Жат жұрттың намысын жыртқан қазақтар

0
5465

Отан – ұлы ұғым, сонымен бірге күрделі ұғым. Әр адамның туып-өскен жері бар. Ол жер – оның Отаны. Бұл дүниеде адам баласы үшін Отаннан биік, Отаннан қасиетті, Отаннан киелі, Отаннан ыстық ешнәрсе жоқ. Болмайды да. Адам қай жерде, қандай елде жүрмесін өзінің туған жерін, өскен ортасын сағынады, аңсайды. Неге? Бұл енді адам миы әлі жетпеген күрделі психологиялық әрі физиологиялық қасиет. Оның сыры тереңде. Туған жер, өскен орта қасиетті ана тәрізді ұғымның жанды кіндігі. Адамның туған жері өзгермейді, ол мәңгі. Алайда, қоғамдық жүйе, саяси құрылым, әкімшілік тәртіп өзгеріске түсіп отыруы мүмкін. Кейде біртұтас отырған халық түрлі тарихи себептерге байланысты екіге (кейде үшке, төртке) айырылып бір бөлігі мүлде басқа мемлекеттің құрамында қалып жатады. Бұл процесс кейде халықтың өз ықтиярымен жүзеге асса, кейде халықтың ықтиярынсыз мәжбүрлі түрде жүзеге асырып жатады. Ал, оның тәртібі сізге ұнай ма, жоқ па, ол басқа мәселе. Бұл процесті ешкім тоқтата алмайды, тоқтату мүмкін емес.

Отаны бар адам бақытты адам, өйткені арқа сүйер тірегі бар. Ол қайда жүрмесін Отанын айтып, мақтаныш етеді. Алайда, адамда қанша Отан болуы мүмкін?.. Бұл сұраққа бір-екі сөзбен жауап беру қиын. Дегенмен, бір нәрсе анық: қазақ қай жерде, қандай елде өмір сүрмесін өзінің тарихи Отанын аңсамай тұрмайды. Сол үшін жаны ауырады, сол үшін көз жасын көл етеді, тіпті сол үшін жанын пида етуге дайын. Олай болса, Отан ұғымы – әрі құдіретті, әрі қасиетті құбылыс.
Бұл жерде біздің айтпағымыз мынау еді: жалпы, әр түрлі себептермен мекенжайын, қонысын, азаматтығын, тіпті ұлтын ауыстырып жатқан адамдар бұл дүниеде аз емес. Мұндай деградация әлемнің барлық елдерінде кездеседі. Сол секілді түрлі себептермен қонысын ауыстырған, өзге елге көшкен, сөйтіп өзінің бүкіл мүмкіндігі мен талантын өзі тұрып жатқан елдің өсіп-өркендеуіне жұмсап жүрген қазақтар да баршылық. Мұндай қандастарымыздың арасында, әсіресе өнер майталмандары – музыканттар, опера әншілері, балет бишілері, цирк өнерпаздары көпшілік санды құрайды. Олар туралы сөз әлі алда. Ал, бүгінгі мақаламызда қаны қазақ, жаны қазақ, алайда тағдырдың жазмышымен басқа елдің намысын жыртқан қазақ спортшылары жайында сөз қозғамақшымыз.
Сарғайған шежіре беттерін парақтасақ, бөтен жерде тұрып, сол елдің намысын жанын салып қорғап жүрген саңлақтар арасында атағы алысқа жайылған қандастарымыздың қатары мол екенін аңғаруға болады. Олай болса, әрбір жанкүйердің кеудесінде мынадай сауал туындайтыны заңдылық. Бұл спортшылар жаны қазақ, қаны қазақ бола тұра не себепті өзге елдің намысын жыртады? Қазақтың көк туының астында өнер көрсетпеуі неліктен? Оған кедергі келтіріп, тұсау салып отырған кім?
Енді рет-ретімен баяндауға көшейік. Өз Отаны бар және ұлты қазақ бола тұра өзге мемлекеттің туы астында өнер көрсетіп жүрген мұндай спортшыларды екі топқа бөліп қарастыруға болатын сияқты. Біріншісі, кіндік қаны туған жерде тамғанымен, тағдырдың тепірешімен, түрлі тарихи себептерге байланысты ата қонысы өзге мемлекеттің аумағында қалған, сол себептен де өзі азаматы болып табылатын елдің туы астында өнер көрсетуге мәжбүр спортшылар болса; екіншісі, кіндік қаны қазақ жерінде тамып, осында туып-өсіп, спорт табалдырығын туған Отанында аттағынмен, уақыт өте келе шекара асқан спорт саңлақтары. Өзіне сенімді, күш-қуаты толысқан спортшы мұндай қадамға жайдан-жай бармайтыны түсінікті. Кімнің «Отанын сатқан опасыз» деген жаман атқа қалғысы келеді дейсіз. Ендеше айтыңызшы, олардың мұндай қадам жасауына не түрткі болуы мүмкін? Қарап отырсақ, оның түрлі себебі бар екен. Мысалы, қайсыбір спортшылар тұрмыстық жағдайдың ауыртпалығынан осындай қадам жасауға мәжбүр болса, екіншілері спорт шенеуніктерінің «сахна» сыртындағы құйтырқы ойындарының «құрбаны» болғандар. Қазіргі спорт тек денсаулық емес, ол идеология, ол бизнес құралы. Бизнесте аяушылық деген болмайды. Ал, үшінші біреулерінің құрамадан шығып қалуына ішкі бәсекелестіктің жоғары болуы себеп болса, төртіншілері таза қазақы тартыс – жершілдік, жүзшілдік, яғни «трайбализм көкпарына» ұшырағандар екен. Әрине, мұндай «ішкі көкпар» көзге көрінбейді, ашық айтылмайды. Жасырын түрде жүзеге асырылады. Ашық айтылмағасын қолға түспейді. Нақты факті жоқ. Факті болмағасын трайбалистердің «қылмысын» дәлелдеп көрсету мүмкін емес. Алайда, «ел құлағы – елу», «сахна» сыртындағы түрлі ойындардың жаңғырығы ұзын құлақ арқылы халыққа да жетіп жатады. КСРО дәуірінде спорт айналасындағы сорақылықтардың бәрін «орыс шовинизмінен» көретін едік, енді кімнен көреміз?!
