Иманжүсіптің мылтығы немесе Раушан Иманжүсіп атасынан қалған асыл жәдігердің тарихынан сыр шертеді

0
5938

105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті өмірі ат үстінде күреспен өткен тарихи тұлға Иманжүсіп Құтпанұлының Астанаға тиіп тұрған Жібек жолы ауылындағы мектеп ішіндегі музейге қойылған мұралары жайлы қызықты деректерді ұсынады.

Қуғыннан көз ашпаған, қазақ даласының төрт тарабында түгел айдауда жүрген, ғазиз басы ноқтаға сыймаған тағдырлы тұлғалардың бірі – Иманжүсіп Құтпанұлы. Арғы бабасы Тұрғанбай Сыр бойының айтулы тұлғасы, даңқты датқа болғанымен, тағдыр жолы Құтпанды және оның ұлы Иманжүсіпті сан тарапқа, алуан соқпақтарға бастады. Павлодар уезінің Ақсу елді мекенінде шыр етіп дүние есігін ашқан сәби алғыр әрі қайсар болып өседі, құдірет оған жауларымен алысып өтетін батыр болмысы сай қажырлы қайрат пен дүйім жұрты таңқалдырар бірнеше өнерді бойына сыйдырған айырықша дарын сыйлайды.

Батырдың Нұрхан есімді кенже ұлынан туған немересі Раушан Иманжүсіп бізге атасынан қалған асыл жәдігер – бесатар мылтықтың тарихынан сыр шертті. Қазіргі таңда Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектептің ішіндегі шағын музейдің шырақшысы болып жүгіріп жүрген Раушан Нұрханқызы аса дарынды атасының өміріне қатысты бұл мұра музей қорына бертінде тапсырылғанын айтады.  

«Атам Иманжүсіп ұстаған бұл мылтық бесатар деп аталады. Біздің музейдің ең құнды жәдігері десем болады. Оны Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының Темірлан елді мекенінде тұратын Қалдарбек Оңалбеков есімді кісі тапсырды», – дейді Раушан Иманжүсіп.

Философия докторы, иманжүсіптанушы Раушан Нұрханқызына мылтықты тапсырушы Қалдарбек Оңалбековтің айтуынша, атасы Нұр Махамбетұлы ұзақ жылдар бойы сақтап келген.

Тарихшы Талас Омарбеков тәркілеу науқаны 696 қожалықты қамтығанын, оның ішінде алғашқы топқа, яғни ірі байлар қатарына 562, ал екінші топқа 134 қожалық жатқызылғанын зерттеп жазады. Алғашқы топтағылар да түгелдей байлар болмағанын, біразы тек қазақ хандарының, датқаларының және билерінің тұқымдары болғаны үшін тәркіленді деген деректі айтады.  Сондай-ақ, мал-мүлкі тәркіленгендердің қатарында дін өкілдері, Алаш ұлт-азаттық қозғалысына қатысқандар да айыпталып, жазаланған. Тәркілеуге ұшырағандарды әлеуметтік жағынан болыс басқарушылар, хандар, датқалар ұрпақтары; ақсақалдар, билер (бұрынғы соттар); молдалар, ишан-имамдар; алашордашылар, ұсақ чиновниктер; ауылды советтендіруге қарсы болғандар деп жіктеуге болады. Осының ішінде «датқа ұрпағы» және «советтендіруге қарсы болған» деген баптар Иманжүсіпті айыптауға толық жетіп жатыр еді.

Иманжүсіп Құтпанұлы өмірінің соңғы жылдарын Жамбыл облысының аумағына қарасты Қосқұдық бекетінде өткізгені бізге белгілі дерек. Кеңес өкіметі орнап, мүлікті кәмпескелеу ісіндегі асыра сілтеушіліктер Иманжүсіптей халық қамқорының ашуын-ызасын туғызады. Жоғарыдағы мысалдардан анық көрінгендей, ұжымдастыру науқанына тек ауқатты байлармен қоса, қосақ арасында  қарапайым адамдар да ілінгенін өз көзімен көреді. Әділетсіздікке жаны қас, отаршыл-әміршіл жүйенің барлық ызғарын бойынан өткізіп сезінген батыр, халық рухын өнерімен көтеруші сері мұндай бассыздыққа төзбейді. Қолдан жасалған әрі негізі жоқ мұндай ұжымдастыру ісіне қарсылық танытқан халық өкілдері Иманжүсіптің маңына топтаса бастайды. Бұл 1929-1930 жылдар болатын.

