«Чайный двор» ұсынған шайлар

0
6152

Бүгін «Qazaq» газеті халқымыздың дәстүрлі сусынына айналған шайдың құпияларына қанығып, тәуелсіздік кезеңінен бері шай өндірісін қолға алып, «Тұмар», «Тарлан», «Елім-ай», «Кәусар», «Ұлт құндылығы», «Indian splendor», «Ежелгі Англияның құпиялары» атауымен шайдың 45 түрін шығаратын алғашқы отандық бренд «Чайный двор» компаниясына тоқталады.

ШАЙ ЖАСАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚЫТАЙ НЕГЕ ЖАСЫРДЫ?

Компания басшысы – Данара Қарсақбаева

Шайдың адам ағзасына өте пайдалы шипалық қасиеті бар сусын екенін жақсы білеміз. Әдетте, шайқорлар жаздың ыстық-аңызақ күндерінде шөлдесе де, жұмыста шаршап-шалдығып, қажыса да шай ішеді. Тіпті, басы ауырып, көңіл хошы болмаған сәттерде де шай ішіп, сергіп, жаны рахатқа бөленеді.

Шай шығыс халықтарына, соның ішінде Қытай мен Үндістанға бұдан мыңдаған жылдар бұрын белгілі болған. Олар алдымен өз бетімен шыққан жабайы шай жапырақтарын суға салып, бояуын шығарып, сан алуан ауруға ем үшін дәрі орнына пайдаланған. Қытай монахтары шайды қасиетті сусынға жатқызса, дәрігерлері емдік дәрі санаған. Бертін келе шай күнделікті ішетін сусынға айналып, оның бірнеше сорты егіле бастапты. Ал, XV ғасырда шай ішу Шығыс халықтарынан Орта Азия халықтарына тараған.

Шайды ХІХ ғасырдың ортасына дейін дүниежүзіне Қытай өзі ғана сатып келді. Аспан асты елі жібек, фарфор, дәрі өндіру құпиясын жасырғандай басқа халықтарға шай өндіру сырын ашпаған еді. Дегенмен, мұны білмекке құмартқан ағылшынның кәсіпкері әлдебір қытай азаматына көп ақша беріп, одан шайды әзірлеу технологиясын үйренеді. Бұл – сол кезеңде қытайларды шай сатудан түсетін орасан зор пайдадан қағыпты. Яғни, шайдың бұтадан дайындалатыны құпия болмай қалған сәтте оны саудалайтын нарыққа талас басталып кетті.

Шайдың отаны – Қытай болғандықтан, біз «шай» деген атауды солтүстік (Пекин) диалектісі «ча» атауынан алсақ, француздар «тэ», ағылшындар «ти» деп атауды оңтүстік қытай диалектісінен алған екен.

Шайды Еуропаға бірінші рет голландықтар әкелгенін біреу білсе, біреу білмес. XVI ғасырдың бас кезінде Ресей, Орта Азия және Моңғолия халқы достық қарым-қатынаста болған. Орыс патшасы Михаил Романов 1638 жылы моңғол ханына сыйлық жібереді. Патшадан келген бағалы сыйлыққа жауап ретінде моңғол ханы оған 200 қорап шай жөнелтеді. Әуелгі кезде шайды дәрі орнына қолданып, кейіннен сусын ретінде іше бастаған Ресей патшасы орыс көпестерін шай алып келу үшін 1669 жылы Пекинге арнайы жіберіпті.

Дегенмен, патша шенеуніктері Ресейде шай егуді қолдамады. Өйткені, олар шайдың орыс жерінде шықпай-тынын алға тартады. Ал, 1818 жылы Қырымдағы Никитинск ботаника бағында тұңғыш рет шай егіледі. Әсіресе, атақты орыс химигі А.М.Вутляров шай егуде көп еңбек сіңірсе, ботаник, ғалым А.Н.Краснов шайдың жаңа тұқымын іздеп, жер шарының тең жартысын аралапты.

Біздің өңірімізде шай көпшілік ішер сусын ретінде XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында кеңінен тарай бастады. Бірақ, шайды мол етіп шығару кең өріс ала алмады. Тек Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ғана шай шығаратын өндіріс орындары көптеп ашылды.