Құрметті оқырман, жалпы қазақ спортында алалау, аяқтан шалу, атақ-даңқты бөліске салу деген жоқ дегенге сенесіз бе? Міне, мәселе осында! Бұл не деген сөз? Яғни, біздің спорт федерациясында бұл тұрғыда әлі шешімін таппаған мәселе бар деген сөз.
Әрине, бұл айтқанымыз осы саланың басы-қасында жүрген әлдекімдерге ұнамауы мүмкін. Алайда, «Сен менің досымсың, бірақ маған ақиқат қымбат» демекші, бұл мәселені ащы да болса ашық айтатын уақыт жетті деп есептейміз.

* * *

Алдымен, өз туған жерінде тұрып, бірақ түрлі тарихи себептермен басқа мемлекеттің аумағында қалған, сондықтан байрақты бәсекелерде сол елдің атынан шығып, өнер көрсетіп жүрген қандас спортшылар жайлы сөз қозғайық. Қапысыз, олар тарихи Отанын жүрегінің бір бөлшегі санайды, құрметтейді, кеудесінде тербетеді, алайда жаттың намысын жыртуға мәжбүр.
Тақырып қызықты әрі өзекті. Бұл тақырыпқа әңгіме қозғалса, ең бірінші Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, қазақ баскетболының бекзадасы атанған Әлжан Жармұхамедов еске түседі. Осы ғасыр басында баспасөз бетінде қазақтан шыққан тұңғыш Олимпик кім деген талас-тартыс жүргені әлі естен шыға қойған жоқ. Біреулер сонда палуан Жақсылық Үшкемпіровтың атын атады, «біздің тұңғыш Олимпигіміз – осы кісі» деді. Иә, оның 1980 жылы өткен Мәскеу олимпиадасында топ жарып, алтын бала атанғаны рас. Алайда, қазақ баласы одан аттай сегіз жыл бұрын, яғни 1972 жылы Мюнхенде өткен ойындарда Олимп шыңына көтеріліп қойған еді. Ол КСРО құрама командасының капитаны, даңқты баскетболшы Әлжан Жармұхамедов болатын.
Ол кезде Әлжанның есімі қазақ жұрт-шылығы арасында онша танымал емес-тін. Танымал еместігінің өзіндік себебі де болды. Өйткені, ол уақытта атышулы КСРО әлі «тірі», империя құрамына кіретін он бес республиканы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Саяси Бюроның түкірігі жерге түспей, сақылдап тұрған шақ. Жалпы, Кеңестер Одағы тұсында Одаққа кірген барлық одақтас республикалар арасында шекара сызығы, тексеру бекеттері деген болған жоқ. Ары-бері еш кедергісіз өтіп жүре беретін. Орталық номенклатураның ықпалындағы республикалар бұратана халық ретінде жан-жақты қысымға түсіп, шекара сызығына тек Мәскеу белгілеп берген деңгейде ғана қарап, әрекет жасауға тиіс болды. Ал, Саяси Бюро ұлттық мәселелерді, оның ішінде шекара мәселесінде өз көзқарасы бойынша, өз ыңғайына қарай белгілеп, шешім шығарып отырды. Тіпті, Одақ құрамындағы барлық халықтардың төл-құжатының түрі де, түсі де бірдей еді. Сол себепті бүгін қазақ жерінде тұрсаң, ертең Өзбекстанда, не Ресей, Украинаға қоныс аударып жайғасамын, еңбек етемін десең де ерік өзіңде-тұғын. Өйткені, түбі барлық ұлттың тоғысатын Отаны біреу – ол КСРО болатын. Айтпағымыз, Әлжан Мүсірбекұлы Қазақстанда дүниеге келгенімен, тағдырдың жазуымен өзбекстандық болып өмір сүрген қазақ баласы. Бұл қалай дерсің? Әлжан Жармұхамедов 1944 жылы 2 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысына (қазіргі Түркістан облысы) қарасты Бостандық ауданындағы қазақтар көп шоғырланған Табақсай ауылында дүние есігін ашқан. Кейін Мәскеудің солақай саясатының салдарынан 1957 жылы «Қазақ КСР-ның біраз әкімшілік жер аумағын Өзбек КСР-ына жалға беру туралы» атышулы қаулысы шығып, соның негізінде Бостандық ауданы көрші республиканың әкімшілік аумағына берілді. Сөйтіп, осы аумақты мекендеген басқа да мыңдаған этникалық қазақтар сияқты болашақ Олимпиада чемпионы бір күнде өзбекстандық болып шыға келген. Табақсайда орта мектепті аяқтаған соң Шыршық қаласында зауытта екі жылдай әртүрлі жұмыс істейді. 1963 жылы Ташкенттегі дене тәрбиесі институтына құжат тапсырады. 1967 жылы оны ойдағыдай бітірген соң Ташкенттің СКА баскетбол командасында ойнап жүрген жерінен мәскеулік мамандардың көзіне түсіп, дереу КСРО құрамасына шақырту алады. Баскетбол – ұжымдық ойын. Ұжымдық ойынның өз ережелері мен қалыптасқан тәртіптері бар. Бойы екі метрден асатын (207 см болған) қазақ жігіті орталық ойыншы (центровой) міндетін ойдағыдай атқара білді. Әлжан құрамаға қосылған 1967 жылы-ақ КСРО командасы Еуропа біріншілігінде топ жарды. Ол бұл атақты одан кейін екі рет (1971, 1979) жеңіп алды. 1969 жылы орталықтағы ЦСКА командасына ауысты. Әлжанның жеңіс қоржынында Бүкіләлемдік Универсиада чемпионы (1970), Еуропа чемпиондары кубогының иегері (1971), КСРО-ның 10 дүркін жеңімпазы деген атақтары бар. Еуропаның үш дүркін чемпионы болумен қатар ол әлемнің 1970 жылғы қола, 1978 жылғы күміс медальдарын алған. Алайда, даңқты спортшының ең үлкен жетістігі 1972 жылы өткен Мюнхен Олимпиадасында алтыннан алқа тағуы. Көріп отырғанымыздай, Әлекең қазақтың маңдайына біткен ұлы спортшы.