«Мына суреттегі Махамбетұлы Нұр деген кісі Иманжүсіп атама жолыққан кездегі әңгімесі біздің жадымыздан өшкен емес. «Тау жақты мекендеген бізге белгісіз бір қарақшылар маза бермей жатыр, қайта-қайта біздің малымызды ұрлап кетеді. Біз шаршадық. Қарақшыларға ешқандай күшіміз жоқ» деп Нұр Иманжүсіпке шағым айтыпты. Сонда Иманжүсіп: «Сендерде ауылды қорғайтын бір мылтық та жоқ па?» деп сұраған. Күнделікті қоңырқай тірлігімен күн кешкен момын қазақтар: «Жоқ. Мылтық ұстамаймыз» деп шу ете қалады. «Мә, мынау менің бесатарым. Сендерге бердім. Анау тұрған Мәмбеталы деген тауы, соған барып жасырынасың да, тонаушы қарақшылар көрінгенде бір рет оқ атасың. Содан кейін көресің әуселесін» дейді екен Иманжүсіп. Айтқандай, асуда атылған оқ дауысын естіген қарақшылар «бұл ауылда Имекең бар екен!» деп аттың басын бұрып келген ізіне түскен екен», – деп Раушан Иманжүсіп өткен күннің тамаша естелігін айтты.

Осындай батырдан қалған асыл мұраны сақтау Нұр ұрпақтарына оңай болмағанға ұқсайды. Кеңестік кезеңде қаншалықты қиын болғанын айтып жеткізу қиын. Себебі, ата мен бала, аға мен бауыр бірін-бірі ұстап, сатып кететін үрей билеген қоғам мен оның сенімсіз адамдардың көбеюі кесірінен мылтық ұзақ жылдар бойы кебежеде жасырын ұсталған. Кейін онда да тығып ұстау қиындаған соң, әбден майлап, шүберекке орап, жерге көміп жасырады. Алайда бұл атақты адамның ұстаған қаруы екенін Нұр өзінің ұлы Оңалбекке айтып тапсырып кетеді. Тіпті, Тәуелсіздікке қол жеткен жаңа кезеңде де үкіметтің «мылтық ұстауға болмайды, тапсырыңдар» деген қаулысы шығып, елге көрсетуге, Иманжүсіп ұрпақтарына беруге жүректері дауаламапты. Тек қария «Күндердің күнінде бұл мылтық иесіне, оның ұрпақтарының біріне қайтарылады. Олар іздеп келеді, сонда берерсіңдер. Бұл – аманат» деп келер күннің жақсылығынан үміт үзбегенін айтады.

Азат басын абақтыда қалдырған Ер Иманжүсіптің қайғылы тағдыры оның Мойынқұм көтерілісін басқаруымен сипатталады. Кеңестік өктемдік пен асыра сілтеушілікке қарсы қол көтерген батырды жазалаушы адамдар 1930 жылғы 20 желтоқсан күні ұстап, Тараз түрмесіне қамайды. Үш айға жуық тергеп, сот оның «халық жауы» деп танып, ату жазасына бұйырады. Үкім 1931 жылдың 2 наурыз күні орындалған.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Алғашында ағайынның жаласынан қиырларға айдалған Иманжүсіп тағдыры ХХ ғасырдағы қазақ халқының тұтас тарихынан көрініс беретіндей. Бір бойында сан қырлы өнер табылатын ардақты азамат, есіл ер 68 жасында өз ажалымен емес, опасыз жүйенің, оспадар белсенділердің әрекетінен опат болды. Ал оның қолының табы қалған бесатар мылтық сұрқай замана мен жемір уақыттың белгісіндей музей төрінде сақталып тұр.

Заңғар КӘРІМХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here