Торғайдан шыққан тұңғыш әкім

1
1599

Қасиетті Торғай жерін қанша мақтасақ та, мадақтасақ та жарасады. Өйткені, бұл өңірден ұлтымыздың мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтатқан қаншама тұлғалар шыққаны тарихтан мәлім. Арғы жақтағы Ақаң мен Жақаңды, Нұрханды, Сырбай мен Ғафу, Сейітті айтпағанның өзінде, елім мен халқым деп жүрегі соққан намысты да қайратты бауырларымыз көпке танымал. Бүгін мен біраз жылдардан бері қолыма қалам алып, өзінің талай тағдыры жөнінде жазсам деген қайраткер жайлы әңгімелемекпін.

ӨМІР ОНЫ ЕРТЕ ЕСЕЙТТІ

Мемлекет және қоғам қайраткері Жақан Қосабаевтың өзі арамызда болмаса да, ол хақында тағылымды естелік кітаптар мен мақалаларды ой елегінен өткіздім. Онымен кезінде дәмдес, сырлас, аралас болған аға буын өкілдерімен де кездесіп, пікірлерін қойын дәптеріме жазып алдым.

– Шіркін, Жақаң дегенің нағыз қазақ үшін туылған біртуар азамат еді ғой. Сонау бір жылдары өзім оның ізі қалған аймақта құқық қорғау саласында қызмет атқарғанда жүздесіп, замандасымыздың ешкімге ұқсай бермейтін қырларын көзбен көріп, туып өскен жерінде атқарған нақты жұмыстарына әбден қанықтым. Оның халқы үшін қандай қиындықтардан да тайсалмай адалдық, іскерлік танытатынына куә болдым, – деді бұл күндері облыс орталығында тұратын ардақты ағамыз Жақсылық Құрманәлі.

Әрине, Жақаң жайлы сөз болғанда оның сонау сағымдай бұлдырап артта қалған жылдарына тоқталмай өте алмаймыз. Кейбір деректер мен дәйектерге сүйенсек, ол 1941 жылы 12-ші қаңтарда Жангелдин ауданы Октябрь колхозында дүниеге келіпті. Бұл айтулы күні ұзақ жылдар бойы Қазақстанды білгірлікпен басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев та туған.

Кейіпкеріміздің негізгі аты Жақсылық екен. Шамасы оның есімін ата-анасы айналасындағыларға тек жақсылық пен ізгілік жасасын деген ниетпен қойған болуы керек. Алайда, туған-туысқандары оны еркелетіп, Жақаң деп атап кетті. Халықтың есінде ғұмыр бойы осылай қалды.

Елім деп еңіреп өткен парасатты жанның өмірі тек қуанышты сәттерден тұрды десек артық айтқан болар едік. Мынау маңдайына жазған тіршіліктің ауыртпалығын да, ащы дәмін де әбден татты. Кешегі талай шаңырақты шайқалтып, қайғы-қасіретін әкелген сұм соғыс бұның әулетін де айналып өткен жоқ.

Өйткені, неміс жендеттері Кеңес Одағына қарсы қанды шайқасты бастаған кезде елдегі бас көтерер еркек кіндіктің бәрі де майданға аттанды. Бір отбасының тірегі Қосабай атамыз да әскерге шақыру қағазын алып, Отанды қорғауға аттанған кезде Жақаңның небәрі алты айлық шақалақ кезі екен.

Осы кезеңдегі шақалақтың оны танып білмейтіндігі айдан анық. Сондықтан үйдегі барлық шаруа оның сүйіп қосылған жары Сәлима апамыздың иығына түсті. Жап-жас келіншек көптің басына үйілген ауыртпашылықтың жай-жапсарын түсінгендіктен болар белді бекем буып, барлық қиындыққа төзімділік танытты.

Содан төрт жасар қызы Қапиза мен ұлы Жақаңды бауырына басып, оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмады. Оларды ештеңеден тарықтырмау үшін уақытпен санаспай еңбек етті. Ауылдағы басшылар қайда жұмсаса да сол жерден табылды.

