ЛИВИЯНЫ 42 ЖЫЛ БАСҚАРҒАН КАДДАФИ ИТ ӨЛІМГЕ ЛАЙЫҚ ПА ЕДІ?!

1
36366

2011 жылдың қараша айында Ливиядағы тоғыз айға созылған текетірес, қанды қырғын аяқталғандай болатын. Нәтижесінде НАТО демеу берген көтерілісшілер жеңіске жетті. Билік тақтан тайдырылды. Мызғымас жүйе күйреді. 42 жыл бойы ел басқарған Муаммар Каддафи туған қаласы Сирт түбінде айуандықпен өлтірілді…

Муаммар Каддафидің екі перзенті 1986 жылы АҚШ әскерінің қолынан қаза тапты. Бір ұлы өзімен бірге 2011 жылы ажалынан бұрын о дүниеге аттанса, сол жылы тағы бір перзенті және үш немересі НАТО әскерлерінің бомбалауынан өмірден өтті. Ал әйелі Сафия басқа перзенттерімен сол жылы Ливиядан Алжирге қашып шықты…

Иә, «қаза тапты» деу артық болар, қансырап қолға түскен Каддафиді көтерілісшілер аяусыз қорлады, ұрып-соқты, ақыры атып тастады. Алайда, оны атқан адам белгісіз болып қалды. Мәселе онда емес, әрине. Мәселе – өлікті қорлауда. Шариғат заңы бойынша 39 сағат ішінде жаны шыққан жанды қара жердің қойнына тапсырады. Ал ливиялықтар не істеді? Өлікті алты күн бойы Мисурат қаласындағы ескі базардың тоңазытқыш камерасына жатқызып, жұрттың қорлауына мүмкіндік берді. Қалың тобыр билеушінің қан-қан болған өлі денесін құшақтап суретке, бейнетаспаға түсіп жатты. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін…
Ал, Батыс ақпарат құралдары жерден жеті қоян тапқандай мұндай азғындық көріністерді жер-жаһанға жария етті. Тіпті, әшейінде «Адам құқығы тапталды» деп өре түре келетін АҚШ та, «өркениетті елміз» дейтін Батыс та бұған көз жұма қарады. Әрине, олардың көкейінде «Кез келген диктатор осындай күйді кешеді» деген табалау тұрғаны ешкімге де жасырын емес.
Бұл аздай сол тұста Барак Обама (АҚШ-тың 2009-2017 жылдардағы 44-ші президенті) Каддафидің қазасы туралы хабарға қатысты айтқан сөзінде «Бұл өлім Таяу Шығыс елдеріндегі өзге авторитарлық басшыларға ескерту болды» деп ашық мәлімдеді.
Арада алты күн өткеннен кейін Каддафидің денесі құпия түрде шөлді аймаққа жерленді. Туған-туыстарына да берілмеді. «Өлген соң мені өлер алдымдағы киіммен жерлеңдер» деген соңғы өсиеті де орындалмады.
Қысқасы, Ливияны 42 жыл басқарған Муаммар Каддафи дәл осындай қорлық өлімге лайық па еді?!
Жендеттердің қолынан қаза табар алдында, яғни 6 ай бұрын Каддафи халқына: «Қырық жыл бойы халқымды үздіксіз баспанамен, мектеп және ауруханамен қамтамасыз ету үшін отандастарыма қолдан келгенше жағдай жасадым. Аш болғанда оларды тамақтандырдым, тіпті, шөл дала Бенгазиді гүлденген аймаққа айналдырдым. Ковбой Рейганның шабуылдарына тойтарыс бердім. Мені өлтіргісі келген ол жазығы жоқ баламды жазым етті. Мен Африка одағының қаржысымен құрлықтағы бауырларыма да үзбей жәрдемдестім. Елге нағыз демократияның не екенін түсіндіру үшін қолдан келгенше көмектестім. Бірақ, бұған қанағат етпеді көбісі. Тіпті, 10 бөлмелі пәтері барлардың өзіне де жаңа жиһаз бен киім-кешек алып берсем де көңілдері қош болғанын көрмедім. Дүниеқоңыздық пен өзімшілдікке салынған олар америкалықтармен және өзге елдің өкілдерімен ымыраға келіп, елге «нағыз демократияның» жетпей жатқанын айтып шағымданды. Бұл «демократия» мен «бостандық» күштілердің құқығын ғана қорғайтынын