Өзінің айтуынша, Әлжан Жармұхамедов бір емес, екі рет Қазақстанға келуге талпыныс жасап көріпті. Жас кезінде Алматының «Буревестник» командасында ойнағысы келген екен. Бірақ, қазақстандық спорт шенеуніктері, екі ретінде де оның елге оралу талпынысын қабылдамапты. Біреулер «өзбек» деп өзекке тепсе, екіншілері «татар» деп кеудесінен итеріпті. Тауы шағылған спортшы содан кейін Алматыға «өкпелеп», жоламай кетсе керек. Расында, оның Өзбекстанда өмір сүріп, Ташкенттің СКА баскетбол клубында доп ойнағаны болмаса, өзбекке еш қатысы жоқ. Әкесі Мүсірбек – қазақ, анасы Просковья – украин қызы. «Физкультура и спорт» журналының 1972 жылғы 10-санында жарияланған Мюнхен Олипиадасы чемпиондарының тізімінде Әлжан Жармұхамедов ұлты қазақ деп тайға таңба басқандай жазулы тұр. Ұлты жөнінде ұлы спортшыларының өзі былай дейді: «Мен әкем жағынан қазақпын. Ол Қызылорда облысының тумасы. Ұлы жұт кезінде ортаазиялық канал қазып, Шыршық өзенінде электр станциясын салып жатқан Өзбекстанға жақынырақ қоныс аударған. Мен туылған Табақсай поселкесі алғашқыда Қазақ КСР-ның аумағында болды. Менің туу туралы куәлігімде «Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді» деп жазылған. Және құжаттың өзі де қазақ тілінде. Алайда, елуінші жылдары біздің Бостандық ауданын Өзбекстанға беріп жіберді, сондықтан төлқұжатта мені Ташкент облысында туды деп көрсеткен».
Қазақ баласы үшін ең сәтті спорт додасы 1980 жылғы Мәскеу олипиадасы болды десек, оқырман бізбен келісетін шығар. Себебі, төрт жылда бір айналып келетін осы спорт бәсекесінде аз ба, көп пе, үш бірдей қазақ баласы Олипиада чемпионы атанса, басқа да жақсы нәтиже көрсеткендері аз болған жоқ. Күрестен Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков алдына жан салмаса, ауыр атлетикадан тағы бір қазақ ұланы, зілтемірші Сұлтан Рахманов Олимп шыңынан көрінді. Өкінерлігі сол, спорттағы ерлігі үшін әлемнің ең күшті адамы ретінде Гиннестер кітабына енген Сұлтан да қазақ арасында онша танымал болмады. Өйткені, оның тағдыр тәлейі де өзінің даңқты жерлесі, баскетболшы Әлжан Жармұхамедовтың өмір жолына өте ұқсас келеді.
Интернет көздеріне сүйенсек, Сұлтан Сабырұлы Рахманов 1950 жылы 6 маусымда Қарақалпақстанның Төрткүл қаласында өмірге келіп, 2003 жылы 5 мамырда Днепропетровск қаласында өмірден өткен. Ауыр атлетикадан аса ауыр салмақта (салмағы 175-180 келі) Мәскеу олимпиадасының алтын медалін жеңіп алған. Әкесі – қазақ, анасы – украин қызы. Ата-анасы Ұлы Отан соғысы кезінде Ташкенттегі әскери госпитальда танысып, отау құрған.
Сұлтан Рахманов одан басқа екі дүркін әлем, үш дүркін Еуропа чемпионы. 1976-1978 жылдардағы Балтық кубогында, 1978 жылы Лас-Вегаста өткен Әлем жұлдыздары кубогында, 1979 жылы Токиода өткен Ауыр салмақтылар кубогында аса ауыр салмақта тұғырдың ең биік сатысынан көрінді.
Ол барлығы 14 ұлттық рекорд жаңартқан ауыр атлет, оның ішінде 2 әлемдік, 5 бүкілодақтық рекордтар.