Қытайлықтардың аңызы бойынша, Дарма есімді үнді ханзадаларының бірі Буддаға табынады екен. Ол бүкіл Қытайды осы дінге енгізуге құмартыпты. Сол үшін ол күндіз-түні тынбай, көз ілмей еңбек етуге тиісті болыпты. Бірақ, бірде күндіз көзі ілініп кетіпті. Соған күйінген ол кірпіктерін кесіп алып анадай жерге лақтырып жіберсе, кірпіктері сол сәтте бұтаға айналып кетеді. Ханзада осы бұтаның жапырағын аузына салып, дәмін татып көрсе, шаршағаны басылып, көңіл-күйі жақсарған деседі.

Бір қызығы «шай» және «кірпік» сөзі қытай иероглифінде бір таңбамен белгіленеді. Бізге жақсы таныс байхы шайы да осы аңызбен сабақтасып жатыр. Шай қорабының сыртындағы байхы – «бай-хао» сөзбе-сөз «ақ кірпік» деп аударылады. Шай жапырақтары күмістей жылтыраған ақ кірпіктей қылтанақтармен көмкерілген. Шай жапырақтарының түр-түрінің «байхы» аталатын себебі осы. Қытайлар шай жапырағының төменгі жағындағы ашық түсті мүк секілді талшықтарды солай атайды. Олардың санына қарай шайдың сапасы анықталады. Шай деген сөздің өзі Қытайдың «тцай-ие» деген сөзінен тараған көрінеді. Ал «тцай-ие» қытайша «жас жапырақ» деген сөз екен. Ертеде қазақтар осы шайды «аққұйрық» деп атаған.

ШАЙ НЕДЕН ЖАСАЛАДЫ?

«Чайный двор» компаниясында 60 адам жұмыс істейді

Шай бұтасы – күй талғамайтын, тамырлы, көпжылдық өсімдік. Дегенмен, жер қыртысы мен климаттық жағдайлардың өзгерісін жылдам сезінеді екен. Осы өсімдік жапырағынан дайындалатын және сусын ретінде пайдаланылатын өнім де шай деп аталады. Жапырақтары кезектесе орналасқан, қалемше тәріздес жылтыр, шеттері өткір тісті, ұзындығы – 7 см, ал ені – 4 см болады. Шай жас жапырақтардан, оның бүрлерінен өндіріледі. Алғашқы өнім бірінші вегетациядан кейін жиналады. Шай өнімдерінің ішіндегі ең бағалысы – бірінші және екінші бүрлері. Бірінші өнім, әдетте, ақпан айынан бастап наурыз айына дейін жиналады екен. Байхы қара шай дайындау технологиясы жинау, ширату, сұрыптау, ферменттеу, кептіру және сұрыптау секілді күрделі процестерден өтеді.

Шайдың жабайы өсетін екі түрі бар. Біріншісі, қытай шайы – Оңтүстік-Шығыс Азияның таулы аймақтарында, екіншісі, ассам шайы – Үндістанның Ассам ормандарында өседі. Бұл екі шайдың табиғи гибриді цейлон шайы деп аталады. Оның да екі түрі бар. Олар жер шарының тропиктік және субтропиктік аймақтарында өсіріледі. Қазіргі таңда ТМД елдерінде Әзербайжан, Грузия, Ресейдің Краснодар өлкесінде қытай шайының негізінде шайдың бірнеше сұрыптары өсіріледі. Шай ағашы 100 жылдай өмір сүріп, 70 жыл өнім береді.

Қара шайда күрең қызыл түс, хош иіс және ерекше дәм болады. Дайындау технологиясына байланысты қызыл, сары түсті шай да кездеседі. Ал дүниежүзінде әрқилы технологиялық дайындау әдістеріне байланысты қара, көк, сары, қызыл түсті шай өндіріледі.

Шай екі жолмен шығарылып, екі топқа бөлінеді. Оның біріншісі – фабрикалық әдіспен өндіру. Ал екіншісі – шай фабрикаларында шетелдік шаймен араластыру, өздері жасаған қораптарға салып, тауарлық көрік беру, сөйтіп сауда орындарына дайындау.