олар түсінбеді. Олар Америкада қайыр сұрағандар ғана тәуелсіз күн кешетінін және тегін көже ол жақта тек қайырымдылық мақсатында ғана таратылатынын, онда да бұған қол жеткізгісі келгендердің ұзын-сонар кезекке тұратынын білген жоқ. Америкада біздің елдегідей тегін медицина, тегін аурухана, тегін білім мен тегін баспана жоқ екенін ұғынғысы келмеді. Мен не істесем де барлығына бұл аз болып көрінді. Міне, мен әлемдегі ең күшті армияның соққысына ұшыраудамын. Ал африкалық інім Обама мені өлтіріп, біздің тегін баспанамызды, медицинамызды, тегін білім мен тамағымызды тартып алып, оны «капитализм» деп аталатын Американың сұғанақ жүйесімен алмастырмақ. Үшінші әлемде өмір сүретін барлығымыз оның қандай қоғам екенін әлбетте жақсы білеміз. Бұл – елді корпорациялар билеп, қарапайым халықты қанау деген сөз. Менде басқа амал қалмады. Мен өз позициямды ұстап қалуым керек. Егер Алла қаласа, мен өз ұлысым үшін өмірімді қиюға дайынмын. Балаларымыздың бас амандығы мен елімді құтқарып қалу үшін осылай істеуге мәжбүрмін. Осы өсиетім арқылы бүкіл әлем менің НАТО күресшілерінің кезекті шабуылына қарсы шыққанымды білетін болады. Мен қатыгездік пен сатқындыққа төзе алмаған африкалық өзге бауырларыммен иық тірестіріп, оларға қарсы шықтым. Мен бәдәуилер шатырында, қарапайым үйде өмір сүрдім. Сиртта өткізген жастық шағымды ешқашан естен шығарған емеспін. Мен ұлттық байлықты оңды-солды шашқан жоқпын. Ислам үшін Иерусалимді азат еткен мұсылмандардың ұлы көсемі Салах ад-Дин сияқты аз нәрсені қанағат тұттым. Батыста мені «ақылсыз», «ақымақ» дейді. Бірақ, шындықты білсе де олар өтірік айтудан ешқашан тайынған емес. Олар менің ұстанған жолым халқымның көңілінен шығатынын және бұл үшін менің басымды бәйгеге тігуге дайын екенімді біледі. Азат, тәуелсіз Ливияның өздеріне кіріптар емес екеніне іштей өкінеді. Ал мен осы бостандық үшін ақтық демім шыққанша айқастым. Ұлы Жаратушы біздің еркін де ерікті болып қала беруімізді нәсіп еткей!» – деп соңғы түйін сөзін арнапты.
Расында да, мемлекет дамуының бағдаршамы болған «Жасыл кітап» атты еңбекті жазған Каддафи кезінде «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кеткен мұнай-газ саласын мемлекет қарауына алды. Одан түсер пайданы халыққа бөліп берді. Осылайша, Африкадағы ең артта қалған, кезінде кедей болған елді ең бақуатты елге айналдырды. Демек, елді басқарған 42 жыл ішінде Каддафи өз елін аяқтан тік тұрғызды, Ливия әлеуметтік-экономикалық жағынан биік белестерді бағындырды.
Біздің елдегілер «Ливиядағы көтеріліске себеп болған әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлығы» деп білетін шығар. Бірақ, Каддафидің соңғы сөзінде айтылғандай, Ливияда әлеуметтік жағдай өзге елдерге қарағанда әлдеқайда жоғары болды. Айталық, Каддафи тұсында жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің көлемі – 14 мың доллар болды, отбасының әрбір мүшесіне мемлекет дотация ретінде жылына 1 мың доллар, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы ретінде 730 доллар төледі, медбикенің жалақысы 1 мың доллардан асты, әр жаңа туылған сәбидің есеп-шотына 7 мың доллар аударылды, жаңадан тұрмыс тұрған отбасыларға пәтер алу үшін 64 мың доллар, бизнес ашуға көмек ретінде 20 мың доллар берілді. Тіпті, үлкен көлемдегі салықтар мен алымдарға тыйым салынып, білім алу мен медициналық көмек тегін, шетелде білім алу мен іс-тәжірибеден өту мемлекет есебінен жүзеге асырылды. Бензин судан да арзан болды.