Қолда бар мәліметтерге қарағанда, Сұлтанның аталары Хорезм өңірінен шыққан этникалық қазақтар (қаңлы аталығы) болған. Алайда, өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ КСР-і әкімшілік аумағына қарап келген Қарақалпақстан Мәскеу қожайындарының өкімімен Өзбекстанға өтеді де, бұл өлкені мекендеген байырғы тұрғындар – қазақтар мен қарақалпақтардың бір бөлігі бір күнде құжат бойынша ұлты «өзбек» болып шыға келген. Сол «өзбек» болып шыға келген қазақтардың арасында Сұлтанның әкесі Сабыр да бар еді. Зерттеушілердің Сұлтанды өзбектенген қазақ деп есептейтіні сол себептен.
Ал, Сұлтан Украина жеріне қалай тап болды дегенге келсек, орта мектептің 9-сыныбын Төрткүлде аяқтаған бозбала Днепропетровскіге нағашы апасының үйіне қонаққа барады. Содан нағашы жұртында біржола қалып қойған екен. Ол спорт жолындағы барлық жетістіктеріне осы нағашы жұртында жетті, осында жүріп Олимп шыңын бағындырды. Міне, Сұлтанның Украина жеріне тап болуының қысқаша баяны осындай.
Біреу білер, біреу білмес, Мәскеу Олимпиадасында аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша біздің тағы бір қандасымыз өнер көрсетті. Ол Моңғолия туының астында кілемге шыққан еркін күрестің қас шебері Бақыт Однай болатын. Алыптар арасында күш сынасқан бауырымыз қос бірдей қарсыласын қапы қалдырып, үшінші айналымда КСРО құрамасының мүшесі, Монреаль олипиадасының жеңімпазы, әлемнің 4, Еуропаның 3 дүркін чемпионы Сослан Андиевке ғана есе жіберді. Ал, келесі 1981 жылы АҚШ-тың Толида қаласында өткен Әлем қубогында қола медаль олжалады. Монғолдардың ұлттық күресінен де толағай табысқа қол жеткізген Бақыт «Қаршыға» деген аса мәртебелі атақтың да иесі.
«Қаны қазақ, жаны қазақ, бірақ әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған бұл жігіттер бір-бірін білді ме, білсе жолдары түйісті ме?» деген сұрақтар оқырманды қызықтыратыны заңды. Бірден айтайын, мұндай дерек біздің қолымызда жоқ, сондықтан бірдеңе деу қиын. Білсе білген шығар, жолдары түйіссе түйіскен шығар, бірақ не туралы пікір алысқандарын біз енді ешқашан біле алмаймыз.
Ала тақиялы ағайын елдің спортын алға сүйреген этникалық қазақ спортшыларының ішінде белгілі былғары қолғап шебері Бақыт Сәрсекбаев пен грек-рим күресінің сайыпқыраны Елмұрат Тасмұратовтың жөні бөлек. Бұлардың екеуі де өткен ғасырдың 50-ші жылдарына дейін Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында болған Бостандық ауданының түлектері. Әуелде, Өзбекстан туы астында өнер көрсеткен Бақыт 2002 жылы Малайзияда өткен Азия біріншілігінде топ жарды. Осы жарыстың шешуші сәтінде ол пәкістандық Асқар Әли Шах пен кореялық Мун-Хун Шинді шаң қаптырды. Осылайша, Өзбекстан құрама командасы сапында біраз жыл атой салған қазақ баласы кейін спорт шенеуніктері тарапынан этникалық қысымға ұшырап, тарихи Отаны – Қазақстанға оралуға мәжбүр болды. Қазақстан атынан шаршы алаңда атой салған Бақыт Азияның екі дүркін жеңімпазы, Бейжің Олимпиадасының чемпионы атанғаны белгілі.
Ал, палуан Елмұрат Тасмұратовтың спорттағы тағдыры жерлесі Бақыт Сәрсекбаевқа қарағанда сәл басқашалау қалыптасты.
Бүгінгі таңда Өзбек елінің намысын қорғап жүрген Елмұрат бауырымыз жөнінде ұзақ әңгімелеуге болады. Жиырма сегіз жастағы грек-рим күресінің шебері әлем біріншілігінде екі мәрте (2013, 2014) топ жарса, 2016 жылы өткен Рио Олипиадасында үшінші орынды қанжығасына байлады. Азия біріншілігінде төрт рет алдына жан салмады. Мысалы, Астанада өткен Азия чемпионатында қазақстандық балуан Бағлан Жақаншаны 10:0 есебімен ойсырата ұтса, 2013 жылы әлем біріншілігінің қола жүлдесі үшін болған жекпе-жекте Алмас Кебіспаевтан айласын асырып, үздіктердің қатарынан көрінген-тін.
1991 жылы дүниеге келген Елмұрат 13 жасында атажұртқа оралып, Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы мектеп-интернатта тәлім алып, күрес спортының қыр-сырын үйренген болатын. Ол Қазақстан туын аспанға желбіретуді армандады. Алайда жалындай жанып тұрған қаршадай талантты бапкерлер түрлі нәрсені сылтауратып құрама сапына қабылдамай қойды. Өзегін өкініш өртеген Елмұрат ақыры Өзбекстанға қайтуға мәжбүр болды. Осыдан екі жыл бұрын Бостандыққа барған сапарымызда атақты спортшымен ойда-жоқта жолығып, пікірлесудің сәті түскен еді. Сонда қынжылыспен былай деді: «Мен Түркістанда оқып жүрген кезімде-ақ қатарластарымды қоғадай жапырып жүрдім. Өз салмағымда басқалардан бір саты жоғары екенімді барлығы мойындайтын. Алайда, Қазақстанда қолдаушың болмаса, төккен тер, кеткен уақыт, бәрі зая. Үлкен спортта ешқашан жоғары көтеріле алмайсың. Қазақты құртатын жершілдік, жүзшілдік. Кейбір спорт шенеуніктері осыны өз есебіне жақсы пайдалана біледі. Жершілдіктің бір құрбаны өзім! Оған менің кандидатурам өтпеді. Әрине, өкініш бар. Риода Қазақстан атынан түскенімде алтын алар ма едім, кім білсін… Нағыз спортшы үшін кілем үстіндегі шайқас емес, кілем сыртындағы шайқас ауыр болып тұр. Оны кілем сыртындағы атақ-даңқ бөлісушілер түсіне бермейді. Боз кілемнің де өз киесі барын ұмытпауымыз керек».