Сонау отты жылдары ауылдағы барлық бейнет шал-шауқан, кемпір-кепшік, қыз-қырқын, әлі бұғанасы қатая қоймаған қара сирақ балаларға жүктелді. Сәлима апамыз да күндіз фермада сиыр сауса, түнде ер азаматтың жұмысы деп қарап жатпай күзетшілік те етті.

Қанды шайқастың бел ортасында жүрген азаматынан қара қағаз келгенде асқан төзімділік көрсетіп, көз жасын ұлы мен қызына байқатпауға тырысты. Алайда, перзенттері оның жүзіндегі мұң мен күйзелісті сезбеді дейсің бе? Сол себептен бұларға да ерте есеюге тура келді. Тұңғышы Қапиза бастауыш сыныптан кейін анасына қолқанат болып, оның үйдегі жұмысын жеңілдетуге талпынды.

ЖАСТЫҚҚА ТӘН ЖАЛЫН ТАНЫТТЫ

Жақан ағамыз кішкентайынан аяулы анасының қажет болса өздері үшін отқа да, суға да түсуге дайын екендігін біліп өскендіктен бе, шешесінің сенімін ақтап, елге пайдалы мамандықты таңдауға тас түйін бекінді. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап өз қатарының алды болуға тырысты.

Атадан қалған жалғыз тұяқ бастауыш мектептен кейін киелі Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте білім алды. Жұрт қатарлы қолына тиісті құжат алған соң да үй тұрмысына алаңдап, шешесінің қолын ауыр жұмыстан босатқысы келді ме, кейбіреулер сияқты асқақ арман қуып, алыс қалаларға бара алмады.

Ауылда таптырмайтын қарапайым ғана мамандық тракторшылықты оқып, соның куәлігін алды. Содан жыл он екі ай бойы шаруашылықтың қарбалас науқандарының алғы шебінде жүрді.

Бозбаланың жанарындағы отты, жүрегіндегі жалынды, бойындағы қайтпас қайсарлықты колхоздағылар да көрді әрі бағалады. Осы кездегі басқарма төрағасы Меркемел Сейітқазиев бірде өзіне шақырып алып: «Қарағым, сенің болашағың жарқын, уақытты бағалай білгенің жөн. Ештеңеге алаңдама, институтқа түсіп, тиянақты білім ал. Сенің бір жылдық оқу шығыныңды өзім көтеремін», – деді.

Жанашыр азаматтың бұл қамқорлық ниеттегі сөзі дарынды жасты тіпті толқытып жіберді. Қанаттанып, өзіне деген сенімі барынша арта түсті. Көп ойланып жатпастан Қостанаймен іргелес жатқан Челябі ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтына студент болып қабылданды.

Торғай секілді қазақы өңірден келген талапты жігіт білім ордасындағы дәрістердің бәрі де орыс тілінде жүргізілгеніне қарамастан намысты бермей, өзгелерден қалмауға құлшынды. Ізденістер заяға кетпеді. Аталған жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмәмдады.

Ананың қуанышында шек болған жоқ. Дипломды ұлын құшағына алды. Сәлима апа мынау жарық дүниеден өткенше кезінде баласына қамқорлық жасап, үлкен өмірге жолдама берген Міркемел ағамызға ақ батасын берумен болды.

Жәкең де білікті маман ретінде өзінің еңбек жолын бастапқыда жергілікті кәсіптік-техникалық училищеде қатардағы оқытушылықтан бастады. Сөйтіп, аудандағы барлық шаруашылықтарды ауадай қажетті мамандық иелерімен қамтамасыз етуге бір кісідей үлесін қосты.

Жоғарыдағы биліктегілер Жақаңның өзгелерге ұқсай бермейтін ерекше қарым-қабілетін, адамдармен қарым-қатынас жасаудағы ішкі мәдениетін, басқа да қырларын байқаған болар. Мұны көп етпей «Южный» кеңшарына автогараж меңгерушісі етіп бекітті.

