Серік Қирабаев: «Нағыз академиктер «академикпіз» деп айтуға ұялатын болды»

0
1758

2010 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен «Ғылым туралы заңды» талқылау отырысы өтті. Отырысқа (марқұм) Салық Зиманов, Кенжеғали Сағадиев, Камал Ормантаев, Серік Қирабаев сияқты белгілі ғалымдар қатысып, бүгінгі ғылым жөніндегі келелі ойларын ортаға салды. Төменде оқырман назарына аталмыш отырыста белгілі академик Серік Қирабаевтың сөйлеген сөзін ұсынып отырмыз. Өйткені, содан бері 10 жылға жуық уақыт өтсе де, бұл тақырып әлі өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ.

РЕДАКЦИЯ

Құрметті қауым, «Нұр Отандықтар!»

Мен – мұндай отырыстарға сирек шақырылатын және сөйлеуге соншалықты құмарлығы жоқ адамдардың бірімін. Қазіргі ғылымның жағдайы өздеріңізге белгілі. Оған кешегі Сәтпаевтың көзін көрген, ол құрған Академияның одақ көлеміндегі орны мен қазақ ғалымдарының еңбектерін жақсы білетін адамның, әрине, жаны ауырады. Сондықтан  академиктерге алдын-ала күдікпен қарап, ғылым жайлы, ғылымды өркендетудің жолы жайлы пікір айтсаң, сені оппозицияға қоса салатын бір мінез пайда болды. Президенттің атына жазған ашық  хатымыздың өзін ұжымдық арыз деп қарап, сан  саққа жүгіртіп жүргеннің куәсі болып жүрміз. Соның бәрі бізді жасқап, өзің өміріңді арнаған ғылым  мен көп  жыл мүшесі болған  Академияның  тағдыры жөнінде сөз айтуға ауызға қақпақ болып  отырғаны жасырын емес. Мен осы беделді жиналыста: «Біз оппозиционер емеспіз, Елбасы Назарбаевты қолдаймыз, ол жөнінде жазып та, айтып та жүрміз. Менің өзім талай мақала жаздым», – дегенді айтқым  келеді. Алайда, ғылым  жағдайына жанымыз  ауыратыны рас. Мені сексенді орталаған жасымда осында сүйреп алып келіп отырған да осы жан ауруы.

Мен үкімет мақұлдап, талқылауға ұсынылып отырған «ғылым туралы заңның» жобасымен жақсы таныспын. Негізгі бағыты мен қағидаларына қарсылығым  жоқ. Алайда, мына бір мәселелерге сіздердің назарларыңызды аударуды орынды санаймын. 

Ең алдымен, ғылымды басқару жүйесі жөнінде. Академияның тарауына байланысты бір орталыққа бағындырылған бұрынғы басқару жүйесі ыдырады. Қазір ғылымды басқару ісімен ешкім шұғылданбайды. Әр институт, жоғарғы мектеп ғылымы өздерін-өздері «басқарып», біткен жұмысы жайлы есеп  қана жазады. Ол министрліктің қоржынына түседі де, іске тігіледі. Оның сапасы, ғылыми бағдарлама қалай игерілді, жаңалығы бар ма, жоқ па – сарапталып, талқыға түсіп жатпайды. Бұрын  мұндай бақылауды Академия төралқасы, ғылым салалары бойынша құрылған  бөлімшелер жазылу үстінде үзбей қадағалап, бағдарлама орын-далғаннан кейін жан-жақты талдауға салатын. Содан бері ғылымды басқару мен бақылаудың жаңа жолдарын әлі де таба алмай келеміз. Кейбір ғылым салалары бойынша құрылған орталықтар бұл істі меңгере алмаған қалыпта тарап жатыр.

Ғылым деген қоғамдық сананың өзіндік ерекшеліктері мол ең бір күрделі саласы. Оны ғылымның қара жұмысын атқарған, проблемалары мен ішкі қыры мен сырын жақсы білетін, оны терең түсінетін адамдар ғана басқара алады. Ол чиновниктік басқаруды көтере алмайды. Білім және ғылым министрлігінің ғылым  жүйесіне іштей кіре алмай, одан  ылғи да сырт қалатын  себебі де осында.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ғылымды реформалау жөніндегі өткен жылдың (2009) 4-қыркүйегінде сөйлеген сөзінде бұл кемшілікті жою мақсатында «Ұлттық ғылыми кеңестер құру» қажеттігін айтқан еді. Ол бұл  кеңестер ғылымды басқарудың «көп сатылы жүйесін меңгеріп, бюрократтықты  жоюға көмектеседі» деп көрсетті. Кеңес шешімдері жетекші ғалымдардың позициясын белгілейтінін, ғылыми  бағдарламаның артықшылығын айқындаумен бірге қаржыландыруды да шешетінін Президент баса айтты. Алайда,  ап-анық айтылған  осы сөз жұмсарып, «Заңда» министрліктің билігіне бағындырылған.  «Ұлттық  Ғылыми кеңес» онда министрліктің «консультативтік – ақылдасу органы» деп  жазылған. Егер ол іске асса, мәселе баяғы таз қалпына қайта түседі. Сараптаушылар пікір айтады, оны қабылдай ма, қабылдамай ма, министрлік шешеді. Ақыр аяғында бюрократтық жүйе  дегенін іске  асырады. 