Бұл Өзбекстан туы астында атой салып жүрген қазақ бауырымыздың жанайқайы. Оқыған, көп нәрсені көңілге тоқыған нағыз спортшының сөзі.
Осындай туған-өскен жері тарихи себептермен басқа мемлекеттің әкімшілік аумағында қалып, сол елдің намысын қорғауға мәжбүр болған әйгілі спортшылардың қатарында моңғолиялық қазақ қызы Алданыш Рамазан да бар. 1961-1971 жылдар аралығында Моңғол құрамасы сапында өнер көрсеткен Алданыш 200, 400 және 800 метрге жүгіруден әлденеше дүркін ел чемпионы болумен қатар, әр түрлі қашықтықта 30 рет рекорд жаңартқан желаяқ. 1945 жылы Баян Өлгейде дүниеге келген даңқты спортшының ең басты жетістігі Моңғолия құрамасы сапында 1964 жылғы Токио Олимпиадасына қатысуы дер едік. Ол мұндай жаһандық ұлы додаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы ретінде тарихта есімі қалады. Токиода 400 және 800 метрлік қашықтыққа жүгіру бойынша сынға түскен қазақ қызы алғашқысында 65 спортшының арасынан 17-ші болып келсе, 800 метрге жүгіруде 67 спортшының ішінде 22-ші орынға тұрақтаған. Қазір 74 жастағы жеңіл атлет ел астанасы Ұлан-Батырда аман-есен тұрып жатыр деседі.
Бұл қатарда нағыз қазақ спортшысы ретінде жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген әйгілі былғары қолғап шебері Қанат Исламды атауға болады. Қытайдың Шыңжаң қаласында туып-өскен Қанат әуесқой боксшы ретінде өзіне тең келетін қарсылас шыдатпай, сол іргелі мемлекеттің туы астында өнер көрсету құрметіне ие болған қазақ ұланы. Ол 2007 жылы Чикаго (АҚШ) қаласында жалауы желбіреген Әлем біріншілігінде және Азия ойындарында үшінші тұғырдан көрінсе, 2008 жылы өткен Бейжің олипиадасында үздік өнер көрсетіп, қола жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен бірге, ол Қытайдың 10 дүркін жеңімпазы. 2010 жылы азаматтығын ауыстырып, атажұртқа біржола көшіп келді. Қазір кәсіпқой рингте күш сынасып жүрген қандасымыздың лақап аты – Қазақ. Кәсіпқой бокстан WBA FedeCariвe тұжырымы бойынша чемпион саналатын бауырымыз 27 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен, 22 қарсыласын уақытынан бұрын есінен тандырған. Бұйыртса, таяу күндері Әлем чемпионы атанған сәтін де көреміз деген үміт бар.
КХР ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, осы елдің спортының дамуына үлкен үлес қосқан және қосып жүрген өзге де қазақ спортшылары баршылық. Мысалы, еркін күрестен Азия ойындарының қола жүлдегері Ерланбек Қатайдың жетістігін ауыз толтырып айтуға болар еді. Бірнеше мәрте Қытай біріншілігінде топ жарған ол 2016 жылы өткен Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысып, бағын сынады. Түсінгенге, мұның өзі аз жетістік емес.
Айтпақшы, сәл кейінге шегініс жасап айтатын болсақ, 2004 жылы өткен Афина Олимпиадасында Қытай туының астында грек-рим күресінің шебері Әлнұр Төргеұлы өнер көрсеткен болатын.
Ережесіз жекпе-жек әлемінде Қытайда туып-өскен Жұмабек Тұрсынұлының есімі де ерекше танымал. Өз саласында біраз белестерді бағындырған Жұмабек осы спорт түрі бойынша әлемде ең белді ұйым саналатын UFC-де өнер көрсеткен тұңғыш қазақ.
Ережесіз жекпе-жекте қазақ жанкүйерлерін елең еткізген тағы бір есім – Дамир Исмағұлов. Осы спорт түрі бойынша әлемдегі ең рейтингісі жоғары ұйым UFC-дегі өзінің тұсаукесер кездесуін жеңіспен аяқтаған қандасымыз Ресейдің Орынбор қаласының тумасы. Аделайда қаласында өткен жекпе-жекке ол қазақ әнімен және Қазақстан мен Ресейдің туларын қатар ұстап шықты. Осы уақытқа дейін 6 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен жергілікті спортшы Алекс Горжеске қарсы кездесу үш раундқа созылып, Дамир күмәнсіз жеңіске жетті. Төрешілер қазақтың қайсар ұлының мықтылығын бір ауыздан мойындады. Осылайша, Дамир әлемдегі ең үздік промоушенде жеңіске жеткен тұңғыш қазақ ұланы деген атпен тарихта қалады. Бір сұхбатында «Маған қазақ болып өмір сүру үлкен мақтаныш. Мақсатым – елге көшіп, күрес мектебін ашу, қазақ балаларын қайратты, өжет етіп тәрбиелеу, қиындықты жеңе білуге үйрету» деген болатын. Нағыз қазақ патриоты.