Іскерлігін және өз саласын жетік білетіндігін дәлелдеген соң қысқа мерзім ішінде бас инженерлік лауазымға тағайындалды. Ал, оның жауапкершілігі атан түйеге жүк боларлықтай екендігі белгілі. Өзінің негізгі міндетін терең түсінгендіктен уақытпен санасу дегенді білмеді. Ерте тұрып, кеш жату оның күнделікті дағдысына айналды.

Мұндай білікті де істің көзін жетік білетін қылшылдаған жас жігітті тиісті орындар дер кезінде бағалай біліп, оған қолдау көрсетті. Соның жарқын айғағындай, 1967 жылы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Сонымен 26 жастағы жігерлі қайрат иесі өз жұмысын ұршықша үйірді.

Осы аудандағы барлық жастарды ортақ іске жұмылдырып, жасампаздыққа үндей білді. Осылайша, оның бойындағы тың құлшынысқа бәрі де куә болды. Сол жылдардағы тәртіп бойынша комсомолда жұмыс істеген жігіттер партия жұмысына да тартылатын.

Ол бір шаруашылықтың партия комитетінің хатшылығына бекітіліп, көп өтпей өңірдегі «Албарбөгет» кеңшарына директор болып жоғарылатылды. Мұнда да басшыға тән барлық қасиеттерін жарқырата көрсете білді. Аз уақыттың ішінде ондағы мал басы өсіп, елді-мекеннің орталығы көркейді.

Жергілікті халықпен тіл табыса жұмыс істеп, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға барын салды. Қолынан іс келетін кадрларды өсіріп, олардың өздерін жақсы жағынан танытуларына барлық жағдайды жасады.

Осы кезеңдердегі оның қалдырған жарқын іздерін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, кезінде үлкен лауазымды қызмет атқарған Шәңгерей Жәнібеков өзінің Жақаң туралы жазған танымдық мақаласында жан-жақты әңгімелейді.

Оның баяндауынан ұққанымыз, айтулы тұлға 1968 жылы Торғайда дәрігер Раушан Жоламановамен танысып, жеке шаңырақ көтереді. Тіпті, жас жұбайлардың үйлену тойларына да қатысып, өмірлеріндегі үлкен қуаныштарына ортақ болғандығын да мақтанышпен тілге тиек етеді.

Жақан Қосабаев туралы мәліметтерге назар аударсақ, өзінің айырықша еңбекқорлығы, ұйымдастырушылық қабілетінің мықтылығы, зейін-зердесінің жоғарылығы, көкірек көкжиегінің кеңдігінен де шығар, қызмет баспалдақтарында тез көтеріліпті.

Ағамыздың жұрт айтып жүргендей, туған жерін түлетуге деген талпынысы мен жанашырлығы оның аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған уақыттарда барынша айқын көрініс тапқан.

Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысымен ортақ мақсат жолында ынтымақтаса әрі тіл табыса қызмет істеуінің арқасында киелі Торғайда адам танымастай өзгерістер болып, қандастарымыз үшін іргелі жұмыстар атқарылды. Одақтық деңгейде қаншама ауыспалы қызыл туларға ие болды. Бұл жөнінде бұрын да көп айтылып жазылғандықтан тоқталып жатуды орынсыз деп есептедім.

Оған үлкен құрмет көрсетіліп, 1987 жылы Жангелдин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Аудан болып құрылғаннан бері бірінші басшы бұрын-соңды жергілікті жігіттердің арасынан бекітілмеген екен. Оның есімі осылайша Торғай тарихында мәңгілік қалды.

АРТЫНДА ӨШПЕС ІЗ ҚАЛДЫРДЫ

Ол аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жауапты лауазымды қызметке кірісісімен жерлестерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын ойлап, әрбір күн мен сағатты тиімді пайдалануға тырысты. Соның бірі жарқын айғағы ретінде Қостанай облысының басшыларынан нақты көмек сұрағанынан да хабардармын.