ӘР ЕЛДІҢ САЛТЫ БАСҚА…

Шайдың 45 түрін шығаратын алғашқы отандық компания

Әр халықта шай әзірлеуде өзіндік дәстүр қалыптасқан. Мысалы, қытай, жапондар шайға қант қоспай ішеді. Ресей және көптеген Еуропа елдерінде қанты бар шайды ұнатса, қырғыз, моңғол, тибеттіктер шайдың дәмін тұзбен келтіреді. Ағылшындар сүт үстіне шай құяды, ал керісінше істеу надандық саналады. Олардың пайымдауынша, бұлай жасау шайдың дәмін жоғалтып, хош иісінен айырады. Голланд, шотланд, қалмақтар керісінше шай қайнаған соң сүт қатады.

Шай ішу – жапондар үшін үлкен рәсім. «Гя-до» атты шай ішу рәсімі әуелде Қытайда пайда болған. Кейін бұл рәсім жапон тұрмыс салтына еніп кеткен. Содан бері рәсім тәртібі айтарлықтай өзгермеген. Шай ішу бұқара арасында кеңінен тараған. Соған байланысты Жапонияда шай ішетін арнаулы ыдыстар да кеңінен қанат жайып, көптеп шығарыла бастаған. Жапондар шайдың бірден-бір татымдылығы дайындалған немесе құйылған ыдысына байланысты деп есептейді. Олар өздерінің көк шайы «о-тяны» қант салмай ішеді. Кез келген мекемеде «отякумдар», яғни шай дайындап құюшы хатшы қыздар болады. Олар күніне 3 рет қызметкерлерге шай дайындап береді. Жапондар шай өсіргенімен, оны сыртқа сатпайды.

Бүгінде шай ішу, шайды тұтыну деңгейі жан басына шаққанда Англия, Аустралия, Канада, Жапония, Латын Америка елдерінде жоғары. Керісінше, шайды ең көп өндіретін мемлекеттің бірі Үндістанда шай ішу көрсеткіші жоғарыдағы мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда аз екен.

Қазір Қытай дүниежүзі нарығына шай өндіріп, сатудан соңғы орындарды иеленеді. Дегенмен, қытайлар көк шай өндіруден ешкімге дес берген емес. Шай өндірумен әлемде отызға тарта мемлекет шұғылданып, 1,7 млн гектар жерге шай егіледі. Шри Ланка, Ява аралдарында шай теңіз денгейінен 900-2 000 метр биіктіктегі 240 мың гектар жерде өседі. Бір ерекшелігі – Үндістан, Шри Ланка, Ява жерлерінде шай жапырақтары жыл бойы үздіксіз жиналады.

Қазақстандағы шай өндірісіне келер болсақ, биылғы жылы шай өндірісі 3 пайызға артты. Негізгі өндіріс ошақтары «оңтүстік астанада» шоғырланған. Яғни, елдегі барлық шай өндірісі көлемінің 87,8 пайызы Алматы қаласына тиесілі.

«ЧАЙНЫЙ ДВОРДЫҢ» ӘРБІР ШАЙЫ – ҚАЙТАЛАНБАС ТУЫНДЫ

Алматы маңынан шығып, еліміздің әр аймағына таралатын шай өнімдерінің бірегейін «Чайный двор» компаниясы өндіреді. «Чайный двор» өнімдері Қазақ-станның барлық аймағында, Ресейдің төрт облысында сатылады.

Табиғи өнім тұтынушылардың көңілінен шығып, зор сұранысқа ие болғаны мәлім. Құрылғанына он үш жылдан асқан «Чайный двор» шайларының өзіндік артықшылықтары тағы бар. Мәселен, бұл ешқандай жасанды қоспасыз, бояғыш заттарсыз табиғи шайлар. Әлемнің әр аймағынан келетін шай сұрыптарының молдығына да назар аудармау мүмкін емес. Қара шай, көк шай, ақ шай және өзге де шайтектес өнімдер. «Чайный двордың» серіктестері шай өндірісінде беделді, өнімдерінің сапасына жауап беретін, экологиялық жағынан таза шай шикізаттарын тасымалдайтын халықаралық деңгейдегі компаниялар.

