Құлағанда демеу, сүрінгенде сүйеу болып жүрсек несі жаман?!

0
11982

Адамзаттың ақылманына айналған Абай өзінің жиырма алтыншы қара сөзінде: «Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ», – дейді.  Сол Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп осыдан 130 жылдай бұрын айтқан ғақлиясы күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Өйткені, іштарлық жасау, іріткі салу, жала жабу, жеке өмірге сол сұғу, балақтан тарту ұлттың дертіне айналғандай әсер қалдырады. Расында, бүгінде елге танымал адамдардың жеке өміріндегі мәселелер де қоғам талқысына түсетін болған. Өкініштісі сол, желідегі жұрт оның ақ-қарасын ажыратпай жатып, біржақты шешім қабылдауды әдетке айналдырған. Кейбір қаскөйлер ұрымтал сәтті оңтайлы пайдаланып, әлеуметтік желілер арқылы дәйексіз дүниені одан әрмен ушықтыруды құп көреді. Осы тақілеттес оқиғалар соңғы кездері белең алды…

СПОРТ САҢЛАҒЫН ҚАРАЛАУ – АБЫРОЙ ӘКЕЛМЕС ТІРЛІК

Осы жазда бұқаралық ақпарат құралдарында 1980 жылы Мәскеуде өткен Жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Парламент Мәжілісінің бірнеше шақырылымының депутаты, әйгілі боксшы Серік Қонақбаевқа айып тағылғаны туралы ақпарат жарияланды. Серік Қонақбаевты айыптаған Икрам Абдукаримов Мемлекет басшысынан араша сұрады. «Мен, Абдукаримов Икрам Исатайұлы, өгей әкем Қонақбаев Серік Керімбекұлының рейдерлік басып алуының құрбаны болдым» деп Президентке мұңын айтқан ол «Серік Қонақбаев сот пен полициядағы байланыстарын пайдаланып, мүлкінен айырғанын» жеткізді. БАҚ беттерінде берілген біржақты мәліметтер әлеуметтік желі пайдаланушылары арасында қызу талқыланып, мәселенің байыбына бармаған жұрт туыстар  арасында туындаған дауды одан әрмен өршіте түскені жасырын емес. Оны жекелеген азаматтар мен блогерлер «жерден жеті қоян тапқандай» жұртқа сүйіншіледі.

Әрине, мәселенің мәнісіне тоқталмай-ақ қояйық. Құзырлы орындар ақ-қарасын анықтай жатар. Біздің айтпағымыз, есімі әлемдік спорт тарихына алтын әріптермен жазылған даңқты боксшы, үлкен спортпен қоштасқаннан кейін өз ісін ашып, маңдай тер, адал еңбегінің арқасында кәсіпкер атанған Серік Қонақбаевты айдың-күннің аманында «рейдерлік жасаған қылмыскер» ретінде көрсету – ұлт мақтанышына қолдан жасалған қиянат. Ең өкініштісі, алдағы айда Пайғамбар жасына келетін Серік Керімбекұлының абыройы мен беделіне нұқсан келтірер мұндай ауыр айыпты өзге емес, өзінің туған баласындай бағып-қаққан, аяғынан нық тұрып кетуіне өлшеусіз үлес қосқан Икрамның таққаны болды. Осындайда Ахмет Байтұрсынұлының:

«Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны», – деген өлеңі еске түседі.

Серік Қонақбаевтың отбасымен етене араласатын болғандықтан, мән-жайдың шет-жағасын білеміз. Хабардармыз. Оның құмырсқаға қылаудай қиянаты жоқ адам екеніне еш күмән келтірмейміз. Икрам үлесін даулап отырған компанияны Серік Керімбекұлының өзі құрғанын көз көріп, құлақ естіді. Сол тұста өзім де кәсіпкер ретінде оған ақыл-кеңес айтып, бағыт-бағдар беріп жүрдім. Сондықтан Серік Қонақбаев кәсіпкерлік жолда «дайын асқа – тік қасық» болған жоқ. Мұны айтып отырған себебім, мәселенің мәнісін білмейтін жұрт Икрамның «Серік Қонақбаев сот пен полициядағы байланыстарын пайдаланып, мені мүлкімнен айырды» деген сөзіне де имандай сенуі мүмкін. Жалпы, Икрамның мұнысын түсіне алмай отырмыз. Мүмкін Икрам әлдекімдердің айтағына еріп кеткен шығар. Әйтпесе, ұлт мақтанышының атына кір жағып, оны рейдерлік қылмыс жасаған адам ретінде көрсету, түптеп келгенде, отбасындағы кикілжіңді жалпақ жұртқа жария ету оған абырой әкелмейтін тірлік.

Рас, Мәскеу Олимпиадасынан кейін Серік Қонақбаевқа еліктеп, талай қазақ   баласы бокс қолғабын киді. Бұл – талас тудырмайтын факт. Мұны көзі тірісінде Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов те айтқан болатын. Атақты боксшы Константин Цзюдің: «Қонақбаев – бала күнімде менің кумирім болды», – деп айтқаны да есімде. Ал, осындай тұғырлы тұлғаны «қылмыскер» деп айыптаудың өзі артық. Әрине, аққа қара жұқпайды. Бұл – өмір заңдылығы.