Сол жылдардағы өңірдің тізгінін ұстаған Николай Князев пен Кенжебек Үкин іскер азаматтың тілегін қабылдап, шаруашылықтарға аудан орталығынан 200-ден астам жаңа үйлер салып бергізді. Сөйтіп, тұрғылықты азаматтар ерекше қуанышқа бөленіп, алыстан мен мұндалайтын көрікті де әсем үйлерге қоныстанды.

Кезінде өзім аталмыш аудан орталығына іссапармен барғанда біраз шаңырақтарда болып, жергілікті азаматтармен тілдескен едім. Солардың бірі – Таңатқан Дәркенов. Осында мәслихат хатшысы болып қызмет атқарды. Сонау бір жылдары Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алдық. Онымен ұзақ уақыт әріптес ретінде сыйластық.

Ол уақытта мен республикалық «Жас Алаш» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі болатынмын. Торғайдағы қаншама тың жаңалықтарды өз құлағымен естіп, орын алған өзгерістерге тәнті болған едім.

Зиялы қауым өкілдері Торғайды музейлер қаласы деп босқа айтпайды. Бүгін әңгіме өзегіне айналып отырған Жақан ағамыз 1984-1991 жылдары аралығында әр бағыттағы бес музейдің тұрғызылуына жан дүниесі рухани бай, әрдайым халқымыздың атадан балаға мирас болып келе жатқан мұрасын ардақ тұтатын азамат ретінде өзінің тікелей ықпалын тигізді.

 Олар әрине, ұлтымыздың біртуар көрнекті тұлғалары Ыбырай Алтынсаринге, Әліби Жангелдинге, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа, Шақшақ Жәнібекке, Әбілхайыр және Абылай хандарға, Қазақстанның халық ақыны Нұрхан Ахметбековке арналған.

Сондай-ақ, ол басшы болып тұрғанда Торғайда әуежай да пайдалануға беріліп, игілігін жергілікті бауырларымыз көрді. Жақан өзінің жұмысының нәтижесін айқын сезініп, халық үшін аз да болса ізгілікті іс тындырғанына жаны марқайып қалушы еді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, айта берсек ол туралы баяндайтын жазбаларымыз бір емес, бірнеше кітаптарға арқау болары даусыз. Басылымдардың көлемі көтермейтіндігін ескере отырып, оның жүзеге асырған еңбектерінің басты-басты деген тұстарына ғана тоқталғанды жөн көрдім.

Ол имандылықты пір тұтып, дінімізге де ерекше құрметпен қарады. Осы сөзіміздің дәлеліндей облыста алғашқылардың бірі болып, Оспан қожа бабамыздың есімі берілген мешіттің бой көтеріп, үлкен руханият ордасына айналуына айтарлықтай септігін тигізді.

Оның ашылу салтанатына Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматыдан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сол кездегі төрағасы, тұңғыш Бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы мен қазақтың ардақты ақсақалы Халифа Алтайдың қатысуы мұндағы барша мұсылман ағайындар үшін ұмытылмас оқиға-тын.

Намысты да «тура биде туыс жоқ» деген қағиданы берік ұстанған азамат кешегі қазақ елінің болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп, аянбай күрескен, ұлтымызды өркениетке жетелеген Алаш көсемдеріне де айырықша ілтипатпен қарады.

Сондықтан да болар, сонау 1992 жылы «Оян, қазақ» кітабының авторы, даңқты жерлесіміз Міржақып Дулатовтың мүрдесін туған жерге жеткізуге барын салды. Арнайы делегацияның Карелия жеріне сапар шегуіне тікелей мұрындық болды.

Оның құрамына белгілі қаламгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, менің журналистикадағы ұстаздарымның бірі Қайсар Әлім де енді. Уақыт өте дарынды жазушы ол туралы танымдық-тағылымдық жағы мол әрі кейінгі жастарға өнеге боларлық дүние де жазды.

Осылайша ұлтжанды ағамыздың жанашырлығының арқасында Міржақып ағамыздың денесі туған жеріне қойылды. Оның жаназасын елімізге танымал дін қайраткері, бұл күндері Қостанай қаласындағы «Жайлаубай ата» мешітінің Бас имамы Шоқан Әмірханов шығарды.

