, бұл дыбыстардың қолданысы жиі болмаса да бұлармен бірге келетін /і/ дыбысының жиілігі жоғары, соған орай сөзүсті диакритикалық таңбалары тым көбейіп кетеді. Мысалы, «өзіміздің үйіміздің әйнегі» деп жазсақ, «özimizdiŋ üimizdiŋ äɪnegi» болады. Ал, керісінше, /і/ дыбысын ɪ-мен жазсақ, бұл мысал «özɪmɪzdɪŋ üɪmɪzdɪŋ äinegɪ» болып көрінеді;

– і орнына (төбесі түртілмеген) ɪ таңбасы алынып, ал і таңбасы /и/ орнына жұмсалса, шетелдік терминдер оңай танылады: institut, indeks;

– біздің жазуымызда ю дифтонгы (қосар /иу/ дыбысы) iu арқылы берілетін болғандықтан, мұндағы и бөлшегін ɪ таңбасымен беру тым қолайсыз болып кетер еді, себебі ɪu тіркесі көзшалымға кирилдегі /ш/ сияқты немесе ɪɪɪ (үш таяқша) сияқты қабылданады. Баспа жазуымен осылай болып тұрғанда, қолмен жазуда тіпті ш әрпінен айырмашылығы болмай қалған болар еді.

«Қолмен жазу толығымен қолданыстан шығады, тек қана техникалық құралдардың көмегімен жазатын уақыт келе жатыр» деген де пікірлер айтылады.

Орфографиялық жұмыс тобындағы ғалымдардың басым көпшілігі осы /і/ дыбысының орнына (төбесі түртілмеген) ɪ таңбасын алуды жөн санады. Міне, осындай себептерге байланысты /і/ дыбысының орнына үйреншікті і таңбасы алынбады.

Нұрсәуле РСАЛИЕВА, Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here