«Бай болуға кәсіп керек»: «Бастаумен» кәсіп бастаған айыртаулықтар

0
1902

«Бастау» – бұл мыңдаған адамға жеке кәсіп ашуға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Бағдарлама шеңберінде болашақ кәсіпкерлер бизнес негіздері туралы кәсіби сауатын ашады. Ол үшін мемлекет жыл сайын қыруар қаржы бөледі. Жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған жобаны Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылдан бері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы іске асырып келеді. Осы 4 жылда «Бастау» жобасы бойынша 150 мыңнан астам адам кәсіпкерліктің алғашқы әліппесін оқып шықты. Соның бәрі жәй ғана оқып шыққан жоқ, республика бойынша 144 мың бизнес-жоспар жүзеге асырылды. Яғни, осынша адам кәсіпкерлікті бастады. Демек, бұл жоба жұмыссыздықпен күрес және жаппай кәсіпкерлікті дамытуда тиімді бағдарлама болып табылады.

Енді сөзіміз дәлелді болуы үшін бір мысал келтірейік. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында 2020 жылы «Бастау» жобасы бойынша 200 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. 40-тан астам адам жеңілдікпен несие алса, 154 ауыл тұрғыны кәсіпке қажетті құрал-жабдықтар үшін грант жеңіп алды. Айыртаулықтардың несие мен гранттарға арналған жобалары алуан түрлі болды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз тұрғындар мал шаруашылығымен, соның ішінде асыл тұқымды ірі қара, жылқы және қой өсірумен айналыса бастады. Сөйтіп, жеке кәсібін домалатып әкеткендер мемлекет берген мүмкіндікті қалт жібермеді.

Құс өсірумен айналысқысы келетіндер де оларға қажетті құрал-жабдықтарды мемлекет есебінен сатып алды. Нәзік жандылар көбіне шаштараз қызметтерін ұсыну, сұлулық салондарын ашу, тәттілер пісіру, киім-кешек тігу сияқты шағын кәсіпкерлікті таңдады.

«Гранттарға олар технологиялық жабдықтарды, қажетті заттарды сатып алды. Оқығандардың жас санаты NEET санатындағы жастардан зейнеткерлік жасқа дейінгі өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға дейін болды. Көп балалы отбасылардың мүшелері де тегін оқытылды», – деп атап өтті Айыртау аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының басшысы Данияр Қалымов.

Мәселен, былтыр ауданның екі жүз тұрғыны арасында Иван Воликов та «Бастаудағы» оқуын сәтті аяқтады. Жастығына қарамастан ол қазірдің өзінде алты баланың әкесі. Ал, үлкен отбасын асырау оңай емес, сондықтан Саумалкөл ауылының тұрғыны жеке кәсібімен айналысу туралы шешім қабылдаған.

«Кәсіпкерлер палатасының филиалына тамыз айында бардым. Онда мені білікті қызметкерлер қарсы алды. Олар ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы қарапайым тілмен түсіндіріп берді. Мен оларға әйелдер мен ерлердің аяқ киімдерін жөндеу және тігу бойынша шағын цех ашқым келетінін айттым», – деп еске алды «Бастаудың» тәлімгері.

Сонымен қатар, Иван Воликов «Бастауға» келмей тұрып та тапсырыспен кілттер жасайтын. Өйткені, ол тұратын ауылда бұл кәсіппен ешкім айналыспайды.

«Жаңа оқу жылы басталатын қыркүйек айында балаларыммен бірге мен де партаға отырып, өз білімімді шыңдадым. Мен өзім үшін беймәлім «Кәсіпкерлік негіздері» туралы білдім, қажетті модульдерді зерттедім. Бір айға созылған оқу курсы байқалмай өтіп кетті. Осы уақыт аралығында өз бизнес-жоспарымды құрып, оны сәтті қорғадым. Осыдан кейін мен барлық қажетті құрал-жабдықтарды қайтарымсыз грантқа 505 мың теңгеге сатып алдым», – деген айыртаулық кәсіпкер шағын кәсібінің қалай ашқанын да айтып берді.

«Бастау» арқылы кәсібін бастаған Иван Воликовтың сөзінше, гранттың ақшасына тігін машинасын, оған арналған үстелді, сервомоторды, 15 жұп аяқ киім жастықшаларын, кілт шығаратын құрылғыны сатып алған. Бұл оның жұмысына қажетті негізгі жабдықтар. Қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелеткен көп балалы отбасының отағасы мұндай мүмкіндікті берген мемлекетке алғысын айтады.

Бір қуаныштысы, Иван Воликов сияқты «Бастаумен» былтыр кәсібін бастаған айыртаулықтардың саны 150-ден асады.

40 мыңдай халқы бар Айыртау ауданында жыл басынан бері өңірлік кәсіпкерлер палатасына 900-ге жуық адам аталған жоба бойынша оқуға өтініш білдірді. Олар енді 200 АЕК мөлшерінде (583 400 теңге) сұранысқа ие жаңа бизнес-жоспарларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грантқа өтініш бере алады. Гранттарды «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша оқуды аяқтаған, бұрын мемлекеттен қайтарымсыз несие алмаған аудан тұрғындарының алуға мүмкіндігі бар. Осылайша, ауыл тұрғындары отандық экономиканың сенімді тірегіне айналатын кәсіпкерлер қатарына қосылмақ.

Айта кетейік, жалпы еліміз бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 379 мың адам қатысып, олар түрлі қолдау түрлерін алды. Жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша бос жұмыс орындарына 130 мың адам, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына 156 мың адам жұмысқа орналастырылды, 5,8 мың жеңілдікпен несие және 17,2 мың өтеусіз грант берілді, 34,5 мың адам кәсіпкерлік негіздерінен қысқа мерзімді оқытудан өтті.

Иә, «Бастау» – өз кәсібін ашқысы келетін әрбір қазақстандық үшін таптырмас жоба. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырған жобаға белсене қатысып, өз армандарын ақиқатқа айналдыруды көздегендер қатарының көп болуы да қуантады. Өйткені, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, «басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек, білімді болу үшін оқу керек, бай болуға кәсіп керек, ал күшті болуға бірлік керек».

Индира БІРЖАНСАЛ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here