– Жақан Қосабаев тек қана шындықты шырылдатып бетке айтатын, дарынды жастардың қолдаушысы ғана болған жоқ, қазіргі таңда күллі Торғай өңіріндегі имандылық ордасына айналған мешіттің негізін қалаған руханият жанашыры ретінде де есімі қалың жұртшылыққа белгілі. Оның аты-жөні осы парасат мекеніне айналған қасиетті орын жайлы сөз болса, алғаш имам Ғазиз қажымен қатар аталады, – дейді Шоқан бауырымыз.

Қолына қалам ұстаған әріптестер сол қалың қазақтың ортасынан шыққан іскер жанның 1993 жылы жаз айында Торғай облысына әкім болып тағайындалғанын жақсы білсе керек.

Осы жоғары лауазымды қызметке кіріскеннен кейін де ата-бабасының ізі қалған киелі өңірдің өркендеуі мен барша жұртшылықтың тұрмыс жағдайын жақсарту жолында аянбай маңдай терін төкті.

Ол бертін Алматы қаласында ғұмыр кешіп, кейін облыс орталығына қоныс аударды. Мұнда да өзінің бай тәжірибесі мен білім-білігін бірқатар қызметтерде болған кезінде де артынан ерген інілері мен шәкірттеріне арнады.

Кім мәңгілік дейсіз. Асыл азамат 2007 жылы желтоқсан айында, яғни 67 жасында кенеттен дүниеден өтті. Оның денесін кіндік қаны тамған Торғайға қойды. Марқұмды соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне халық өте көп жиналды.

Қайран ардақты азаматпен қоштасу кезінде ұлтымыздың талантты ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көптеген ой саларлық кітаптардың авторы Серік Тұрғынбекұлы «Ер Жақан» деп аталатын толғанысқа толы өлеңін оқыған еді.

Жиналғандарды үлкен тебіреніске түсірген жыр-шумақтарынан үзінді келтіргенді жөн көрдім. Өйткені, олардан көрнекті қайраткердің бітім-болмысы, халыққа сіңірген еңбегі, азаматтық қырлары жарқын көрініс тапқан.

Дүниеден өтті бүгін Ер Жақан,
Ер Жақанға елжіреді жер-жаһан.
Сен де міне, қайран аға, жөнелдің,
Барған жерге, арғы атаң мен бергі атаң.

Көкірегінде кетті сенің бар арман,
Бар арманың туған жерден нәр алған.
Енді бүгін ойлап тұрсам – кем де кем,
Сендей перзент Торғай үшін жаралған.

Торғай десе – бір от ойнап көзіңнен,
Торғай десе – айырылушы едің төзімнен.
Жүрек болып шырылдаған бір торғай,
Көкірегінде бірге кетті өзіңмен.

Торғай десе – жығылмадың жолыңнан,
Торғай десең – ерді халқың соңыңнан,
Салынғанмен заманында патшаның,
Жаңа Торғай өтті сенің қолыңнан.

РУХАНИЯТТЫ ӘРҚАШАН ЖОҒАРЫ ҚОЙДЫ

Жақан Қосабайұлы тумысынан сөзге шешен, батыл да батыр тұлғалы азамат еді. Ақын жанды кісі болғандықтан оның сырласатын, араласатын адамдары да көп-ті. Алматыдан және басқа да үлкен қалалардан келген көрнекті қаламгерлер мен ақындар, өнер майталмандары оның үйіне түсетін.

Ел мақтанышына айналған ұлы жазушы Әбіш Кекілбаев, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова, ұлы ақындар Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков және қаламгер Төлен Әбдіковтердің шығармашылығына үлкен құрметпен қарады. Өзі де қос естелік кітабын жазды. Оны ерекше ықыласпен оқып шықтым. 

Кейінгі қаламгерлерді де бауырына тартып, өзінің қолынан келген көмегін аямады. Егер бір бозбаланың көзінен жанайын деп отырған отты көрсе, оған міндетті түрде қамқорлық танытатын.