ІЗГІЛІКТІ ІСТЕН ІЛІК ІЗДЕУГЕ БОЛМАЙДЫ

Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде танымал адамдарға буллинг жасайтындар көп. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та таяуда қоғам тарапынан сол буллингке тап болды. Алматыдағы The Ritz-Carlton қонақ үйінің мейрамханасында жалғыз ұлының үйлену тойын өткізген Нұрлыбек Мәшбекұлы желіде жапа-тармағай талқыланды. «Әкім оңтүстік астанада бәленбай миллион теңгеге аста-төк той өткізді» деп шулады кейбір блогерлер. Содан әдеттегідей жұрт байыбына бармай жатып, байбалам салды.

Турасын айтқанда, біз – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, бабадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрімізді әспеттеген халықпыз. Той – қазақтың қазыналарының бірі, ұлтты ұйыстырудың ұтымды тетігі. «Бар жиған-тергенін тойға шашылсын» деген қазақпыз. Дәстүрлі қазақ тойын қараша қауым қашанда қастерлеген. Оған үлкен мән берген. Ең маңыздысы, той – отбасылық қуаныш, әулеттің төл мерекесі. Оны өткізуге мейлі әкім болсын, мейлі министр болсын, кез келген адамның құқығы бар және оны қалай өткізу де әркімнің жеке ісі болса керек. Десе де, осындай ізгілікті істен ілік іздеп, дәйексіз дүниелермен ел арасына іріткі салу – бүгінгі қоғамда кеңінен тарап отыр.

Өз кезегінде аталған жайтқа байланысты Нұрлыбек Нәлібаевтың туған ағасы Бердібек Сапарбаев: «Тойға қыруар ақша жұмсалған жоқ. 250 адам болған жоқ. Ол жерде негізінен ағайын-туысқан болды. Қазақ болғаннан кейін той жасау керек қой және ол – Нұрлыбектің жалғыз ұлы. Ол жерде оның кінәсі – әкім болғаны. Егер ол әкім болмаса, еш нәрсе болмас еді, ешкім жазбас та еді», – деп өзіндік ойын айтты. Дөп сөз!

Жалпы Нұрлыбек Мәшбекұлы жеті ағайынды екенін білеміз. Бір Бердібек Мәшбекұлының өзін айтсақ та жетіп жатыр. Ал, сол ағайындар бауырының жалғыз ұлының тойын Алматының төрінде өткізсе, оның несі айып?! Оңтүстікте 500-1000 адамға дейін той жасайтындардың қатары көп екені жасырын емес қой. Ендеше, оңтүстік өлшеммен алғанда басы артық қонақ шақырмай, тек ағайын-туыстар ғана жиналған әкімнің қуанышына кейбір блогерлердің  желіде ата жауындай шүйлігуінде қандай гәп бар?! Әлде, кейбіреулер ұрымтал сәтті оңтайлы пайдаланып қалғысы келді ме?! Мүмкін, әлдекімдер осы инциденттен кейін Нұрлыбек Нәлібаевтың қызметінен кеткенін қалаған болар. Бір анығы, Нұрлыбек Мәшбекұлы өзінің туған облысын басқаруға әбден лайық азамат. Шиелі ауданының, Қызылорда қаласының әкімі ретінде өзін жақсы қырынан көрсете алды. Іскер әкім. Оны жерлестері де жақсы біледі. Демек, болмашы нәрсе үшін түртпектеуді қою керек.

Рас, ортамыздан суырылып шығып, оза шауып бара жатқан адамды күндеп, «сүрінсе екен, құласа екен» деп мысықтілеуленіп отыратын жаман әдетіміз бар. Қолдағанның орнына, іштарлық танытып, бәріміз жабылып, ағаш атқа отырғызуға күш саламыз. Отырғызып қоямыз да… Жарқын болашақ үшін енді бұл кеселден арылмаса болмайды.

Әрине, Серік Қонақбаев та, Нұрлыбек Нәлібаев та менің қорғауыма зәру емес. Менің айтпағым, «болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді». Яғни, қазіргідей дүрбелеңі көп дүниеде қазақ бір-бірінің көңілін қалдыруды, бір-бірін аяқтан шалуды, бір-біріне сын садағын қадауды, бірін-бірі түртпектеуді, бір-бірінің алқымынан алуды, айтысып-тартысуды қою керек! Өйткені, алауыздықпен дәнеңе таппаймыз! Керісінше, «алтауымыз ала болсақ, ауыздағымыз кетеді».

Ақиқатын айтқанда, қазақтың қазақтан басқа досы да, қамқоршысы да, қолдаушысы да жоқ!

Ойланайық, ағайын!

Махмұт ЫБЫРАЙХАНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here