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп айтқанындай, Ливияда тәртіп пен заң да қатал болған-ды. Мәселен, мерзімі өтіп кеткен тауар сатқандарға үлкен айыппұл салынып, оны арнайы полиция жасақтары ұстайды, дәрілерді қолдан жасаушылар өлім жазасына кесілсе, ішімдікті сату мен қолдануға тыйым салынған. Сонда Каддафи билігіне халық не үшін қарсы шықты? Демократия мен сөз бостандығы үшін бе?
Әлбетте, мұндай билеушінің, әу бастан аспан астында емін-еркін жүріп үйренген бәдәуилер отбасында дүниеге келген табиғатынан батыл жанның халыққа ұнамауы мүмкін емес. Өйткені, бұл елдегі қанды соғыстың негізгі астары Каддафи мен қара халық арасындағы түсініспеушілікте емес, мәселе, мұнай мен газға тіреліп тұр. Ливия – Африкада мұнай қорының көптігі жағынан бірінші орында, газ саласы бойынша төртінші орында тұрған ел. Сондай-ақ, бұл ел Еуропаға көмірсутегі затын шығаруға ең ыңғайлы аймақта орналасқан. Мәселе – осында. Батыстың айтқанына илікпейтін Каддафидің орнына «ләппай» деп бас шұлғып тұратын қуыршақ біреу керек болды. Осылайша, Батыс елдері жеңіске жетті, арандатуға түскен Ливия халқы жеңілді. Каддафиден кейінгі Ливияның қазіргі жағдайы мәз емес. Мемлекет 40-50 жылға кейінге кетті. Тайпалар арасындағы қақтығыс өршіді. Билік әлі күнге елді толық бақылауына ала алмай отыр. Міне, Каддафиден кейінгі елдің сыйқы осындай!..
Айта кетейік, Муаммар Каддафи 10 ұл-қыздың әкесі еді. Дегенмен, перзенттерінің де тағдыры оңай болмады. Екі перзенті 1986 жылы АҚШ әскерінің қолынан қаза тапты. Бір ұлы өзімен бірге 2011 жылы ажалынан бұрын о дүниеге аттанса, сол жылы тағы бір перзенті және үш немересі НАТО әскерлерінің бомбалауынан өмірден өтті. Ал әйелі басқа перзенттерімен сол жылы Ливиядан Алжирге қашып шықты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Арада 7 жылдан астам уақыт өтсе де, қазір Ливияда тақ үшін талас, билік үшін күрестер әлі жалғасуда. Қисапсыз қақтығыстар мен қантөгістер орын алуда. Ал, мұның ақыры немен тынатынын болжау қиын. Бір кездегі тып-тыныш ел Каддафи тақтан тайғалы осындай күй кешіп отыр. Сонда бұдан кім ұтты, кім ұтылды?!

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті

1 пікір

  1. I have observed that costs for on-line degree gurus tend to be an incredible value. For instance a full College Degree in Communication in the University of Phoenix Online consists of Sixty credits from $515/credit or $30,900. Also American Intercontinental University Online gives a Bachelors of Business Administration with a entire education course feature of 180 units and a tuition fee of $30,560. Online studying has made getting the certification so much easier because you can certainly earn your current degree through the comfort of your abode and when you finish from work. Thanks for other tips I’ve learned from your web site.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here