Осы жазбамызды қолға алмас бұрын оның сүйікті перзенті, бұл күндері облыс орталығында жауапты қызмет атқаратын ініміз Шалқармен де арнайы кездестім. Ол әкесі туралы бірқатар тың мәліметтер мен деректерді тілге тиек етті.

– Әке деген асқар тау екен. Кәдімгі ағалы-інідей жақын болдым. Оның бойындағы асыл қасиеттер маған ғұмыр бойы үлгі-өнеге болатындығы сөзсіз. Өзі жасандылықты сүймейтін. Кім болса да шындықты бетке айтатын. Әрине, әрбір шаңырақтың иесі өз перзентінің намысты, жігерлі, қайратты, елжанды болғанын армандайды емес пе. Ол да үш баласының болашағынан үлкен үміт күтті. Бәріміз де оның бір сөзін екі етпейтінбіз. Өмір бойы халық үшін адал қызмет етті. Сол жолда өзін де, денсаулығын да аяған жоқ. Уақытпен санасу дегенді мүлде білмейтін. Қолынан іс келетін, мемлекетшіл, табанды, жауапкершілігі мол жігіттердің нағыз қолдаушысы болды. Екі сөзділікті, уәдесінде тұрмайтын кісілерді ұнатпайтын. Несін айтасың, ол күндердің бәрі бізге бүгін сағыныш, – деді Шалқар бауырымыз үлкен толғаныс үстінде.

Жақаң өзінен үлкендерді үлгі тұтты. Мемлекет қайраткері Шәңгерей Жәнібековті туған ағасындай сыйлады. Басқа да қазақ елі үшін жанын аямаған тұлғаларды өнеге тұтты.

Ардақты азаматтың жан жары Раушан апамыздың мамандығы дәрігер. Ұзақ жылдар бойы денсаулық саласында қызмет атқарды. Отбасында үш бала тәрбиеленді. Тұңғыштары Дана инженер. Одан кейінгі өзім сұхбаттасқан Шалқар экономист. Шаңырақтың кенжесі Мархабат Қазақстан Республикасы Парламентінде заңгер.

Жақан ағаның ғұмырлық серігі Раушан апамыз бұл күндері 82 жаста. Ұлы Шалқар мен келіні Гүлнардың қолында тұрады. Балаларынан тараған бес немересі әжесінің көз қуаныштары. Немерелері Дарина, Әлішер өздерінің сабақ үлгерімдері және үлгілі тәртіптерімен дараланады.

Әулет басшысының көпшілік біле бермейтін жақтары хақында да қысқаша айтатын болсақ, ол жастайынан спортқа өте бейім болды. Челябіде оқып жүрген кезінде күрестің самбо түрінен төрт дүркін чемпион, КСРО ауыл шаруашылығы институттары арасында жеңімпаз атанды. Алып Одақтағы чемпионаттарға екі рет қатысты. Сондай қасиеттерінен де болар, Торғайда Таңатқан Дүйсекеев атындағы «Топ жарған» стадионын салғызды. Алты мың адам сиятын спорт кешені жастардың сүйікті орнына айналды.

Ән мен жыр десе ішкен асын жерге қоятын. Жаны сұлу, эстетикалық талғамы жоғары кейіпкеріміз сонау мектеп қабырғасында жүргенде оркестрдің белді мүшесі болатын. Домбыраның құлағында ойнайтын дарынды ұлды ұстаздары да мақтан тұтатын.

Ұлтымыз Жақан Қосабаев секілді ардақты ұлдарын ешқашан да ұмытпайды. Өйткені, ол артында өшпес ізін қалдырған тұлға. Оның өмірі кейінгі жастарға өнеге. Іскерлік қырлары інілеріне әрқашанда ғибрат.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

1 пікір

  1. Ассалаумағалейкум! Рахмет ! Ағамыз Ұлт жанашыры ізгі істері мәнгі жасай берсін!

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here