Қазақстандағы инклюзивті білім беру мәселелері талқыланды

0
1491

Бүгін, 21 қыркүйекте Абай университетінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ директоры Айкерім Күдеринованың студенттермен бейресми кездесуі өтті. Іс-шараның тақырыбы – «Қазақстандағы инклюзивті білім беру үрдісі».

Кездесуге Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов, Педагогика және психология институтының директоры Ғалия Абаева және студенттер қатысты.

Кездесудің мақсаты – еліміздегі педагогика саласында болып жатқан өзгерістерді түсіндіру, сұраныстағы мамандықтардың қыр-сырымен бөлісу, болашақ ұстаздарға бағыт-бағдар беру.

Ректор білім беру саласында инклюзивті білім берудің маңыздылығына тоқталып, мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан бастамаларды атап өтті. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытатын мектептерді жоғары кәсіби мамандармен қамтамасыз ету міндет екенін айтты. Себебі, өкінішке қарай, олардың саны артып келеді.

Инклюзивтік білім берудің тәжірибелі сарапшысы Айкерім Кудеринова студенттерге инклюзивтік білім берудің ерекшеліктері мен мүмкіндіктері туралы жан-жақты айтып, өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, университет студенттері еркін форматта педагогикалық іс-тәжірибе барысында жинақтаған тәжірибелері туралы айтып, жалпы және инклюзивті білімге мұқтаж балалармен қалай жұмыс істеу керектігі туралы көтерілген сұрақтар бойынша өз пікірлерін білдірді.

Абай атындағы ҚазҰПУ инклюзивті білім беруді дамытуға лайықты үлес қосып келе жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, осы жылы «Дара» қорының қолдауымен инклюзивті білім берудің оқу-зерттеу зертханасы ашылды, онда осы саладағы сарапшылармен бірлесіп инклюзивті және арнайы білім беру саласында зерттеулер жүргізіледі, студенттерді оқыту және жаңа формациядағы білікті, практикаға бағдарланған педагог кадрларды даярлауда зертхана ресурстары мен жаңа салалық технологияларды пайдалану күшейтілді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here