Жанат Тәжиева: «Карантин шектеулері білімге кері әсер етпеуі тиіс»

0
4240

Шымкент қаласы қашықтықтан оқыту бойынша, сонымен қатар, «Kundelik.kz» электронды жүйесін қолдануда бірінші орында. Үшінші мегаполистің оқушылары кіл жүлделі орындарды иеленіп жүр. Республикамыздағы ең үздік ұстаздар да біздің қалада қызмет етуде. Қазақтың «Өзін-өзі мақтаған өгізбен тең» дейтін сөзі жадымыздан шыққан емес. Тек барды бар, жоқты жоқ деп айтқанды мақсат ететінімізді жасырмаймыз. Ал, Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның есімі жалпақ жұртқа белгілі. Миллионды қаладағы білім атты алып кеменің ескегін ұстағаны бүгін емес. Он жылға жуық уақыттан бері білім саласының шырағын жағып, қазанын қайнатып келе жатқан кәсіби маман. Жанат Арысбекқызымен қаладағы білім ошақтарының жағдайы, білім саласында атқарылған цифрландыру жұмыстары, т.с.с. туралы сұхбаттасқан болатынбыз. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

«МАУСЫМДА ТАҒЫ БІР АЙ ҚОСЫМША ҮЙІРМЕ САБАҚТАРЫН ӨТКІЗУ ҰСЫНЫЛДЫ»

– Жанат Арысбекқызы, сұхбатымызды бүгінгі пандемиялық өмірімізде өзекті болып тұрған қашықтықтан оқытудан бастасақ. Шымкенттік оқушылар бұған үйренісіп кетті ме? Онлайн оқу жалпы білім сапасына қалай әсер етіп жатыр?

– Онлайн оқудың жалпы білім сапасына кері әсер еткенін жасырмаймыз. Сондықтан  IV-тоқсанды білім беру ұйымында жалғастырып отырмыз. Бұл тоқсандағы негізгі мақсат – жалпы пәндерді қайталау, жіберілген олқылықтарды толтыру, қосымша сабақтар арқылы білімін жетілдіру. Ол үшін маусым айында тағы бір ай қосымша үйірме сабақтарын ұйымдастыру туралы ұсынысымызды ҚР Білім және ғылым министрлігіне жолдадық.

Өткен жылдың аяғына таман ҚР БҒМ тарапынан ендірілген «Kundelik.kz» электронды журналдар ақпараттық жүйесінде үздіктер анықталды. Шымкент қаласы соңғы жеті айда бірінші орында келеді. Яғни, Шымкент қаласында қашықтықтан оқыту барысы өз деңгейінде деп айта аламыз.

Айта өтсек, Шымкент қаласында қашықтықтан оқытуда І-тоқсанда жалпы  1-4 сыныптар аралығында 51,1 мың (23%) оқушы 4 мың кезекші сыныпта және 173,1 мың (77%) оқушы қашықтықтан оқыды.

ІІ-тоқсанда 5,8 мың кезекші сыныпта 76,8 мың оқушы білім алды. Кезекші сыныпта білім берген 4,5 мың мұғалімге толығымен қосымша ақы төленген.

ІІІ-тоқсандағы оқу процесі кезекші сыныптар (52,3 %), қашықтықтан білім беру (47,7 %) бойынша басталды. Дәстүрлі форматта 17 мектеп (8,4 мың оқушы) білім берді. 7,2 мың (1-5, 9, 11 сыныптар) кезекші сыныптардағы оқушы саны – 100,4 мың. Қашықтықтан 104,3 мың (47,7%) оқушы оқытылды.

Балабақшалардағы кезекші топтарда 38,8 мың (65,4 %) бала тәрбиеленуде. Колледжде штаттық режимде 12,4 мың студент білім алуда. 1-курс студенттері – 9,6 мың, дуалды оқыту бойынша  – 2,7 мың (100%).

Соңғы уақыттағы жаңалықтың бірі – қалада ғылыми-жаратылыстану бағытындағы пәндердің оқу бағдарламасына оқушылардың экологиялық мәдениеті, экологиялық білімі мен тәрбиесі деңгейін арттыратын аралас курстар (дүниетану, биология, география) енгізу қолға алынды.

– Яғни, қашықтықтан оқыту бойынша Шымкентті алдыңғы орынға шығарған «Kundelik.kz» жүйесі болып тұр ғой?