Компания 2005 жылы құрылғанымен, басшысы Данара Қарсақбаеваның айтуынша, еліміз тәуелсіздік алған жылдан анасы Жанат Сұлтанғазина шай өндірісімен айналыса бастапты. Кейіпкеріміздің анасы 1993 жылы «RWL» атты үнді шайын таныстырыпты. Бұған дейін шетелдің компаниялары шай өндірісінде Қазақстанмен тікелей байланыс орнатпай, тек Мәскеу арқылы келісімшарт жасалған екен. Жанат Сұлтанғазинаның есімі тәуелсіз елдегі шай өндірісіне үлес қосқан алғашқы кәсіпкер ретінде тарихта қалады.

2010 жылы Данара Қарсақбаева отбасылық кәсіпке араласа бастайды. Ал 2012 жылы компанияның үшінші мүшесінің үлесін Данара Қарсақбаева мен анасы Жанат Сұлтанғазина сатып алып, компанияның толықтай иесі атаныпты. Қазір компания өнімдері еліміздің әр аймағында сатылады.

«Біз ұзақ уақыт бойы супермаркеттер мен ірі сауда орындарына өнімдерімізді қоя алмадық. Себебі, олармен серіктестік қымбат болды», – дейді Данара Қарсақбаева. Ал қазір басшы Қазақстанның әр аймағындағы көптеген супермаркеттермен келісім жасаған. Кейіпкеріміз кез келген іскерлік кездесуге өзі барып, қарсы тараппен бірден ымыраға келетінін айрықша атап өтті.

Өнімдерді таратудың бір тәсілі – супермаркеттермен байланыс орнату болса, екіншісі – дистрибьюторлар.

Компания 2015, 2016 жылдары қаржы жағынан қиындықтармен бетпе-бет келсе де бүгінгі күні қаржы тапшылығы жоқ. Өйткені, сапалы шай өнімдерін шығаратын компанияны шетелдік серіктестері әрдайым қолдайды.

Компанияның өнім қоржынында брендке айналып үлгерген 50 өнім бар. Олар эконом-кластан басталып, премиум-сегментке дейінгі деңгейдегі шай өнімдері. Шайлар Үндістан мен Кенияда өндіріледі. Сапасы мен дәмін көптеген бақылаулардан өткізгеннен кейін сатылымға шығарылады. Ал сыртқы қаптамасын жасауға және оның дизайнына, шайлардың атауына Жанат Сұлтанғазинаның өзі тікелей кіріседі. Соның нәтижесінде үнемдеумен қатар әр өнімге ерекше көңіл бөлініп, қайталанбас туындылар жасалады.

Қазақстан шайды көп қолданатын елдердің бестігіне кіретінін білеміз. Халқымыз үшін шай дәстүрлі сусынға айналған. Сондықтан елімізде шай өнімдері қымбаттаса да өзіндік құнын еш жоғалтпайды. Компанияның басты стратегиясы – қандай жағдай болмасын сапаны жоғарылатып, бағаны барынша төмендету. Қолжетімді әрі сапалы өнімге әрдайым сұраныс болатыны айтпаса да түсінікті.

«Чайный двор» компаниясының аясы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта компанияда алпыс адам жұмыс істейді. Ал кеңсе жұмыстарымен алты қызметкер ғана айналысады. Алдағы жылдары бұдан да зор белестерді бағындырып, жетістіктерге жетуді көздеп отырған компанияның жоспарлары көп. Соның бірі – халықаралық нарыққа жол тарту. Тасымалдаушылармен бірігіп, Үндістаннан кәсіпорын ашу. Осы кәсіпорын арқылы компанияның мақтанышына айналған өнімі «Indian splendor» шайын Еуропа елдеріне, АҚШ-қа тасымалдау басты назарға алынып отыр. Сонымен қатар, өнімдердің санын арттырып, жаңа шай ойлап табу да компанияның бес жылдық жоспарында бар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Шай өнімдерін Қазақстанның әр аймағына ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріне тасымалдауды мақсат еткен «Чайный двордың» бүгінгі көрсеткіштері көз қуантады. Өйткені, «Made in Kazakhstan» бренді отандық өнімдердің эталонына айналуы тиіс. Ал, «Алыстан арқалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, Қазақстанда отандық өнім өндірушілер саны көбейіп, өз қолымыз өз аузымызға жетіп, ел экономикасының есесі артса, нұр үстіне нұр болар еді.

Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here