Осы ретте қазақ десе ішкен асын жерге қоятын әлемге кеңінен танымал спортшы, таэквандодан қара белбеу иесі Мұстафа Өзтүрік-ті айтпай кетсек, арымызға сын. Қайсері қаласының жанындағы Мұсақоджалы ауылында 1954 жылдың 23 қарашасында дүниеге келген қайсар ұл – Түркияның қазағы. Жастайы-нан спорттың ең ауыр түрі болып саналатын таэквондомен айналысып, көптеген белестерді бағындырды. Атап өтетіні, спорттың осы түрі бойынша Мұстафа бауырымыз мұсылман әлемі арасынан шыққан тұңғыш қара белбеу (6-шы дан) иесі. Кейін Германия арнайы қызметінің шақыруымен Мюнхенде жеке мектебінің негізін қалады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң ата жұртына алғашқылардың бірі болып оралып, осында WTF теэквондо федерациясын құрды. Өкінішке қарай, жүрегі ыстық, арманы асқақ Мұстафаның ғұмыры келте болды. 1995 жылы 15 наурызда Алматыда күтпеген жерден жүрегінің қысымы көтеріліп, қайтыс болды. Ол туралы айтар әңгіме әлі алда деп білеміз.
Енді кіндік қаны қазақ жерінде тамғанымен, тағдырдың жазуымен үш жасында елден қара үзген тағы бір әйгілі қазақ спортшысы туралы айта кетудің реті келіп тұр. Ол 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында жалауы желбіреген ХХІІІ Қысқы Олимпиаданың чемпионы Динара Әлімбекова. Интернет дерегіне сүйенсек, Динарының әкесі – қазақ (есімі Талғат), анасы – беларусь қызы. 1996 жылы 5 қаңтарда Қарағанды облысы Абай ауданында дүние есігін ашқан қаршадай қыз небәрі үш жасында отбасымен бірге Беларусьтің Чауси қаласына қоныс аударған. Нағашы жұртында өсіп-өнген Динара шаңғы және биатлон спортымен айналысып, үздік көрсеткіштерге жетіп жүрді. 2011 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болса, бірнеше рет Еуропа біріншілігінде топ жарды. Әрине, ең үздік нәтижені Пхенчханда көрсетті. Беларусь құрамасының сапында әйелдер арасындағы биатлоннан 4х6 шақырым бойынша эстафеталық жарысқа сынға түскен ол Н.Скардино, И.Кривко және Д.Домричевалармен бірге жеңіс тұғыр-ына көтерілді.
Осылайша, Динара Әлімбекова спорттың қысқы түрлері бойынша қазақтан және қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы Олипиада чемпионы атанып, тұңғыштың көшін бастап отыр. Бұл қазақ ұлты үшін үлкен мақтаныш.

* * *

Енді қазақ жерінде кіндік қаны төгіліп, осында спорт әліппесін үйреніп, біраз жетістіктерге жетіп, уақыт өте тағдырдың айдауымен шекара асқан қазақ саңлақтары жөнінде әңгімелейік.
Деректерге иек артсақ, жат елдің туының астында Олимпиадаға қатысып, мұндай ұлы додада үлкен жетістікке жеткен қазақ спортшыларының көшін жеңіл атлет Ғұсман Қосанов бастап тұр екен. Ол 1960 жылы Римде өткен Олимпиада ойындарында 4х100 эстафетасында КСРО құрама сапында сынға түсіп, күміспен күптелген даңқты спортшы ғана емес, сонымен бірге мұндай ұлы бәсекеде медальға ие болған тұңғыш қазақ ұланы болып табылады. Бірақ, қазақ желаяғының бұл табысы Молдова еншісіне жазылғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Неге? Себебі, сол уақытта Ғұсман аға КСРО құрамындағы Молдова республикасында әскери борышын атқарып жүрген кезі екен. Әйтпесе, тұңғыш қазақ олимпиадашысы Семей өңірінің тумасы болатын. Қазақстанға жүлдегер атанған соң екі жылдан кейін 1962 жылы оралған. Ғұсман ағаның басынан өткен бұл жағдай қаны да, жаны да қазақ баласының басқа елдің туының астында жүрек қалауымен емес, мәжбүрліктен намыс жыртқанын көруге болады.