– Иә, біздің ұстаздарымыз «Kundelik.kz» электронды журнал жүйесінде оқу жылының басынан белсенділік танытып, бірінші орыннан көрінді. Қазіргі таңда жүйедегі белсенділік 97,3 пайызды құрап отыр.

Өткен жылдың екінші жарты жылының қорытындысы бойынша ең үздік болған Шымкент шаһары «Kundelik.kz» атынан «Алтын түймеге» ие болды. Екінші орынды Атырау облысы, үшінші орынды Алматы қаласы иеленіп отыр.

Одан кейін «Bilim Media Group» ЖШС 2020 жылдың 23 қараша мен 25 желтоқсан аралығында республикалық деңгейде ақпараттық технологиялар орталықтары арасында байқау өткізген болатын. Оған әр өңірдің ақпараттық технологиялық орталықтары, білім саласын цифрландыруға жауапты әдіскерлері қатысып, бақ сынады. Іс-шараның мақсаты – қашықтықтан оқыту технологиялары, OnlineMektep (www.onlinemektep.org) сервисі көмегімен елдегі онлайн білім берудің сапасын арттыру және дамыту. Конкурстың шарты бойынша қатысушылар www.onlinemektep.org білім беру платформасын өз өңірі бойынша қолданылу аясын арттыруға үлес қосу қажет. Яғни, BilimLand платформасында аяқталған сабақ саны, оқушылар орындаған үй тапсырмалары, оқушылар орындаған БЖБ/ТЖБ санының көрсеткіштері үздік болуы тиіс. Жалпы байқауда 15 аймақ үш номинация бойынша  –  «Республикадағы үздік АТО», «Мегаполистер арасындағы үздік АТО», «Өңірдегі үздік әдіскер» номинациясы бойынша бақ сынады. Мегаполистер арасындағы үздік ақпараттық технологиялар орталығы номинациясына Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша Шымкент қаласы жеңімпаз атанды. Осындай жетістіктерімізге қарағанда оқушыларымыз онлайн оқуға толық үйренісіп кетті деп бағамдап отырмыз.

«ПЕДАГОГТАРДЫ ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАУ «HR-PROCESS» ЭЛЕКТРОНДЫ ҚЫЗМЕТТЕР ЖҮЙЕСІ АРҚЫЛЫ АВТОМАТТАНДЫРЫЛДЫ»

Көрінбейтін жаумен күрес кезінде білім сапасын төмендетіп алмау да оңай шаруа емес екені түсінікті. Онлайн оқуды дұрыс үйлестіру үшін білім саласына қандай реформалар мен өзгерістер енгізілді?

– Дұрыс айтасыз, 2020 жылы наурыз айында елімізде аяқ астынан Төтенше жағдай жарияланып, барлық сала онлайнға көшкен кезде болашағымызды болжай алмай абдырап қалып едік. «Үш күннен кейін адам тозаққа да үйренеді» демекші, жоғарыда келтірген мәліметтер қашықтықтан оқытуға қаншалықты төселгенімізді көрсетеді. Қазіргі таңда мегаполистегі білім сапасы толығымен цифрландырылды деп айта аламын. Мәселен, қаламыздың білім саласында 32 мемлекеттік көрсетілетін қызмет белгіленген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған қызметтер толығымен  автоматтандырылған.

Одан бөлек,  педагогтарды жұмысқа қабылдау «HR-Рrocess» электронды қызметтер жүйесі арқылы автоматтандырылды. Нәтижесінде, бос орындар жарияланып, үздік дипломы бар педагогтер, магистрлар, шет елдерде білім алған сапалы кадрлар іріктелді. Сонымен қатар, білім ұйымдарының бірінші басшылары «Адалдық алаңы» жобасы аясында 100% кабинеттерін оқу кабинеттеріне тапсырып, ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Open Space» ашық бөлмелеріне көшті. 

Жоғарыда аталған жобаларды автоматтандыру нәтижесінде азаматтар өтініштерінің саны 254-ке азайды.

– «HR-Рrocess» жүйесі демекші, аталған жүйенің ашықтығы мен әділдігіне куә болып жүрміз. Жақын таныстарымыз осы жүйе арқылы жұмысқа кіріп алды. Қазірге дейін қанша маман тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді?

– Шымкент қаласындағы білім беру ұйымдарында өткен жылдың тамызынан бастап «HR-Рrocess» жүйесі іске қосылды. Жүйеге 4 890 қолданушы тіркелген болса, олардың 2 292-сі үміткер.