Осы мәселеде Президент Назарбаевтың ап-анық айтылған  пікіріне қолдау білдіремін. Соны заңға кіргізуді сұраймын. 

Екінші мәселе – ғылыми кадрлар дайындау хақында. Бұрын бұл мәселе кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау жолымен шешіліп келгені белгілі. Қазір Қазақстанда мұндай қорғаулардың мөлшерден тыс  көбейіп кеткені, сондықтан ол жүйені жойып, халықаралық  стандартқа – магистратура, философия докторы (РһD) атағына қорғау жүйесіне көшу ұсынылып отыр. Мен білім министрлігінің бұл саладағы позициясын жақсы түсінемін. Толып кеткен атаққұмарлардың жолын кесу керек. Бірақ, біз  осыған  қалай жеткеніміз жайлы ойлануға тиіспіз ғой. Соның қаншасы ғылым кадрлары, қаншасы биліктегі адамдар, қаншасы бизнестегілер – осыған  талдау жасалды ма? Ендеше, мұндай шешім онсыз  да аз қорғалып жатқан  ғылым  адамдарының  жолын кесу болып табылмай ма? Халықаралық стандарт бойынша (магистрлік, РһD) диссертациялар қорғаудың әлі де қалыптаспаған жағдайында, қазіргі қорғалып жатқан жұмыстардың  ешқандай сын көтермейтінін көріп отырып, біз қалай тыныш  отыра аламыз? Біздің елдік намысымыз қайда? Ғылымның  келешегі кім болады? Әлде, ғылымды таза жабамыз ба? Кешегі ғылым адамдарының орнын шала қорғаған магистранттар мен фейджи докторлар баса ала ма? Кешегі Чернышевский магистрлік диссертация есебінде қорғаған «Өнердің шындыққа эстетикалық қатынасы» («Эстетическое отношение искусства к действительности») деген еңбек сияқты жұмыстар бізде туа ма? Ендеше, осының жолын іздеу керек. Мүмкін болса, таза ғылым жүйесінде, ғылыми зерттеу  институттары мен жоғарғы мектептерде істейтін адамдар үшін ғана қорғау мерзімін ұзартып, қалғандарына тиым салу қажет болар. 

Бұлай шешу қазірдің өзінде-ақ ғылым адамдары арасында тарай бастаған өсек-аяңды тиюға көмектесері даусыз. Олар: билік басшылары, парламент мүшелері, министрлер, әкімдер түгел қорғап бітті. Енді диссертациялық кеңестерді жаба беруге болады деп жүр. Билік жүйесінде қызмет істейтін адамдардың қалай қорғағанын  зерттеп қою да басшылық ойына түссе дейміз. Баяғыда Әзербайжан Компартиясы Орталық  Комитетінің 1-хатшысы Ахундов деген кісі болды. Сол медицина ғылымы бойынша докторлық диссертация қорғаған кезде бір қарсыласы «медицинада эксперимент жасаудың өзіне 4-5 жыл уақыт  керек. Және диссертация дайындау үшін сондай уақыт  қажет. Егер сіз уақытыңызды шын ғылым үшін пайдалансаңыз, Орталық Комитетте жұмыс істемеген болып шығасыз. Ал, Орталық Комитетте жұмыс істесеңіз, ғылым үшін уақытты қайдан таптыңыз?» деп сұрақ қойған. Осы әңгіме орталыққа жетіп, Ахундов партия жұмысынан кетуге мәжбүр болған. Мәселені осылай қабырғасынан  қоятын  сұраулардың жоқтығы біздің чиновниктерді атаққұмар етіп жібергені шындық  қой. 

Солардың көбі жұмысынан босай қалса, не ғылымға, не жоғарғы мектепке сабақ беруге бара алмайтыны да даусыз ғой. Ондайдың талайын көрдік, көріп те жүрміз.

Заңда ғылым жасалатын мекемелердің қатарында тек қана «ғылыми университет» аталған. «Ғылыми-зерттеу институттары» деген атау тіпті де жоқ. Сонда бұрынғы Академиядан қалған, қазір министрлік қарауында (орталықтар жүйесіне бағындырылғандары да бар) жұмыс істеп жатқан институттар ғылыми  мекемелер санатынан  шығып қала ма? Олардың келешегі жоқ па?

Ғылымды басқару саласындағы үлкен бір адасушылық  іргелі (фундаменталды) ғылымның маңызын жете түсінбеуден, оның келешегін бағдарлай алмаудан  туады.  Ғылымнан қолма-қол пайда түссе дейді. Шын  ғылым бірден  пайда бере қоймайды. Ал, қоғамдық ғылымдар дегеніміз түгелдей үкіметтің мойнында, одан түсетін пайда жоқ. Бірақ,  олар  ұлттық санаға, елдің қауіпсіздігіне, тәуелсіздік идеясына қызмет етеді. Оны ешбір ақшаға шағу мүмкін емес. Чиновниктер осыны түсінсе екен дейміз.