Алайда, спорт тарихында үнемі бұлай бола бермеген. Спортшылар мұндай жағдайда көбіне саналы түрде шешім қабылдап отырған. Мысалы, тұралап қалған Түркия мемлекетінің боксын өрге сүйреген қандасымыз Нұрхан Сүлейменовтің (түрікше Сүлейменоғлы) шаршы алаңдағы шиыршық атқан кимылына кезінде тамсанбаған жан жоқ еді. Қазақ боксы тарихында жаңа жұлдыздың жанып келе жатқанына жұрт сенді. Бірақ, Нұрхан 1992 жылы Кеңес Одағының уығы шайқалған тұста күтпеген жерден Анадолы еліне қоныс аударды. Сол-сол екен жасындай жарқыраған қазақ баласы Түркия туының астында шаршы алаңды армансыз шайқады. Қазіргі Түркістан облысы киелі Қазығұрт өңірінде туып-өскен жас жігіт Түркия боксы тарихында тұңғыш Еуропа чемпионы атанды. Бұл мәртебелі атаққа 1993 жылы Бурсада өткен біріншілікте қол жеткізді. Сондай-ақ, Нұрхан Түркия тарихындағы әлем біріншілігінде күміс медальды кеудесіне таққан тұңғыш былғары қолғап шебері болды. 1995 жылы Берлинде жалауы желбіреген әлем чемпионатының ширек финалында қазақстандық әріптесі Болат Ниязымбетовтен айласын асыра білген Нұрхан одан кейін германиялық атақты былғары қолғап шебері Октай Үркалды (тегі түрік спортшысы) әдемі ұтты, шүбә қалдырмады. Тек ақтық бәскеде әлемнің екі дүркін чемпионы, кубалық қара маржан Гектор Винетке ғана есе жіберді. Бір сөзбен айтқанда, қазығұрттық қазақ баласының табаны Түркияға тигеннен кейін бұл елдің бокс спортында сұмдық өрлеу басталды. Өзгеге емес, нақ Сүлеймен шалдың немересіне еліктеген жергілікті жас спортшылар содан кейін бокс үйірмелерін көптеп жағалағаны белгілі. Дәл қазір Түркия бұл спорт түрі бойынша әлемнің ең мықты құрамаларымен иық тірестіре алатындай дәрежеде десек, артық айтқандық емес. Қысқасы, бокстан титтей де болса хабары бар әрбір түркиялық өз елінің осы саладағы жетістігінің баршасы қазақтың қара баласының арқасы екенін жақсы біледі. Ғасырлар тоғысында өткен Сидней Олимпиадасында сәтсіздікке ұшыраған Нұрхан Сүлейменоғлы АҚШ-қа қоныс аударып, кәсіпқой бокста да біраз бағын сынап көрді.
Әйгілі боксшы өзінің Түркияға қоныс аудару себебін былай түсіндіреді: «Ол бір аумалы-төкпелі заман еді ғой. Нарықтың қыспағында қалып, қатты қиналдық. Сіздер мені түсінуге тиіссіздер, біз бір отбасында сегіз жанбыз. Әке-шешемнің тапқан табысы күн көріске жетпеді, жоқшылықтың азабын молынан тарттық. Алдымда аға-әпкелерім, артымда іні-қарындастарым өсіп келе жатты, солардың қамын ойладым. Өзім де ел қатарлы әдемі киініп жүргім келді. Ал, мұндағы табыспен күн көру мүмкін емес еді. Оның үстіне, КСРО құрама сапындағы бапкерлердің бүйрегі менен көрі Костя Цзюға көбірек бұратын. Мен соның көлеңкесінде қалып қоямын ба деп қауіптендім. Шынымды айтсам, үнемі екінші болудан қорландым. Осы кезде Түркия ұсыныс жасады. Мен мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді».
Мүмкіндік демекші, адам баласына тарихта қалу үшін бүкіл ғұмырында жалғыз рет мүмкіндік берілуі мүмкін. Оны қолдан жіберіп алмау – әркімнің өз ерік-жігеріне байланысты. Осындай мүмкіндікті сәтті пайдаланған спортшының бірі – татамидің тарланбозы Айдын Смағұлов. Айдын Алматы облысына қарасты Алакөл ауданының тумасы. Ол алдымен Қазақстан құрамасы сапында дзюдо күресі бойынша ел чемпионы атанды. Орталық Азия ойындарында топ жарды. Басқа да бірқатар халықаралық жарыстарда алдына жан салмады. Алайда, Сидней Олипиадасы қарсаңында күтпеген жерден ел біріншілігінде сәтсіздікке ұшырап, әлемдегі ең үлкен спорт бәсекесінде Қазақстан туы астында өнер көрсету құқығынан айырылып қалды.
Олимпиадада атой салу – әр спортшының арманы. Жасы 26-дан асқан Айдынға қазақстандық спорт мамандары сенімсіздік білдіргеннен кейін, ол тосын шешім қабылдауға мәжбүр болды. Осы кезде Алатаудың арғы бетіндегі айырқалпақты ағайындардан Қыр-ғызстан туының астында өнер көрсету жөнінде ұсыныс түседі. Ғұмырда бір келетін мұндай мүмкіндікті құр жіберуге бола ма? Болмайды! Сөйтіп, қазақ спортшысы Қырғызстан атынан намыс жыртуды жөн санайды. Бұл ретте оның тосын шешімі зая кеткен жоқ. Тәжірбиелі Айдын Сиднейде қола медальды қоржынға салды. Қырғыз ағайындар айыр қалпақтарын аспанға атты. Олардың бұлай қуануы негізсіз емес. Өйткені, атақты зілтемірші Қаныбек Османәлиевтің 1980 жылғы Мәскеу Олимпиа-дасында алған алтын медалінен бергі уақытта 20 жыл аралығында олимпиадада Қырғызстан құрамасына бір де бір жүлде бұйырмаған екен. Міне, сол олқылықтың орнын толтырып, абыройын асырған біздің Айдын еді. Ал, қырғыз ағайындар айыр қалпақтарын аспанға лақтырып, қуанып жатқанда, қазақстандық балуандар шетінен топырлап жеңіліп, елге жүлдесіз қайтып жатқан болатын. Парадокс!
Мына бір қызық дерекке қараңыз, байқасақ, құндыз бөрікті айыр қалпаққа айырбастаған Айдын Смағұловқа дейін бір де бір этникалық қазақ дзюдошысы Олимпиада тұғырына табаны тимеген екен. Алакөлдің арланы, Ала-тоодың тарланы сол тізімді бастады.