Жалпы шаһардағы 147 мектептің 113-і 697 бос жұмыс орнын жариялады. Жарияланған бос жұмыс орындарына 836 үміткер 2 896 өтініш берген (бір үміткер әртүрлі мектептерге бірнеше өтініш бере алады). 617 бос жұмыс орны бойынша комиссияның 617 отырысы өткізілді. Отырыста 823 үміткерден 2 856 өтініш қаралды. 755 үміткердің 392-сі конкурс қорытындысымен жеңімпаз деп танылды. Конкурстық комиссия өткізілместен ішкі аударыммен 81, ал 180 қызметкер көтермемен ауыстырылды.

Одан өзге, 11 колледждің біреуі бір бос жұмыс орнын жариялады. Оған бір ғана өтініш түсіп, кандидат конкурсқа қатысудан бас тартқан. Соның негізінде комиссияның отырысы өткізілмеді.

Сондай-ақ, 10 балабақша 23 бос орын жариялады. Оларға 34 үміткерден 43 өтініш  келіп түскен. Осыған байланысты комиссияның 19 отырысы өткізіліп, үміткердің 11-і конкурс қорытындысымен жеңімпаз боп табылған және бос орындарға орналасуға мектеп директорларына ұсынылған.

Тағы бір айта кетерлігі, жеткізуші конкурстық комиссияның шешімімен 410 жеңімпаздың 350-іне телефонмен қоңырау шалу арқылы мониторинг жүргізілді. Қазіргі таңда 278-і тұрақты жұмысқа орналасты. 22 жеңімпаз ұсынылған бос орыннан еңбек жағдайларының қанағаттанбауына байланысты бас тартқан екен.

– Аталған жүйемен мамандарды іріктеген кезде қай мамандықтар сұранысқа ие екендігі белгілі болған шығар?

– Иә, Шымкенттегі білім беру ұйымдарында іске қосылған «HR-Рrocess» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі 7 айда сұранысқа ие мамандық иелерін анықтап берді. Атап айтар болсам, мектептердегі ТОП-3: Орыс тілі және әдебиеті, Ағылшын тілі, Математика. Ал, балабақшалар бойынша ТОП-3: Психолог, Музыка, Орыс тілі.

«АЛДАҒЫ ҮШ ЖЫЛДА ШЫМКЕНТТЕ ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕП МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҚ ШЕШІЛЕДІ»

– Білім сапасына қатысты жақсы мәліметтер келтірдіңіз. Ал, шаһарымыздағы білім ошақтарының халі нешік?

– Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы 186 мектепте 226,6 мың оқушы білім алуда. 136 жалпы білім беретін мектеп, 6 дарынды балаларға арналған мектеп, 4 кешкі мектеп, 5 арнайы мектеп-интернат, 35 жекеменшік мектеп бар.

Қазір Шымкент қаласында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде. Биыл шаһарда білім саласында 21 жаңа құрылыс, 11 қосымша құрылыс жұмыстары атқарылады: мемлекет есебінен – 13, инвесторлар арқылы – 19.

Шымкент қаласында 2020-2025 жылдары аралығында кешенді жоспарға сәйкес жалпы 63,8 мың орындық 85 білім ордасының құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 63-і жаңа, 22-сі қосымша құрылыс.  Ал, биыл 22 272 орындық 32 білім ошағының құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде  21 жаңа құрылыс, 11 қосымша құрылыс нысаны бар. 12 мектептің құрылысы мемлекеттік бюджеттен, 19 мектеп инвесторлар мен кәсіпкерлер есебінен қаржыландырылады.

Айта өту керек, өткен жылы 10 нысанның құрылысы жүргізілді. Атап айтқанда, 4 жаңа, 4 қосымша, 2 өнер мектебі ашылды. Одан бөлек, 15 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 17 спорт алаңы жаңартылды.

Шымкентте 14 үш ауысымды, 1 апатты мектеп бар. 13 шағын ауданда мектеп жоқ. Халық санының өсіміне орай мектеп оқушыларының саны былтыр бір жылда 20,8 мың балаға көбейген.

Сөзіңіз аузыңызда, қалада үш ауысымды мектептердің мәселесі қашан шешімін табады?

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасымен білім саласының инфрақұрылымын шешу үшін былтыр 5 жылға жоспар дайындалып, сол бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. 

2025 жылға дейін Шымкентте 85 мектеп ашылады, оның 33-і мемлекет есебінен, 12-сі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, 40 мектепті жеке инвесторлар салады. Оның ішінде биыл 32 мектептің құрылысы басталады. Алдағы үш жылда Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешіледі.