Қазір  шет  елге – Еуропаға, Америкаға еліктеу көбейді. Олар да ғылымның университеттерде жасалатыны алға тартылады. Соған-ақ көшейік, ал  академиялық жүйе  оған кедергі жасай ма? Орыс  ғылымының, кешегі кеңес ғылымының әлемдік даңқы осы Академия қабырғасында шыққан жоқ па?  Бұл 300 жылдан бері қалыптасқан дәстүр. Кейде шетел ғылымының табысы Нобель сыйлығын  алушылардың  санымен есептеледі.  Бірақ, бұл – мақтанатын  шындық емес. Бұл сыйлықтың  таза ғылымды қолдамай, саясатқа көбірек қызмет ететінін, сондықтан кезінде Кеңес ғылымына аз  үлес тигенін де түсіну керек. Сондықтан университеттерде ғылым туып әбден қалыптасқанша, академиялық ғылыми-зерттеу институттарын сақтау қажет. Мұнда еуропалық стандартқа көшуді асығыс жүргізуге болмайды. Қазіргі қолда бар ғылыми мекемелерді жойып, кадрларды жоғалтып  аламыз. Ғылыми-зерттеу институттарын университеттерге берудің нәтижесін кешегі Зиманов сияқты атақты ғалымымыз басқарып, одақ көлемінде белгілі болған мемлекет және құқық  институтының  тағдыры айқын көрсетеді. Кезінде Н.Шәйкенов үкіметтен сұрап алған институт заң университетінің құрамында кейін жойылып кетті. Біздің университеттер ғылым  жасаудың жолын да, оның ерекшеліктерін де түсініп болған жоқ. Әлі де ескі психологияның ырқында жүр.

Академиялық ғылымды бағаламаудың, оған сенбеудің айқын көрінісі ғылыми-зерттеу институттарында істейтін  ғалымдардың еңбекақысынан  көрінеді. Ондағы ғылым докторы, бас ғылыми  қызметкер 40 мың теңге еңбекақы алады. Оларда ғылыми кадрлар тұрақтауды қойды. Ғылым докторлары түгелге жуық еңбекақысы көбірек қызметке кетіп болды. Докторлық қорғаған кандидаттар да кетіп жатыр. Бір кезде біз 500 сом алып  жүргенде, Орталық Комитеттің хатшылары ғана сол мөлшерде еңбекақы алушы еді. Министрлер 340 сом алатын. Қазір ғылымның статусы төмендеді.  Бұл да ғылымды оңай көріп, жаппай доктор болған  чиновниктердің ғылымға жасаған «жақсылығы».

Қазір академик болу да оңай болып  кетті. Дәл бүгін Қазақстанда 22 академия, 110 академик жұмыс істейді. Қазақстан Республикасы Ғылым  Академиясына «Ұлттық Ғылым  Академиясы» статусын  берген указында Президент Н.Назарбаев «тек осы академияның  академиктері ғана «академик» деген атаққа ие болады» деп еді. Қазір қандай академияның мүшесі екенін көрсетпей, бәрі шетінен «академик» деп жазатын болды.  Баспасөз оны талғамай баса салады. Соны көріп қазір біз «академикпіз» деп айтуға ұялатын болдық. 

Осы мәселелер жөнінде ойлассаңыздар  екен.  Мен  мұны партия жиынында әдейі айтып отырмын. Партия – халықтық, қоғамдық ұйым. Ол чиновниктік аппарат емес. Осыны білген Ілияс  Жансүгіров ХХ ғасырдың 20 жылдары қазақ  халқының сол тұстағы жағдайын айтып, мұңын партияға шаққан  еді.

Біз  әлі өгей, бізде әлі оқу жоқ,

Қасқыр қатаң, қарға-құзғын шоқу көп.

Үзіп-жұлып амалдаған жеп жатыр,

Жолдастықтың хақысынан қорқу жоқ.

Басқаменен бізді бірдей санама,

Әлді менен әлсіз жүре ала ма?

Көзің көрсе түсінерсің, аярсың,

Бізбен таныс, біздің қырды арала! – деп еді ұлы ақын.

Мен де қазақ ғылымының мұңын  сіздерге,  «Нұр Отанға» шағынып  отырмын.  Дұрыс түсінулеріңізді сұраймын.

Мұның бәрі бізге, ғылым жүйесінде қалған қарттарға керек емес, біз асарымызды асап, жасарымызды  жасаған  адамдармыз, қазақ  ғылымының  келешегі  үшін,  жастар  үшін керек.

Зейін  қойып  тыңдағандарыңызға  рахмет!

Серік ҚИРАБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰҒА АКАДЕМИГІ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here