БИІГІНЕН ТҮСПЕГЕН БИ-АҒАҢ

1
410

Әңгіме жанрының хас шебері, заңғар жазушы, уақыт лүпілін тап баса білетін ақжайма ақын Би-ағаң, Бейімбет Майлин үш нәрседен ат-тонын ала қашады екен. Ол – мінберде отыру, бас мақала жазу, бастық болу. Классиктің сол үлгісін сақтап, жазушының 125 жылдығына арналған іс-шараның ресми жағын қоя тұрып, айтар сөзді ақындар айтысынан бас-тасақ, оқырмандар «оу, бұл қалай?» дей қоймас.

АҚЫНДАР АЙТЫСЫ

Айтысты қазақтың көрнекті ақыны, айтыскерлердің «бағбаны» Жүрсін Ерманның өзі жүргізіп отырды.

Қазір айтыс ұлттық брендімізге айналған сөз өнерінің күрделі саласы. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде ол жаңаша сипат алып, әлеуметтік өмірдің кем-кетігін жайып салатын, артық кеткендерге арқан керетін өткір жанрға айналды. Би-ағаңның 125 жылдығына арналған бұл республикалық айтысқа еліміздің жер-жерінен 14 ақын қатынасып, екі күн бойы көрермендерді жыр маржанымен сусындатты. Айтысқа негізінен Би-ағаңның өмір соқпақтары, шығармалары, қуғын-сүргін жылдарында оның жары Күнжамалдың басынан өткен ауыр трагедия өзек болды.

Әсіресе, айтыстың ақтаңгері атанған Айбек ақын (Қалиев) мұны келістіріп-ақ суреттеп берді. АЛЖИР-ге қамалған Күнжамал, тоз-тоз болып кеткен ақынның бес баласы тағдыры көңілді босаңсытып, жүрек толқытты. Әрине, тақырыптан ауытқып, «өкімет неге өйтпейді, елбасы өйтіп қойды, бүйтіп қойды» деп ұр-тоқпаққа салғандар да болмай қалған жоқ. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Әйтсе де, тақырып аясынан ауытқымай, мәдениетті айтысу да бір өнер, біртума шеберлік болса керек. Айбек ақын оның да озық үлгісін көрсетіп, өрнекті тілмен, жеңіл әзіл-назбен Би-ағаң атына орталық кітапханалардың біреуін беру, музейден мүсін ашу мәселелерін көтерді.

Сонымен, Қазақстанның халық ақыны, өнертану профессоры, айтыстың бас сарапшысы Әсия Беркенова бастаған қазылар алқасы «Жүрсіннің жүйріктерінің» бәсін  берді. Нұржан Наушабаев пен Омар Шипин атындағы арнайы қос сыйлық Тоба Өтепбаев пен Айнабек Бейсенғалиевке бұйырды. Екі үшінші орынды Шұғайып Сезімхан мен Салтанат Өтелбаева бөлісті. Екі екінші орынды Серік Құсанбаев пен Әсем Ережеқызы иеленді. Бір миллион теңге тігілген бірінші орынды Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алды. Айта кету керек, Мейірбек жақсы, мазмұнды айтыс сыйлай білді. Ал айтыстың бас жүлдесі – темір тұлпар дүлділ ақын Айбек Қалиевке бұйырды. Айбек қашаннан өзіне тән кең тынысты, мазмұнмен үйлестіре отырып айтатын шеберлігімен тағы да ерекшеленді. Айтыстың бас сарапшысы Әсия Беркенова оған әдейі сөз арнап, оның ұстамдылығы мен сабырлылығына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Жасыратыны жоқ, былтырғы, одан бұрынғы жылдардағы кейбір айтыстарда Айбектің бағы байланып келген еді. Әсия апасы соның бәріне көнтерілік  танытқан ақынға ризашылығын жасыра алмай, дүйім жұрттың алдында ағынан жарылды. «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген осы.

ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

Коференцияның модераторы, Қостанай-дың бас ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, профессор  Ақылбек  Шаяхмет рәсімді аша отырып: «Сіздер Бейімбет Майлиннің туып өскен жеріне, ақындар мен батырлардың, елге еге болған билердің атамекеніне келіп отырсыздар», – дей келе Би-ағаңның шежіресін таратып берді. Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреты Ұлықбек Есдәулетов: «Би-ағаң қазақ прозасының негізін салушылардың бірі. Оның шығармалары өмір шындығын тап басып, шынайы тегеурінімен, көркемдік   өресімен, тақырыбының әр алуандығымен ерекшеленеді. Жазушы туындыларында большевиктік патетика, жалған пафос, әсірелеу, ұрандату, жалаулату жоқ. Кедейдің де, байдың да нағыз шынайы типтік бейнесін жасады. Және соның бәрін тарихи өзгеру тұрғысынан суреттеді», – деді.

«Би-ағаң қазіргі «Егемен Қазақстанды» алғашқы шығарушылардың бірі. Алаш қайраткерлері қатарында жүріп қаламгерлік қуатын әуелі «Қазақ» газеті, кейін «Егемен» (ол кезде «Социалды Қазақстан) арқылы танытты. Ол мақала жазып қана қойған жоқ, газеттің қара жұмысына білек сыбана кірісті», – деп атап өтті «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Айбын Шағалақ.

Тарих ғылымының кандидаты Құндызай Ерімбетова Би-ағаң құрбан болған содыр саясаттың үстемдік құрған кезеңіндегі қоғам сипатына тоқталды. Жазушы шығармашылығын кезең-кезеңге бөліп, мұрасын бүгінгі көзқарас тұрғысынан қайта бағалауды ұсынды.

Конференцияда Би-ағаң мен Ғабит Мүсіреповтың арасындағы кіршіксіз, таза адами байланыстар тілге тиек етілді. Сондай-ақ, бұл алқалы жиында жас жазушылар мен ғалымдарға да сөз берілді.  Оған  жақында  ғана Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өткен талантты жас әдебиетші, прозашы, ақын, драматург Абылай Мауданов модератор болды. Онда әдебиеттанушы Заңғар Кәрімхан, ақын, гуманитарлық ғылымдар магистрі Айнұр Төлеу, Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің кафедра меңгерушісі Еркін Рахметуллин, жазушы, драматург Әлібек Байбол, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Елдос Тоқтарбай және басқалар сөз сөйледі.

АҚЫННЫҢ ҮРІМ-БҰТАҒЫ

Би-ағаң тойының басты қонағы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданынан келген туыс-туғандары, үрім-бұтағы болды.

«Біз Би-ағамның 100, 120 жылдығында да болдық. Аллаға шүкір, халқы, ел азаматтары ақын тойын жоғары деңгейде атап жүр», – деді Би-ағаңның немересі Зәуреш Сейітжанова.

Мәжіліс соңында Би-ағаңның жиеншары, атасы атындағы қордың директоры Салтанат Мұстафина шараны өткізуге атсалысқан бірталай азаматтарға Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына арнайы жасалған медалді тапсырды.

Халқымыздың салтымен ас беріліп, ақын рухына Құран бағышталды.

Бұрын Таран ауданынан қайтатын жұрт енді Бейімбет Майлин атындағы ауданнан қайтатын болды. Ақын аты ауданға ресми бекіді.

Енді:

– Уа, жол болсын, қайдан келесің? – дегенде:

– Би-ағаң ауданынан! – дейтін боламыз.

Шүкір!

СЕРІК ШАЙМАН, «QAZAQ»-ТЫҢ ҚОСТАНАЙДАҒЫ МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here