Білім саласындағы тағы бір үлкен мәселе – қосымша біліммен қамту. Қала оқушыларының 16 пайызы қосымша біліммен қамтылған. Бұл тұрғыда шаһар басшысы бұрынғы Фосфоршылар сарайын Жастар сарайына айналдырып, жаңадан заманауи Оқушылар сарайының құрылысын бастауды көздеп отыр.

2025 жылға дейін қосымша біліммен қамту біздің қалада 55 пайызды құрамақ.

«МЕГАПОЛИС БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ҰСТАЗДАРДЫҢ ІСКЕРЛІГІ МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ИКЕМДІЛІГІНІҢ АРҚАСЫНДА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ»

– Қаламыз білікті ұстаздардан кенде емес. Осы орайда мықты педагогтерімізге, мақтаныштарымызға тоқталып өтіңізші.

Оның бәрін айтатын болсам, сұхбатымыз бірнеше күнге жалғасуы мүмкін ғой (күліп). Елімізде таралған індетке байланысты қашықтықтан білім беру жүйесі – BilimLand платформасында жалғасты. Шымкенттік мұғалімдер ақпараттық технологияның барлық мүмкіндіктерін жылдам игеріп, онлайн оқытуда республикада көш бастады. Мұндай нәтижеге Дильбар Нарметова секілді ұстаздардың іскерлігі мен жаңашылдыққа икемділігінің арқасында қол жетіп отыр. Дильбар Анарқұлқызы қаладағы №45 мектеп-гимназиясында бастауыш сыныпта білім береді. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, жаңалыққа жаны жақындығының арқасында қашықтықтан білім беруде BilimLand платформасында республикадада бірінші орынды иеленді.

Елбасы құрметіне бөленген ұстазымыз Роза Амрина саналы ғұмырын балаларға арнап келеді. Шымкенттік жас өрендердің дарынын ашқан, ән әлемінің қыр-сырын терең бойлатқан Роза Амрина 30 жылдан бері музыка пәнінен сабақ береді. Ол Абай атындағы №90 мектеп-гимназиясында еңбек жолын жалғастырып отыр. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бүгінге дейінгі ұстаздың еңбектері аз емес. 1991 жылы «Еңбек ардагері», 1993 жылы Францияда өткен дүниежүзілік фольклорлік фестивальдің лауреаты, 2015 жылы «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісі иегерінің өнерде де өзіндік орны бар. Ол «Жұлдызға жол» республикалық және халықаралық конкурстарының негізін салып, дарынды жастардың биікке өрлеу жолында қызмет еткен.

Өмірін ұстаздық жолына арнаған, сол уақыт ішінде қаншама шәкіртінің жүрегіне туған тілінің құдіретін, ұлтының үнін сіңірген, талай дарынды шәкірттері биік белестерден көрінген ардақты мамандық иесі – Мафруза Әділбекова.  Мафруза Үсенқызы Шымкент қаласындағы  Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ол 2000-2018 жылдар аралығында, яғни 18 жыл бойы жемісті еңбек еткен ұстаз үш дүркін республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пән олимпиадасының жүлдегерлерін дайындады.

Осы таяуда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Шымкент қаласының үздік педагогы Арман Орынбеков «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталды. Марапатты ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов табыстады. Арман Орынбеков – Шымкент қаласындағы № 90 Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры болып қызмет атқарады. Осыған дейін Арман Шымбайұлының 80-нен астам әдістемелік-оқу құралдары жарық көрді. 2019 жылғы «Үздік педагог» атағының иегері. 1999-2012 жылдар аралығында қалалық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларында 21 оқушысы, қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық тарих, құқық, азаматтану пәндерінің конкурстарында, дебат сайыстарында 50-ге жуық оқушысы жүлдегер атанған.

Міне, біздің құрметке лайық осындай ұлағатты ұстаздарымыз өте көп. Қалғанын келесі сұхбаттарға қалдырайық.

– Өте жақсы! Осындай мықты мамандарымыз тұрғанда біздің оқушыларымыздың осал болуға қақысы жоқ деп ойлаймыз. Жанат Арысбекқызы, бізге қарбалас жұмысыңыздың арасынан уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет. Оқушыларымыз зейінді, ұстаздарымыз бейінді бола берсін!

– Сізге де рахмет!

Сұхбаттасқан: Мөлдір МАМЫРБАЙҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here