Бүгінде грек-рим күресінен Беларусь боз кілемінің көрігін қыздырып жүрген Ербол Қалабаев болса Ақтөбе қаласының ұланы. 2007-2008 жылдары қатарынан екі рет жас-тар арасында қарсылас шақ келтірмеген ол 2010 жылы Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетуге шақырту алғанымен ірі жарыстарға барарда спорт сыртындағы ойындардың салдарынан тізімге ілінбей қалып отырған. Ақыры бәсекелестіктің жоғары болғаны соншалық, ұлттық құрамадан шығып қалған. Ерболдың дарынын бірден Беларусь мамандары байқап, құрамаға шақыртады. Намысқой қазақ жігіті сенімді ақтайды. 2011-2012 жылдары қатарынан Беларусь біріншілігінде топ жарса, 2013 жылы Түмен қаласында өткен (Ресей) Гран-При додасында жүлделі үштіктен көрінеді.
Спорттағы құйтырқы ойындардың тағы бір құрбаны – балуан Марат Ғаріпов. Олимпиада шыңына шығуды бала кезінен арман еткен Марат атақты Тараз мектебінің тарланбозы. 1985 жылы дүниеге келген қайсар қазақ баласы әлі спорттық бабында, Бразилия мемлекеті туының астында атой салып жүр. Өзінің айтуынша, Қазақстан атынан Олипиадаға қатыса алмасын жақсы түсініп, Бразилия күрес федерациясының ұсынысын бірден қабыл алыпты. Дегенмен, оның бұл шешімін кейбіреулер құптай қоймапты. Тіпті, латынамерикалық елдің атынан кілемге шығуына кедергі келтіргендер де болған көрінеді. Алайда, барлық қиындықтарды жеңген Марат қазіргі таңда жаңа Отанында қарсылас шақ келтірмей жүр. 2016 жылғы Риода бала кезгі арманына жетуге бір табан жақын болған екен. Бірақ, дәл Олимпиада алдында күтпеген жерден ауыр жарақат алып, дүбірлі додадан тыс қалған. Естуімізше, оның ендігі басты мақсаты – 2020 жылы жалауы көтерілетін Токио Олимпиадасында атой салу.
Бұл санатта бүгінгі таңда Ресей мемлекетінің намысын қорғап жүрген жасөспірімдер арасындағы әлемнің 4 дүркін чемпионы, шахматшы Бибісара Асаубаеваны тілгі тиек етпесек болмайды. 2004 жылы 26 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келген бүлдіршін қыз алғаш рет 2012 жылы 8 жасқа дейінгі балалар арасында топ жарған, содан қатарынан үш рет әлемде өзіне тең келетін бала қалдырмады. Жеті жасында осы спорт саласындағы ең белді ұйым ФИДЕ шебері атағына ие болған. Болашағынан зор үміт күттіретін талантты қыздың басқа елге кетіп қалу себебіне келсек, Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан жасалып жатқан қолдауға көңілі толмайтындығынан көрінеді. «Бізді Қазақстан тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау қанағаттандырмайды», – дейді Бибісараның анасы Лиана Таңжарықова.
Сөз жоқ, қазақ талантқа кенде емес. Бақ-дархан даласы да, ақшаңқан қаласы да таланттарға толы. Шет елде өмір сүріп отырған диаспора арасында да, ата-жұртта туып, тағдырдың тәлкегімен шекара асып, жаттың намысын жыртып жүрген спортшылар арасында да қазақтың мерейі үстем. Десек те, әр таланттың атқаратын өз миссиясы бар, олар өмірде мүмкіндігіне қарай әрқалай із қалдырады. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, жоғарыдағы тізімді әрі қарай соза беруге болады. Айталық, еркін күрестен Аустралияның намысын жыртып жүрген Талғат Ілиясов, таэквондодан Түркия ұлттық құрамасының мүшесі Жәнел Дениз, Өзбекстан боксын өрге сүйреп жүрген Елнұр Әбдрайымов пен аралас жекпе-жектен ешкімге есе жібермей келе жатқан Шабқат Рахманов, осы спорт түрінің шебері қытайлық қандасымыз Жақсыбай Шоқай, тағы басқалар. Бұлардың қай-қайсы да қазақтың атын әлемге танытқан, даңқын асырған спорт саңлақтары. Қай түкпірде, қай елдің намысын жыртып жүрсе де, олардың әрбір жеңісі біздің мерейімізді өсіреді, бойға сенім дарытады, жүрекке өзгеше жылу сыйлайды. Өйткені, олар біз үшін қайсар қазақтың баласы болып қалады. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген сөз, бәлкім, осындайда айтылу керек шығар…

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мақтан етерлік жағдай, қазақтың қайсар ұлдары мен қыздары әлемді мойындатуда. Осындай сайыпқыран саңлақтары бар да қазақ мәңгі жасайды. Мейлі спортта болсын, мейлі өнер мен ғылымда болсын, оларды бір ғана қасиет біріктіреді. Ол – Отанды сүю, туған жерге деген махаббат, халыққа деген адалдық, беріктік және сенім. Кімнің махаббаты таза, адал – жеңіс сол жақта. Адалдық та өзінен өзі пайда болмайды, ол халықтың ыстық ықыласы мен мейірбандығынан бастау алады. Ұлым дейтін ұлт болмаса, ұлтым дейтін ұлдардың өзінен-өзі тақыр жерден өсіп шықпайтыны белгілі. Ендеше, қазақ спортын әлемдік ареналарда танытып жүрген саңлақтарымыз туралы бұл мақаламызды мынадай сұрақпен аяқтасам деймін: Отан сенсіз өмір сүре алады. Сен Отансыз өмір сүре аласың ба?!

Болат ШАРАХЫМБАЙ, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here